ҰЛТТЫҚ ҚОЛӨНЕР ҰРПАҚҚА ҰЛАҒАТ

Қазақ халқының кезіндегі қолөнері сан ғасырлық ақыл-ойдың тәжірибесін табиғатты түсіне білудің, сондай-ақ дәулескер шеберлік пен даналық суреткерліктің құдіретті туындылары десек, асыра айтқандығымыз болмас. Қолөнер шеберлерінің жан дүниесінен жүрек талғамымен өріліп шыққан туындылар адам жанын рухани байытып, талғам тынысын, көңіл көкжиегін кеңейтіп, өмірге көзқарасын оңалтады. Ақиқатында, бұл – шебердің нағыз шеберінің қолынан келетін құдірет. Себебі, шебердің ол маңдай тері, ақыл-парасаты, талғам түсінігі, өмірге көзқарасы, дүниетанымы өзіндік жүрек қалауымен қайталанбас қолтаңбасынан көрініс табатын болса.
Кешегі қазақтың қолөнері бүгін қайда барады? Енді осы бір толғақты сауалға жауап ізделік. Жасыратыны жоқ, бүгінде қазақ қолөнері келмеске кетіп баратын сыңайлы десек, қателеспейміз. Қолөнердің бүгінгі халіне қарасақ, ата-баба мұрасының қайсыбір керемет түрлері мен үйлесімдері (бөліктері) түрлі тарихи себептермен жалпы ағымға, техникалық прогреске, қалалық сәнге, тағы басқаларға байланысты көпе-көрінеу ескіріп, өткен өмір еншісіне айналып барады. Шүкір ғой, бүгінде киім-кешектен бастап құрал-сайманды, үй жиһаздарын, тұрмысқа қажеттіліктің бәрі-бәрін дүкендер мен базардағы полуфабрикаттың өнімдерінен сатып аламыз. Содан болар, бүгінде бұрынғыдай үйлерімізде ағаш ұқсатылмайды, темір балқытылмайды, тері иленбейді, киіз басылмайды, алаша, шекпен тоқылмайды, киім де тікпейміз. Сондай-ақ, оқа зерлі кесте, біз кесте, ілме кесте, шеркет тоқудан да көз жазып қалдық. Қазақтың қалы кілемінің нұсқалары мүлдем жоғалып кетті. Оны айтасыз, табиғи бояулар шығарудан, желім жасаудан, сабын қайнатудан көз жазғанымыз қаш-шан.
Қазақтың құрал-сайманын, қару-жарағын, алтынмен аптап, күміспен күптеген тұрмыстық заттарын тек қана мұражайдан көреміз. Ал, қасабаны, қарқараны, құрақты, сұламаны, күндікті, күдері бешпентті, жарғақ тонды, ішікті, көксауыр, шегірен етіктерді, кебіс-мәсіні мұражайдан да таба алмайсың. Бұрын құрылыс ісінде пайдаланылған қыр оюы, қырма өнерінен қазіргілердің білетіні саусақпен санарлықтай ғана болса, оны кезінде орындаған шеберлердің әдіс-тәсілдері өздерімен бірге кетті десек те болар.
Өзімді толғандырып жүрген осы бір өзекті мәселелер жөнінде есімі Сыр еліне ғана емес, елімізге танымал қолөнер шебері, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Маханбет Жәнібек Асанұлымен сұхбаттасудың сәті түсті. Жәнібек жайлы бір-жар деректі айтпасқа да болмас. «Қазақ ССР оқу ісінің үздігі», жоғары санаттағы мұғалім атанған ол шығармашылық жұмыстарын 1987 жылы республикалық қолөнер шеберлерінің көрмесіне қатысудан бастандырады. Сол жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық қолөнер шеберлерінің фестиваліне қатысып, КСРО Суретшілер одағының дипломына ие болды. 1998 жылы Астана қаласының ашылу мерекесіне арналған көрмеге қатысса, 2006 жылы шағын кәсіпкерліктің «Алтын сапа» конкурсының бас жүлдесіне ие болады. Ал, 2008 жылы ҚР Тұңғыш Президентінің музейінің ашылу рәсіміне қатысып, Алғыс хатымен марапатталады. Жәнібектің қолөнер шеберлерінің облыстық, республикалық деңгейдегі сайыстарға қатысып, бас жүлделерді қанжығасына байлағанын санамалап айту әсте мүмкін емес.
Жәнібекке «Қазақ қолөнері кезінде қандай еді, ал бүгінде қандай күйде?» деген сауал тастаған едік. «Жер мен көктей» деп жауабын бастандырған ол ағыла сөйледі.
– Ұмытпасам дейді ол, – 1966, 1968, 1986 жылдары кезіндегі КСРО Министрлер Кеңесінің халықтың көркемөнер кәсібін дамыту мәселелеріне байланысты арнайы қаулылар қабылданды. Оларда халықтың күнделікті тұтыну бұйымдарын өндіру ісін одан әрі арттыру, ұлттық ерекшеліктерді ескеру, қолөнер кәсібінің өнімін молайтумен бірге оның түрлерін мейлінше көбейту мәселесін қойды. Сондай-ақ, халықтық қолөнердің ағаш, тас, керамика, темір түрлерін көркемдеп өңдеу, киіз басу, кілем-алаша тоқу сияқты сан алуан дәстүрлі түрлерін мұқият зерттеп, дамыту шаралары белгіленді. Осы қаулылардың ықпалымен Алматыда сол жылдары «Сувенир», «Тұскиіз» фабрикалары мен «Экспериментті көркем керамика» зауыты ашылды. Өкініштісі сол, жергілікті жерде ешнәрсе де ұйымдастырылған жоқ.
Ал бүгінде, яғни еліміз тәуелсіздігін алғаннан бері Елбасымыздың тікелей ықпалымен ұлттық өнерге деген талпыныс бар. Жыл сайын, болмаса мерекелік іс-шараларға байланысты аймақтық, республикалық деңгейде қолөнер шеберлерінің көрмелері, ұлттық дәстүрдегі іс-шаралар өткізіліп жүр. Демек, келешек ұрпақтардың ұлттық өнерге деген талпыныстары қалыптасып келеді.
Десе де, сіздер мен біздер еліміздің ертеңі үшін бүгінгі ұрпақты білімді, өнерлі болуға баулу бағытында не тындырып жатырмыз, осы ойландырады. Осы бір қағидаға сүйене отырып, бүгінгі жастардың кейбір істеріне көңіліміз толыңқырамайды. Жасыратыны жоқ, жастарымыздың ұлтық өнерге деген көзқарасы мен бейімділігінің кемшін тұстары жетерлік. Өздеріңізге мәлім, қоғамға нарық заманы енуіне байланысты жұмыссыздық жастар еншісіне көбірек тиюде. Егер қолөнерден нәр алған жастар болса өмірден өз орындарын ойып тұрып алар еді. Қазағым: «Кәсібің – нәсібің» деп бекер айтпаса керек.
– Қолөнер дегеніміз – ол кәсіптің бірі де, бірегейі. Ал, кәсіпкерлік – ол адам баласының тіршілік көзі. Неліктен осы қолөнерге деген халықтың ынта-ықыласы төмен?
– «Не себеп?» деген сауалыңа мынадай үш себепті ұсынар едім. Біріншіден, қол үзіп бара жатқан ата кәсіпкерлікке жанашырлық керек. Содан да осы кәсіпкерлікті дамытамыз деп жүрген қолөнер шеберлеріне мейлінше қамқорлық жасалса. Екіншіден, дүкен, базарлардағы полуфабрикаттық тұрмыс заттарын ғана емес, қолөнер шеберлерінің осы заман талабына сай жасаған ұлттық тұрмыстық бұйымдарын неге пайдаланбасқа? Yшіншіден, отбасынан бастап, балабақша, мектептерде ұлттық өнерді насихаттап, оларды жас ұрпақтардың бойына сіңіре білуіміз керек-ақ. Осы үш себеп оң шешімін тапса, жастар ұлттық өнерге бейімделіп, еліміздің әлеуетін көтеруге өзіндік үлестерін қосар еді. Ғылым мен өнер егіз десек, ғылыммен ұштасқан өнер жастарды өнертапқыштық деңгейге жетелер еді.
Сөз орайы келгесін, бір ғана мысал айтайын. Бір қарапайым жапондық азамат еліне Американың атом бомбасы тасталғаннан кейінгі бүліншіліктегі шашылған дүниелер арасынан велосипед пен бір шағын мотор тауып алады. Содан моторды велосипедке орналастырып, одан әрі ізденудің арқасында әлемге танымал «Хонда» мотоциклін өмірге әкеледі. Кейін осы кісі өзінің жалғыз ұлын автокөлік жасау өндірісінің барлық саласынан өткізіп, «Хонда» компаниясының шаңырағын көтергізеді. Ал бүгінде осы компанияның даңқын әлем мойындап отырған жоқ па? Ал бізде осы үрдіс қалай қалыптасуда? Қалталылар емес, сіз бен біз секілді қарапайым отбасылардың өздері ұлы мен қызының қол еңбегімен айналысқанына арланып, ашылып-шашылып, қызметтік орынға қойғысы келетіні өтірік емес. Қазақта: «Тулақтан шыққан дыбысқа сабау да ортақ, тулақ та ортақ», «Салақтан олақ жаман» деген қанатты сөздер бар. Осы бір қағидаттарды ұмытпайық, ағайын.
Сұхбаттасу соңында Жәнібекке өзі жетекшілік ететін «Дәстүрлі өнер» үйірмесінің жұмысы жайлы айта кетуге сауал тастаған едік.
– «Өнер – ағып жатқан бұлақ, білім – жанып тұрған шырақ» дегендей, өнерлі де білімді жастар – еліміздің ертеңі. Содан да сегіз қырлы, бір сырлы қазақ азаматтарын тәрбиелеу үшін баланың жан дүниесін өнердің алуан түрімен байыту қажет-ақ. Бала бойындағы қабілетті ашып, ізденіске жетелеуде үйірменің үйретері көп. Мен өзімді-өзім дәріптеуден бойымды аулақ ұстаймын. Десе де, шәкірттерім аймақтық емес, республикалық деңгейдегі қолөнершілер сайыстарына қатысып, бас жүлделерді қанжығаларына байлап жүр.
Ел аузынан «Ұстаз пейілді болса, шәкірті зейінді болады», «Ұстаз – екінші әкең», «Ұстазыңды өле-өлгенше мадақта, сол емес пе сені қосқан санатқа» деген ұлағатты сөздер қалған. Содан да балаларды ұлттық қолөнерге баулу – менің парызым мен қарызым.
Түйін:
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні сол, ағайын, ұлттық дәстүріміз бен өнерімізді жас өрендер бойына сіңіруге, көптің игілігіне айналдыруға жан сала жігер жұмсап, жұмыс істеуіміз қажет-ақ. Сонда ғана шәкірттеріміздің шеберліктері арта түсіп, ұлттық өнеріміздің өркен жаятыны ақиқат. Қазақ қолөнері қайда барады? Демек, осы бір толғақты сұрақ біздерден талпыныс сұрайды.
«Ойды ой қозғайды» деген көкейдегі сауалды сіздердің ой таразыларыңызға ұсына отырып, тамшыдай болса да пайдалы іске қозғау болар деген үміттеміз.
Еркін ӘБІЛ.
ТАҒЫЛЫМ 22 қазан 2013 г. 4 627 0