ЕҢБЕГІ ЕРЕН, БОЛМЫСЫ БЕРЕН ЕДІ

Пендеміз. Құдай шебер. Әлемдегі 7 миллиард­тан аса халықтың әрқайсысын өз ерекшелігімен бір-біріне ұқсатпай жаратқан Алланы қалай шебер демейсіз? Жаратушымыздың әр пенденің миына пендеуи дүниенің бір тамшысын қоса жаратқаны да шындық.
Сол бір тамшы адам ғұмы­рында мырзалық, бекзаттық, қайырымдылық, парасаттылық, білімпаздық, дүниеқоңыздық, өктемдік, мастану әрекеттері ар­қылы көрініс береді. Бұл қа­сиеттердің жақсы жағы басым болса, ондайларды жақсылар қатарына қосамыз. Олардың есімі ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса береді, ұмытылмайды, есте қа­лады. Ой толқынын тереңнен қозғап жатқанымның себебі – биыл тірі болғанда 90 жасты толтырар Бодаш Уәлиев ағаның жарқын бейнесін оқырмандарға жеткізу.
Бодаш ағаның базарлы бала­лық шағы Тереңөзек қыс­­та­ғында өтті. Ол кезде атал­­ған мекенде түрлі ұлт өкіл­­дері тұратын. Калинин атын­дағы мектептің орыс сы­ны­­бында оқыған бала Бодаш еш­кімге есесін жібермейтін қай­сар болып өсті. Әу бас­тан әділетсіздікке жаны қас, әл­сіздерді демеп жіберуге дайын тұратын ол кейін лауазымы жо­ғары қызмет атқарған кездерде де осы ұстанымынан тайған емес.
«Ленин», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» орден­де­рінің иегері, Қазақ КСР Жо­ғарғы Кеңесінің депутаты болған Бодаш Уәлиев – облы­сы­мыздағы төрт ауданды бас­қар­ған, Сыр еліне ерекше еңбегі сің­ген, оның дамуына зор үлес қос­қан тұлға.  
Бодаш ағаның қызметінің алғашқы кезеңі Отан соғысы­ның отты жылдарына тұстас келді. Қызметін ау­дандық жер бө­лімінде статистика сала­сының экономисінен баста­ған ол, аз уақыт ішінде іскерлігімен көзге түседі. Жалынды жас соғыс лаңы күйреткен елдің еңсесін тіктеу жолында еңбек етті. Елуінші жылдардың басында Жаңақорған аудандық ком­­сомол ұйымын басқарып, көп ұзамай облыстық партия ұйымының нұсқаушысы, кейін сектор меңгерушісі болды. 1962 жылы жоғары партия мектебін бітіріп, Жалағаш ауда­нына басшылыққа келеді.
Бодаш ағаның саналы ғұмы­рының 20 жылы Арал ауданында өтті. Сондықтан оның еңбек жолында айдынды Аралға байланысты сәттер көп кездеседі. Жаңақорғанда Бодаш аға ұл­ты орыс болғанмен, пайым-парасаты қазаққа бер­гісіз Зоя Илияқызымен ша­­ңырақ көтеріп, отба­сын құрды. Бодаш аға мен Зоя жең­геміздің бас қосуының куә­герлері Исатай Әбдікәрімов пен Үмігүлсім апаның болуы оларды жақ­сылыққа жетелесе керек. Қазақ тілін жетік меңгерген Зоя апамыз қайныларының атын атамай «Бала», «Мұғалім бала», «Ақын бала» деп олардың ма­мандығына, иә бір ерекше мі­нездеріне орай ат қоятын.
Бодаш аға Аралға басшы қызметке келгенде, онда төрт әс­кери қалашық болыпты. Қа­лада спортпен айналысуға то­лық мүмкіндіктер жасалынып, оның игілігін ел көрді. Ау­дан­дағы жалғыз Н.Крупская атындағы орта орыс мектебінің ұжы­мы Мәскеу мен Ленинград сияқты қалаларда білім ал­ған білікті мамандардан жа­сақ­талған. Бодаш ағаның ұл-қыздары Әділбек, София, Гүл­нар, Бауырбек осындай үлгілі мектепте оқып, кейін әртүрлі салалардың жоғары білімді мамандары болды.
Бодаш аға әскери бөлім басшыларымен келісіп, оларды ау­дан тіршілігін жандандыру үшін шебер пайдалана білді. Бір мысал – аудан орталығынан 110 шақырым жердегі Бөген ауылындағы мектепте көмір таусылып, оқуды тоқтату қау­пі туады. Саршұнақ аязда оған көмір жеткізу үшін қуат­ты техника қажет болады. Бо­­даш аға әскери достары ар­қы­­лы мәселені шешіп, мектеп­те оқуды жалғастыра беруге мүм­кіндік жасайды. Арал хал­қын тұщы ауыз сумен, «Арал тұз» комбинаты мен ба­лық өң­деу зауытын озық техни­каға негіз­делген құрал-жабдық­тар­мен қам­тамасыз етуде жасаған ең­бегін көз көргендер осы уақыт­қа дейін тамсана еске алады.
Адамға деген жанашыр­лы­ғы, қолынан келсе жақсылық жа­сауға бейім тұратындығы оның іс-әрекеттерінен көрініс тауып тұратын. Бірде ауладағы сарайда жаюлы тұрған етті екі жігіт қапқа салып жатқа­ны­ның үстінен шығып, милиция шақырып, өздерін әбден ұялтып, қазақтың қара сөзімен сыбап, ұстатып жібереді. Артынша өзі милиция басшысы­на телефон шалып, ешбір жаза қолданбай босаттырады. Олар сотталған жағдайда бола­шағы­на балта шабыларын есептеген ғой.
Бала тәрбиесіне, әсіресе қыздары София мен Гүлнарға өте қатал болыпты. Ол жек көргендігі емес, қыздың жолы жіңішке дегенді ұстанып, келешекте жақсы азамат болсын деген әкелік қамқорлығы еді. Бастықтың баласы болса да, перзенттері қарапайым отбасы тәрбиесімен өсті.
Бодаш ағаның жақсы сый­­ла­сатын, сағынышпен көрі­­сіп кез­десетін достары да бар­шы­­лық еді. Өзі­мен қызмет­тес болған И.Әбдікә­рімов, Т.Есе­­тов, А.Нұрекеев, А.Ма­хан­­бе­тов, Е.Әу­елбеков, С.Шаухама­нов­, С.Қалыбаев, Е.Кө­шер­­баев, А.Айдосов, О.Әз­қо­жа­ев, А.Әзқожаева, Қ.Бектұр­ғанов, М.Ықсанов, Е.Жү­­ніс­баев, М.Шорабеков, Ғ.Мұ­ха­­меджанов, Б.Бай­маха­нов, С.Әлиев, Б.Көштаев, К.Ай­­бо­сынов, Т.Оразов, Е.Иса­ев сынды ел азаматтарымен сый­ластыққа сызат түсірген жоқ.
Руханият саласы өкілдері­мен де жақсы сыйластықта болды. Әсіресе, Шыңғыс Айтматов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Қал­тай Мұхамеджанов, Әбі­раш Жә­мішовтермен достығы жатқан бір хикая.  
Бодаш ағаның қызметінің соңғы кезеңі облысты Е.Әуел­бековтің басқарған жылдарына сәйкес болды. Қызылорданы 4 жыл басқарған Еркін Нұр­жанұлының есімі Сыр елі тарихында алтын әріппен жазылып қалды. Дегенмен, 90 пайыздан аса қазақтар тұратын аймақтың өзіндік ерекшелігі бар. Е.Әу­ел­беков басшылардың біра­зын өзге ұлттан қойып, жер­гілікті аудан басшыларына ба­­қылау жасады. 1985 жылы қаң­­тар айында өткен облыстық партактивте Б.Уәлиев Е.Әуел­бе­ковтің жұмыс стилін сынға алды. Сөйтіп Бодаш аға бетке айтудың берені екенін дәлел­деді.
Өзінің «әттеген-айын» түсі­ну үлкен адамгершілік пен па­расаттылыққа саяды. Бодаш аға­ның сынына Еркін Нұр­жан­ұлы түсіністікпен қарады. Оның басты себебі Б.Уәлиевтің тұрмысын тексертіп, артық дү­ние жимағанын, оның адал, таза азамат екеніне көзі жеткен-ді. Сөйтіп ден­сау­лығына байланыс­ты қызмет­тен өз еркімен бо­сануына жазған екінші ары­зын қанағат­тандырады. Е.Әуел­бе­ков­тің тікелей тапсырма­сымен Бо­даш ағаға қала орта­лы­ғынан пәтер мен су жаңа жеңіл машина берілді.
Бодаш аға мен Зоя апамыз, олардың ұлдары Әділбек пен Бауырбек өмірден озғанмен, Аллаға шүкір Уәлиевтер әулеті өсіп-өніп келеді. Қаланың сәу­летті бір көшесі Бодаш Уәлиев есімімен аталады. Ширек ға­сырға жуық өмірін Аралда өткізген ағаның есіміне осы аудан орталығынан да көше бе­рілсе деген ұсыныс-тілекпен сө­зімізді тәмамдаймыз.

Қазбай ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,
 ҚМУ профессоры.
ТАҒЫЛЫМ 29 қараша 2018 г. 1 813 0