Ел есіндегі есім

Біздің оқушы кезімізде мектепте еңбектің мәні, еңбек озаттары туралы ұлағатты әңгімелер айтылатын. Олармен кездесулер өтетін. Аудандық газет бетінде әр ауылдағы мал мен егін шаруашылығында еңбек етіп, ерекше үлгі көрсеткен азаматтар туралы көлемді мақалалар жарияланып тұрушы еді. Содан-ақ аудандағы еңбек майталмандарының атын, кәсібін жатқа білуші едік. Қармақшы ауданы Көмек­баев ауылынан шыққан шопан Әділбек Хайруллаев, Тұрма­ғанбет ауылындағы егінші Әбен Тоғызбаев, Ақтөбе  ауылынан механизатор Төлеш Оспанов, Майлыөзектен диқан Шегебай Шаймерденовтерді мақтаныш көріп, есімдерін жаттап өстік. Өзіміз де іштей еңбекке тәрбиелендік.

Кейіннен жұмыс барысында елге танылған Әбен Тоғыз­баевтың ұлы Қайрат Тоғыз­баевпен бірге жұмыс жасауға тура келді. Қызметі үлкен болса да, жасының кішілігін байқатып, үнемі «аға» деп ақжарқын амандасып жүретін. Бұл да оның талбесігінен тәрбие көрген жігіт екендігін байқататын. Өткенде Қайратпен бір жерде жолымыз түсіп, кездесіп қалдық. Ол маған әкесі жайлы жазылған кітапты сыйлады. Кітапты парақтай бас-тадым. Көптеген мағлұматтар мәлім болды, ойландырды. Содан соң қолыма қалам алып, бала кезден білетін еңбек адамы туралы ойларымды түсіруге бекіндім.

Әбен Тоғызбаев 1938 жылы туған. Менің әкем Мырзабекпен құрдас болып шықты. Осы жылдар туралы ойласам, қанша қазақтың қаны төгілген репрессия кезеңі еске түседі. Тәңір де бір жағынан қазақтың арыстарын алып жатса, екінші жағынан елдің көшін жалғау үшін ұрпақтарын да дүниеге алып келген екен. Сол ұрпақтар қиын кезеңді бастан кешіріп, соғыстың ащы дәмін татып, өмір қалыбында құрыштай шынығып өсіпті. Әбекең де жастайынан масақ теріп, шөп жинап, бақша егіп, ауыл баласына тән еңбектің дәмін татып өседі. 1947 жылы мектеп табалдырығын аттап, еңбек пен білімді ұштастыра жүріп 1957 жылы орта мектепті бітірді. Одан соң ауылшаруашылық техникумына оқуға түседі. Отбасы жағдайына байланысты түсіп тұрған оқуын жалғастырмайды. Әке-шешеге қарайтын үйдің үлкені өзі еді. Бауырлары болса, жас. Әбекең қартайған ата-анасы мен жас бауырларын қиындыққа тастағысы келмеді. Ауылға оралып, құрылысшы болып еңбек етті. Көп ұзамай-ақ, құрылысшылар бригадасының бригадирі қызметін атқарады. Ата-анасын арулап қойып, бауырларын қамқорлығында бау-лиды. Оларды оқытып, өзінің қолы жетпеген дипломды маман етіп шығарады. «Мен оқуға түсе тұрып, әрі қарай жалғамасам да, інім мен қарындасымды оқытып, диплом алуына мүмкіндік жасадым. Мақсатым солар арқылы орындалды» деген сөзінен оның отбасына деген адалдығы мен бауырларына үлкен жүрегінің жылуын сезінуге болады.

Сол жылдары кеңес елінде диқандар алдына астық молшы­лығын жасау жөнінде үлкен міндет қойылды. Сыр күрішінің атасы Ыбырай Жақаев жастарға арнап «Үндеу» жазды. Бұған көптеген ел жастары қосылды. Солардың бірі – Әбен Тоғызбаев. Ел мүддесін өмірлік мақсатымен ұштастыратын жас талап қолына кетпенін алып, Сыр күрішін күтіп-баптауға белсене кірісті. Барлық іс адамның ықылас-пейіліне қарай болатыны белгілі. Өзіне бекітілген 25 гектар күрішті жас балаша күтіп, ала жаздай тыным көрмеді. Жер-Ана да жомарттық танытты. Әр гектардан 68 центнерден өнім алынды. Бұл сол кездегі үздік көрсеткіш еді. Ел қуанды, азаматтың мерейі өсті.

Облыс жастарының ІX слетінде «Дала академигі»    Ыбырай Жақаевтың қолынан «№ 1 Жақаевшы» атанып «Еңбек       аттестатын» алады. Ыбекең жас жігітке ерекше ықылас білдіріп, көптеген ақыл-кеңестерін бе-ріп, күріш егу сырының құ-пиялары туралы баяндап, тә-жірибесін тарқатып айтқан еді. Бұндай жағдайдың тек сенім білдірген азаматқа көрсетілетін құрмет екендігі белгілі. Күріш атасының айтқан ақылы жас жігіттің жадында тасқа қашап жазғандай орнықты. Бұл оның табысқа жетуіне жарқын жол ашты. Жылма-жыл егіннен мол өнім алған озат күрішші ел алғысына бөленіп, құрметке ие болды. Оған дәлел, Әбен Тоғызбаев Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің (ВДНХ) қола, күміс, алтын медальдарымен марапатталып, ВДНХ-дағы Бүкілодақтық «Құрмет тақ­тасына», сонымен қатар республикалық «Құрмет тақта­сына» суреті ілінді. Бұл, әрине, еңбек адамына көрсетілген үлкен құрмет еді. Ауылдастары Әбекеңді «Ыбырайдың ізбасары» деп атап, зор мақтаныш ететін.

1966 жылы 23 шілде күні сол кездегі ең жоғары награда – «Ленин» орденімен марапатталды. Басшылық 1969 жылы жас жігітке зор сенім артты. Егіс бригадирі болып тағайындалды. Бұрын облыста Ыбырай Жақаевтан тәлім алса, жерлесі, атақты диқан Шегебай Шаймерденовтен көп нәрсені үйренген. Енді сол жинаған тәжірибені қарамағындағы диқандарға көрсету керек болды. Бұл да оңай шаруа емес. Бұрын тек өз күріштігіне жауап берсе, енді барлығы үшін жауапкершілік жүгін мойынға алуға тура келді.

Әбекең күріш алқаптарын ерекше күтімге алумен қатар, бригададағы әрбір адамның жеке тіршілігіне де қатты мән берді. Оларға бақшалық жер дайындауға, отын-шөптерін уа-қытылы түсіруге көмек беріп отырды. Сондай қамқорлықты сезінген бригада мүшелерінің көңілі жай, жұмысқа деген құлшыныстары ерекше болды. Ол өз нәтижесін берді де.

Жылма-жыл бригаданың алған өнімі молайып, табыс биігінен көрінді. Соның нәтижесінде 1974 жылы Бүкілодақтық ауыл шаруа­шылығы жетістіктер көрмесі бас комитетінің бекітуімен Ә.Тоғызбаев басқарған №1 егіс бригадасы түгелдей «Бүкіл­одақтық көрмеге» қатысты. Бұл төгілген маңдай тер мен еңбекті сүюдің озық үлгісін көрсетумен қатар, бригада мүшелерінің бір үйдің адамындай топтасқан ауыз­бірлігінің арқасында кел­ген жеңіс еді. «Ерлікті жаса­ған­нан, оны бағаламаған қауіп­ті» деген екен Бауыржан атамыз. Еңбегі бағаланбай қалған жоқ.  Ә.Тоғызбаев 25 жыл үздіксіз егіс бригадасының бригадирі болды. Осы аралықта бірнеше рет аудан және облыстың «Озат бригадирі» атағын жеңіп алды. Республикалық, облыстық, ау­дан­­дық дәрежедегі Құрмет гра­мо­таларымен марапатталды. Бір­неше рет халық сеніміне ие болып, «Аудандық кеңестің де­пу­таты», аудандық партия коми­тетінің «Бюро мүшесі» атанды.

«Озат егіс бригадирі» Ә.Тоғызбаевқа 1976 жылы «Урал» мотоциклі, 1991 жылы «Москвич» маркалы жеңіл машина сыйға берілді. Бұл еңбек адамына көрсетілген лайықты құрмет, азаматтың мерейін өсіретін мәртебелі іс еді. Туған жерге маңдай терін төгіп, күріштен тау тұрғызған Әбен Тоғызбаев 1994 жылы, абырой биігінен көріне жүріп «Облыстық дәрежедегі дербес зейнеткерлікке» шықты. Әбекең ауылдың ақыл айтатын ақсақалына айналды. Үлкен-кіші сөзіне тұрды, адалдығына, әр істің байыбын бағамдап, толғамды түйін түйетінін түсінді. Ә.Тоғызбаевқа ауыл шаруашылығы саласының дамуына қосқан зор үлесі үшін 2008 жылы комиссия шешімімен «Қармақшы ауданының құрметті азаматы» атағы берілді. Сөйтіп, азаматын ел бағалады, абыройға бөледі.

Адам өмірге қонақ екендігі белгілі. Тумақ бар да, өлмек бар. Бірақ, Алла берген ғұмырында артында жарқын із қалдырып, берекелі ісімен өзіне өшпес шырақ жағып кететін адамдар болады. Әбекең де сондай болып өмірден өтті. 2009 жылдың 3-желтоқсанында еліне ардақты, жарқын жүзді жан өмірден озды. Жақында Жосалы кентінің қоғамдық кеңесінің жиналысында Әбен Тоғызбаевты мәңгі есте қалдыру мақсатында жаңадан ашылған «Тәуелсіздік» шағын ауданынан бір көшеге есімін беру жөнінде ұсыныс көтерілді. Қоғамдық кеңес мүшелері Әбекеңнің өмір жолына тоқталып, ел алдындағы еңбегін жоғары бағалап, еңбек адамының аты келешек ұрпақты тәрбиелеуде үлкен орын алатынын бірауыздан мақұлдады. Осылайша, бір көшені Әбен Тоғызбаев атымен атауға шешім қабылданды. Бұл жағдайды көріп, Әбекеңді елі ұмытпағанын білдім. Халқымыз айтқандай, «Ердің атын елі шығарады, елдің атын ері шығарады» деген осы шығар деп ой түйдім.


Дастан МЫРЗАБЕКҰЛЫ. 

Қармақшы ауданы.

ТАҒЫЛЫМ 15 қараша 2018 г. 1 657 0