« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Еліміздің жоғары оқу орындары арасында өзіне лайықты орнын иеленген, сексенжылдық тарихы бар Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті өңіріміздегі білім мен ғылымның қарашаңырағы екені баршамызға аян. Сонымен қатар, осы іргелі ұжымның мәдениет пен өркениет мәселелерін дамытудағы істері өз алдына ерекше. Өңіріміздің қайсыбір мәселелерінде ұжым мүшелерінің салмақты көзқарасы мен түйінді пікірі ескеріліп, ел игілігіне пайдаланып жатқанын көріп байқап жүрміз.
Мұның барлығы осы ұжымдағылардың өз міндеттерін жоғары жауапкершілікпен жұмыла көтеруінің негізінде болып жатқаны да белгілі. Әрбір оқытушы мен қызметкердің өңір жастарын тәрбиелеудегі еңбектері айтарлықтай. Дегенмен, ордалы мекеменің бүгінгідей өрлеуінде өзгені соңына ертіп жүрген бірегей азаматтардың жөні бөлек дер едік. Осындай болымды азаматтар арасында Кеншінбай Темірболат Ыбырайұлы да бар.
Бұл азамат 1972 жылдан бастап бүгінге дейін осы іргелі оқу орнында оқытушы, аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі, халықаралық байланыстар жөніндегі проректор, әлем тілдері факультетінің деканы, халықаралық қатынастар жөніндегі департамент директоры, халықаралық байланыстар бөлімінің бастығы қызметтерін ойдағыдай атқарып келеді.
Ұлы Абайдың: «Ақырын жүріп, анық бас. Еңбегің кетпес далаға» деген биік сөзін Темірболат ініміз өмірлік ұстаным еткен сияқты. Ол әрдайым асықпайды, аптықпайды, өзінің ісі мен міндетін жоғары сапамен, биік іскерлікпен атқарады. Бірақ, сол асықпауымен де ол көп істі оңғарады, кейбір шыдамсыз, пысық, сырт көзге өзін көрсетуге ынтық әріптестеріне қарағанда салмақты нәтижеге жетеді.
«Жақсы адам жақсымын деп айта алмайды» дейді. Неге олай болды екен? Өйткені, ол ақылды, өнегелі, сабырлы, салиқалы, шыдамды, ұятты, білімді және сыпайы. Ендеше, осы мінездің барлығы Темірболат ініміздің бойында бар. Ол әрқашан іс үстінде, оның жайбарақат шалқайып отырғанын осы уақытқа дейін көрмеппіз. Бірде Қытайда, бірде Мәскеуде, бірде Германияда, бірде Кореяда, бірде Түркияда жүреді. Содан кейін «шаршап келді ғой, енді шамалы демалып, саябырситын шығар» деген үмітпен ініміздің әрлі-бері адам легі тоқтамайтын, есігі жабылмайтын кабинетіне кірсең, жанынан кеңес сұраған, көмек күткен жас ғалымдар мен қызметкерлер тобын көресің. Одан кейін біршама уақыт салып кабинетіне және бас сұқсаң, телефонмен шетел азаматтарымен сұхбаттасып жатқанының үстінен түсесің. Ендеше, бұл соқталы ініміздің «жақсымын» деп айтып жатар уақыты да жоқ екен.
Темірболат кімге де болса қолынан келген жәрдемі мен кеңесін аямайды. Ешкімді сыртынан жамандап, жалған сөз айтпайды. Қасында тұрып өзгені жорта жамандай бастасаң, оған қосылмайды, қоштамайды, мұны қаламайды. Ал, кемшілік аяқтан шалып, бой бермей жатса, қоймай мазалап тұрса, кімнің де болса олқылығын оның өзіне, көзіне айтады. Осы орайда Тұрмағамбет ақынның: «Әрқашан алам десең төрден орын, түзеп ал, татаусыз қып мінезіңді. Көрікті көп көзіне көрінбейсің, кеуліңнен кетіп тозаң, шаң басылмай. Өзіңді өзің түзеп үгітші бол, жан-жаққа жарық бермейді шам да ашылмай. Ерлерім, өзгені қой, өзіңді оңда, оңдасаң халық қоймайды сені сонда», – деген аталы сөзі жадымызға оралады.
Темірболат ақынның осы сөздерін өз өмірімен, бүкіл ісімен растап, дәлелдеп келеді. Ол еліміздің «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі» белгісімен, ҚР Президентінің алғыс хатымен және Құрмет грамотасымен және «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Алғыс хатымен марапатталған. Осыған әріптестерінің, маңайындағылардың, ағайын-туыстарының, білім алушылардың, басшылықтың оң ілтипаты мен мол ыстық ықыласын қосыңыз.
Біз кейде бірімізге біріміз, шамалы да болса мақтаныш сезімге ұрынып дәрежемізді көтергіміз келіп жатса, «Қай шетелде болып едің?» деген сұрақ қойып жатамыз. Дәл осындай сұрақты Темірболатқа бағыттар болсақ: «Сіз қай елде әлі болған жоқсыз?» деп айту керек шығар. Оның осы сұраққа бірден жауап бере алмасы анық. Себебі, бұл азаматтың төрт құрылықта бармаған, аяғы тимеген мемлекет аз. Ендеше, бұл – терең білімнің, биік талғамның белгісі, бұл – осы азаматтың ұжым мен елге мол қажеттілігінің дәлелі.
Бүгінгі күні біздің іргелі оқу орнымыздың қаншама көп шетелдік білім, ғылым және мәдениет орындарымен байланыста екенін баршамыз жақсы білеміз. Кеншінбай Темірболат Ыбырайұлы университеттің халықаралық байланыстарын кеңейтуге, шетелдік университеттермен әріптестік байланыс негізінде халықаралық білім беру бағдарламалары мен жобаларын жүзеге асыруға ат салысып, халықаралық ынтымақтастық жөніндегі 80-нен аса келісім мен меморандум жасау жұмыстарын ойдағыдай атқарыпты.
Осы азаматпен танысып, араласқаныма көп уақыт болыпты. Ініміздің өсіп-өркендеуі көзіміздің алдында өтіп жатыр десе болатындай. Айтарлықтай мол табысқа жетіп, ұжымның оң ықыласына бөленгеніне куәміз, ризамыз, қызығамыз, мақтанамыз, қуаттаймыз.
Мен өз басым Темірболат інімнің туған жылын жалпы білемін, өйткені, көп уақыттан бері қатарлас, қанаттас келе жатырмыз. Бірақ, соған қарамастан, осы кезге дейін ол менен үш жас емес, мүшел жас кішідей болып көрініп келді. Бұл ой маған сонда қайдан келіп, қайдан пайда болды деп сұраса, оған былайша жауап қайырамын. Оған себеп ініміздің елгезектігі, ісіне деген зор жауапкершілігі, қатары мен үлкенге деген биік ізеттілігі. Әйтпесе, мен өзімнен екі-үш жас үлкен ағаларымды, кейде әзілмен түрткілеп жататыным бар. Осыным бекер болғанын енді түсініп жатырмын ғой.
Біз осы мақалада Темірболат ініміздің жақсы адам екенін шама-шарқымыз жеткенше көрсеткендейміз. Алайда, бұл оның азаматтық болмысын түгелдей, түбегейлі толық аша алмасы анық. Өйткені, біз сол жақсылықтың, іріліктің негізі мен себебін айтып ашпадық. Ендеше, сол олқылықты жөндеуге тырысайық. Ініміз 1966 жылы Қызылорда қаласында орыс мектебін үздік бітіріпті. Кейін Н.Гоголь атындағы педагогикалық институты шетел тілдері факультетін «Ағылшын тілі» мамандығы бойынша үздік тәмамдайды. Сол институтта оқып жүргенде қоғамдық-саяси жұмыстарға белсенді қатысады, лениндік стипендиат атанады.
Осыған қарап отырсақ, бұл азаматтың өнегелі мінезі мен жақсы адами қасиеттері мектепте қалыптасып, жоғары оқу орнында шыңдалыпты. Бұл азамат жас кезінен өзіне мол жауапкершілікті артыпты, ауыр жүк көтеруден өзін алыс ұстамапты, соған дағдыланыпты. Демек, бұл ініміз бала кезінен мол еңбекқорлықты өзіне серік еткен, нәтиже тек шынайы еңбек арқылы ғана келетінін жасынан түсінгендіктен деп айтуға толық негіз бар. Өзі талантты, талапты жігітке осы жоғары адами қасиеттер мол мүмкіншілік сыйлапты, оның келешекте ірі маман болуына, қасындағылармен жоғары әріптестік қатынаста болуының кепіліне айналыпты.
Ініміздің өзгеге деген мол қамқорлығын, кең пейілі мен үлкен жүректі азамат екенін кезінде көріп байқағанмын. Отыз жылдай бұрын, ол уақыт жастау кезіміз болатын, ісіміз бен тірлігіміздің де ауқымы өзгеше еді. Сол уақытта бір қысылтаяң сәтте мені осы Темірболат інім өзінің кішілігі мен жастығына алаңдамай-ақ қолдады, ыстық ықыласын танытып, рухани демеушілік жасады. Бұл, әрине, әрдайым есте тұрады.
Тақыр жерден ешнәрсе шықпайтыны бесенеден белгілі. Темірболаттың бабасы Кеншінбай шамамен 1800-1860 жылдары қазіргі Қоғалыкөл аймағында өмір сүрген. Мал шаруашылығымен айналысып, Сарысу, Арқа жақта көшіп-қонып жүрсе керек. Одан туған Шәтен Қостанай өлкесінің Жеменей елді мекенінде жұмыс істеп жүргенінде әйелімен бірге сүзек ауруынан көз жұмыпты. Бұл 1915-1916 жылдары болған оқиға. Екеуінің артында Ыбырай (Темірболаттың әкесі), Ысмайыл, Күләйша деген ұл-қыздары қалған. 10-11 жастағы Ыбырай ауылдың қозысын бағып, іні-қарындасын асыраған. Бір-екі жылдан кейін нағашылары іздеп тауып, Қызылордаға алып келген.
Өмір ауыртпалығының барлығын басынан өткерген Ыбырай Кеншінбаев (1906-1995жж.) төрт кластық деңгейде ғана білім ала алған. Ұлы Отан соғысының басынан аяғына дейін өткен. Ішкі істер саласының күзет қызметінде жарты ғасырға жуық старшина шенінде қызмет атқарған.
Темірболаттың анасы Ибрашева Мәлике (1920-1974 жж.) орта білімді және үй шаруасында болған, Ұлы Отан соғысы кезінде тыл жұмысшысы ретінде еңбек майданына қатысқанын да айта кеткеніміз жөн.
Темірболат ініміз талантты, талапты, терең білімді, сөзге берік азамат. Осы оның ұстанымы бүгін жеткен мол табысының негізі екенінде ешкімнің таласы бола қоймас. Бұл інімізге тағдыр өңірдің осындай іргелі жоғары оқу орнында қызмет етуді бұйыртыпты. Жастайынан жақсылармен әріптестік қатынаста болып, сол тұлғалы азаматтардан мол тәрбие мен тәлімге иелік етіпті. Осы екі жақты байланыс азаматқа да, ұжымға да қолайсыз болмаған сияқты. Керісінше, осыдан Темірболат ініміз білім мен ғылымның биігіне ұмтылды, игілігі мол табыстарға жетті. Ұжым да ұтылған жоқ. Қайталап айтар болсақ, бүгінгі университеттің алған биік асуларында осы ініміздің іздері көрініп-ақ жатыр.
Бүгін жетпістің асуына шыққан Темірболат ініміз тың, ширақ, ойы жүйрік. Осының түбірі оның терең білімінде, ортақ іске деген қарымды көзқарасында, әріптестері мен айналасына, ағайынға деген ақ пейілі мен адал қарым-қатынасында.
Серікбай ҚОШҚАРОВ,
Қорқыт ата атындағы
ҚМУ профессоры.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |