Сыр өңірі білімі мен білігі, кәсіби шеберлігі мол заңгерлер қауымынан кенде емес. Бұлай болуы заңды да сияқты. Әділдік жолында халқы үшін құрбан болған жалынды күрескерлер С.Есқараев, Н.Нұрмақов, С.Мәмбеевтер осы жерде дүниеге келді. Олардың ізін ала Сыр топырағы тағы да бір қауым заң заңғарларын түлетіп ұшырды. Осындай биік тұғырлы тұлғалардың ішінде шоқтығы биік бір адам бар. Ол еліне елеулі, халқына қалаулы болған азамат – Иманғали Сейітов еді.
Тау тұлға туралы қанша айтса да, көптік етпейді. Біз оны облысымыздағы прокуратура саласында жоғары атаққа ие болған алғашқы генерал ретінде де мақтан тұтамыз.
И.Сейітов 1928 жылы желтоқсан айында Арал ауданы, Жамбыл ұжымшарында дүниеге келді. 1947 жылы Арал қаласындағы Т.Г.Шевченко атындағы 10 жылдық мектепті бітіріп, Ташкенттегі Орта Азия университетіне оқуға түседі. 1952 жылы жоғары заңгерлік білім алғаннан соң туған жерге оралды. Әуелі теміржол бойындағы қауіпсіздік саласында мамандық әліппесін бастап, бір жылдан кейін облыстық прокуратураға ауысып, алпысыншы жылға дейін осы мекемеде әртүрлі жауапты қызметтерді атқарды. Бұдан кейінгі 6 жылда Шиелі және Жаңақорған аудандары прокуратурасында қызмет етті. Заңдылықты сақтау, әділдіктің орнығуына білім мен жастық жігерін жұмсап, тәжірибесін молықтыра түсті. Осыдан кейін оның қызметтегі өсу, өрлеу баспалдақтары басталды. 1966 жылдың басынан 1968 жылдың қараша айына дейін Қызылорда облысы прокурорының орынбасары қызметін атқарды. 1968 жылы Қызылорда облыстық сотының қылмыстық істерді қарайтын орынбасары, одан соң Қызылорда облыстық сотының төрағасы болып қызмет етті. 1973-1979 жылдар аралығында Қызылорда облысының прокуроры, 1979 жылдың қараша айында Атырау облысының прокурорлығына тағайындалды.
Абзал азамат салада отыз жылдан астам жемісті еңбек етті. Республикаға айрықша еңбегі сіңген зейнеткер ретінде құрметті еңбек демалысына шықты. Бір басына жетерлік атаққа қол жеткізді. Сейітов 3-дәрежелі мемлекеттік заң кеңесшісі болды. Прокуратура органының құрметті қызметкері, ҚР Жоғарғы Кеңесі Президиумы, Қызылорда, Атырау облыстық атқару комитеттері және КСРО Орталық Кәсіподақ органының құрметті мақтау қағаздарымен марапатталды.
Міне, ол осындай биіктерге шықты. Бірақ әдепсіз әрекеттердің бір де бірін бойына жуытқан жоқ. Ол осы қасиеттерімен бізге мәңгі үлгі-өнеге болып қала береді. Өйткені, ол тазалықтың, адалдықтың, әділдіктің, имандылықтың куәсіндей еді. Кейінгі буын өкілдеріне айтар тәлімі мол әңгімесі де көп болатын. Соның бірін әріптес ағаларымыздың естелік жазбаларынан оқып-біліп отырамыз.
1969 жылы Арал ауданының тұтынушылар кооперативінің қызметкерлері көптеген қаржыны талан-таражға салғаны үшін айыпталып, олардың қылмыстық ісі қаралады. Ол кезде И.Сейітов облыстық сот төрағасының орынбасары екен. Сот үкімі бойынша әрбір айыпкер тиісті заңмен жазаланды. Сол жұмысты бітіріп келгеннен кейін обкомның бірінші хатшысы Хасен Бектұрғанов шақырып алады: «Аралға барып қылмыстық іс қарап қайтасың. Кетіп бара жатып бізге, онда барғанда райкомға неге кіріп айтпадың?» - деп ескертпе жасады. Сейітов хатшыға: «Қылмыстық іс 10 күн бұрын қарау үшін дайындалған. Облыстық, аудандық прокуратураға, аудандық сотқа хабарланған. Облыстық сот сіздерге келіп жүрсе, халық бізге не дейді? Әділдік қайда? Солармен келісіп, тапсырма алып келген демей ме?» - дейді. Хасекең жайбарақаттанып: «Мұның дұрыс сөз екен» - деп келісті. Бұл біздің келешек жұмысымыздың қалыпты жүріп отыруына үлкен әсерін тигізді, - деген болатын И.Сейітов. Әріптестері осылай еске алады.
Тағы бір оқиғаны айта кетейік. 1978 жылы аудандардың бірінде үлкен қылмыстық оқиға орын алады. Дереу іс қозғалып, тексеріле бастағанда мемлекет банкісінен алған ірі көлемдегі ақшаның талан-таражға салынғандығы анықталды. Қылмысты ашу оңайға түспеді. Істі тексергенде бухгалтерлік құжаттардан сезікті ештеңе табылмайды. Істі одан әрі жіті анықтауға тура келеді. Соның нәтижесінде архив құжаттарының ішінен банктен алынған ақшаның кімдерге берілгендігі туралы жазылған дәптер табылды, қылмыстың беті ашылды. Сол кезде обкомның екінші хатшысы С.Сәрсенбаев Сейітовті шақырып алады. Істің жағдайын сұрап, оқып танысу үшін оны обкомға әкелуді сұрайды. Ол заң талабы бойынша тергеу орындары істі жүргізіп жатқанда оқуға, танысуға бермейтіндігін оған түсіндіреді. Істің қорытындысын жазбаша түрде баяндайтынын айтады. Бірақ ол кісі: «Егер бірінші хатшы өзі болғанда, ол кісі жолсапарда еді, қағазды орындар едің» деп ренжіп қалады. Шамалы күннен кейін обкомның бірінші хатшысы Сәрсенбаев екеуін шақырып алып, тергеп жатқан іске өзінің және басқа да партия басшыларының араласпауын тапсырады. «Бұл құқық қорғау қызметі үшін үлкен бедел болды», - дейді әріптестерінің естелік жазбаларында.
Әрбір қызметте адамгершілік деңгейді биік ұстай отырып, заң талаптарын бұлжытпай сақтауды және қадағалауды, іскерлік пен ұйымшылдықты басты назарға қойды. Шәкірттерін білікті маман болуға, адалдық, әділдікке тәрбиелеп, ең асыл қасиеттерге баулыды. Құқық қорғау саласындағы кәсіптік білімі мен біліктілігі, парасат-пайымы мен табандылығының арқасында әділдік пен туралықтан тайған жоқ.
Иманғали Сейітовтің шәкірттері еліміздің әр түкпірінде құқық қорғау саласында еңбек етеді. Өз қатарластары Ы.Қобланова, Ө.Қиязов, Д.Жансүгіров, А.Тәжімбетов, А.Досмайыловтармен бірге құқық қорғау саласының дамуы жолында жемісті еңбек етті. Кезінде облыстың құқық қорғау органдарының басшылары болған Т.Рахимов, А.Әлібаев, Б.Асқаров, Ғ.Төлеухан және басқалары ұстаз сенімін ақтап, олар да көптеген шәкірттер тәрбиеледі. Аға буын ұрпақтың айтуынша, достықты, жолдастықты жоғары бағалайтын еді. Сырдың көптеген зиялы да ардақты азаматтарымен дос-жаран, сыйлас болды.
Еліміздің заң саласында еткен осы елеулі еңбегі мемлекет пен қоғам тарапынан лайықты бағасын алды. Атап айтсақ, 1975 жылы Қызылорда облысы бойынша бірінші болып КСРО дәуірінде жоғарыда айтқан үшінші дәрежелі мемлекеттік заң кеңесшісі – генерал атағын иеленді. КСРО прокуратура органдарының құрметті қызметкері атағын алып, медальмен марапатталған.
Қоғам өмірін де назардан тыс қалдырмаған Иманғали Сейітов аудандық, облыстық кеңестердің депутаты болып сайланды. «Елін сүйгеннің еңсесі биік» демекші, лауазымды мемлекеттік шендер, түрлі медальдармен, құрмет грамоталары мен басқа да мадақтаулар алды. Кейін зейнетке шықса да, еліміздің қоғамдық өміріне белсене араласты. 15 жыл бойы Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары болды. Қадірменді ақсақал ретінде халықтың әлеуметтік хал-ахуалын жақсартуға, облыс экономикасының, мәдениетінің өркендеуіне өз үлесін қосты.
Ол үлкен шаңырақтың, әулеттің асқар тауы еді. Зайыбы Күлбахрам апамыз мектепте ұзақ жыл шәкірттер тәрбиелеген аяулы ұстаз болды. Өнегелі шаңырақтан өрбіген ұл-қыздары Талғат пен Бағдагүлден немере-шөбере сүйіп, олардың қызығын көрді. Бүгінде белгілі әулет ата дәстүрлеріне сусындап келеді. Қай уақытта болса да, өзінің білімі мен ақыл-парасатын, күш-жігерін аянбай жұмсаудың үлгісін көрсетті. Атаның өмір жолы мен өнегелі істері кейінгі ұрпақ үшін сарқылмас мұра болып қала беретіні сөзсіз.
Бүгінгі күні Қызылорда облыстық сотының төрағасы Қамбар Жұмабайұлы Нұрышевтің бастамасымен қайта жаңғыртылып, ашылған мұражайда И.Сейітов туралы көптеген деректер бар. Ұстаздың шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде өз ісінің шеберіне айналған. Жұртшылықтың лайықты құрметін иеленген, «Тура биде туған жоқ» деген қағиданы дәйекті жүзеге асыра алған Иманғали Сейітов атамыз тірі болғанда торқалы 90 жасқа келген мерейтойын атап өтер едік.
Бүгінде тұғыры биік, ұрпаққа үлгі тұлғаның сабырлықты, қоғамдағы мінез-құлықтың нормалары мен қағидаларын сақтау, мәдениет пен дәстүрге ұқыптылық көзқарас қалыптастыру қасиеттерін бойына сіңіріп, сындарлы сәтте салиқалы шешім қабылдай білген өз ісінің кәсіби маманы ретінде қызмет атқаруда.
Біздер ұлағатты ұстаз Иманғали Сейітовтің: «Бұл жұмыс жалтақтықты көтермейді. Әділдік, тазалық керек, адам қай жұмыста жүргенде де адал жүріп, жұмысты таза істесе, марапаттың да, абыройдың да ең үлкені сол болмақ», - деген өмірлік ұранын ұстанып келеміз.
Сәуле ӨТЕГЕНОВА,
Қызылорда қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы.