Ұстазы мықтының ұстанымы мықты

Есімін бүкіл ел қадірлеген Қазақ КСР халық ақыны Манап Көкеновтың өнеріне, елге жасаған еңбегіне бала кезден қанық болып өстік. Ол кісінің өнеріне өз заманында да лайықты баға берілді және жылдар өткен сайын манаптану мектебінің мәртебесі биіктей түсуде. Ол кісінің өнері, еңбегі туралы айта отырып, біз онымен мақтанатын ұрпақтың қатарынанбыз. Менің айтпағым, "ұстазы мықтының ұстанымы мықты" дегендей, өмірде аға-іні болып сыйласып, өнерде ұстаз-шәкірт болып бір-бірін құрметтеп өткен жандардың ұрпағы ретінде өз пікірімді білдіру.

Осыдан біраз жыл бұрын газеттер тігіндісінің арасынан әкем Әмір Мәжитовтың «Алтынды қолда барда қадірлейік» деген мақаласы жарияланған аудандық газетті санын кезіктірдім. Онда, есімде қалғаны, Сыр өңірінен шыққан өнер майталмандары Нартай ақын, қос Жүсіп пен Тұрмағанбет, Әлшекей, Құтбай, Әбужүсіп, Шамшат Төлепова, Нұртуған жырау, Құлан ақын және тағы басқа мұралары көзі тірісінде бағаланбай, жинақталмай қалғаны айтылады. Сол сияқты ақындар Манап Көкенов, Есіркеп Қоңқабаевтың шығармашылығын дер кезінде зерттеп, жинақтап, насихаттау, айтыс мектебін ашу туралы мәселе көтерген екен.

Ол кезде мән берілмегенмен осы кезде Манап Көкенов атындағы шығармашылық мектебінің ашылуына оның  басшысы болған әкемнің қосқан үлесі бар екен.

Бала кезімнен бастап ол кісінің отбасымыз үшін құрметті адам екенін түсіндім. Әкемнің ол кісіні піріндей сыйлап, ұстаз тұтатынын ол кезде соншалық дәрежеде бағалай алмасақ та, аға-іні ретінде риясыз сыйластығын көріп ер жеттік. Олардың сыйластығынан даладай дархан пейілді, қалтқысыз ұғынған аға-іні сыйластығының үлгісін көрдік және оны көңілімізге тоқып өстік. Әкеміз ол кісінің әрбір сөзін, пікірін ешқашан жерде қалдырмайтын. Ардақ анамыз да жары сыйлаған ол кісіні ерекше құрмет тұтатын. Арнайы дайындалып жайылған дастарханнан өзге, өнер адамдары болған соң ба, әлде жұмыс реттеріне орай ма, тәуліктің кез келген уақытында үйге келуі біз үшін таңсық емес-ті. Кейде совхоз аралап, концерттен түн жарымында келсе, кейде табан астынан қалаға жиналысқа баруға тура келсе, анамыз киімдерін дайындап беретін. Қай уақытта келсе де анамыз қабақ шытпай, ас-суын дайындап, хандай құрметтеп күтіп алатын. Ардақ анамызды «қарындасым» деп бауырындай жақсы көретін. Жалпы, ол кездегі өнер адамдарының арасындағы қарым-қатынас, Есағаң бар, жарықтық Мариям Раишева әжеміз бар, Бексұлтан Байкенжеев, Адырбек Сопыбеков, Қуат Алдабеков, Әбілтай Сүлейменов, Нұрберген Тастаев, Әбдіқадір Әбдіқалықов, Есен Оңалбаев, Аманбай Өтебаевтар және кейінгі толқындар Сауран Елеуов, Қалила Умаров, Дүйсен Сыздықов, Қазыбек Башаров, Қалтай мен Мәдениет және тағы басқа ағалар бар, айтары жоқ, керемет еді ғой... 

Кейін, есейіп ер жеткен соң, әкемнің жазған шығармаларын оқи отырып, ол кісілердің арасындағы рухани жақындықтарының соншалықты тереңділігіне көз жеткіздім. Әкеміздің мамандығына байланысты басқа салада жүрсе де бойындағы қасиетін дәл танып, өнерден қол үзбеуіне, сан қырлы талантының ашылуына бірден-бір себепкер болған ұстазы, рухани демеушісі болғанын білдік. Әмір әкеміздің шығармаларын оқып  отырып, өзінің ұстазы алдында, шәкірттік  парызына аса мән бергенін көреміз. Шопандар тойы кезіндегі ақындар айтысындағы «Бастау» деген өлеңінде, мынандай шумақтар бар.

«Мың сәлем, қасиетті қарт Қаратау,

Жайқалған қазыналы, бақшалы бау.

Тарихи тағдырыма куә болып,

Жатсың ба тапжылмастан сен де есен-сау?

Қартаймай тағы келдік етегіңе,

Құлаққа мұңымды айтсам жетеді ме?

Айырылдым қос арысым, қос ағамнан,

Өзіңе айтқан арыз өтеді ме?

Есіркеп, жайлау көркі Манап ағам,

Халқының қалаулысы қалап алған.

Жеке кеп қанша дүбір жиын тойда,

Жүлдесін ел алдында санап алған.

Айтыстың Манап бастап сара жолын,

Халқының қасиетін айтып керім,

Кәдімгі қарапайым қасиетімен,

Тарихтан өлмес, өшпес алды орын.

Дүниеден кетсе де олар тағдыр жетіп,

Аймақты мұңға бөлеп дірілдетіп,

Ешқашан өлең-өнер өлмек емес,

Мәңгілік өмір жүрер дүрілдетіп.

Ағалар жалғастырып өнегесін,

Айтыстың кең жаяйық керегесін.

Ақындар, жыр төгіңдер түйдек-түйдек,

Қыздырар көрген жұрттың делебесін» деп тербетілсе,

Манап Көкенов ағасы қайтыс болғанда жазған «Қалар бейнең әр жүректе сақталып» атты  арнауында

«Асқар тауым, алдымдағы

Әнұраным, мақтаным.

Қол жетпесім, бағыт-құбылам,

Заңғар биік аспаным!

Жансыз бейнең еңсемді алып,

Кетті мені теңселтіп.

Көзің жұмып, үнзіз,тілсіз,

Аққа оранып жатқаның » - деп тебірене толқып, өзі үшін ұстаз

 ағасының қаншалықты қымбат тұлға болғанын жүрек жарды жырына қосыпты.

Әкеміздің тағы бір еңбегі – өнерде өлшемі жоқ, марқасқа ұстазы Манап Көкенов туралы «Байтерек» атты пьеса жазып, оны «Бірлік» халық театрында  өзі режиссерлік жасап, өзі рольде ойнап,  сахналауы. Бұл туралы баспасөз беттерінде «Пьеса көрерменнің көңілінен шықты. Ақынның жан азабы мен жан рахатын теңдей таразылап, елене бермейтін ерекшеліктерді дөп басқан драма көрерменнің көзайымына айналып кетті. Образды ашуда драматург кейіпкер кейпіне еніп, ақын болып сөйлеп, ақын болып шабыттанатын қасиеттерін игеруі керек. Әмір Мәжитовтың артықшылығы сол, Манаптың маңдайына біткен табиғат тартуын сезіне білді, қасиетін жүрегімен ұқты. Мұндай мақсатқа жету екінің бірінің қолынан келмейді» (Қ.Әбдуов) деп жазды.

Иә, бұл күндері жұртты өнерімен табындырған Манап Көкенов атамыздың 90 жылдығы аталып өтуде. Осы жағдайға орай, ата-анамызбен өмір бойы сыйласып өткен аға жайлы бір ауыз естелік айтуды парыз санадық. Әмір әкемізге ұстазы Манап ағасының қазасы да жүрегіне қатты әсер еткен болу керек. Рухани жақындарын жоқтай жүріп, жылына жетпей өзі де мәңгілік сапарға аттанып кете барды. Ол кезде бала болдық, көп нәрсені зерделей алмаған да шығармыз. Бірақ, біздің бала көңілімізде сонау жылдардан қалған жылы сезімдер ешқашан өшпейді. Риясыз сыйластық жолын ұстанып өмірден өткен, бүкіл ата-ана, бабалардың жандары жанатта болсын.


Нұрпейіс Мәжитов, 

Қызылорда қаласы.

ТАҒЫЛЫМ 02 қазан 2018 г. 1 413 0