« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Газеттің апталық жоспары бекітілісімен редакция секретариатында қарбалас жұмыс басталып кеп береді. Кезекті нөмердің макет нобайын сызу, көркемдік жағын ойластыру, бастысы – салмағы мен пайым-парасатына қарай мақалаларды реттеп орналастыру мәселелері бір-бірімен жалғасып жатады. Оның үстіне, аймақта өтетін жиындар мен шараларға, семинар-кеңестерге газет тілшілерін жіберіп, дайындалған хабар-ошарларды басшылардың біріне үстінен оқытып алу секілді жауапкершілік жетіп артылады.
«Үйдегі көңілді, базардағы нарық бұзады» демекші осындай қым-қуыт шаруалардың бәрі-бәрі бір сәтте тас-талқан болып, газет беттеуді басынан қайта бастауға тура келетін жағдайлар да редакцияда жиі кездесіп тұрады. Ол, әрине, жоғарыдан түсетін тапсырмалар мен ел үшін өте маңызды жиындардың өтуіне байланысты туындап жатады. Кезекті газет номерінің соңғы нүктесін қойып, редактор бекіткенше кейде таң да атып та қалатын жағдайлар бар. Сонда ғана корректор мен кезекші редакторды үйіне аттандырып, газеттің жауапты хатшысы иығынан жүк түскендей «уһ» деп демалады. Бұл да уақытша ғана жеңілдік, ертесіне әлгі әрекеттер қайта басынан басталып, өмірі таусылып бітпейтіндей желісті жүріс жетектей жөнеледі. Бір ай, екі ай болса мейлі ғой, дөңгелеген дүниенің тегеріші осылай жыл он екі ай айналады да тұрады. Сол айналма алқаптың ортасынан біз үнемі журналист, облыстық «Сыр бойы» газетінің жауапты хатшысы Расул Серіков ағамызды көрер едік.
Бұл бекетте талай талантты журналист пен қаламгерлердің ат терлеткенін көргенбіз, алайда дәл Рекеңдей ісіне бекем, жауапкершілігі мықты, барынша ұқыпты жауапты хатшыны байқай бермеппіз. Осы басылымның бірсыпыра уақыт руханият бөлімінің тілшісі, кейіннен аймақтық тілшісі ретінде жинаған жаңалығымыз бен дайындаған мақаламызды редакция секретариатына өткізе жүріп, оларымыздың бірде-біреуінің шашау шыққаны ойымызда жоқ. Бәрі де рет-ретімен үнжарияның бетінен табылып жатар еді. Апталық жоспар бекітілді ме, іле-шала Рекең әр кабинетті аралап, журналистерге жауапкершілігіндегі материалдарды өз уақытында тапсыруды ескертіп жүргені. Қаламгерлерің де айтыла салысымен «ләппай» дей қоятын тілалғыштардың қатарынан емес, әрқайсысының өзіндік әлемі, өзіндік көзқарасы бар жандар. Сондықтан да олармен тіл табысудың жөнін білмесе, басшыға да жеңіл тимейді. Әсіресе, Дүйсенбек Рекеңнің уысынан сытылып кетудің оқуын оқығандай.
– Әлеуметтік тақырыпқа дайындалуы тиіс мақаланы ертеңнен қалдырмай тапсыр, газеттің үшінші бетіне саламыз, – дейді жауапты хатшы нықтап. Мақұл деп бас изеген Дүйсекең ертесіне де, арғы күні де әлгі тапсырманы орындауға асыға қоймайды. Ақыр соңында басын сипалай тұрып айтады: «Реке, «Көшеде кемпір отыр» деген мақала жазылмайтын болды, – дейді күрсініп. «Неге?» Жауапты хатшының дауысы қаттырақ, әдеттегіден ащырақ шығады. «Ол кісі кеше қайтыс болыпты, бүгін жаназасы!» «Ой, оңбаған-ай, айтылған кезде сөйлесіп, жазып тастайтын адамсың ғой, енді не болды?» Бұл шағын көрініске куә болғандар төмен қараған күйі, иығы бүлкілдей күле отырып, өз мақалаларын жазуын жалғастырып жатар еді...
Расул Тәжібайханұлы облыстық «Сыр бойы» газетінің секретариатында отыз жылдан астам уақыт еңбек етті. Оның жиырма жылдан астам мерзімі жауапты хатшылық лауазымы. Газеттің күнделікті қара шаруасында жүріп, осы жолда қарымды қаламгерлер, газеттің бас редакторлары Нұрділда Уәлиев, Әскербек Рахымбеков, Жақсылық Рахматулладан көп нәрсені көңіліне түйді. Белгілі журналистер Шайзада Рахметбеков, Айжарық Сәдібеков, Шәкізат Дәрмағанбетов, Әбдібай Уәлиев, Оразбек Мақсұтұлы, Қази Данабаев, Жолдасбек Ақсақаловтармен әріптес ретінде сыйлас бола жүріп, ақпараттандыру саласының салмақты жүгін иығымен көтерді. Өзінен кейінгі іні-қарындастары Дүйсенбек Аяшұлы, Қаныбек Шәрібекұлы, Ыдырыс Тәжіұлы, Гүлжазира Жалғасова, Қуат Шарабидинов және секретариаттағы Күлзипа, Бисен, Жаңылған, Әсия, Гүлмира, Айгүл, Бақыттар Рекеңді туған ағасындай сыйлап жүрді.
– ҚазГУ-дың журналистика факультетіне түскенше, ауыл кітапханасында 3 жылдай кітапханашы болып істедім. Әдеби кітаптар мен қоса деректі дүниелерді де қызыға оқитындығым, журналист болуға деген құштарлығымды арттыра түскендігі анық. Өзімнің өскен ауылым Майлытоғайда еңбек ете жүріп, газет-журналдарға жазған-сызғандарымды жолдап жататынмын. Көбісі жарық көріп, оқырмандарға жақсы таныс болған кезім. Бірде, ауылдағы электр жарығының тұрақсыздығы жөніндегі жазған мақалам аудандық газетте жарияланды да, іле-шала жөндеу жұмыстары басталып кетті. Газет сынының, баспасөзде жарық көрген мәселелердің аяқсыз қалмайтын кезі, ауыл клубы және қойма туралы жазған ұсыныстарым да жүзеге асырылды, – дейді Рекең өткен күндерді еске алып.
Жалпы басылым саласындағы қырық жылдық қызметінде Расул Тәжібайханұлы сый-құрмет пен марапаттан құралақан қалған емес. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдар соңындағы елуінші белесін тойлаған шарада «Майлытоғай ауылының құрметті азаматы» атағы беріліп, ауылдастары жылы лебіздерін арнап, шапан жауып, ат мінгізген-ді. Сонан бері де талай Алғыс хаттар мен Құрмет грамоталарын иеленді. Әрине, бұлар азаматына деген елдің ықыласы мен құрмет ишарасы ғой, бастысы – оқырман мен билік арасын жалғаған үнжарияның көп көңілінен шыққаны емес пе?!
2000 жылдары аптасына бес рет жарық көріп, үздіксіз оқырмандарына жол тартқан аға басылымның бір тізгінін ұстап жүру де азамат үшін үлкен сын, зор жауапкершілік екендігі ақиқат. «Газеттің өзі бір күндік болғанымен сөзі мың күндік» демекші, еліміздің жетістігін үндеген қаламгер, Қазақстанның Құрметті журналисті Расул Серіков міне, жетпісінші белесінің төріне шығып отыр. Жан жары Сәуле екеуі қыздарын тәрбиелеп, еліміздің адал перзенті етіп өсірді. Немере сүйіп, ата-ана ретінде бақытты күй кешуде.
– Баспасөз – қағаз бетіндегі ар-ождан деп түсінемін. Сол сеніммен еңбек жолымды бастап едім, сол сенімнен айнымай зейнеткерлік жасқа да жеттім. Сегізінші сыныпта сабақ берген мұғалімім Дүйсенбай Сыздықов әр әріпті көркем түсірумен бірге, әр сөздің артында адалдық тұруын үйреткен еді, сол кісілердің айтқаны әлі де ойымнан бір шыққан емес. Кейінгі жастарда ізденіске мүмкіншілік мол, алайда олар ақиқаттан айнымаса екен деп тілеймін. «Сыр медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі барлық аудандардағы басылымдар мен облыстың аға газеттердің басын бір шаңырақ астына ұйыстырып, жақсы бағыт беріп келеді. Жас журналистердің күні кеше ғана Астанаға барып тәжірибе алмасқанын, Мәскеу асып, журналистиканың жаңа үрдістерін мәністегендігін естіп, сүйсініп қалдым. Бұл деген замана ағымын сезіну деген сөз, – дейді Рекең.
Көш-керуен алға қарай тынбастан жылжи береді. Кешегі жаңалық, бүгінгі тарих болып хаттала бермек. Міне, осы жолда Майлытоғайдан шыққан тұңғыш журналист, әріптес ағамыздың өзіндік ізі жатыр.
Нұрмахан ЕЛТАЙ,
Ақпарат саласының үздігі.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |