ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ, ҒИБРАТТЫ ҒАЛЫМ

Көрнекті ғалым Әбдікәрім  Тәжмағанбетұлы жарты ғасырдан астам уақыт   жоғары білімді педагог-кадрлар даярлауға сүбелі үлес қосқан маманның бірі еді. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, ҚР Әлеуметтік ғылымдар Академиясының құрметті академигі атанған ғалымның шәкірттері қазір еліміздің әр түкпірінде еңбек етуде. 

Әбдікәрім  аға 1929 жылдың қаңтар айында Ақтөбенің Ойыл ауданында дүниеге келген. Бүкіл Қазақстанды жайлаған аштық жылдары ол Түркменстанның  Ташауз  аймағындағы жетім балалар үйінде тәрбиеленді.

1943 жылы 7-сыныпты бі­тір­­ген соң Ташауз қала­сын­дағы  мұға­лімдер инсти­ту­тының 3 ай­лық дайын­дық курсын, одан  атал­ған инс­титуттың ­физика-матема­тика факультетін 1945 жылы үздік дип­­ломмен бітіреді. 1945-46 оқу жылында сол қаладағы ауыл шаруа­шы­лық техникумының оқы­тушысы болады. 

1946 жылы Қазақстанға орал­ған бетте Қызылорда пединститутына оқуға түсіп, оны 1948 жылы бітіреді.

Институт қабырғасында Әбе­кең Одақ деңгейінде танымал бол­ған А.Тайманов секілді атақты  ға­лым­дардан дәріс алды.

1948-53 жылдары Арал қала­сындағы №13 Т.Г.Шевченко атын­­дағы орта мектепте сабақ берген Әбекең 1953 жылдан бастап Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда мем­лекеттік педа­го­гикалық инс­­титутында А.Тай­мановтың шақы­руымен жұмысқа қабылданып, түр­лі лауазымды қыз­меттер ат­қар­ды.

1954-64 жылдары инс­ти­туттың ­физика-математика факультетінің деканы, 1964-79 жылдары кафедра меңгерушісі, 1980-87 жылдары Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыс­тарындағы мектептер бас­шы­ларының біліктілігін жоға­рылату факультетінің деканы, ал 1987-92 жылдары кафед­ра меңгерушісі қызметтерін ат­қарды.

1992 жылдан өмірінің соңына дейін «Математика және матема­тиканы оқыту әдістемесі» кафе­дра­сының профессоры ре­тінде сту­денттер мен жас әріп­тес­теріне ақылшы ұстаз-аға болды.

Ә.Тәжмағанбетұлынан ­әр ке­­­зеңде дәріс, тәлім-тәрбие ал­ған­­­дардың ішінде академик Ә.Нысанбаев, ғылым докторлары Қ.Жаңабергенов, Б.Сейсенов, Д.Көшеров, Б.Әбдікәрімов, ғы­лым кандидаттары Б.Қаш­қын­баев, Ы.Қарқынбаев, Ж.Өтеу­лиев, Н.Әбдрахманов, Ш.Күде­баева, С.Бае­кова, В.Серік­баева,  Б.Тұр­баев, З.Қасаева, Т.Ділманов және т.б. бар.

Факультеттің аға буын өкіл­дері  түрлі кезеңдегі қиын­дық­тарды жеңе отырып, Одақ­қа белгілі жетекші ғылыми орта­лықтармен тығыз байланыс жасай білді. 1961 жылы Әбекең бүкілодақтық педагогикалық оқу­лардың жүл­дегері болып, абырой биігінен көрінді, ал 1966 жылы Мәскеуде өткен Дүниежүзілік математиктер конгресіне КСРО атынан А.Тайманов, С.Елубаев үшеуі делегат болып қатысты.

Ә.Тәжмағанбетұлы 1967 жы­лы Киев мемлекеттік ­педагогика инс­титутында ­аспирантурасыз және ғылыми жетекшісіз «Взаимосвязь в преподавании математики и физики в общеобразовательной школе (на примере обучения алгебры)»  деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын та­бысты қорғап, мектеп педагогикасында зерттеулердің жаңа бағытына жол ашты.

Кеңес Одағы кезіндегі халық­аралық, одақтық деңгейдегі ғы­лыми-практикалық  конференция­ларына баяндамашы ретінде (Мәскеу, Орынбор, Курск, Ашхабат, Даугавпилс,т.т.) қатысты.

Педагог-ғалымның еңбегі тиісті бағасын алды, ол «КСРО ағарту ісінің озаты», «Қазақ КСР ағарту ісінің озаты», «Ерекше еңбек үздігі» медалінің иегері атанды.

Математиканың сапалық жағына, терминдердің қол­да­ну­ларына, олардың қазақ тіліне дұрыс аударылуына  Әбекең баса көңіл бөлетін.

Ол 130-дан астам ғылыми-әдістемелік еңбек жазды. Олар­дың ішінде математиканың пән­­аралық байланыстарына ар­нал­ған әдістемелік құралдар мен  нұсқаулар бар.  Орта және жоғары мектепте  математиканы оқытудағы пәнаралық байланыстардың ролін арнайы және маңызды проблема ретінде зерттеді. 1987 жылы Мәскеуде оның  «Межпредметные факультативы по математике и физике» және «Совместное повторение математики и  физики»  атты әдістемелік құнды нұсқаулары жарық көрді.

Кафедра меңгерушісі ре­тінде Әбдікәрім ағай жас оқы­ту­шылардың  оқу жүкте­месіндегі пәндерді жиі ауыстырып отыратын. Кезінде пединститутта оқымаған сабақтарды да жүктемеге қосқызып қоятын. Соның арқа­сында жас оқытушы әр жылда жаңа пәннен дәріс беріп, ол пәндердің қыр-сырын меңгере алатын.

Әбдікәрім ағайдың тағы бір әдеті – жұмыстан қайтар мезгілде бар мәселені қозғап «Үйде осыны ойланыңдаршы, неге бұлай, а?» – деп ой салып жіберетін. Сонда «ағай бұны шынымен де түсінбей тұр ма екен?» деп, пікір таластырып отыратынбыз. Бұлар, әдетте, педагогиканың, математиканы оқыту методикасының, я геометрияның, не математикалық логиканың сұрақтары болатын. Үйге келе сала оқулықтарды ақтарып, жауап іздей бастайтынбыз. Сондағы ағайдың мақсаты – бізді ізденсін, білсін, дейді екен ғой.

Ғалым ­«Математиканы оқы­тудың теориясы мен әдістемесі» саласында дербес ғылыми бағыт қалыптастырып кетті. Оның ті­ке­­лей ғылымдағы шәкірттері Вален­тина Серікбаева М.Горький атындағы Киев мемлекеттік педа­­­гогикалық институтының аспи­­­рантурасын бітірген, Мәс­кеудегі халықаралық білім беру ғылымдары академиясының (МАНПО) корреспондент-мүшесі, ҚМУ-дың академиялық профессоры, Зәуреш Қасаева Мәскеу мемлекеттік педа­го­гикалық инс­титутының аспирантурасын бітірген, п.ғ.к., Мәс­кеу­дегі халық­ара­лық білім беру ғы­лымдары академиясының (МАНПО) кор­рес­пондент-мүшесі, қазірде Қа­зақ­стан инновациялық уни­вер­ситетінің Қызылорда қала­сындағы өкілеттілігінің директоры, ал С.Меңліқожаева мен З.Сейілова педагогика ғылым­да­ры­ның кандидаттары, доценттер. 

Бүгінде Қорқыт ата атын­дағы ҚМУ-да профессор Ә.Тәжмаған­бетұлының ғы­лым­дағы салған сара бағыты мен ізденістері жалғасын табуда.

«Мұғалім мамандығын – адам­­тану әлеміне ену, адамның күрделі және қызықты, шым-шытырығы мол рухани жан дүниесіне үңіле білу деп түсінген жөн. Педагогикалық шеберлік пен педагогикалық өнер дегеніміз  ол даналықты бар жүректен ұға білу болып табылады» деген  В.А.Сухомлинскийдің сөздері Әбдікәрім аға Тәжмағанбетұлына, оның ұстаздық өміріне қатысты айтылған сияқты.

Өз ісін жалғастырар кейінгі буын өкілдеріне тәлімгер, үлгі бола білген қамқор ғалым ағаның қуатты жүрегі 2001 жылдың 30 қарашасында соғуын тоқтатты...

Қызылорда мемлекеттік уни­верситеті ғылыми Кеңесінің шешімімен п.ғ.к., профессор Ә.Тәж­мағанбетовтің есімі өзі дәріс берген 6-оқу ғимаратындағы 303-дәрісханаға берілді, онда білім қуған XXI-ғасырдың  жас ұрпағы ұстаздарынан дәрістер тыңдап, мамандыққа қанығуда.

Әбдікәрім Тәжмағанбетұлы  зайыбы Сара апаймен бірге 5 ұл-қыз тәрбиелеп өсірді, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, өнегелі отбасы атанды. Сара апай Арал қаласындағы орта мектепте, кейін Қызылорда қаласындағы №5 орта мектепте қазақ тілі пәнінен  дәріс берді. Қазір еңбек демалысында, немере-шөбере сүйіп отырған ардақты әже, Алматы қаласында тұрады. Ұлдары Ерболат сондағы «Экотера» ЖШС-ның директоры қызметін атқаруда, Нұрболы – «Алматы қалалық жылу жүйесінің» қаржы басқармасының бастығы, ал қызы Сәуле «Каз­экология» ЖШС-да инженер-химик болып қызмет атқарып, қазір зейнеткерлік демалысқа шықты.

Ұлағатты ұстаз-ғалымның ғұ­­­мыры ұрпағы мен шәкірттері арқылы жалғасын табуда.

Б.ҚАЛИЕВ,

Қорқыт ата атындағы ҚМУ «Физика-математика     

кафедрасының» меңгерушісі, т.ғ.к., профессор, 

В.СЕРІКБАЕВА,

кафедра профессоры, п.ғ.к. 

ТАҒЫЛЫМ 13 желтоксан 2018 г. 1 045 0