« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Қала іргесіндегі Белкөл маңына жақын құмы суырылып жатқан «Кекірелі», «Шәйкөл» аумағындағы мың гектар жерге мыңғыртып мал ұстап, жайқалтып егін салған Жәдігер Орақбаевтың есімін бұрыннан да білетінбіз.
Ол – Сыр өңірінде кәсіпкерлікке алғаш бет бұрған азаматтардың бірі. Арал, Сырдария аудандарының құрметті азаматы.
Алайда, кез келген адамның жан сырына көкірек көзін салмай оны басқа біреудің білемін дегені бекершілік.
Біз де Жәкеңді жақыннан білуге ниет жасап көрдік.
Балықшының
баласы
Теңіздің қыр бетінде, Аралдан жетпіс шақырым жерде Жамбыл дейтін колхоз болған. Жәкеңнің әкесі Орақбай колхоз төрағасының орынбасары, кейін балықшылар бригадирі болып еңбек етті. 1921 жылы Лениннің хаты бойынша Волга бойындағы аштыққа ұшыраған халыққа 14 вагон су маржанын жөнелткен балықшылардың бел ортасында болған кісі. Қыста мұз астына шыжым арқан жүгіртіп, жазда теңіз төрлеп жел қайық ескен ауыл балықшысы. «Атымды ертеңге жеткізеді, көңілімнің күні, өмірімнің жәдігері болады» деп қырық сегіз жасында көрген ұлының есімін Жәдігер қойды. Шынында да осы баласы жиғанынан иманын жоғары қойған Орақбай ақсақалдың болмыс кенін кеудесіне көшірген кең жүректі азамат болып ер жетті.
Бала Жәдігер алты жасынан әкесіне еріп, балық аулаудың бар машақатын басынан өткерді. Жылым салатын қайықтарды ауылдан жүз шақырым қашыққа сүйретіп әкететін кемелердің үстінде талай рет ұйықтап та қалған. Осылайша балалық шағын Құланды мен Барсакелместің арасында, Қаратүп өзегінің сағасында өткізді.
Ауыл мектебінен сегізжылдық білім алып, онжылдықты Аралда оқыды. Мектептен соң Қарағанды кооператив институтының студенті атанды. Екінші курста жүріп үйленді. Бақыткүл екеуі бір партада отырып, бір мектепті бітіріп, институтқа да бірге түскен. Осы бірліктерін екіге айырмады. Институт жаңа ашылғандықтан оқытушыларға да, үйленген студенттерге де пәтер берді. Жасынан еңбекпен өскен студент Жәдігер ата-анаға салмақ салмай, сабақтан соң автобазада слесарь болып жұмыс істеді. Ол қиынын қызығы жеңген жастық шағы болатын.
1970 жылы екі сәбилі болған ерлі-зайыпты екеу институтты тауысып, Тереңөзек жұмысшылар кооперациясына келіп орналасты, жаңа өмірдің жолына қадам басты.
«Бірлестіктен»
бері қарай
Жұмысшылар кооперациясындағы жұмысын төменнен бастаған жігерлі, жаңашыл, табанды жас осы ұжымның басшылық қызметіне дейін көтерілді. Білімі мен біліктігінің арқасында 1978 жылы аудандық тұтынушылар одағының, 1982-1985 жылдары облыстық тұтынушылар одағының басқарма бастығы болды. Мұнан соң 1985 жылдан 1996 жылға дейін өзі құрған «Бірлестік» сауда-өндірістік мекемесін басқарды.
Дәл осы кез жоспарлы экономикадан рыноктық экономикаға ауысудың ауыр кезеңі еді. Шындығында халықтың басым бөлігі жаңа саясатқа еніп кете алмады. Азаматтардың бойынан нарықтық-әлеуметтік түсінік, кәсіпкерлік рух, демократиялық ой-пікір табыла бермейтін.
Осындай қиын шақта Жәдігер Орақбайұлы заман ағымын жете түсінді және өзін де, өзгені де нарық қыспағында қалдырмайтын тың бағыт іздеді. Сол кездегі бастаған жұмысты қарқынды жылжыту үшін бір мекеменің күші аздық ететін. Сондықтан «Гүлайым» фирмасын ашты. Оған зайыбы Бақыткүл Орақбаева құрылтайшы болды. Тасқа тамған тамшыдай жанкешті еңбектің табыс әкеле бастағаны осы кезең. Қала орталығынан бірінен кейін бірі – мейрамхана, қонақүй, балабақша, монша, дүкен салынып, тұтынушы халыққа қызмет етуге кірісті.
Алайда, Жәкең ақ қолғаппен атқарылатын іске қанағаттанбады, еңбектің бақыты да, ләззаты да қара жұмыста деп білді. Дәл осы ойын жүзеге асыру үшін 2008 жылы қала сыртындағы «Кекіреліден» аукцион арқылы 878 гектар жер сатып алып, «Жәдігер» шаруа қожалығын құрды.
Ақиқатқа жүгінсек, еліміздегі экономикалық тұрақтылықтың орнығуына, халықтың әл-ауқатының өсіп-дамуына Жәдігер секілді азаматтардың қосқан үлесі аз болған жоқ. Өйткені олар жұрттың жоғын түгендеді, қолы бос қалғандарды жұмыспен қамтыды, дала төсіне бір сәт мүлгіп кеткен еңбек ырғағын қайта әкелді.
Бүгінде осы шаруа қожалығында төрт түліктің басы түгел, екі қыстау, малшылар отыратын бірнеше үй салынған. Шаруашылықта отызға жуық адам жұмыс істейді, 20-30 техника бар. Бір отар асыл тұқымды қаракөл бағытындағы қой Жаңақорған жерінде бағылып жатыр. Ұмытыла бастаған қаракөл елтірісіне де сұраныс артып келеді.
Скважина қазылған, электр жарығы тартылған. Күн сәулесінен 5 квт электр қуатын алатын құрылғы қойылған. 8 гектар жердегі көкөніс дақылдары мен жеміс ағаштары биыл да жақсы өнім берді. Бұл өнімдер «Гүлайым» фирмасы арқылы қала ішіндегі бірнеше балабақша мен мектептерге жеткізіліп отыр. Қазір 40 гектар күздік бидай қар астында жатыр.
Өткен жылдардың есебін жүргізбей-ақ қояйық, биылдың өзінде «Жәдігер» тұтынушыларға 66780 литр шұбат, 14600 литр қымыз, 96 мың кілә ет беріпті.
«Бозбай» арнасының
бойында
Сағасын дария суы құйып тұрған «Сталин» арнасынан алатын «Бозбайдың» табаны шөгіп, өкпесін шөп-шалам қысқан өзекке айналған. Жылап аққан осы арнаға ағыл-тегіл су келтірсе «Кекірелі» қасқалдақ ұшып, кекілік қонған жер болар еді. Бірақ оған техника күшінен бөлек, қомақты қаражат керек. Шаруа қожалығының иесін осы жағдай біраз қинады.
Өткен жылдың көктемінде Жәкең облыс әкімінің қабылдауында болып, сол мәселені жеткізді. Қырымбек Елеуұлы жағдайды жіті түсініп, қолдау білдірді. Сөз іске тез айналды. 11 миллион теңге қаржы бөлініп, ескі арна аршылып, тазаланды. Осыдан соң-ақ «Бозбай» бойына жан кірді.
Мол су келісімен 120 гектар жер ашылып, бидай мен жоңышқа егілді. Балықшының баласы емес пе, Жәкең атакәсіпті де ұмыт қалдырмады. Қазір 15 гектар аумақты алатын тереңдігі 3 метр көл жасалып жатыр. Оған қоса асыранды қаз-үйрек айдыны болатын тағы бір көл пайда болмақ. Сөйтіп, балық пен құс шаруашылығына қосымша 60 адамды жұмыспен қамту жоспарланды.
Қазірдің өзінде қаладағы мен даладағыны қосқанда Жәкең басқаратын шаруашылық пен тұрмыстық қызмет көрсету желісінде 140 адам еңбек етеді.
«Тұнықтан
балық аулап бала
отырса...»
«Жәдігердің» алдағы жоспары көп. Ет бағытындағы ірі қараны көбейту мақсатында Ресейдің Қалмақ республикасынан мал алуға келісім шарт жасасып отыр. Сәуір айында шаруашылыққа 120 бас сиыр әкелінбек. Бұл үшін бордақылау алаңын, мал сою тірегін алу қолға алынды. Мал азығын алатын 120 гектар жер ашылмақ, бұл бағытта тағы 20 адам жұмыс істейтін болады. Сонымен бірге алдағы жылы қала балабақшалары мен мектептерін жазда ғана емес, қыста да көкөніспен қамту мақсатында аумағы 1 гектар жылыжай салынбақ.
Жәкеңнің ең үлкен және пайдасын түгел жұрт көретін жоспары – Қызылорданың ортасынан көл ашып, жағажай салмақ ойы. Бұл үшін «Арай» шағын ауданындағы аумағы 15-20 гектар Сырдарияның сарқынды суынан пайда болған көлді жаңғырту керек. Тереңдігі 4 метр болатын бұл көл өздігінен тартылмайды. Оны құрғатып үй салғанмен ыза тебіндейді. Қазір көл айналасы қоқыс тасталып, тарылып жатыр.
Әсем демалыс орнын салуды бұл жердің өзі сұрап тұрғандай. Көлдің болашақ бейнесі мынандай: Жағажайда кем дегенде 500 кісі сиярлық ашық демалыс орындары орнығады. Бәйгеқұмның «Ханқожа» көліне ат арытып жүргендер енді алысқа ұзамайды. Көл бетінде қайықпен, катамаранмен серуендеп келіп, заманауи киіз үйде қымыз ішіп, ұлттық музыка тыңдап тынығасыз. Ең қызығы көл жағалап қармақ салуға рұқсат етіледі. Көл – менікі, балық – сенікі. Әсіресе бұл балалар үшін таптырмас тамаша болар еді.
Жәдігер Орақбайұлы қолына тынығу орнының макетін алып, осының бәрін облыс басшысы алдында айтты. Ол кісі құптарлық іс деп, әрі қарайғы жұмысты қала әкіміне тапсырды.
Жәкең алдағы уақытта бұл мәселе де өз шешімін табады деп үміттенеді.
Қолы жомарт
сақы болады,
жаны жомарт жайсаң келеді
Пайғамбарымыз: «Жомарт жәннатқа жақын, жәханнамнан алыс» деген. Жәкең осы ғибратты үнемі ойында ұстайды. Алдына келгеннің алақанын бос қайтармайды. Бірақ, оның бәрін айтып, түгендеудің қажеті жоқ, тіпті ұмытып кеткен жақсы деп есептейді. Баласының оқуына, еміне көмек сұрап келгендер де болды. Олардың аты-жөнін шынында ұмытып кетіпті.
Биылғы көктемде «Қоғалыкөл» аулындағы «Жамбыл-2030» ЖШС қаржы қолбайлауынан егіске кірісе алмады. Осы шаруашылыққа «Жәдігер» 100 миллион теңге уақытша көмек берді. Сөйтіп, ауыл еңбеккерлері егін де салды, айлықтарын да алды. Күздің берекесіне жетті, алғандарын алғыспен қайтарды.
– Аға, кәсіп – тәуекелдің ісі, үлкен жоспарларыңыздың бірінен болмаса бірінен шығынға ұшырап қалудан қорықпайсыз ба? – деп сұрадым мен.
– Егер сұрағың жетпіске келіп қалған жасыма қатысты болса, онда мұның бәрі өз басым үшін емес, әуелі халық үшін, сосын бала-шағаның болашағы үшін атқарылып жатқан іс, – деп күлді Жәкең. Сосын сөзін былай жалғады. – Құдайдан қорықпаған әрнәрседен қорқады дейді ғой. Нені болса да адал ниетпен, таза пейілмен бастаймын. Біреудің еңбегін жеуге, байлығымды еселеу үшін жалған сөйлеуге Құдайдан қорқамын. Менің шаруашылығымда жұмыс істейтіндердің ешқайсысы банктен несие алмайды. Егер олар тапқан-таянғанын несие өтеміне төлесе, онда оның жұмысқа деген ықыласы да төмен болады. Сол үшін мен оларға «ақша қажет болған жағдайда маған айтыңдар, өтеуін өзіңе тиімді жолмен қайтар» деп айтып қойғанмын. Олар солай істейді, ал менің өз жұмысшыларымның алдында жүзім жарқын жүреді.
Жәкеңнің әңгімесіне риясыз көңілден риза болдым. «Нар жолында жүк қалмас» деп қазақ нарды емес, осындай арлы азаматтарды айтқан ғой.
Ия, бұл кісімен бірауық әңгімелесу кімді болса да біраз ойландырып тастайды, адамның жан дүниесіне сәуле түсіреді. Егер уақыт дедектетіп орныңнан тұрғызып жібермесе...
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |