« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Тарих тереңінен маржан сөз тартқан ақын-жырауларды, аталы сөздерімен елді аузына қаратқан көкірегі көмбе абыздарды, ежелгі ата-бабаларымыздың өнегелі игі дәстүрлерін жалғастырушы рухы мықты жандарды біздің Сыр бойында ұзандар деп те атайтынын бала кезімде әкемнен естігенім бар-ды. Сол ұзандардың ізіндей болған ақсақалдар Жалағаш жерінде де аз емес. Солардың бірі туғанына 90 жыл толған Ұзақ аға Еспанов болатын.
Ұзақ ағаның өмірдерегін, оның ауыл шаруашылығының озат ұйымдастырушы ретінде Социалистік Еңбек ері атанғанын қалың қауым түгел біледі. Ол жайлы аз жазылған жоқ, талай деректі фильмдер де түсірілді. Мен Ұзақ ағаның руханиятымызға сіңірген сүбелі үлесі жайлы сөз қозғамақпын.
Ол кісі туабітті ақындық таланты бар жан болатын. Ол жайлы кезінде қазақ поэзиясында орны бар ақындар Тұманбай Молдағалиев, Қомшабай Сүйенішевтер Ұзекеңнің жыр кітабының беташар сөзінде лайықты айтып өткен. Ағамыз қара сөзді де ойната білген қаламгерлік қасиеттен де құралақан емес еді. Ол сонау 1974 жылы «Қайнар» баспасынан Сырдағы ауыл шаруашылығының басшылары арасында көш бастап «Сыр күріші – ел ырысы» деген кітабын шығарды. Кезінде қалың оқырман жылы қабылдаған бұл кітап ауыл шаруашылығында жұмысты ұйымдастыру және проблемалық мәселелерді шешу әдістерін, ел басқарған азаматтардың ұлт руханиятынан да түсінігі мол болуы керектігін жеткізуімен құнды дүние болды.
Өзімнің ел тарихына байланысты жазылғандарды оқып, зерделей жүретін әдетіммен «Сыр күріші – ел ырысы» кітабын 2013 жылы қайталап оқып шыққан болатынмын. Менің туған ауылым-Мәдениет шаруашылығын он бес жылдай басқарған ақынжанды батыр ағамыздың кітабын оқи отырып, ауылымыздың кеңшар болып құрылуы мен өсіп-өркендеуіне, кезінде жеткен жетістіктеріне байланысты көптеген мәліметтерге қаныға түскен едім.
Әсіресе кітаптың «Айналайын адамдар» деген тарауында ауылдағы Ұлы Отан соғысынан оралмаған боздақтардың есімдері жазылған ескерткішке байланысты айтылған жайлар маған үлкен ой салды. Ұзекеңнің Қызылордадағы үйіне барып сөйлесіп, «Сыр ардагері» және «Жалағаш жаршысы» газеттеріне көлемді мақала жариялаттым.
Бұл ескерткіштің бір ерекшелігі, соғыстың Жеңіспен аяқталғанына небәрі 28 жыл толғанда, 1973 жылы ашылғандығында еді. Ол кезде аудан орталықтарының өзінде ерлер есімін ұлықтайтын мұндай белгілер сирек болатын. Осыдан кейін ғана Ұзекеңнің үлгісімен аудан орталықтары мен елді мекендерде Жеңістің әрбір атаулы мерекелерінде соғыс құрбандарының ескерткіштері жаппай ашыла бастапты.
Осы жайларды сұрай сәлем беріп барғаныма қуанып қалған Ұзекең біршама уақыт ойланып отырды да, өзінің қашанғы қарлығыңқы дауысымен әңгіме бастаған еді.
– Ол уақытта біздің «Мәдениеттің» тасы өрге домалап тұрған уақыт болатын. Толағай табысымыз жыл өткен сайын молайып, аудан, облыс пен республикада алдыңғы қатарлы күріш шаруашылығы атанып, Одаққа белгілі бола бастаған кезіміз еді. Содан бір күні кеңшардың мамандарын жинап ақылдастым.
Бұл жұмыстарды атқаруда бас есепші Мұхаммедияр Салиев, бас экономист Файызхан Кенжетаев, кеңшар парткомының хатшысы Өтеп Сәрсенбаев, жұмысшылар комитетінің төрағасы Тоқтасын Әбдіреев, директордың мәдени жұмыстар жөніндегі орынбасары Тұрлыбек Деменовтер тынымсыз ізденіс үстінде болыпты. Ауылдағы бірталай майдангерлер үлкен үлес қосыпты. Олармен сөйлесіп, тізімді нақтылауда есепші Тұрсынбек Асқаров айтарлықтай жұмыс атқарыпты. Қашанда аруақты жандардың рухын қадірлейтін Ұзақ Еспанов ағамыздың көптің алғысын арқалаған сауапты ісінің бір парасы осындай еді.
Кейіннен өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында қайта жаңғыртудан өткен сол ерлік ескерткішінің алды қашанда гүл шоқтарына толы. Отан қорғап, шейіт болған аталар рухани тағзым етіп, гүл дестелерін қоятын жастар әрдайым оларды үнсіздікпен еске алады.
Автомат асынған қазақ солдатының мәңгі жас тас мүсіні де айналасына мейірім шуағын төге қарап тұр. Бұл ескерткіш ағайынның айбары болған, талай игіліктің ұйытқысы болған Ұзақ аға Еспановтың кейінгіге қалдырған өшпес өнегесіндей көрінеді.
Болатбек НҰРЖАНОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |