ШАРУАНЫҢ ИШАНЫ

Бала күнімізден Дүйсен әкем «Балам, кісі баласының ала жібін аттама, ұрлық жа­сама, жалған сөз айтпа, адал еңбегімен тапқан-та­ян­ғаның ырзық болады»- деп екі күннің бірінде қай­талаушы еді. Жасы ұлғая ке­ле осы сөзді тіпті үдетіп жіберді. Қарттық шығар қай­талата беретін деп жас­тықпен жылы жауып қоя­тынбыз, жарты құлақпен тыңдап, сөз мәніне бойлай бермеппіз. Қайран әкем!

 

Балаларына жиi қайталайтын осы сөзін өзі өмірлік ұстаным еткен екен ғой. Адалдығының арқасында елге абыройлы болды. Ауылдың ақсақалын да, жасамысын да аты­мен атамай, мәселен, Бөкең қа­рия, Алдеке, Әбеке деп тіпті өзінен кіші інілеріне де жұмсақ есімді ендеп, кісі баласын баурап алатын кішіпейілдігі болатын. Та­қуалығы демей-ақ қояйын, руха­ни тазалығын құрметтеген қатар­ластары, ауылдастары «Шаруаның ишаны» деген ат қойды. Оның өзіндік себептері де бар. Ол жө­нінде сәл кейінірек...

Әкем Дүйсен Арғынбаев 1914 жылы Қызылорда облысы,Қазалы ауданы Майдакөл ауылында дү­ние­ге келген. Бала күнінен ең­бек­ке араласып, жер жыртты, кү­ріш те екті, қойма меңгерушісі де болды. Анам Күнбибімен бас қосып, 5 баланың әкесі атанды. Со­нау сұрапыл соғыс жылдары Свердловск қаласында танкі құ­рас­тыратын, оқ-дәрі шығаратын зауыттың ауыр жұмысына да жегілді.1947 жылы елге аман-есен оралғасын шаруашылығы тұ­ралаған ұжымшардың жұмысына кірісті. Соғыстан кейінгі жылдар болса керек, ұжымшар басқармасы Мырзағабыл әкемді шақыртып алып, «Дүйсеке, елге ауыр тиіп тұр, тары ексек қосымша», – деп 50 қаптай тары тұқымын дайын­датқан деседі. Көктем жайсыз бол­ды ма, әлде шаруа үйлеспеді ме сол жылы тары егілмей қалып­ты. Содан араға бірнеше жыл са­лып Мырзекең тары егуді қай­та қолға алмақшы болады. Қой­ма меңгерушісі Дүйсекеңді ша­қыртады. «Дүйсеке, осы тары егуге қолымыз жетпей жүр, тұ­қым дайындатсаңыз», – деп тап­сырма бере бастағанда, қой­ма меңгерушісі «егем десең, қай­бір жылғы тарының тұқымы дай­ын» депті. Дүйсекең колхоз бас­қар­масын қоймаға ертіп апарып, төбеге іліп қойған қапшықтарды көрсетеді. Қоймашы әкем сөйтсе, ұжымшардың меншігін адам бала­сы тұрмақ, тышқанға «ауыз ти­гіз­бей» сақтап жүр екен.Ауыл ақсақалдары басқарманың сол кез­дегі әкемнің адалдығына разы болғанын күні кешеге дейін айтып келді.

Әкем жасөспірім шағында 1930 жылдары арабша хат танып, ді­ни сауатын ашқан. Кеңестік за­манның өзінде қолынан құманы түспей, 5 уақыт намазын қаза ет­пеген. Құранның аяттарын жат­қа соғып, араб тілінен еркін ау­даратындай сауаты болған. 1965 жылдары Майдакөл ауылының тұрғындары өлім-жітімді діни дәс­түрге сай жөнелтетін молда та­ба алмай қиналса керек. Содан, Кенжебай қария бастаған ауылдың ақсақалдары топ болып келіп, әке­ме қолқа салыпты. Қаумалаған көпшілік қанша үгітте­се де, әкем «Діннің жо­­лы ауыр. Ертең мол­да жоралғысын жаса­ды», деп қалта­ма пұл тықпалап, ауыртпалық саласыңдар. Құ­дай ал­дында кү­нә бол­ма­­сын, келіспеймін» – деп шорт кескен екен деседі. Осындай адалдығына разы бол­ған ауыл ағасы Қали Мә­кенов әкеме кейін «Шаруаның ишаны» деген ат беріп, тұтас ауыл қойма меңгерушісін солай атап кетті.

Дүйсен ақсақал көпшіл болды. Туған туыстарының қуанышы мен қайғысына ортақтасып, ауылдағы жетім-жесірлерге де қолұшын со­затын азаматтығы бар еді. «Елден алған алғысым осы бар жиған-терген байлығым осы бес балама дарысын» деп жиі айтатын. Еркек кіндіктенмен, сосын 3 апам, бір қарындасым болғасын ба, қыз­дарына әке болып жекіп не ренжіп, қатты сөйлегенін естімей-ақ өс­тім. Үй үлкені Ақзия апам мен Мұстафа жездем Қызылордада жүріп балдыздарына қол ұшын бе­ріп, қамқорлық көрсетті. Тар пәтеріне тығылысып жүріп Үкі, Өміркүл, Бақыттың облыс орта­лығында оқып, мамандық алып, ел қатарына қосылып кетуіне себепші болды. Қазір қарасам, үй тар болса да, жездем мен апамның пейілінің кеңдігінен екен ғой тетелес тәтелерімнің аяқтанғаны.Әйтпесе, жас отбасының үйіне бала жатқызып оқытатындай ша­ма­сы да болған жоқ. Есесіне, жазда жиендерді жетектеп жездем мен апам келген сайын әкем балаша қуанып, бір қойын сойып, шаңырағымыз шаттыққа толатын еді. Соның бәрі сыйластық екен ғой. Заман кең болды деп айта алмаймын, адамдарды пейілі кең еді-ау, шіркін! Қазалылылық жур­налист, ақын Жетіскен Мәкеналы әкем туралы:

Ала жібін кісінің аттамаған,

Бар мен жоқтың дәмінен татқан адам.

«Аман болсын ұрпағым» деумен өтіп,

Бар бақытын баладан тапқан адам-, деп өлең жолдарына өрген әрбір сөзі әкемнің болмысын айшықтай түскен.

Төрт қыздың арасында қайта мен шолжаңдау өстім. Мектеп бітірген жылым. Анам Күнбибі мен әкем Дүйсен «осы ұл жалғыз, арба сүйретсе де, аман жүрсінші, үйге кіріп шығып жүрсе болады. Алматыға бұл баланы оқуға жіберіп, біз қайдан байыз табайық», – деп өзара байлам жасаса керек. Осындай шешіммен Қызылордада тұратын Мұстафа мен Ақзияға айтып, мені оқудан бір-екі жылға алып қалмақшы болып Қызылорданы бетке алдық. Ауыл қазағын қойсаңызшы! Келгесін орталық көшені жағалап «Мұстафа Матаевтың үйі қай жерде, білесіңдер ме?» – деп әр жүргіншіден бір сұраймыз. Танитын, жол сілтеген жан кезіккен жоқ. Тұздап, кептірілген жарты қап ет иығымды қиып барады. Сөйтіп тұрғанда Ақзия апамыз дәл алдымыздан кезікті. Біздің жүргенімізге аң-таң. «Неге айтпайсыңдар келетіндеріңді?! Кү­тіп алатын едік. Қала ауыл емес қой, сұрастырып-сұрастырып тау­ып алатын» – деп ренжіген әрі қуан­ған күйі үйге келдік. Анам Күнбибі әрі-бері мені оқуға бергісі келмейтінін айтып көріп еді, Мұстафа тәтем көнбей қойды. Сөйтіп қойшы, Қазалыға кейін қайтады деген ауыл баласын жездем жетектеп, Алматыдан бір-ақ шықтым. Сол жолы, бәлкім, Мұстафа тәтем жанашырылық тан­ы­тып, оқуға алып бармағанда бүгінде білімі жоқ, мамандығы жоқ ауыл қазағы болар ма едім?! Іштей «әкемнің тілегі, батасы қабыл болған екен ғой» – деп тәубе етіп жүремін әркез.

Әкем мен анамның отбасын­дағы жарастығы керемет бола­тын. Анамның қолы ашық еді, босағадан келген қонаққа төр­ден ас-суын бермей, үйден жі­бер­мейтін. Адам баласын алала­майтын жайсаң жан еді. Жағдайы төмен туған-туыстарға, жетім-жесірлерге қол ұшын беріп, туыс арасындағы қатынасты қазақы әде­біне сай реттеп отыратын са­быр­лы, мейірімді кісі еді. Әкем­нің қарындасы Жұмакүл мен туы­­сымыз Тұрсын апа келген кезде барын алдарына тосып, кәде-сыйын жасап, жеңгелік, үлкендік жолын қалт жібермейтін еді. Әкем Дүйсеннің көңілі үшін бәйек болып жүгіреді екен ғой қайран анам. Не деген сыйластық десеңізші!

Иә, адам бір көшкен дүние. Уақыт, шіркін, қас-қағым сәтке де тоқтамайды. 1982 жылы Күнбибі анам, 1985 жылы мамыр айының 17-де Дүйсен әкем дүниеден озды. Бұл жалған дүниенің қонағымыз ғой қай-қайсымызда. Тәубе, дейміз бәріне. 5 баладан өрген ұрпақ еменнің иір бұтағындай немере, шөберелерімен мәуелеп, әке мен ана тілегі орындалды. Әрбірі мамандық алып, әр салада, еліміздің әр түкпірінде абыройлы қызметтерін атқарып жүр.

«Өлі разы болмай, тірі байы­­май­ды» дейтін қазақтың қастерлі қағидасы бар. Соған сай қарапайым тіршілік кешсе де, има­нынан айнымаған, адал, таза жүректі, туған-туысына қамқор болған әкемнің жүз жылдығына орай, аруағына құран оқытып, ас беруді, тағзым жасауды әулет бо­лып жөн көрдік. Перзент ретіндегі парызымыз осы!

 

Малкайдар ДҮЙСЕН,

Әйтеке би кентінің тұрғыны.

ТАҒЫЛЫМ 15 мамыр 2014 г. 1 153 0