ҚАРА ҚЫЛДЫ ҚАҚ ЖАРҒАН ТӘБЕКЕН БИ

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты еңбегі жалпыхалықтық сипат алған «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының заңды жалғасы болуымен құнды. «Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасы біздің ата-бабаларымыздың тарихын зерттеп, олардың еңбектері әлемдік деңгейдегі тұлғалардан еш кем болмағандығын дәлелдеуге мүмкіндік береді. Елбасы мақаласындағы тапсырма тарихшылардың, елдің көзі ашық азаматтарының ізденістерін, осындай тұлғаларды тануға, олардың тарихтағы орнын  анықтауға бағыттайды. Мұның барлығы болашақ жастар үшін керек. Өйткені, Алтайдан-Атырауға созылып жатқан ұланғайыр даламызды біз қалай сақтап қалдық? Сол батыр, би бабаларымыздың ерлігінің арқасында осынша алып жерді иелендік. 

Сыр өңірінде аты елеусіз қа­лып келе жатқан сондай тұл­ғаның бірі Тәбекен би. Кешегі дала заңы дәуірлеген тұстары, Арал, Қазалы төңірегінде билік құрған Тәбекен Өтебайұлы ша­мамен 1740-1830 жылдар ара­лығында өмір сүрген. Ол туралы деректер орыс зерттеушісі И.В.Аничковтың еңбегінде З.Шү­кіровтің «Сыр бойы» рома­нында, Ә.Оспановтың «Жан­қожа батыр» деректі хикаясында, сондай-ақ Т.Жұмашевтың «Қа­радан шыққан хан» атты кі­табында айтылады. Тәбекен би­дің ел ішінде көптеген ұтымды да ұшқыр сөздері сақталған. Ертеде Қазалы жерінде Матығұл ағайындардың Нұрбай атты алты Әлімге белгілі биі болған. Соның отын-суын таситын қайратты жалшысы қат­паған өзектен өтіп бара жатып, арқасындағы нарқамыспен суға кетеді ғой.

«Ажалы келіп, өлер адам өлді ғой. Бұның сүйегі төртқара, сылтау айтпай-ақ жігіт құнын, жүз қараны төлермін-ау, бірақ олар­дың биі тағы да қосымша жа­ла қоса ма деп қорқып отырмыз» деген Нұрбай бидің сөзі Тәбекеңе жетеді! Ертеңіне ауыл маңындағы суатта жылқы суарып жүрген бұлардың қасына 4-5 атты жақындап, Нұрбай бидің үйін сұрапты. Сонда 18 жасар Тәбекен: «Ағалар, сіздер қай жақтансыңдар, басшыларыңды  кім деп  айтып барамыз?» депті. Аттылардың ішінен бір жігіт «біз Нұрбай биден әдейі аласымызды сұрай келдік. Басшымыз ана күрең тұлпардың үстінде тұрған Қазық деген биіміз депті. Сонда: «Япыр-ай, аты Қазық биіңіздің, тоқпақ еді іші толған үйіміздің, қазық боп тоқпақтарды іздеп келсең, білмедім не боларын күйіңіздің» деп жас Тәбекен әзілдейді. Мұны естіген Қазық би жолдастарына дереу аттың басын елге қарай бұруды бұйырыпты. Нұрбай мұны сырттай бақылап тұрса керек. Дереу жылқышыларын ша­қыртып, жолаушылардың ат­тарының басын кері бұрып кеткендерінің   себебін сұрайды. Сонда Тәбекен айтылған сөзді қайталап, олардың дауласуға, құн сұрай келгенін айтады ғой. Нұрбай Қазық биге шақыруға әдейі адам жіберіп, екі би та­ту­ласып, достықпен сый бе­рісіпті. Осының бар­лы­ғына жас бала Тә­бекеннің бір-ақ сө­зі себеп болған екен. «Құлақтыға сөз айт­сақ, құлақ астында қа­лады, құлақсызға сөз айтсақ, құла қырдың ас­тында қалады» де­мекші, 1950 жылдары ауыл ақсақалдары әкелеріміз – Мәмбет­жан, Қалжан, Қабыл деген қариялардан есіт­кен  әңгімемді жет­кі­зейін.

Менің туған жерім – Арал ауданы, Аманөткел елді мекені, Қарамойын деген ауыл. Туған жер дегеніміз, сіз бен біз өмір сүріп отырған Отанымыз, елі­міз. Сондықтан әр адам өз саласында абыройлы қызмет ат­қарып, халқы үшін пайдалы ең­бек етіп, сол жүрген жерінде пайдалы бір іс пен ізін қалдырса, туған жерге ту тіккені болар деп түсінемін. Қолыңнан келсе,  мүмкіндігің болып жатса, туған ауылыңды түлеткенге не жетсін?! 1970-ші жылдары, Арал балық комбинатының бас директоры болып қызметте жүр­генімде Қарамойын ауылының қасындағы «Тәбекен» көлінің жиегіне тауарлы балық тоғанын, көл жиегінен үй­рек фермасын және де алма-жидек беретін бау-бақша ұй­ымдастырғанмын. Оның пай­дасын, жемісін көрген Аман­өткел елді мекенінің азаматтары әлі күнге дейін айтып  жүреді. Ал баяғы қариялардан есіткен әңгімеге оралайық. Ертеде қаракалпақ пен қазақтар ауылдас-қоралас болып, қыз алып, қыз беріп, құда-жекжат бол­ған көрінеді. Қарамойын мен Тәбекен дос болыпты. Қа­зақтар есін жинап, өз жеріне ие бола бастаған кезде, Тәбекен Қа­рамойынға: «Ал, енді қазіргі ел дүмпуін біліп отырсың. Осы абыройлы тұрғанда, мал-жан басың аманшылықта өзіңнің еліңе көш. Болмаса, абыройсыз қалармыз» депті. Бұрыннан да ел көзқарасын сезіп жүрген ақылды би, ауыл атқамінерлерін қонақ қылып, көшетінін айтып, қоштасу асын беріпті. Осы басқосуда Тәбекен ауыл ағаларына айтыпты-мыс. «Ағайындар, мы­на Қара­мой­ын көшіп бара жатыр. Келе­шекте де достасып, жекжат болып тұру мақсатында, осы ауылдың, жердің атын Қара­мойын қояйық. Бұл да дос­­тықтың белгісі болсын» деп, қа­рияларға дұға қылыпты. Ер­теңіне Қарамойын тағы да ауыл ақсақал-қарасақалдарын шақырып өз өтінішін айтыпты. «Білесіңдер кешегі отырыста Тәбекен би бастап осы ауылды «Қарамойын» аталсын дедіңдер. Сіздермен ақылдасып, кәде-кәуметімді жасадым. Енді мына ауылға тиіп тұрған судың атын «Тәбекен көлі» атандырайық» деп, бұған Тәбекеннің атынан кәде-кәуметтерін өзі жасапты. Сөйтіп, жер мен су екі достың атынан аталыпты. Қай уақытта да елге істелген қызмет аталмай қалмайды екен. Ал енді мен Қарамойында тудым дедім ғой. Үйіміз ұзын бір көшенің ортасында болатын. Үй дегеніміз ортасынан пешпен бөлген, кесек там. Тәбекен көлінен 100 метр. Көл Сырдария тасыса толатын екі айдын, ортасын ну қамыс бөліп тұратын. Қамыстың арасы толған шошқа, ал ондатр үймешегі 10-20  метрден асқанын көзіміз көрді. Сол жерді ағаларымыз үлкен Тәбекен, кіші Тәбекен дейтін-ді. Қыс айларында үл­кен Тәбекенге жылым салатын. Сонда сыралғы сұрай бар­ғанымызда «Ау, Сәкеннің баласы келіпті» деп, талай рет сары ала сазан бергендері әлі есімде, Ал кіші Тәбекенде жылым жүрмейді, тек ау салатынды. Бұған да балық-шабақ түсетін, сөйтіп, Қарамойын, Тә­бекен жерлерінен талай жылдар несібемізді көргенбіз.

Жаңақұрылыс елді меке­ні­нің жанында би кесе­не­сіндегі құ­лыптасқа:

Есті  кісі, ойы өткір, тілге шешен,

Ер құнын бір-ақ ауыз сөзбен шешкен.

Дала заңы дәуірлеп тұрған кезде,

Тәбекен аймағына билік еткен,  – деген бір ауыз сөз бидің ел арасындағы қадір-қасиетін танытып тұр.

Бидің ұрпақтары Жаңа­құ­рылыс елді мекенін ортасынан жаңа үлгідегі мешіт салуға уағ­даласып, құрылысын бастап та кеткен. Осындай ізгілікті іс ел бірлі­гінің, ауызбіршілігінің көрінісі емес пе?!

Сөз соңында қара қылды қақ жарған әділ бидің есімі осы ауылға берілсе деген ұсыныс айтқым келеді. Мұны ел азамат­тарының қолдайтынына да се­німдіміз.

Құдайберген САРЖАНОВ, 

мемлекет және қоғам  қайраткері, Қызылорда облысы және Арал ауданының құрметті азаматы.

ТАҒЫЛЫМ 04 қаңтар 2019 г. 602 0