ҰМЫТЫЛМАС ҰЛАҒАТ ИЕСІ

Даңқты Ыбырай атамыздың ауылынан елге танымал атақты адамдар көп шыққан. Содан болар, мұнда сырттан қонақтар ағылып, келіп-кетіп жатады. Бұған ауыл тұрғындарының еті үйреніп кеткен. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, бүгінгі қуанышты хабар да мектеп оқушылары мен ұстаздардан тарап жатты. Сүйіншілегендер де аз болған жоқ. Несі бар, «Жақсы сөз – жарым ырыс» болды. 

Жуырда Шиелі ауданындағы №149 «Қызылту» орта мектебіне Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы келіп түсті. Онда «Шиелі аудандық білім бөлімінің №149 «Қызылту» орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне Әлиакбар Монтаевтың есімі берілсін» делінген. Ал, қуанбай көр. Осындайда «Жорға аттың қадірін тақым менен бел білер, азаматтың қадірін жақыны емес, ел білер» деген халқымыздың даналығы ойға оралады. Иә, бұл Ә.Монтаевтың отбасы ғана емес, бүкіл аудан жұртшылығы көптен күткен жаңалық болатын.

Әлиакбар Монтаев 1954-1964 жылдар аралығында аудандағы №149 «Қызылту» орта мектебінде оқу ісінің меңгерушісі, осы жылдан 1984 жылға дейін жиырма жыл аталған мектептің директоры болып, абыройлы қызмет атқарды. Ол кезде тәртіп те, талап та ерекше еді. Онымен қызметтес болған әріптестері «Қазақ ССР және КСРО халық ағарту ісінің озат қызметкерлері» М.Қолдабаев, Е.Есенгелдиев, М.Рүс­темов, Ә.Ахметов, А.Бәкіров, К.Жәукебаева, Х.Құ­нан­қа­раев, Б.Жанаева, Қ.Пірназаров, Н.Аха­но­ва, С.Аймаханов, Д.Сұлтанов, Р.Мауия­ұлы, С.Әлтаев, С.Аман­жо­лов секілді директорлар ауданда мықтылар саналатын. Оның үстіне Әлиак­бар ағамыздың тұсында ауданның білім бөлімін осы саланың саңлақтары Д.Тайманов пен Ж.Зермұхамедов басқар­ғаны белгі­лі. Мектептер үнемі бір-бірімен бә­се­ке­де, жарыста жүретін. Дирек­тор­лар­дың іскерлігі мен біліктілігі, ұй­ым­дастырушылық қабілеті, ұжымды басқару тәсілі, мектептегі педагогтардың жетістіктері, моральдық жағдайы, арыз-шағымдар мен мұғалімдердің тұрмыстық-әлеуметтік ахуалдарына дейін, сондай-ақ оқушылардың сабақ үлгерімі мен тәлім-тәрбиесіне жауаптылықтары да ескерілетін, сұра­латын, талап етілетін, қатаң партиялық шаралар көрілетін. Мұның бәрі Ұлы Отан соғысында шың­далған, өмір тәжірибесі жетер­лік, кешегі майдангер, запастағы майор Ә.Монтаев үшін қиындық туғызған жоқ. 

Монтаев Әлиакбар Сағындық­ұлы 1923 жылы 12 қыркүйекте қазіргі Керделі ауылдық округіне қарасты №13 ауылда (бүгінгі Еңбекші ауылында) дүниеге келген. 1940 жылы Шиелі қыстағы орталығындағы №45 «Октябрьдің 14 жылдығы» атындағы орта мектепті тәмамдайды. 1940-1941 оқу жылында «Еңбекшідегі» бастауыш мектепте мұғалім болады. 1942 жылы маусым айында әскер қатарына шақырылады. Осы жылдың күзінде Ұлы Отан соғысын Сталинград майданына қатысудан бас­тайды. Генерал Рокосовскийдің армия­сында болып, Сталинградты қорғау үшін кескілескен ұрысқа қатысады. 1942 жылы 12 желтоқсанда ауыр жараланып, дала госпиталіне түседі. 13 ақпан 1943 жылы Сталинград жаудан азат етіліп, әскерлер батысқа қарай бет алады. Қайсар жауынгер Ә.Монтаев 1-Беларусь майданының қолбасшысы генерал Г.Жуковтың армиясы құрамындағы 77-гвардия дивизиясының 86-ерекше саперлық батальонында Польшаның астанасы – Варшава қаласын, Ковель қалаларын неміс фашистерінен тазалау ұрыстарына қатысады. 1943 жылдың күз айында Москва қаласындағы әскери инженерлер командирлерін дайындайтын 3 жылдық училищеге соғыс даласынан жіберіледі. Алғыр жігіт Әлиакбар ол оқуды жеделдетіп, 8 айда бітіріп, офицерлік атақ алады. Ол Г.Жуковтың армиясы құрамында саперлер взводының командирі бола жүріп, Германияның ас­танасы Берлинді алуға қатысады. Өзі­нің төзімділік, ұстамдылық, өжет­тілік қасиеттерін, әскери кәсіби шебер­лігін аңғарған қолбасшылар қазақ офицері Ә.Монтаевты Берлин қаласы аймағындағы АҚШ пен Англияның шекарасындағы заставаға бастық етіп тағайындайды. Осы қызметімен 1946 жылдың соңында елге есен оралған Ә.Монтаев жасында өзі қала­ған ұстаздық жолын жал­ғас­тырып, №148 «Гигант» орта мек­тебіне мұғалім болып орналасады. Білімге бейім ол 1948 жылы Қызылорда педагогикалық училищесін, 1958 жылы Н.Гоголь атындағы пединс­титуттың  тарих факультетін сырттай оқып бітіреді. Оның зеректігін, білгір­лігін, азаматтық парасатын зерделеген білім бөлімінің басшысы Д.Тайманов өне­гесімен танылған Ә.Монтаевтың ал­дыңғы қатарлы басшылықта болғанын қалайды, соған лайық көреді. Көреген көз жаңылыспапты, №149 «Қызылту» орта мектебінің он жыл оқу ісінің меңгерушісі, жиырма жыл директоры болып үздіксіз қызмет атқарып, мыңдаған шәкірттер тәрбиелеген ұстаздың еңбек жолы кімді болса да толғандырады. 

Бейбіт заманда Әлиакбар ағамыз ауданның қоғамдық өміріне белсене араласты. Қарапайым, елгезек, шымыр денелі, көбіне ой құшағында жүретін кісі еді. Сол жылдары аудан мектептерінде соғыс және еңбек ардагерлерімен кездесу жиі болып тұратын. Октябрят, пионер, комсомолдарға патриоттық тәрбие беру – басты назарда ұсталатын. Аудандық пионерлер үйінде біз де Әлиакбар ағаймен кездесу өткізіп, мойныма қызыл галстук тағып, пионер қатарына құрметпен қабылданғанымыз, ағайдың соғыс жайлы айтқан әңгімелері бүгінгідей көз алдымда. Байсалды қалпынан таймайтын алып тұлғалы ұстаздың өмірден озғанына да жиырма жылдың жүзі болыпты. Ардақты ағамыз 1999 жылы 76 жасында дүние салды. Әлиакбар Сағындықұлы өзінің саналы ғұмырын бала тәрбиесіне, жас ұрпақты білім нәрімен сусындатуға арнады. Жан дүниесі жайсаң, халқының құрметі мен сүйіспеншілігіне бөленген ұлағатты ұстаз, іскер басшы, қамқор әке, жанашыр жолдас болды. Жан жары, өмірлік серігі, зайыбы Шонық екеуі жеті ұл-қыз тәрбиелеп өсірді.

Өз балаларын өзге оқушылармен тең дәрежеде ұстайтын. Соның нәтижесінде алты ұл, бір қызы мектепті үздік бітіріп, жоғары білімді  мамандар атанды. 

Үлкен ұлы Алмасбек Монтаев – дәрігер, «Медицина саласының үздігі», зейнеткер, Астана қаласында тұрады. Дүйсенбек те Астананың тұрғыны, инженер-механик мамандығымен қыз­мет етті. Қазір зейнеткер. Базарбек инженер-технолог болды. Шымкентте тұрақтап қалды. Сәрсенбек Монтаев – техника ғылымдарының докторы, профессор, академик. Орал қаласы ғы­лыми-зерттеу институтының директоры. Қарашаңырақтағы ұлы Сламхан Әлиакбарұлы –  инженер-экономист,  қазір Иіркөл ауылдық округінің әкімі, Ы.Жақаев ауылында тұрады. Талғаты инженер-металлург мамандығын алған, қазіргі заманға бейімделген кәсіпкер, Шымкент қаласында тұрып жатыр. Кенже қыздары Мәдина жоғары білімді педагог. Ол да Шымкентте, қазір белгілі кәсіпкер. Осы ұл-қыздарынан өрбіген 17 немересі де білім қуған студенттер, жоғары оқу орындарын тәмамдаған банк, құқық қорғау органдарының қыз­мет­­керлері, дәрігер, ғалымдар. Ал Ар­дақ Базарбекұлы – философия ғы­лым­­дарының докторы, М.Әуезов атын­дағы мемлекеттік университетінің оқыту­шысы.

Елдің ардақтысына айналып, ғиб­ратты ғұмыр кешкен ұстаз ағаның өнегелі өмірі мәңгілікке жазылып қалды деген осы шығар. Көп еңбек еткенге шынында бақыт басын иеді екен. Соғыс және еңбек ардагері болған Ә.Монтаев жаумен айқаста көрсеткен ерлігі үшін жауынгерлік «Қызыл Жұлдыз», Ұлы Отан соғысының 1-ші және 2-ші дәрежелі ордендерімен және «Ерлігі үшін» «Сталинградты қорғағаны», «Варшаваны алғаны үшін» медальдарымен марапатталады. «КСРО және Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздігі» белгілерінің иегері. Сонымен қатар, С.Монтаев аудандық, облыстық кеңестердің бірнеше шақырылымның депутаты болған Шиелі ауданының қадірлі азаматы еді. Иә, жақсының аты өшпейді.


Өркен ИСМАИЛ,

ҚР Журналистер одағының мүшесі.

ТАҒЫЛЫМ 06 қазан 2018 г. 980 0