« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Сонау отызыншы жылдардың басында ашаршылық апатынан аман қалған ауылдарда жаппай сауаттандыру ісі қолға алынды. Мәселен, 1934 жылы Қызылорданың солтүстік бетіндегі екі ауылда сауаттандыру мектебі ашылды. Олар сол кездегі жағдайға байланысты оқушыға бастауыш білім беруге негізделіп еді. Бұл қимылға жергілікті халық та ынталана жұмылып, білім шырағын жағу жорығына белсене атсалысты. Уақыт өте келе, білімге құмар жастар қатарының өсуіне байланысты мектепті кеңейту, оқушыларды білім ордасына көптеп тарту талабы туындады. Сөйтіп, 1938 жылы ауыл азаматтарының күшімен кесек құйылып, мектепке арналып 8 бөлмелі үй тұрғызылды. Ақыры 1938 жылдың күзінде қоңсылас екі ауылдың мектебі қосылып «Кооператор» атындағы жетіжылдық мектеп ашылды. Міне, бүгінгі батыр атындағы №43 орта мектептің негізі осылай қаланып еді.
Кезінде, Ұлы Отан соғысы алдындағы жылдары «Кооператор» колхозы Сырдария ауданындағы жақсы көрсеткіштерімен аты шыға бастаған шаруашылық болатын. Қала іргесіндегі ауыл шиеліліктердің үлгісімен ауданда бірінші болып күріш егуді бастап, одан мол өнім өндірді. І.Ерімбетов, А.Дәуітбаева сияқты диқандар жоғары марапаттарға ие болып, колхоз даңқы дүркірей бастады. Шаруашылық төрағасы Қуат Ерімбетов елдің ақылды ұйымдастырушысы, кәнігі дихан ретінде танылып, беделі өсе түсті. Ауыл мәдениеті жақсарып, жаңа ғимараттар, тұрғын үйлер бой көтерді. Міне, ауылдың өз күшімен салынған жаңа жетіжылдық мектеп те сол жылдардың жемісі болатын.
Мектептің өткен жолын, атқарған тірлігін сөз еткенде мақтан тұтып, жария етуге татырлық жетістіктерін айта отырғанның артықтығы болмас. Биыл осы оқу орны бой көтерген ауылдың тумасы, мектептің алғашқы іргетасын қалауға қатысқан жерлесіміз, Кеңес Одағының батыры Жақыпбек Махамбетов атындағы орта мектептің ашылып, ұрпақ тәрбиелей бастағанына 80 жыл!
Тарих беттерін парақтасақ, мектепті әр жылдары басқарған талай ұстаз марқұмдардың есімдерін атауға болады. Аруақтары риза болсын, біразының есімін атап кетейін.
Оны алғаш рет Асқар Меңліханов (1938-1943 жж.) деген азамат басқарып, бастауыш оқу ұясының қалыптасуына көп еңбек сіңірді. Ал, сұрапыл соғыстың нағыз алапат кезінде мектепке Кәдірма Кәрібаева (1943-1948 жж.) апай жетекшілік етті. Одан кейін соғыс даласынан жеңіспен оралған Дүйсет Тайманов (1948-1953 жж.) директор болып 5 жылдай абыройлы қызмет етті. Мұнан кейінгі басшылар да жас ұрпаққа білім, тәрбие беру саласынан абырой тауып, талай жемісті де жеңісті соқпақтардан өтті. Мәселен, Молдаш Достанов (1953-1956 жж.) осы мектепті үш жылдай басқарып, сосын орта мектепке басшы болды. Реті келгенде айта кетейін, ол осы ұжымның нағыз мақтан тұтар азаматы. Жақында оның туғанына 90 жыл толды. Ол осы жылдардың 35 жылында ауыл мектептерінде басшы қызметін атқарды. Сонда жүріп ғылыммен айналысып, кандидаттық диссертация қорғады. Өмірінің соңғы 7-8 жылында университетте ұстаздық етіп, дүниеден озды.
Мектеп ұжымының ендігі бір мақтан тұтар мүшесі – дүниеге ұстаз болып келіп, ұстаз болып өткен, Сыр бойы ұстаздарының ұстазы, соғыс ардагері Қасымбек Ыбыраев. Ол ұжымды басқарған жылдары мектеп абыройы аса биік болды. Сол кісінің биік беделінің арқасында 7 жылдық мектебіміз он жылдыққа айналды. Оқушылардың пайдалы еңбекпен шұғылдануы өріс алып, мектеп жанындағы өндірістік тәжірибе участогінің жүгері өсірушілері (жетекші Тотай Тұрлығұлов) облыста бірінші болып Мәскеудегі бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмесіне қатысты.
Осы арада қатардағы ұстаздардың ерен еңбегін атамай кету әбестік болар еді. Бұл ретте, ойға алдымен Ш.Сейтжанова, М.Оспанов, Ә.Шалқыбаева, Б.Әубәкірова, Т.Сүтенов, П.А.Ли, Т.Тұрлығұлов, А.Түменбаев, т.б. есімдері оралады. Олар осы ауылда туып, осы топырақта туған жастар санасына терең білім, тәлімді тәрбие берді.
Жоғарыда айтқанымыздай, мектебімізге 80 жыл, оны екі рет басқарған белгілі түрколог-ғалым, ұстаз Молдаш Достановтың туғанына және осы мектептің іргесін қалауға қатысқан, осы мектептің шәкірті әрі өмірінің соңына дейін осында ұстаздық еткен Әйтіш Шалқыбаевтың да туғанына 90 жыл толды.
Ауыл ортасында 4 бөлмелі мектеп іргесі қаланған жылы Әйтіш ағай 9-10 жасар шамасындағы ауыл баласы екен. Осыған дейін қолайсыз үйлерді, жазда көлеңкелі жерлерді паналап, сауат ашыпты. Отыз сегіздің көктемінде аталған құрылыс қолға алынған. Ауыл адамдары, болашақ ата-аналар өздері кесек құяды. Қолының икемі бар Қалыбай деген ақсақал қасына көмекшілер алып, бөлмелердің іргесін қалай бастайды. Мұны көрген Әйтіш ағай «осы күзде өз ауылымызда жаңа мектеп болады, сонда оқимыз, құрылысына көмектесіңдер» деп жар салып, ауыл балаларын ұйымдастырады. Айтқандай, Әйтіш бастаған ересек балалар үш ай жазын осы құрылыс басында кесек, құм, лай тасумен өткізеді. Ауыл адамдарының еңбегі қайтып, сол жылғы күзде «Кооператор» атындағы жетіжылдық мектептің есігі ашылып, шәкірттер қабылдайды. Міне, құтты білім ордасының іргесі осылай қаланған екен.
Жалпы бұл ағай ұстаздықты алғаш 1946 жылдан бастаған. Балалық шағы сұрапыл соғыс жылдарына тұспа-тұс келген. Әуелгіде қырманда есепші, көкөніс өсірушілерге көмекші болған. Сосын білімін көтеруге құмартып, сол қиын кездердің өзінде педагогикалық училищеге оқуға түсіп, әуелі бастауыш сынып мұғалімі мамандығын алып, ұстаздық жолын бастады. Сырдария ауданындағы «Жаңатұрмыс», Абай атындағы жетіжылдық мектептерінде, жоғары білім алғаннан кейін қаладағы мектептерде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болды. Арасында мектеп директорының орынбасары міндетін де абыроймен атқарды. Содан 1959 оқу жылында өзі бала кезінде құрылысына қатысқан, өзі оқыған, кейін ұстаздық еткен №43 мектепте еңбек етіп, өмірден озды.
Айта берсе Әйтіш ағайдың өмірдегі, еңбектегі, адами пендешілік қасиеттеріндегі үлгі алатын жақтары көп еді. Ол, ең алдымен, жалтағы жоқ турашыл, әділ жан еді. Соған қоса ой-өрісі кең, ақыл-парасаты орнықты ақсақалдығы басым, өзгені иландыра білетін кісілігі бар, ізеті мол кішілігі де бар аға болатын. Ол, ең алдымен, өз мамандығын терең меңгерген білікті ұстаз еді. Сөзіміз дәлелді болу үшін бұрын осы мектепте ұстаздық еткен СССР, Қазақ ССР оқу ісінің үздігі, Қазақстан Педагогика ғылымдары академиясының академигі, ұлы тарихшы Е.Бекмахановтың сүйікті шәкірті болған, ғалым-педагог Тотай Тұрлығұловтың сөзіне жүгіне отырайық:
– Әйтекең өте еңбекқор болатын. Шәкірттерін де осыған тәрбиеледі. Жаз болса, оқушылар лагерінде, мектептің тәжірибе участогінде еңбек ететін. Ол балаларға қауын-қарбызды, картопты, жүгеріні, жеміс ағаштарын егуді, суаруды, отауды, т.б. күтіп-баптауды да үйрететін. Әсіресе күріш дақылын күтіп-баптауды жақсы білетін. Қысқасы, Әйтекең оқушыларды еңбекке баулудың шебері болатын. Ол өз пәні – қазақ тілін де, әсіресе грамматиканы шебер талдайтын. Шәкірттері бұл пәннен сауатты болып шығушы еді.
Иә, осылай тойымыз тойға ұласып, жаңа жылды қомақты қуанышпен қарсы алғалы отырмыз. Қазақстан оқу ісінің үздігі, алпысыншы жылдардың басында мектепке басшылық еткен ардагер ұстаздардың бірі Сұлтан қажы Үсенұлы:
– Бұл мектеп – мақтауға да, аты айтылғанда мақтануға да тұрарлық оқу орны. Алдымен мақтанарымыз бұл алғаш іргесін қаласқан батыр атымен аталады. Сондай-ақ, мұнда талай еңбек пен өнер, білім және қоғам қайраткерлері оқып, ұлы өмірге жолдама алған. Мәселен, атақты академик Ә.Нысанбаев, ғалым, қоғам қайраткері, екі рет министр болған М.Базарбаев, қоғам қайраткері белгілі инженер-механик М.Қалыбаев, республикамыздағы қаракөл өңдеу өндірісін ұйымдастырушы, ғалым С.Әлімбекұлы, жазушы Саид Баязитов, Республикамыздың ардагер журналисі Ө.Жаппарханов сынды белгілі тұлғалар осы мектептің түлектері. Ал, 90 жылдығы аталып отырған Әйтіш Шалқыбаев ағамыздың өмір жолы мақтануға да, мақтауға да тұрарлық. Осы мектеп іргесін қалауға да қатысты, осында шәкірт те болды, кейін өмірінің соңына дейін осында ұстаздық етті, – дейді.
Қазір тоғысқан тойлар иесі атанып отырған мектепте 135 ұстаз қызмет етеді. Оның 32-сі жоғары санатты, 57-сі бірінші санатты мұғалім. Ұжым осы ұстаздардың арқасында жыл сайын абырой биігінен көрініп жүр.
Б.ИМАНБЕРДИЕВА,
№43 Кеңес Одағының Батыры Ж.Махамбетов атындағы орта мектеп директоры.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |