« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Қазақ әдебиеті тарихында өзіндік орны бар, сөз зергерлерінің бірі, Сыр сүлейі – Қаңлы Жүсіп Қадірбергенұлы ХІХ ғасырдың соңында бұрынғы Қараөзек болысы, Майлықұм елді-мекенінде дүниеге келген. Алғашқыда ауыл молдасы Темірқожа деген кісіден хат танып, әрі қарай өз бетінше мұсылманша және орысша сауатын жетілдірген. Жасы 14-15-ке қараған шағында ақындығымен халыққа таныла бастайды. Заманында биге атқосшы, болысқа тілмәш болады. Ел арасында «Қаңлы Жүсіп», «Молда Жүсіп» есімдерімен аты белгілі болған. Кеңес өкіметі тұсында Тереңөзекте сотта хатшылық қызмет атқарған.
Шайырдың туған жерінде оның 140 жылдық мерейтойына арналған тағылымды «Сайраған бақта бұлбұлдай» атты іс-шара ұйымдастырылды. Биылғы жылы 8-ші бекет аумағында дүр ақынның ағайын-туыстары бейітінің басына ескерткіш кесене орнатты. Іс-шара осы кесененің салтанатты ашылуымен басталды. Онда аудандық мәслихат хатшысы Батырбек Маншарипов құттықтау сөз сөйлеп, ақын ұрпақтарымен бірге алқызыл лентаны қиды. Қаңлы Жүсіптің ұрпағы, медицина ғылымдарының кандидаты, профессор, Қызылорда қаласының және Сырдария ауданының құрметті азаматы Ернияз Омаров осы бір айтулы күнді көптен күткендерін айтып, кесене салуға атсалысқан азаматтарға алғысын білдірді.
Қаңлы Жүсіп Қадірбергенұлының мерейтойы аудандық мәдениет үйінде жалғасын тапты. Онда аудан әкімдігінің, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің және ұрпақтарының ұйымдастыруымен танымдық конференция мен жазба ақындар мүшәйрасы өткізілді. Танымдық конференцияны аудан әкімінің орынбасары Е.Әжікенов ашып, қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар сөз зергерінің өмір жолына, ақындық қырларына тоқталды.
– Сыр бойы ақындары арасында сол кезеңдегі саяси-әлеуметтік оқиғаларды, қоғамдағы болып жатқан өзгерістерді, сондай-ақ, замана қайшылықтарын шынайы суреттей білген ақынның бірі – Жүсіп Қадірбергенұлы, – деді аудан әкімінің орынбасары. – Ақын қаламынан туған «Ту көтерер тұтас болып дараланбай», «Заман», «1916 жыл», «Ерлерім хикаясын еттім дастан» сияқты саяси лирикалары мен «Бірлік туына», «Сауранбайға» атты арнауларын осы тақырыптағы шоқтығы биік шығармалар қатарына жатқызуға әбден болады. Ақын саяси ортадан алыста, Сыр бойында жатып-ақ ел өміріне белсене араласты, қаламымен халықтың қамын жеуі оның ақындық арынын ғана емес, саяси көзқарасын да танытты.
Жерлесіміз, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Ғабит Тұяқбаев сөз зергерінің шығармашылық жолына, оның өлеңдерінің әлеуметтік маңыздылығына ғылыми тұрғыдан талдау жасады.
Сыр сүлейлерінің шығармашылығын тірілтуде ғалымдарымыздың да қосып жүрген үлесі зор. Ғалым жерлесіміз Ғ.Тұяқбаев Қаңлы Жүсіптің шығармашылығын өзінің ғылыми еңбегіне арқау етіп келеді. Сондай-ақ, конференцияда ақынның ұрпағы, еңбек ардагері Ернияз Омаров шайырды ұлықтап жатқан аудан жұртшылығына шынайы алғысын білдірді.
Салтанатты шара соңында ақынға арналған жазба ақындар мүшәйрасы ұйымдастырылды. Оған он бестен астам талапкерлер қатысып, ақын бабаға деген арнау-жырларын толғана оқыды. Олардың арасынан №142 Қуаныш Баймағанбетов атындағы мектептің 11-сынып оқушысы Гүлзат Оразова бас жүлдені жеңіп алды. Бірінші орынды ауданға белгілі ақын Бағдат Есназар иеленсе, екі екінші орынды Мейрамбек Шілдебайұлы мен Қанат Көзейбай, ал екі үшінші орынды Аружан Мұханбетқали мен Темірхан Аймағанбет өзара бөлісті.
Ш.НҰРСЕЙІТОВ,
Е.АҚҚАЛИҰЛЫ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |