ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ, БЕЛГІЛІ ЖУРНАЛИСТ З.ЖАРҚЫНБАЕВҚА – 100 ЖЫЛ

ЕЛ БІРЛІГІН ОЙЛАП ӨТТІ

ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ, БЕЛГІЛІ ЖУРНАЛИСТ З.ЖАРҚЫНБАЕВҚА – 100 ЖЫЛЗейнолла Жарқынбаев ағамыз туралы ойнап жүрген бала кезімізден атын естіп, өзін көрсек деп өстік. Ол кісінің әкесі Көштай атамызбен біздің әкелеріміз аралас-құралас жатқан ауылда ағайындас, замандас кісілер еді. Көштай ақсақал ағайынға басшылық, ауылға ағалық еткен абыройымен қатар жүйрік ат ұстап, аймаққа аты шыққан. Белгілі жылқышының баласы болып, тай, құнанға шауып жүрген шағымызда әкелеріміздің «Көштай Қасқа» озып келді, бәйгені «Көштай Қасқа» алды деп үнемі әңгімелейтінін еститінбіз.

Далдабай әкем де, Шәкірбай әкем де «Көштайдың баласы Зейнолла Ал­матыны бітірді (оқуын айтады), Мәс­кеуде оқыды, үлкен қызмет істеп жүр» деп құлағымызға құюмен болатын. Шамасы, бізді де оқысын, талаптансын дейтін болуы керек. Әлі есімде 6-7 класта оқып жүргенімде Шәкірбай әкем Көштай атамыздың намазына барып келіп: «Баласы Шымкенттен самолетпен келді», – деп айтып отырды. Кейін жобалаймын, шамасы, Зекеңнің Оңтүстік Қазақстанда облыстық пар­тия комитетінің хатшылығында жүр­ген кезеңі болуы керек. Міне, ата-ана­ларымыздың кімге бой түзеу, кімнен үйренуге, бағдар беруінің өзі ол кісінің біздің келешегімізге, өмірімізге үлгі, өнеге болғаны еді.

Зекеңнің өмір деректеріне назар аударсақ, сонау қиын-қыстау кезеңде ел оқу іздемек түгілі күнкөрісіне зар болып жүргенде бір мың тоғыз жүз отызыншы жылдары 15-16 жасында Алматы қаласына барып құрылыс тех­­никумында оқып, елге келіп, та­биғи зеректігімен сөйлеу, жазу-сы­зу қабілеттеріне қарай комсомол, кәсіп­одақ салаларында қызмет бастаған екен. Білімге құштарлығымен алды­на үлкен мақсат қойып, ізденіп жү­ріп, республикалық Халық ағарту ко­миссары Темірбек Жүргенов пен өлкелік партия комитеті насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі Ілияс Қабыловтардың жәрдемімен 1935-1938 жылдары Алматының коммунистік журналистика институтын оқып, біті­ре­ді. Сөйтіп, алғанмамандығы бой­ынша облыстық «Ленин жолы» газетінің жауапты хатшы қызметіне орналасады.

1948 жылы Москва қаласында жо­ғары партия мектебін бітіргеннен кейін төрт жылдай республикалық «Со­циалистік Қазақстан» (қазіргі «Еге­мен Қазақстан») газеті бас редак­торының бірінші орынбасары міндетін атқарып, Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің хатшылығы қызметіне ауысады. Содан, 1955 жылы облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») газетіне бас редактор болып, оны алты жылға жуық басқарды.

Зейнолла Жарқынбаев ағамыз өмірінің 14 жылын қызығы мен қиын­дығы қатар жүретін облыстық, рес­публикалық газеттерде журналистік, басшылық қызметтерде болып, Х.Ер­ғалиев, Қ.Мұхамеджанов, Б.Қыдыр­бекұлы, Ә.Нұршайықов, Ә.Жәмішев, М.Иманжанов, Ә.Жұмабаев, Н.Сера­ли­ев сынды тағы да басқа белгілі қалам­герлермен жұмыс бабында араласса, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ас­қар Тоқмағамбетов секілді т.б. қазақ­тың көрнекті тұлғаларымен тұз-дәмдес, сыйлас болды.

Қазақтың біртуар азаматы Зей­нол­ла Қабдолов: «Зейнолла аға Жарқын­баевтың маған аты ғана емес, заты да ұқсас. Ол да мен сияқты жарық дү­ниеге жан-жағын жақсы көру үшін, үй іші, туған-туысқандарын ғана емес, адаммын деген адамдардын бәрін құшақтап әкеткісі келіп жүретін», – деп, Зекеңе жоғары бағасын берген.

Есімі елге танылған қоғам қай­рат­кері Зейнолла Көштайұлы Жарқын­баевтың туған жері мен халқына жасаған қызметі, азаматтық келбеті, басшылық бейнесі партия, кеңес жұмыстарында айқындала түсті. Жастық шағында, әр кезеңде Қазалы, Сырдария аудандық партия комитеттерінде бөлім меңге­рушісі, хатшы, облыстық партия комитетінде нұсқаушы, кейін бес жыл­дай Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінде хатшылық қызмет атқарған кезеңдері жайлы көп біле бермесек те, 18 жылға жуық облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары міндетін атқарған уақытының толық куәгеріміз.

Менің Зекең ағамен алғашқы кез­десуімнің өзі, қызмет бабында, 26 жасымда Тереңөзек аудандық атқару комитетінде орынбасар кезімнен бас­талды. Әлі есімде, 1965 жылы жаз айында облыстық атқару комитетінің орынбасары Зейнолла Жарқынбаев Те­­реңөзек ауданына іссапармен келді. Аудандық атқару комитетінің төрағасы Жұмекең Бәкішов ауданда жоқ еді. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Қонекең Қазантаевпен бірге З.Жарқынбаев ағаны күтіп алдық. Қонекең ол кісіні қатты сыйлап, құрметтейді екен. Ал Зекең Қонекеңді Қоныс, Қонысжан деп атайды. Бұл сыйластықтары ол кісілердің өмірінің соңына дейін жалғасып өтті. «Мына Сәмит ініңіз болады» – деп Қонекең мені таныстырып қойды. Осылай сәті түсіп мен де Зекең ағамен тереңірек танысып, білістім. Араласып, жүздесіп, жүрмесе де, біздің аталарымыз тура­лы хабардар екен. Мен де ол кісі жө­нінде жасымызда естігендерімді біл­ді­ріп жатырмын. Сөйтіп, алғашқы кез­десуіміз ағалы-інілікке ұласты. Ау­­данға жұмыс бабымен келуіне бай­ланысты мен ол кісіге ауданның 3-4 шаруашылығы мен ауылдарды аралаттым. Бір қызығы, Зекең колхоз, совхоз басшыларының қабылдау бөл­месіне келеді де үстін жөндеп, айна сұрай бастайды. Жоқ нәрсе табыла қоя­­ды ма, оған алдымызда тұрған сов­­хоздың директоры, колхоздың, ау­ыл­­дық кеңестің төрағалары, тіпті мен де қысылып қаламыз. Ол кезде қазіргідей жағдай қайда, кейдеша­руа­­шылық кеңселерінде дұрыс стол, орындықтар да бола бермейді. Деген­мен, өмір талабы ғой, жігіттер де қорытынды шығара бастады. Бәріміз де жүрген жерімізде кеңсе тазалығына, орындық, киім ілгіштердің, айнаның, т.б. қажеттіліктердің болуына назар аударамыз. Өмір көрген, тәжірибелі кісілердің жаңағыдай қажеттіліктерді ойластыра жүруі, басшылықтағы аза­маттарды айтпағанда, қайсыбір қа­тар­дағы жігіттерге де тәрбиелік мәні бар сабақ екен ғой. Жарықтық Зекеңдер Қызылқұм, Қарақұмда малшылар ауы­лын аралағанда да жазда ақ көй­лек, бозғылт костюм-шалбардан жа­ңыл­майды. Шәй ішетін, қонатын үй-жайдың, көрпе төсегінің, ыдыс-ая­­ғының тазалығын қалайды. Сыр елі­нің зиялы азаматтары, аудан, ауыл басшылары бұл кісінің талғамын айт­пай түсінетін. Жарқынбаев келе жатыр десе, солай бейімделетін. Ол кісі елді мекендерді аралағанда білім саласы мен денсаулық сақтау, мәдениет меке­мелеріне қатты назар аударады.

Облыстық атқару комитетінің орын­басары қызметінде болған уақы­тында да, кейін зейнетке шыққанда да, облыс­тың бірінші басшыларынан бас­тап Зекеңді құрмет тұтты, сыйлады. Ол кісі басқаратын салалар бойынша пікірімен санасты, қандай бір жағдай да болмасын, тыңдады.

Ел басқарған азаматтардың қадірлі аға-жеңгенің дастарқанынан дәм татып тұруының өзі үлкен құрметтің белгісі, қазақи дәстүрімізді ұлықтаудың көрі­нісі деп бағалауға тиістіміз. Біз білген облыстық партия комитетінің бірінші хатшылары М.Б.Ықсановтан бастап мерекелі күндердің орайын келтіріп Зекеңнің отының басына келіп, «Сыр - Анасы» атанған Балқия жеңгеміздің шайын ішіп, құттықтап шығатын. Әсі­ресе зейнетке шыққаннан кейін де Әб­дікәрімов Исекең, Есетов Тәкеңдер қа­­тысатын басқосулардың төрінде Зе­­кең болды. Қызылордада Зекеңсіз той басталмады, Зекеңсіз дастарқан жай­ылмады.

Зейнолла Жарқынбаев сынды аға­ның өмірлік жары, жан жолдасы болған Балқия жеңгеміздің ұстаз тәрбиеші ре­тінде де, мейірімді адал жан ретінде де, ағайын-туысқа қамқоршы, тілекші ретінде де, ең бастысы, осы замандағы қазақтың данагөй анасы ретінде орны бөлек еді. Зекең жиын-тойда сөйлеп шыққаннан кейін «Ойпырмай, Зеке өте жақсы сөйледіңіз. Бәкең, біраз ой салған-ау, шамасы», – деп кейде күлеміз: Сонда ол: «Ой қулар-ай, шайды кімнен ішетіндерінді білесіңдер-ау» – деп бізді қолпаштап қояды. Құда-жекжаттың, дос-жаранның сыйластығы, отбасы­ның қонақжайлылығы, ең алдымен әйел адамға байланысты ғой. Бал­қия жеңгеміздің барлық уақытта дас­­тар­­қаны жиылмайтын. Ешкімді жат­сын­бады, есігі ашық болды, Зекең де жарын сыйлайтын, бір азаматтай жең­гемізді қадірледі, құрметтеді. Екеуі­нің тұрмыс-тіршілігі, қарым-қа­ты­­насы замандастарына да, кейінгі ұрпаққа да үлгі, өнеге боларлықтай еді. Аудандарда жүріп, облыстық жина­лыстарға келгенде үлкен кісілер­ге сәлем бере шығайық деп үйге келгенімізде: «Е, бәсе, манадан бері көзім тартып, мұрыным қышып отыр еді, Балқия, Балқия қайдасың», – деп Зекең құшақ жая қарсы алады. Бәкең одан бетер жүгіреді. Қазір сол сәттер кейде есімізге түсіп, толқимыз, көңіліміз босайды. Амал не, өмір солай...

1996 жылдың ортасына қарай бекзат ағаның науқасы ауырлай түсті. Алматыда Шәдібай аға, інілеріміз, тағы басқа азаматтар бар, сөйлесіп, сонда жіберуге тура келді. Артынан, шілде айының бас кезінде мен де бардым. Туралап келген науқасқа не дауа бар. Елде көңіл-күйінің бар кезінде батасының негізгі түйіні «бірлік, ауызбірлік» еді. Ауруханада қиналып жатса да, сол «бірлік, бірлік, ауызбірлігін берсін» деумен көзін ашып-жұмып, қолын қозғады. Басқа шара жоқ. Дәрігерлердің кеңесімен елге алып шығуға келістік. Тау тұлғалы абзал азамат туған топырағына жетіп, ел-халқына «бірлік» тілеуімен мәңгілікке көз жұмды.

Шүкір, белгілі қоғам, мемлекет қай­раткері З.Жарқынбаев ағамыз құрметтен кенде болған жоқ. Ел Президенті Н.На­зарбаев тәуелсіздігіміздің үшінші жылын­да Сыр елінің ағасы Зейнолла Көштайұлын 80 жасқа толуына байланысты құттық­тауында: «Сізді Сыр бойының халқы көп бала тәрбиелеп өсірген үлгілі отбасының отағасы ретінде де қадірлеп, мақтан ете­ді... Сіз жүріп өткен үлкен өмір жо­лы кейінгі жастарға әрқашан өнеге бо­ларлық» деген еді. Қазір Сыр елінің әл-ауқаты дамып, мәдениеті көркейіп ке­леді. Жарқынбаевтар әуле­тінің немере, шөберелері өркен жайып, өсіп жатыр.

Аймақ басшылығының, ел ағалары­ның, журналистер қауымының құрмет­теп қолдауымен бұл күндері Сыр елі жұртшылығы абзал ағаның өмірге ке­луі­нің 100 жылдығын лайықты атап өтуде.

Жарқынбай тегі Зейнолла мен Бал­қияның ұрпағы өсіп, өркендей берсін!

 

Сәмит ДАЛДАБАЕВ,

Қазақстан Республикасына

еңбегі сіңген қызметкер.

 

Асыл ағаның аруағына бас иемін

Ойлап қарасақ, өмір керуені толассыз алмасып отырады. Алланың адам баласына өлшеп берген өмір сапары бар.

Сыр елі. Сыр елінің терең де сырлы тарихын жасап келе жатқан осы өз елінің халқы. Жер бетіндегі кереметтердің бәрін жасаушы – адам, адамның ақыл-ойы. Адам баласы өзінің ақыл-ойымен дараланып, өз ортасынан суырылып шықса, өз толқынының тобын бастайды. Топ бастар дәрежесіне жету үшін ол тұлғаның бойынан өз ұлтының әдет-ғұрпы, салт-анасы, адамдық қалпы, мінез-құл­қы, мәрттігі, жомарттығы, көсемдігі, ше­шендігі, көпті ұйытар сөзінің мәйегі, уә­десінің дәйегі, бәрі-бәрі болуы керек.

Халқымыздың тарихына зерделей қара­сақ, небір қилы кезеңдерде ашыққанға азық болған, шөлдегенге сусын болған, панасызға сая болған Сыр бойы жақсы мен жайсаңдарға да кенде болмаған екен. Міне, осындай Сыр еліндегі асыл ағалардың бірі – Зекең (Зейнулла Жарқынбаев) ағамыз еді.

ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ, БЕЛГІЛІ ЖУРНАЛИСТ З.ЖАРҚЫНБАЕВҚА – 100 ЖЫЛҰлы Абай: "Адам анадан туғанда есті болмайды, естілердің сөзін ескеріп, өзінің қажетіне жарата білген адамның өзі де есті болады”, – депті. Өзі зерделі кісі өмірдің алға тартқанының бәрін саралап, екшеп, қажетіне керегін ғана ала білген.

Тәкеңнің жұмыс бабымен Қызылордаға қоныс аударғаннан бастап жақын араласып тұрдық. Оған да, міне, қырық жыл болып қалды. Шақырған жерлерге бірге барамыз, әдемі, мағыналы тілек-батасын естиміз, өне­гесін аламыз. Аға көзге көрініп тұрған қисық іс-әрекетке ешқашан шыдамайтын тура би еді. Бірде елдің абыройлы бір кісісі баласының қызмет бабында өсуіне байланысты үйіне шақырды. Баласы Алматыда жұмыс істейтін. Бала мен келін ұшақпен біз шайды енді бастай бергенде келді. Үй иесі келінді Сәкен Сейфуллинмен бірге Кеңес үкіметін құрысқан Сүтішовтің немересі деп таныстырды. Үлкен кісінің бірі Ә.Әлжанов ағамыз сөйлеп тұр. Бала мен келін орындарынан тұрған жоқ, екеуі сөйлесіп тамақ жеп отыр. Бір кезде Зекең аға: "Әй, қарағым келін, сүт емес, қаймақ ішкеннің қызы болсаң да, тұр орныңнан. Мына Әмзе шал сенің атаңнан да үлкен”, – деп гүр ете қалды. Бәріміз селк ете түстік. Балқия апа қипалақтап, басу айтып жатыр. Ол кісіге "тыныш отыр” деп әмір етті. Міне, төрінде отырып-ақ айтқан сөзі. Әділдік емей не? Тәлім емей не? Жүрегі жомарт, өзі мәрт өте әділ кісі еді. Баяғының тура билерінше сілтейтін еді.

Бірде Тәкең қан қысымы көтеріліп ауруханада ұзақтау жатып қалды. Мен барғанда аға шығып келеді екен. Сонда аға: "Мен Тәкейге айттым, ұзақ жаттың ғой, тезірек жазылып шық, болмаса орныңа өзім келіп жатамын дедім”, – деді. Мейірім шуағына еріп, жасымды төгіп-төгіп алдым. Тәкең де қатты толқып, шын риза болды. Қайран ата-ана ғана айтатын пәк сөз емес пе? Шіркін-ай, мына жалғанда осындай асыл кісілер көп болса, әлем жадырап тұрар еді-ау, – дестік. Ұзамай Тәкең жазылып шықты.

Ағаны айтсақ, ақ қағаздың екінші бетіндей Бәкең апа болмысы көлденең тұрады. Алла: "Мен жақсы көрген кісіме жақсы әйел бұйыртамын, бұл – жарты бақыт, қалған жартысын өз қолымен жасап алсын”, – депті. Мен ойлаймын, Бәкең апа сияқты кісілер бүтін бақыт шығар. Бәкең апа – адал, өнегелі жар, мейірімді ана, ұлағатты ұстаз, ақылды әже. Ол кісінің дастарқан жасау мәзірі, молшылық берекесі қандай еді?! Жоқтан бар жасап, бардан бал жасаған кісі еді. Апаның әр жасаған дастарқанына аға мейірленіп, рахаттанып отыратын. Ер азаматтың өз ортасында сыйлы болуының мықты сыры жарына да байланысты екені сөзсіз. Біздің пайымдауымызша, бұл тұрғыдан келгенде, аға бұл жалғаннан бақытты кісі болып өтті. Осының бәрі апаның парасатына байланысты іске асып жатқан істер еді. Жастау ке­зім­де тарихты жасайтын тұлғалар бізден бөлек, ерекше өмір сүретін жандар шығар деп ойлаушы едім. Анау тарих қойнауына кеткен Тұмар ханым, Құртқа, Баян, Домалақ ана, Айғаным, Ұлжан, Ұлпандардың айнымаған бейнесі қасымызда жүрген екен ғой. Бәкең апам да осы қасиетті аналардың заңды жалғасы. Ең өкініштісі сол, біз қолымызда барды ұқсата алмай келеміз. Көзі тірісінде текті тұлғаны жарқыратып, өсер ұрпаққа уағыздай алмай қалдық. Енді бәрі кеш. Қазақ әйелінің бойында болуға тиісті асыл қасиеттердің бәрі бір басынан табылып тұр еді. Демек, қазақ әйелінің – ананың қасиетін тану – ұлтыңды, ұрпағыңды, салт-са­наңды, мәдениетіңді, әдет-ғұрпыңды, таным-тағылымыңды тану ғой. Ал осының бәрі отбасынан, ошақ қасынан басталмай ма? Осы тақырыптардың қайсысына да апа бейнесі толық дәлел.

Аға мен апа – он алты бала тәрбиелеп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған бақытты жандар. Ағаның жетпіске, сексенге толып, дүрілдеп өткен мерейтойларының куәсі болдық. Аға өмірден өткен соң 90, 100 жылдығы әрі той, әрі асы болып өтіп жатыр. Аға мен апаның асыл бейнесі айтқан сайын көз алдымызға елестеуде. Жақсының аты өлмейді деген... Немере, шөбере, шөпшектер керуені жалғасуда. Адам ұрпағымен мың жасайды деген осы шығар. Жер бетіндегі өлшеулі сапары әдемі де мағыналы болып өткен бақытты жандар Жер ана қойнында да бірге тыныстап жатыр. Мәңгілік мекендеріңіз жарық болғай.

Тазагүл ЕСЕТОВА,

еңбек ардагері.

 

ОЙЫ ДА, БОЙЫ ДА ЗАҢҒАР ЕДІ

Қазақ халқы ұлтымыздың бүтін бір ғасырлық жүгін, ауыртпалығын арқа­лап туып, сол буырқанған қоғамның шам­шырағындай болып, алдаспан ғұмыр кеш­кен тұлғалар шоғырынан кенде болмаған. Уақыт озған сайын олардың қатары көп бола бермесі де анық.

Қазақтың кең-байтақ даласы сияқты, алыстаған сайын жақындай түсетін, жақындаған сайын биіктей беретін, тәңірі сыйлаған тұлпар шабысты тұлғаларға Сыр өңірінің топырағы да құралақан емес. Сол елім деп тер төккен, елінің атын әлемге паш еткен бір шоғыр жұлдыз қайраткер тұлғалар, жақсылар мен жайсаңдардың бел ортасынан туғанына 100 жыл толып отырған Зейнолла аға Жарқынбаевтың да ойып тұрып орын алатыны ақиқат.

Аға туралы өткен шақта әңгіме қоз­ғаудың өкінішті екенін білгенмен, өткенге қимайтын асыл жанның ерекше қасиеттері баршылық болатын.

Табиғат сыйлаған айрықша дене біті­мі­мен соншалықты нәзік жан дүниесінің сезімтал қасиеттері даладай кеудесінен орын алған үлкен жүрегімен астасып, ғұ­мыр бойына табиғат болмыс қалпын тіп-тік ұстауына кеңшілік жасаған жаратушыға тәнті боласыз. Жаратушының өзі тума табиғатымен туыстырып, молынан пішіп, алғыр ақыл мен кесек мінезді, келісті тұлға мен көркем келбет пен көрікті бейнені ерек сақылық-дарқандықпен бір басына үйіп-төгіп бере салғанына таң­ғаласыз. Зейнолла ағаның мінез-құлық жа­ратылысындағы табиғат сыйлаған сан алуан қазына-байлықтың ұштығына жете алмайтыныңыз анық.

Ол кісінің жан сұлулығы, кісілігі, қа­рым-қайсарлығы, пайым-парасаты, мейір­бандығы мен бауырмалдығында шек жоқ еді.

Айналасындағы жандарға ұқсамайтын өзіне тән кесек мінезін, еменнің қарсы біткен бұтағындай тіп-тік түр-тұрпатын қимастықпен еске ала отырып, кімге де болса, тура бетің бар, жүзің бар де­мей айтатын сөздерінде туралықтың, әділ­діктің, шынайылықтың лебі есіп тұратын.

Зейнолла аға тумысында жұртты жа­қын немесе жат деп бөліп-жармайтын. Тө­ңірегіндегілерді үлкен демей, кіші демей бәріне күншуағын, жылуын шашып, кө­леңкесін түсіріп, арқасынан қағып, қол­тығынан демеп, әрдайым әлсіздердің жа­нынан табылып, маңдайынан сипайтын, күйсіздердің жағдайына қарасып, үлкенге құрмет-ізет, кішіге, ініге кең пейілін таны­тып, жақсыға жаға, ағын суға саға бола білген.

Ағамыз жаратылысында тұла бойы тұрысымен үлгі-өнеге десек, артық айтқан­дық болмас. Айналасындағы жандарды өзіне тартып тұратын бекзаттығы бір төбе.

ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ, БЕЛГІЛІ ЖУРНАЛИСТ З.ЖАРҚЫНБАЕВҚА – 100 ЖЫЛБір көрген жанға түсі суық болғаны­мен, сөйлесе келе нәзік жүрегінің жылуын сезініп, көктемгі бұлақтың жылғасындай төңірегіне нәрін шашып, заңғар бойының да кеңпейіл ойының да бір жерден тұс­тасуы, оның ірілігі мен нарлығында жат­қанын аңғарасыз.

Ағамыздың адамгершілігі мол жақсы адам екенін бір көргеннен сезгенмен оның ұлылығын, дарқан дарынын уақыт оздырып, кейіннен араласа, сөйлесе келе етене жақсы танисыз.

Ол кісінің өзінің жүрегіне қан­ша­­лықты кішіпейілділікті, қайырым­ды­лық­ты, мейірмандықты, қамқорлықты сый­ғы­зып тұрғанын, оның отбасына, төңі­регіндегі бір қауым жақын-туыстарына деген қарым-қатынасынан-ақ көрініп тұ­ра­тын. Осыларды бағамдап-ақ Зейнолла ағаның маңдайы ашық, жүзі жарқын, бойы да, ойы да заңғар, кім-кімге де өнеге, үлгі болып өткенін мойындауымыз керек.

Жаратушы берген тағдырдың тауқы­метін тартып, тағдыр тағындағы Зейнолла ағаның адами болмысы мен қалпы, өмір жолдары мұрат-мақсатының айшықтары мен айқындамалары осылай өріліп, қа­шан да адамгершілік пен ізгілік туын жоғары ұстап, құдай берген ірілік-кісілік бейнесінен айнымай өтті. Зейнолла аға өмір жолында өзіне жүктелген жұ­мыс­ты адал да мінсіз атқара білді, білім­ге де құштар болды. Өмірдің өзге қызық­тарынан да құралақан қалған жоқ. Мәдениеті жоғары, ішкі сарайы саф алтын, жаны сұлу, серіліктен де хабары бар адам. Әсіресе, ағамыздың ата-бабасынан жалғасып келе жатқан аңшылығы туралы әңгімелері де баршылық.

Ағамыз жұбайы Балқияға адал жар, отбасы қамқоры, ұл-қыздарының сүйікті әкесі болды. Жақсы әйел үйдің берекесі, шаңырақты ұстап тұрған керегесі. Балқия апай осындай жан еді. Ағаның өмірден шалқып өтуіне Балқияның орны бөлек.

Зейнолла ағаның жан дүниесін, жү­рек сырын, шынайы мәдениеттілігін, адам­­гершілік қасиеттерін терең ұғы­ну үшін әріге бармай-ақ жақын-жуықта­рына, туған-туыстарына жасаған қамқор­лығынан-ақ пайымдауға болады.

Зейнолла аға маңдайы ашық, марқасқа, жүзі жарқын, келбетіне адам тоймайтын, кім-кімге де өнеге, үлгі болып өтті бұл жа­рық дүниеден.

Ол кісінің үлкен жүрегі тіршілікте адам баласына әрдайым жақсылық жасау­ға талпынып тұратын.

Қоғамда болып жатқан сан алуан әлеу­меттік-саяси өзгерістер ағамыздың адами табиғаты мен кең сарайдай дарқан жан дүниесіне ешқандай өзгеріс әкеле алмайтын. Ол өзінің адамдық табиғи қалпынан ешқашанда айныған жоқ. Сондықтан да ол кісі жұрттың алдында қызметкер, бастық емес, ең алдымен адам ретінде бағаланып, кісілік қалпын өзгертпеді.

Қазақтың ақиық ақыны Т.Айберге­новтың "Қажет жерінде қатыгездік пен қаталдық керек десек те, Адамның заңғар ұлылығын сен сағынышымен есепте” – деген өлеңдері Зейнолла ағаға арнап айтқан сияқты. Өйткені елінің құрметіне бөленіп, өмірден өткен ағамыздың ұлылығы да сол өзінің үлкен жүрегінен, адамдық болмысындағы мейірімділік, жақсылық аңсаушы сағыныш сырларынан нәр алатын. Бүгінде Зейнолла аға қайтып оралмайтын сағынышқа айналды. Енді ойы да, бойы да заңғар, абыз ағамыз өзінің елімен, халқымен мәңгі бірге жасай бермек.

 

Қаһарман ТАБЫНБАЕВ,

Қазақстанға ерекше еңбек сіңірген зейнеткер, Қазалы, Жалағаш аудандарының құрметті азаматы.

 

Өмірден өткенмен, көргендер кө­ңілінен, дүние көзінен өшпес жан­дар болатыны хақ.

Өмірде өзіне лайықты орын ал­ған, көпке қадірлі, мерейі мен мәр­тебесі үстем болған жайсаң жандар әр уақытта ізденісте жатады.

Мен осындай өмірде өзінің ұс­тамы бар, ізгілік қағидасымен, сенімді сөйлейтін, кісілік келбеті бар, қадірлісі Жарқынбаев Зейнол­ла ағамыз дер едім.

Бұл кісімен таныс болуым, бі­луім сонау 1965 жылдың аяқ ке­зі­нен басталды. Мен ол кезде об­лыстық денсаулық сақтау басқар­ма­сы басшысының орынбасары болатынмын.

Бірінші көрген кісіге Зәкең сұс­ты, қатаң сөйлейтін мінезді адамға ұқсап тұратын. Жұмыс бабымен Зәкең біздің салаға тікелей бас­шы­лық жасайды екен. Жұмыс ре­ті­мен Зәкеңнің алдына талай бардым, талай бірге жол сапарда, жиналыстарға қатыстым.

Мен бүгін Зәкең туралы ес­телікке "Орны бөлек тұлға” деп айдар тағып, пенделік жағдайды жазғанды жөн көрдім. Мен білетін Зәкең ұлтжанды, отаншыл, туған жерін сүйетін қайраткер, өресі би­ік, ұстамы айқын, кісілік кескіні жоғары азамат болатын.

Сол кездегі жағдаймен облыс және аудан орталықтарынан мал­шы­ларға арнайы бригадалар ұйым­дастырылатын. Малшылар жаз­ғы­тұрым негізінен Қызылқұм, Қа­ра­құм жайылымдарында жүреді. Көптеген шаралар облыс, аудан басшыларының қатысуымен өтіп жататын.

Бригадалардың құра­мын­да денсаулық сақтау, мәде­ни­ет саласынан, тұтынушылар одағы­нан, т.б. мамандар қатысатын. Көп­шілігінде Зәкең мені алып жү­ретін.

Ауданға барғанымызда аудан басшылары Зәкеңнің қас-қабағына қарап, "қай жерден мін бо­лып қа­лар” дегендей үлкен жауап­кер­шілік танытып жататын. Зәкең жүр­ген жерінде бет-жүздеріне қара­май, кемшіліктерін беттеріне ту­ра айтып салатын. Ондайда "тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ” – деген қазағымыздың мәтелі ойға оралатын.

 

Тазалықтың пайдасы көп

 

Бір сапарымызда Қызылқұмға қа­рай малшыларды аралап келе жат­тық. Түс мезгілі шешен малшы­ға жолықтық. Бұрынғы соққан жерлерде онша кідіріс бермейтін Зәкең жан-жағына қарап, ұзақтау отырды. Ананы-мынаны сұрап жа­тыр. Келесі баратын жеріміз, ша­масы, 20 шақырымдай болса керек. Соған жетіп түстенуіміз керек. Бірақ Зәкең қозғалатын емес. Аудан басшылары ортаға мені салып, баратын жеріміздің ұзақтау екенін Зәкеңе айттық. Айтқан болып едім, ол кісі бір қарады да, сөзін әрі қарай жалғастыра берді. Көп ұзамай үйден шықты. Кейін жол үстінде "Зәке, көптеу отырдыңыз ғой, шешен әйелді ұнатып қалдыңыз ба?” деп қойып қалдым. "Ой сен” – бұл сөзді Зәкең көп қолданатын, "жан-жағына қарамайсың ба, қан­дай тазалық, үйі таза, сыртын, жер ошағына дейін әктеп тастаған. Сен қай жерден көрдің мұндай та­за жерді. Көріп келе жатқан жоқсың ба қазағымның тұрмысын, тазалық денсаулыққа пайдалы емес пе?” дегені бар. Зәкең тіршілікте тазалықты ерекше жақсы көретін кісі. Асықпай сабынмен қол жуу, таза қол сүрткіш, таза беторамал, сақал алатын құрал-саймандары жан серігі еді.

 

"Сухое вино” хикаясы

 

Енді бірде Қарақұмға қарай бет алдық. Кем дегенде екі-үш күн болуымыз керек. Аудан басшылары Зәкеңнің ішетін "Сухое виносын” молырақ алып жүретінін білетінмін. Таңертеңгілік Зәкең сақал-мұртын кем дегенде 40-50 минут алады. Осы кезде шай дайындалып, мен «Сухое виносын» кесеге құйып қоятынмын. «Сухое виноға» түнде сол жердің бір малшысы "жиендік” жасаған болу керек, вино жоқ болып шықты. Ауданның жігіттері ұят болды, қалай айтамыз Зәкеңе деп сасқалақтап жүр. Содан бір "Полусухое” деген шампан бар болып шықты. Содан дереу "по­лу” деген сөзін жыртып тастап, "сухое” дегенін қалдырып, газын шығарып, дайындап қойдық. Зә­кең дастарқанға отырысымен, күн­делікті әдетімен виносын құя бер­генімде, "доктор, не құйып жа­тырсың” десе болар ма. "Зәке өзіңіздің сухое виноңыз, міне” деп, "сухое” деген этикеткасын көр­сете салдым. Қарап алды да, "мына шынысы бөлек қой” деді. "Ой, Зәке, бұрынғы құйылатын шы­нылар таусылып қалып, заводта қазір осындай шыныға құятын бо­лыпты” дегенімде, "Жарықтық, ә, солай болып па екен?” деп шай­ға кірістік. Айнала отырған аза­мат­тарда дыбыс жоқ. Маған риза­шы­лығын білдіріп отырғанын түсін­дім.

 

Бата

 

Облыс халқына белгілі жайт, 1989 жылы одақтың Жоғарғы Ке­ңесіне сайлау болды. Бір топ ардагерлер ұсынысымен бәйгеге қосылуға тура келді. Бірақ билік жағы қарсылық білдіріп жатты. Ақыл сұрайын, өмір көрген кісі не айтар екен деп Зәкеңнің алдына бардым. Зәкең сайлауға түскенімді құптап, батасының соңында "Мү­сір­әлі бабамның аруағы қолда­сын” деген сөзбен қайтарды. "Мүсірәлі баба” деген есімді бірінші естуім еді. Бұл кісінің қай заманда өмір сүргенін, аруақты кісі екенін кейін біліп жатырмыз ғой. Зәкеңнің бер­ген батасы, менің сайлауға түсуіме қамшы болды.

Зәкең үлкен жүректі, отыры­сы, тұрысы, жүрісі, сөздері, парасат­тылығы, бекзаттығы болған кісі еді. Алланың берген сыйы болар, ол сонымен бірқалыпты болып өмір­ден өтті.

Зәкеңді бүкіл облыс халқы бо­лып сыйлады, құрметтеді. Зәкеңнің інілеріне деген ілтипаты, сенімі мол, тәрбиелік мәні бар сөздері есі­мізде сақталуда. Кеудесін бастыр­ған, басынан сөз асырған адам емес. Қазақшылығы кең, әріп­тес­терімен сыйластығы мол, есігі ашық, дастарқаны әрдайым жаюлы, қонақшыл кісі еді.

Ерлі-зайыпты адамдар он жыл­дан аса бірге тұрса, бір-біріне тар­тып кетеді дейтініміз бар. Оны айтып отырғаным, Балқия анамыз Зәкеңді бағып-қағуда болсын, ха­лық­пен араласуда болсын, ағай­ын-туғандар арасында болсын, қа­зақ әйелдеріне үлгі болатындай деңгейде болғанын көзімізбен көріп жүрдік. "Ел анасы” атанған атағы тектен-тек болмаса керек.

Дертке қуат нәрсе – артында қал­ған ұл-қыздары Зәкеңнің қа­сиетті есімін жалғастыра бергей. "Түзу ағаштың көлеңкесі қисық болуға тиіс емес”, "Шөп те шыққан жерге шығады” деген бар. Әке аманаты орындалуға тиіс.

Осындай арқалы азаматпен қыз­меттес, серіктес болғаныма, қолына су құйғаныма, маржан сөздерін естігеніме, іні есебінде болғанымды бақытты күндерім деп санаймын. Ел-жұрты сыйлаған, дархан жүректі, асыл аға, мәңгілік мекенің жарық, іші иманға толсын. Халыққа жасаған қызметіңіз, жақсылықтарыңыз алдыңыздан шықсын, жаныңыз жанатта болғай.

 

Тұрғанбай МАХАНОВ,

облыстың құрметті азаматы.


ТАҒЫЛЫМ 24 мамыр 2014 г. 1 859 0