ӨМІРГЕ ӨЗЕК БОЛАР ӨНЕГЕ

Ұлы Отан соғысының ардагері, көп жыл теміржол саласында тер төгіп, еңбегімен ел алғысына бөленген, ағайынның бірлігін сызат түсірмей сақтаған беделді тұлға Үдербай Баймаханұлының баяны бүгінгілер білмегенмен, кешегілердің көңілінен кеткен жоқ. Қойын өргізіп, құрт-майын жеп, қоңыр тірлік кешкен қазаққа кесапат ала келген кеңес өкіметінен жұрт үркініп, дүние үдере бастаған 1919 жылы өмір есігін ашқан баласының атын әкесі Баймахан заман келбеті есте қалсын деп Үдербай қойыпты.

«Жүзім құбылаға, құбылам Қағбаға қараған» дейтін, байлығы асып жатса да, астамшылықтан ада Баймахан кеңес өкіметінің қоғамдасу саясатына наразы болған кісілердің бірі екен. Сол кезде Сұлутөбе маңындағы жұрттың мекені – Дәлкен, Наршоқы, Сырықты, Шытты, Келес деген сияқты жерлер болатын. Жаңа өкімет бұл елдің адамын қамап  колхозға, тонап ТОЗ-дарға топтады. Күмбезді зираттарды қиратып, мешіттердегі кітаптарды өртеп жіберді. Осындай қорлық көрген жұрт кеңес дүмпуінің солқылы соға қоймаған өзбек, қырғызға қарай ауа көшті. Қызылорда, Қармақшы, Қазалы өңірінен үздік-создық шыққан сол көш ішінде ел ағасы Баймахан да, тоғыз жасар Үдербай да бар еді.

1936 жылдың  шамасында ел тынышталды, оқығандар мен ірі байлар болмаса қара халыққа жағдай жасалып жатыр екен деген сөз шығысымен Баймахан отбасы қырғыздан бері қайта көшіп, Бірқазан маңындағы «Қызылегінші» колхозына келіп қосылды. Бұл кезде жігіт жасындағы Үдербай колхозшы болып, қара жұмысқа жегілді. Сауатсыздықты жою деген сая­сатпен жасы келгенде мектепке барып, 1945 жылы 5 класс оқып жүргенде майданға аттанды.

Бұл кісінің соғыста болған, бастан кешкен оқиғаларын бастан аяқ айтып бере алмасымыз анық. «Будапешті алғаны үшін», «Белградты азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» деп аталатын медальдары мен «Қызыл жұлдыз», ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерін омырауға таққанының өзі оның ерлік жорықтарынан үнсіз сыр шертеді.

Әкесі жайында Тұрсынбек Үдербайұлы былай дейді: «Көкем алысты болжайтын адам. Тіпті кейде көріпкел ме деп қаласың, жағдайыңды айтпай-ақ түсініп қояды. 

1994 жылдың бір күнінде: «Түс көрдім, маршал Жуков төсіме орден тағып жатыр екен. Үш келіннің үшеуі де ұл туа­ды» – деді көкем. Біз мұндай сенімді, берік байламды жасауға жүрексінер едік. Айтқанындай айналдырған бір айдың ол жақ, бұл жағы үш келін де әулетке бір-бір ұл қосты. Сол жылы Сәкен Сейфуллин мен Нартай Бекежановтың 100 жылдығы,  Абайдың 150 жылдығы еді, әр-әр жерде мәдени іс-шаралар етек алып жатқан. Осыған байланысты біздің әулетте де Абай, Сәкен, Нартай деген есімдер пайда болды. 

Көкем соғыстағы оқиғалары туралы ашылып ештеңе айтпай-ақ кетті. Сұрасаң «Соғыстың бетін аулақ қылсын» дейді де қояды. Тек бірде ғана: «Күннің суықтығы соншалық, үюлі тұрған шөмеленің арғы жағынан немістер келіп, бергі жағынан біз келіп тығыламыз. Сонда бір-бірімізге қарауға мұршамыз болмайды» деп өткенін еске алып отырды. Бұл шынында да естіген жан таңғалатын нәрсе. Адам ортақ жауға кезіккенде өз-өзіне өшігуді ұмытып, жан бағып кетеді екен-ау.

Тағы бірде көкемнің: «Бірқазаннан сексен жігіт аттанып, содан онымыз оралдық. Чехословакия, Австрия, Венгрия жерлерін азат еттік. Ол жақтың әр үйінде телевизор бар, тұрмыстары тамаша. Ең аз дегенде бізден елу жыл озып кеткен» – деп отырғанын естідім...» Осы әңгіменің өзі аз да болса Үдербай Баймаханұлының майдан өтіндегі өмірінен дерек береді.   

Соғыстан келген соң ол кісі біраз уақыт шаруашылықпен айналысып, 1954 жылы теміржол жұмысына тұрған.

1985 жылы «Мәдениет және тұрмыс» деген журналдың «іздеу саламыз» деген айдарында оңтүстіктік екі кісінің Үдербай Баймаханұлына іздеу салып, өздерінің мекен-жайларын көрсеткен хаттары басылыпты. Олар соғыста бірге болған майдандастар екен. Біз мұнан Үдербай әкенің өз қатары арасында қандай бедел мен құрметтің адамы болғанын танимыз.

Кейін ол кісі сол көрсетілген мекен-жайға барып, онан соң олар келіп,    арқа-жарқа болып, өткен күндерді еске алысыпты. 

Темір жолдың әскери күзет бөлімінде көп жыл еңбек еткен Ү.Баймаханұлының Қазақ теміржол басшылығынан, Қы­зыл­орда теміржол бөлімшесінен алған мақ­таулары қат-қат. Олардың ішінен 1973, 1975 жылдардағы бесжылдықтардың озаты деген қатырма қағаздар да кездеседі. Кеңес шаруашылығында «социалистік жарыстың жеңімпазы» деген  атақ болған. Мұндай атақ тәжірибесі көпке таратуға тұрарлық, міндетіне мейлінше адал, тапсырмасын мерзімінен бұрын орындаған табысты еңбектің егелеріне берілетін. Біз отбасы мұрағатына көз жіберіп, бұл кісіні  дәл осы саптан көріп отырмыз.

Үдербай әкей өте еңбекшіл адам болған. Бір кездері маған қала іргесіндегі «Казристе» тұратын Қуанышбек аға бір әңгіме айтып беріп еді. Тастай салуға көзің қимайтын сол әңгімені осы сөзіме қосайын.

«Кейде есекке сабан тиеп «Казрис­тен» қалаға апарып сатамын. Оны маған Үдекең үйретті: «Мынау былай жатқанда сабан, ал сатсаң сабан ақша» – деді. Орыс­тар сабанды шошқаның астына төсеуге алады, олар үшін таптырмайтын тауар. Бірде қалтама көбірек ақша түсті. Ақыры қалаға келіп қалғасын рестораннан тамақ ішкім келді. Есегімді есіктің алдына байлап, тамақтанып шықсам, сұр есегімді милиция жетектеп кетіпті. Артынан бардым. «Ресторанның алдына есек байлауға болмайды. Штраф төлейсің!» – деді. Амал жоқ, тапқан ақшамды беріп, тепеңдеп ауылға тарттым. Ертеңіне түйе мініп келдім. Жұмысқа жегесіңдер деп Баймахан шал бір түйесін қалдырып кететін, қалған түйелерімен Сарысуға, жайлауға шығады. Сөйтіп сабанды түйе арбаға тиедім. Тағы да ақшалы болып, тағы да ресторанға кірдім. Шықсам кешегі милиция қасына жақындай алмай, түйемді айналшықтап жүр екен. Арбадан ағытып міндім де қуып бердім. Ол кезде жұрт милицияны қумақ түгілі, алыстан көрсе тығылып қалатын. Бұл жолы милиция менен тығылып қалды. Сондағы штраф салып, бар ақшамды алған қызыл жағалыға деген ашуым бәрібір тарқамады. Өзім милиция болып, сол «салықшыдан» түбі ақымды алғым келді. Бұл сондағы бала қиялым болса да түбінде сол ой жетектеп милицияға алып барарын, сөйтіп өзім де погон тағып, милиция болатынымды әрине, ол кезде болжағаным жоқ...»

Қуанышбек аға Үдербай ақсақалдың теміржолдағы жұмысында талайға үлгі танытып, ауыл ішіндегі ағайынды айрандай ұйытқан  бидей кісі болғанын тамсана айтқан.

Бір әулеттің ғана емес, бір дәуірдің қан-тамырын бүлк-бүлк соқтырған осындай тұлғалар болса керек.  Олар отқа да түсті, орманда да адасты, бірақ туған жерінің туын жыққан жоқ.

Кейінгі ұрпақ Үдербай Баймаханұлы секілді елі үшін еңбек күшін аямай, биік адамдық бейнесін қалдырған тұлғаларымызды ешқашан ұмытуға тиіс емес. 

 «Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» – деген Елбасы ұлағаты кейінгі жастарға осындай тұлғалардың  өнегесін өміріне өзек қылсын деп айтылған.

ТАҒЫЛЫМ 08 желтоксан 2018 г. 1 357 0