108 жыл бұрын Мұхамеджан Қаратаев дүниеге келді

108  жыл бұрын (1910-1995) әдебиет сыншысы, жазушы, ғалым, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым Академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері Мұхамеджан Қожасбайұлы Қаратаев дүниеге келді.
Қызылорда облысы Сырдария ауданында туған. Қазақ педагогикалық институтын, Ленинградтың Тарих, философия және әдебиет институтының аспирантурасын бітірген.
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының жауапты хатшысы, төрағасы қызметтерін атқарған. Қазақ педагогикалық институтының кафедра меңгерушісі, Жамбыл педагогикалық училищесінің оқытушысы, Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасының редакторы, бас редакторының орынбасары, директоры, Қазақстан Ғылым академиясы Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және тіл институтының аға ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі, Қазақ совет энциклопедиясының бас редакторы болған. 1988 жылдан өмірінің соңына дейін Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты директорының бас кеңесшісі болып істеген.
Оның алғашқы күрделі еңбегі - Сәкен Сейфуллиннің «Қызыл ат» поэмасы туралы мақаласы. Әдеби жұртшылық арасында үлкен айтыс туғызған бұл поэманың көркемдік-идеялық құны туралы дұрыс талдау жасады. Ғабит Мүсіреповтің «Шұғыла» повесі туралы да оның сол кездегі мақаласы жұртшылық назарын аударды. Мұхамеджан Қаратаев тұтас алғанда қазақ әдебиетінің түрлі мәселелерін қамтыған жеті жүзден астам мақаланың, қырықтан аса кітаптың авторы. Ғалым еңбектерінің негізгі арқауы - қазақ әдебиетінің тарихи жолы мен өсу сатылары, туған елдің топырағынан жаралып, ана сүтімен енген ұлттық дәстүр, оның жаңа сапада қалыптасуы, түр мен мазмұнның біте қайнасып, шеберліктің шыңдалуы. Сонымен қатар көркем әдебиеттің эстетикалық мұраты жөнінде де толымды пікірлер айтты. Көркем шығармашылықпен де шұғылданды. Оның «Даладағы дабыл» атты көркем публицистикалық романы қазақ, орыс тілдерінде жарық көрді. Ол көркем аударма саласына да елеулі еңбек сіңірді. М.Горькийдің «Менің университетім», М.Шолоховтың «Тынық Дон» романының 3 кітабын қазақ тіліне тәржімалады. Сондай-ақ көркем аударма теориясын дамытуға қызу ат салысып, қазақ әдебиетін орыс тіліне, орыс тілінен қазақ тіліне аударудың негізгі мәселелері жайында сүбелі еңбектер жазды. Көптеген оқулықтардың авторы, хрестоматиялардың құрастырушысы. 6 томдық Қазақ әдебиеті тарихының үш томының, орыс тілінде шыққан Қазақ әдебиеті тарихының кеңестік дәуіріне арналған томының бас редакторы және негізгі авторларының бірі.
Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы, «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған. Халықаралық әдебиет сыншылары қауымдастығының мүшесі, екі мәрте Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.
Астанадағы Президенттік мәдениет орталығында 2010 жылдың қыркүйек айында белгілі публицист, әдебиет сыншысы, жазушы Мұхамеджан Қаратаевтың туғанына 100 жыл толу мерейтойы атап өтілді.
ТАҒЫЛЫМ 27 желтоксан 2018 г. 1 114 0