Құрметтің зоры – халықтың ықыласына бөлену

Қарашаның алғашқы жексенбісінде Арал ауданының құрметті азаматы, ардагер-журналист Шәкірат Дәрмағамбетовтің 90 жылдық мерейтойына арналған салтанантты кеш өтті.

Аудандық мәдениет үйінің фойесінде журналистің жүріп өткен жолдары мен ұзақ жылдар төккен терінің белгісі – әрбір кезең шындығын жарқ еткізген мақалалары мен тарихи сәттерден сыр шертетін фотосуреттер келушілер назарын өзіне аударды. Мазмұнды кештің беташарындай болған слайдтан ардагер журналистің замандастары мен ізбасар інілерінің өзекжарды лебізін тыңдаған жұрт бір серпіліп қалды. Ал, қақ төрге маңғаз қалыппен жайғасқан мерейтой иесінің кесек бітімі мен отырысының өзінен-ақ аса бір тектілік танып, қаралай марқайып қаласың...

Мерекелік шарада аудан әкімі М.Оразбаев сөз алып:

 – Құрметті аралдықтар, қадірлі қонақтар. Бүгін біздер Арал ауданының құрметті азаматы, абыз ақсақал Ш.Дәрмағамбетовтің 90 жасқа толуына орай ұйымдастырылған шарада бас қосып отырмыз. Көптің көкейіндегісін дөп басқан жазбаларымен халықтың ықыласына бөленіп, үлкенге аға, кішіге ақылшы болған ардақты азаматтың өмір жолы көпке өнеге, – дей келе, өзінің шынайы лебізін білдірді. Одан соң, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін ардагер журналисті Арал ауданының Құрмет грамотасымен марапаттады.

Құттықтаулар легі ағытылған шарада Қызылорда қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Әбішев қала әкімі Н.Нәлібаевтың құттықтауы мен сый-сияпатын және 30 мыңға жуық ардагердің атынан құттықтау хатын табыс етті. Сондай-ақ, Қазалы ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Бекбанов: «Құрметтің зоры – халықтың ықыласына бөлену. Арал мен Қазалының ортасын жол қылып, қос ауданның мақтанышы болдыңыз. Өмірлік өнегеңізді жастарға көрсете беріңіз» деген тілегін айтып, Қазалы ауданының әкімі М.Ергешбаевтың құттықтауын жеткізді. Ал, Арал ауданының құрметті азаматы А.Көшербаев журналист мақалалары бойынша бір үзік естелік сыр шертті. Сондай-ақ, облыстық мәслихат депутаттары И.Оңғарбаев пен К.Бедер де өздерінің ізгі ниетке толы лебіздерін білдірді.

Одан соң, құттықтау сөз кезегін алған облыстық «Сыр медиа» ЖШС-нің бас директоры А.Оңғарбаев ардагер-журналист туралы облыстық басылымдарда жыл бойы мазмұнды мақалалар жарияланғандығына тоқтала келе, болмысымен, ірі сөзімен елдің құрметіне бөленген журналистің абыройлы жолы кейінгі ізбасар толқынға зор өнеге екендігін жеткізіп, Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының Қызылорда облыстық филиалы мен «Сыр медиа» ЖШС-нің атынан құттықтау хат пен сый-сияпат тапсырды. Мерейтойлық шарада қаламдас інілері, жазушы А.Сәдібеков журналистің өзіндік стилі туралы ой толғаса, ақын Т.Абылаевтың мазмұн мен үн керемет астасқан жыры жиналған қауымды бір серпілтті. Сонымен бірге, Қазақстан Республикасы Инвестиция және даму министрлігінің құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы істері комитетінің төрағасы М.Жайымбетовтің, Жалаңтөс баһадүр атындағы республикалық қордың төрағасы Н.Мұсабаевтың және жазушы С.Жұбатырұлы мерейтой иесіне құттықтауларын жолдаған.

Мерейтойлық шараның мәнін М.Сыдықовтың әндері мен күйлері, А.Тұяқованың орындауындағы арнау жыры, сондай-ақ, жас өнерпаздардың жүрекке жылы әндері аша түсті.

«Толқын» ақпарат.

ТАҒЫЛЫМ 06 қараша 2018 г. 1 256 0