Мен бүгін мемлекетімізге аянбай қызмет етіп жүрген талай қайраткерлердің шыңдалу мектебі болған Абылай Айдосовқа бір үзік сөз арнағым келеді.
Маңайына мейір шуағын шашып жүретін Әбекеңнің, Абылай Айдосовтың «Сарыарқа – сағынышым, Сырым – елім» деуінің жөні бар еді. Ол Қостанай облысының Қарабалық ауданындағы Бөрілі орта мектебін 1953 жылы үздік аяқтап, 1954 жылы сонау қазақтың құйқалы өңірі Қостанайдан бірнеше күн жол жүріп Қызылордаға келіп, сол кездегі Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтқа түскен болатын. Институтты ойдағыдай аяқтағаннан кейін Әбекең бар саналы ғұмырын, білімі мен біліктілігін сарқа жұмсап, жарты ғасырдан астам Сыр еліне еңбек етті.
А.Х.Айдосов еңбек жолын 1959 жылы Қызылорда облыстық комсомол комитетінің нұсқаушылығынан бастап, Тереңөзек аудандық, Оңтүстік Қазақстан өлкелік комсомол комитеттерінің хатшысы болды. Ал 1963 жылдан 1971 жылға дейін жалғасқан Қызылорда облыстық комсомол комитеті бірінші хатшысы қызметін атқарды. Бұл уақыт облыстың елеулі бір өркендеу кезеңімен тұстас келді. 1954-1958 жылдары облыстың партия ұйымын басқарған Мұхамедғали Әленұлы Сужиковтың Қызылорда плотинасы құрылысы аяқталысымен Мәскеуге, партияның орталық комитеті мен министрлер кеңесінің атына арнайы хат жазып, күріш өндірудің маңызды салаларының бірі – Сырдария өзенінің сол жағасын игеру туралы ұсынысы күрделі өзгерістерге жол ашып еді. Бұл Сыр өңірінің негізгі байлығы – ақ маржанға сұранысты өсіріп, ежелден күріш дақылымен айналысып келе жатқан аймақтың алдында егіс көлемін шұғыл арттыру міндеті толып жатқан агротехникалық шараларды жүзеге асыруды, сан алуан су құрылысын дамытуды қажет етті. Кейін Сырдария өзенінің тың сол жақ алқабын игеру, Жаңақорған ауданында түлеп жатқан Түгіскен алқабын егістік айналымға қосу, жаппай су шаруашылығы мен механизатор мамандарын дайындау және т.б. толып жатқан ауқымды істерге жастардың қатысы керек болды. Содан 1964 жылы атақты күрішші, Социалистік Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, күріштен әлемдік рекорд иесі, дала академигі Ыбырай Жақаев облыс жастарына Үндеу тастады. Аталы сөзді жастар қызу қолдады. Күріш егісіне жас толқын көптеп ағылып, халық арасында құрметпен аталып кеткен «жақаевшылар қозғалысы» дүниеге келді. Бұл Сыр бойының жүздеген ұл-қыздарына адал еңбек етуді үйретті, олардың алдыңғы қатарлыларының мерейін көтеріп, ер атандырды. Мұндай жастар арасындағы сан салалы, ауқымды да күрделі жұмыс облыстық комсомол комитетінсіз мүмкін емес еді. Әбекең осы жастар штабының бірінші хатшысы, жақаевшылар қозғалысының жалынды ұйымдастырушысы да насихатшысы бола білді.
Абылай Айдосов ондаған жас кадрларды белсенді қызметке, басшылық жұмысқа да дайындады. Облыстың мәдени өмірі мен экономикалық саласына елеулі үлес қосқан Мақсұт Әбдіразақов, Сейілбек Шаухаманов, Қаһарман Табынбаев, Садықбек Хангелдин, Болат Қарғабаев, Кеніш Жұмалиева, Ләйла Құлымбетова, Рая Ахметова, Сатулла Сәдуов, Садық Әлиев, Кішкене Айбосынов сынды жастар жетекшілерін қайраткерлік қайраққа жанып еді. Мен де осы орбитада болғанымды мақтаныш етемін.
Сыр бойы жастарының суармалы егіске қатысуы Әбекеңнің тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін жазылған диссертацияның негізгі арқауы да болды. Сөйтіп өзі талай кездесіп, талай тағылымды өсиетін тыңдаған, қарапайым еңбектің ұлы өкілі Ыбырай Жақаевты шын мәнісінде мәңгілік тақырыптардың бірі етіп еді. Бұған «Дала академигі Ыбырай Жақаев және оның ізбасарлары» атты монография дәлел бола алады.
Абылай Айдосовты әсіресе, кеше жастар аса биік тұлға тұтқан, ұстаз санаған, қазақтың біртуар азаматы Өзбекәлі Жәнібеков қатты қадірлейтін. Оған бірнеше рет куә болғанымыз бар. Өзекең Қазақстан компартиясы орталық комитетінің идеология жөніндегі хатшысы кезінде бір-ер күн Қызылордада болды. Ол кезде мен облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісі болатынмын. Қаладағы Айтбай мешітін, ескі базар жанындағы шіркеуді көріп, олардың тірлігімен жан-жақты танысқаннан кейін, Өзекең «енді Абылайға барайық» деді. Осы сөзді ерекше жылы айтқаны әлі есімде. Содан ол кезде облыстық партия комитетінің саяси ағарту үйінің меңгерушісі болып істейтін Әбекеңнің кабинетінде ұзақ әнгіме-дүкен құрылды. Қанша отырғанымыз есімде жоқ. Бұрын бір көрген кісіге суықтау, адамды өзінен аулақтау ұстайтындай көрінетін Өзекең осы жолы шешіліп, Қазақстан комсомолы орталық комитетінен қалай Торғай облысына барғаны, онда жоқтан барды құрап, бәрін басынан бастап, бәрін өз қолдарымен істеуге тура келгендігі, т.б. мәселелер ұзақ әңгіменің арқауы болды. Бұның барлығы көп жылдар сыйластықта болып келе жатқан кісілердің ағынан жарылған әңгімелері екенін іштей сезіп отырдым. Бұл бір бірін қадір тұтқан екі кісінің соңғы отырыстары болғанын да кейін білдім.
А.Х.Айдосовтың комсомолдан кейінгі ғұмыры да мазмұнды болды. Ол 1971-1973 жылдары КОКП орталық комитетінің жанындағы Жоғары партия мектебін бітіргеннен кейін Қызылорда қалалық партия комитетінің екінші, бірінші хатшысы қызметтерін атқарды, облыс әкімінің ішкі саясат бөлімін басқарды. Партия органдарында да көп жыл жетекші қызметтерде болып, еңбеккерлік пен іскерліктің, қарапайымдылық пен қажырлылықтың үлгісін көрсете білді. Әбекеңнің тынымсыз тірлігі жолдан табылмаған, өмір шыңдай түскен туа бітті текті қасиет болатын. Сол өсіріп, сол биіктетті.
Абылай Хангерейұлының ғалымдық болмысының өзі бір сала. Мәскеудегі қоғамдық ғылымдар академиясында диссертация қорғап, тарих ғылымдарының кандидаты болғаннан кейін Әбекең өзі бітірген пединститутпен байланысын жалғастырып, студенттерге дәріс беріп жүрді. 1991 жылы Қызылорда агроөнеркәсіп инженерлерін дайындайтын институттың қоғамдық пәндер кафедрасының меңгерушісі болды. Кейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессорлығына ауысып, Халықаралық Қорқыт ата мұрасын зерттеу орталығын басқарды. «ХI ғасыр және Арал» қоғамдық бірлестігінің төрағасы болды. Аралдың құрғаған табанынан табылған «Кердері» кесенесінің орнын зерттеуге үлкен үлес қосты. Ол облыс ғылымында кенжелеп қалған сала – археологиямен айналысты, ежелгі түркі өркениеті, қорқыттану мәселелерімен шұғылданды, соңғы жылдары әлеуметтану саласында көлемді зерттеулер жүргізіп, ғылыми конференцияларда, симпозиумдарда тың ойлар айтып, соны ғылыми тұжырымдар ұсынып жүрді. Осындай жан-жақты ізденістері арқылы ол өзіндік өмір және ғылыми мектеп қалыптастыра білген ардагер-ұстаз еді.
Әбекең артына мол мұра қалдырды. Ол Сыр өңірі тарихы (1998 ж.) кітабын, Сыр елі (Қызылорда облысы) энциклопедиясы (2006 ж.) сынды жинақтардың жазылуына белсене атсалысқан негізгі авторлардың бірі. Сонымен қатар, жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған ежелгі түркі өркениеті және қорқыттану, «Социальная структура экологии Арала, процессы устойчивого развития бассейна Аральского моря» тақырыбында оқулықтар мен монографиялар шығарды. Ғалымның қаламынан 200-ге жуық сараптамалық мақалалар жарық көрді.
Облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы кезінде құлаш-құлаш баяндамаларды өзі жазып, өз сөзін өзі дайындап отыратын Әбекең біреуге қағаз жаздырып, біреудің дайындағанымен, сөз сөйлегенін көрген емеспін. Аса еңбекқор, қаламы жүйрік жанмен жұмыс істеу оңай болатын. Облыстық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінде қызметтес болғанымда тығыз дайындайтын қағаздар жиналып қалса, біздер ойланып, толғанып жүргенде өзі жылдам жазып тастап, ал қалғанын өзің көрерсің деп талай қағазды орынбасары маған әкеп беретін. Сөйте отырып, бізді жұмысқа тарта түсетін, бізді қызмет істей білуге үйрететін.
Абылай Хангерейұлы бар саналы ғұмырын облыстың өркендеуіне, аймақтың саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени дамуына арнаған аяулы азамат еді. Сонымен қатар ортасына сыйлы, елге танымал қажырлы қайраткердің бойынан Сыр еліне деген зор сүйіспеншілік, жас буынға деген мейірім шуағы төгіліп тұратын. Ол өзіне ғана тән дара болмыс-бітіміндегі кәсіби біліктілігін, бай өмір тәжірибесі мен адамгершілік қадір-қасиетін және терең білімін сарқа жұмсады. Мемлекет пен қоғамның нағыз қажырлы қайраткері еді. Ол өзінің ізбасар әріптестері мен шәкірттерінің бойына елжандылық қасиеттерді дарыта білді.
Әбекеңнің өз биігіне көтерілуіне Нәкең, Несіп жеңгеміздің керемет үлесі болды. Өзі ағынан жарылып: «Өмірлік жарым етіп Несіп Сармағанбетқызын жолықтырғаны үшін тағдырыма мың мәрте ризамын» деп отыратын. Біздер бұған толық куәміз. Қос арыс ұл-қыз өсірді. Олардан өрбіген ұрпақтар кеше Нәкеңнің ауыр жағдайында сүйеу болды. Бірге қайғырды. Қиындықты бірге көтерісті. Қазақ неге ұрпақты аңсайды, неге ұрпағым көп болсын дейді? Ұрпақ бірігіп, бақытты байытса, қиындықты бөлісіп, ауырлықты азайтады. Бақытжамал қарындасымыз әке жолын қуып, ғылым кандидаты атанды.
Абылай Айдосов ерекше еңбегінің арқасында Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің Құрмет грамоталарымен, екі мәрте «Құрмет белгісі», «Парасат» ордендерімен марапатталды. Облыс әкімінің стипендиаты, Қызылорда қаласының құрметті азаматы атанды.
...Әне, Әбекең өзіне ғана тән бірқалыпты жорға жүріспен алға ұмтылып, тағы да асықпай, өзінің университетіне қадам басып бара жатқандай. Бұл енді көз алдыңдағы елес қана. Дегенмен, өзін білетін замандастарының, әріптестерінің, дос-жарандарының жүрегінде. Өмірде сыпайы да сырбаз, сабырлы, жан-жағына шапағатын шашып жүретін, биік парасатты, адамгершілігі мен қайырымдылығы мол болған аяулы азаматтың жарқын бейнесі ұзақ сақталатынына күмән жоқ.
Әбдіжәлел БӘКІР,
саяси ғылымдарының докторы,
профессор.