« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Баяу... Баяу ағып жатыр... Бүгін баяу ағып жатқан Сырдарияның жағасында тұрмын. Сарыарқаның күзгі қоңыр салқыны ұра бастаған Астананың бойыңды тоңазытар кешегі кешінен кейінгі Сырдың мына жағасындағы жайлы рай жанымды әлдебір ой арнасына салатындай...
Қашан болсын ағысының арыны қатты мына Сырдың бүгін баяулап, асау мінезінен қайта қалғаны несі екен?! Менің де көңілім баяу да қаяу бүгін...
Ауыр бір ой арқалаған жанымның сыр жағалауы да қоңыр кештің қоңыр тіршілігінің күйін шерткендей. Елегізи беремін... Кімді жоғалттым?! Кімді іздеймін?! Өзімнің ой-санамнан осыны сұраймын. Үн қатар емес ешкім де! Мүлгіген үнсіз тіршіліктің жар жағасында қашан болсын жалғыз қаларыңды бүгін болмаса да, ертең сезінерің де анық екен. Сол күйдемін. Әлден уақытта әлдекім «Мұратжан» дегендей болды. Апыр-ау, мынау таныс үн ғой! Кім бұл, кім?!. Селт еткен жан дүниемнің жады оянды ма, «апыр-ау, мынау Сейілбек ағамның үні ғой» деп тылсым тіршіліктің айналасынан ағаны көрер ме екенмін деп тағы да елегізідім. Жоқ... ешкім де көрінбейді... Ғайып дүние...
Бәлкім, бүгінгі бар дүниенің ертең жоғалары сияқты адам баласының да тіршілігі үзіліп барып, осылай ғайып болар ма екен?! Күні кеше ғана өзіміз ағалап жүрер Сейілбек Шаухамановтың, менің әз ағатайымның бар ғұмыры өткен мына Сырдың да мұңға батып және де ауыр бір оймен күйзеле де, баяу ағып жатқаны да сол өз арысының қазасының қасіретін әупірімдеп көтеріп бара жатқаны да болар?!
Талай да талай арыстардың тіршілігін ағызып алып кетіп жатқан мына ажалды дүниенің жағасын бәріміздің де жағалап жүргеніміз де анық. Алайда күні кеше ғана елі мен халқының ортасында жүрер, әркімнің шаңырағының төрінде отырар, көсіле сөйлеп, ағынан жарыла батасын беріп жатар Сейілбек ағаның өнегелі өмірі мен ғибратты ғұмыры енді ешқандай да және де ешбір теңіз бен мұхиттың арнасына сыймайтын сияқты. Өйткені Шаухамановтың бар саналы ғұмыр дариясы жаратылысынан тек өзіне ғана тән өз тереңдігімен, өз санасымен, өз арманымен, өз ойымен, өз арнасымен ақты. Иә, сол терең де таза, арлы да арманды, ойлы да арналы ғұмырының сексенге жетіп жығылған кезеңдерін ой сарасынан зерделеп өткізер болсақ, ғұмыр дариясының өзіне бұйырған күндері мен апталарын, айлары мен жылдарын Сейілбек аға мәнге де, өнегеге де толы, ұлағат пен парасатқа да толы өмірдің өрі мен төрінде, биігі мен белесінде өткізді. Туа салып биліктің тізгінін ұстамағаны да анық. Жалаңаяқ жар кешіп, табанын тас тіліп, алақанын күс басып жасынан еңбекке араласқаны да болды. 1962 жылы Алматы ауыл шаруашылығы институтын бітіріп, жоғары білім алған аға өмірінің тағы бір кезеңдерін еске алар болсақ, ол бір тарих және де сол тарихтың жиырмасыншы ғасыры мен жиырма бірінші ғасыры аралығындағы, болмаса осы бір екі кезеңнің өлара тұсындағы өмір болатын.
Жуыр маңда құрылғанына бір ғасыр толғалы отырған кешегі лениндік комсомолдың Сырдария мен Тереңөзек аудандық комитеттерінің бірінші хатшысы болудан басталған Сейілбек ағаның кешегі кеңестік жүйе кезіндегі партия-кеңес саласындағы жолы небір биік лауазым сүрлеуімен жалғасып жүре берер еді. Сол жалғаса берер ағаның абыройлы жолының тарихы әлі де жазылар деген сенімдемін. Ал енді бүгінгі айтарымыз Сейілбек аға кеңшар директоры, аудандық атқару комитетінің төрағасы, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған кезеңдерінде ел өмірінде үлкен абыройлы із қалдырған және сол абыройдың биік асуына да көтерілген жан болатын. 1987 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің инспекторлығы лауазымында жүрген ағаның Талдықорған облыстық атқару комитетінің төрағасы болып сайлануы соның бір айғағы болса керек-ті.
Тарихтың қилы-қилы кезеңдерінің, әсіресе соның ішінде кешегі Кеңес одағы ыдырап, қазақ елі өз тәуелсіздігін алған аса бір күрделі тұста Сейілбек Шаухаманов сынды ақылы мен парасаты, тәжірибе білігі қатар өріліп, ысылған да шыңдалған адамның өз елімізде, Сыр өңірінде болғаны қызылордалықтардың бағы болды десем, мені сөкпессіздер. Қазақтың қайталанбас біртуар азаматы Еркін Әуелбековтен кейін Қызылорда облысының басшылық лауазымына келген Сейілбек Шаухамановтың қос иығына елдің ауыр жүгі түсті. Қазақстанның өз тәуелсіздігін жариялаған сол бір тоқсаныншы жылдардың ауыр да қиын кезеңдерінде күн сайын құлдырап бара жатқан экономиканы да, жүдеп бара жатқан халықтың тұрмысын түзеу де оңайға түспегені ақиқат. Және де сол бір кезеңде тәуелсіздікке деген ел сенімін ояту, Елбасының жүргізіп отырған саясатының мәні мен маңызын кең бұқараға жеткізіп, дұрыс жол таңдап алғанымызды және де осы бағытпен күні ертең-ақ жетіліп кетерімізге иландыру мен ойландыру, халықты болашаққа талпындыру, оларды күрделі нарық жағдайындағы іске жұмылдыру айтқанға ғана оңай болар, бәлкім?!
Өтті де, кетті дейтін сол кезеңдердің ерлерінің бірі Сейілбек Қызылорда облысының өз жолымен дамып, өркендеп кете алатын жағдайы мен мүмкіндігі бар екендігіне өзгелердің көздерін жеткізе білген де тұлға болды. Қызылорда облысының тұңғыш әкімі, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының тұңғыш депутаты сияқты небір биік лауазымдардың орынтағында жай отырған жоқ. Осы бүгінгі сіз бен біздің Қызылордамыздың жайы мен жағдайын ойлап, шешімін күтіп тұрған небір өзекті мәселелерін шешуді ойластырып, солардың орайын келтіріп, бар жегені елдің қамы болды. Кердері Әубәкір айтқан «Жігітке ерлік те оңай, билік те оңай, егер қабырғалы болса халқы» дейтін сөзі бар. Халықтың қабырғалы болуы үшін перзенттерінің: «Бағасын бір Құдай берсін, игілігін халқым көрсін» – деп ететін еңбегі керек. «Әуелі халқыма болсын, халқыңда болса, мен де жерде қалмаспын» – деп істейтін қалтқысыз қызметі керек. Әсіресе, тәуелсіздікке енді қолы жетіп, тарихи мүмкіндікті іс қылып, шығуды енді діттеген ілгері тілеулі қауымға халқымен біте қайнасып, оның өмірлік мүдделері жолында аянбай еңбек ететін ет бауыр азаматтар керек. Олай болса, Түгіскеннің төрінде қара кемпір мен қара шалдың қойнында өсіп, ой сауып өскен, халқы кешкен қара борбай тіршіліктің ащысынан да, тұщысынан да бірдей дәм татқан Сейілбек ағамыздай ұлдар болмағанда, ондай ел үшін өзегін үзетін ет бауыр азамат қайдан шығады?! Сондықтан да тәуелсіздіктің атқан таңында әлеуметтің артқан үміті де, жүктер міндеті де, көрсетер сенімі де көп болды. Оны барлық шама-шарқы жеткенше Секең ақтады деп ойлаймын. Ағадан өшпейтін із де, атқарған іс те, ғибратты да ұлағатты сөз де қалды.
Сөз демекші, Сейілбек Шаухамановтың ешкімге дес бермес шешендігі мен көсемдігін өз басым ой жинақтап, ел ісіне араласа бастаған кезеңдерден бері анық тани бастадым. Өз өмірінің соңғы бір салиқалы кезеңін Қызылорда облысының соғыс және еңбек ардагерлері кеңесін басқарумен өткізген ағаның өзінің тұла бойындағы туабітті әлде бір тектілік, әлде бір ерекше қасиетімен қалың елдің ынтымағын жарастырып жүрер, елдің бірлігін ұйыстыра білер және де шамырқанып кетерлердің көңілін орнықтырып, көңіл шырайын келтіріп, жадыратып жіберер жайсаңдығы бар болатын. Алды кең деп жататынның нағыз өзі еді. Халқымыздың осы бір «алды кең» деген бір ауыз сөзінің өзінде жүрегі кең еді деген ұғым жатса керек. Расында да, жүрегі кең Сейілбек ағаның сол кең жүрегіне бәрі де, елдің жақсы айтқаны да, әлдебір ғайбаты да сыйды.
Шамырқануды білмейтін Шаухамановтың шырайлы жаны өзіне ғана тән сабырмен, өзіне ғана тән ақыл-парасатпен, өзіне ғана тән айта білер ойлы сөзімен сұлу болатын. «Мұратжан, Алла Тағала солай жаратқан соң қайтесің енді?! Кешірімді бол» деп отырар Сейілбек ағаның осы бір ауыз сөзі менің де қандай жағдайда болмасын сабыр жағалауында тұруыма осы күнге дейін әсер етіп келеді. Бұл Сейілбек ағаның мен үшін берген басты әрі ешқашан ұмытылмайтын және санама берік орнығып қалған адами сабағы болатын.
Енді ойлап отырсам, Сейілбек аға жалғыз менің ғана емес, осы қалың елінің ұстазы болғандай екен-ау! Кез келген жиын, кез келген той-томалақ ағасыз өтпейтін және де соның бәрінде де ел Сейілбек ағаның бір ауыз лебізін тыңдауға құмартып отыратын-ды. Аға сөйлейтін-ді, сөйлегенде де кешегінің би-шешендеріне тән қасиетпен қара сөздің майын тамызып, небір ұлағатты пайыммен ой толғайтын. Шаршы топтың алдына шығып сөз ұстағанда ұйып тыңдай қалар ортаның көңілін орнықтыра сөйлейтін, жақсылыққа ынтықтырар жақсы ой айтушы еді. Жұрт осы бір абзал ағаның батасын алуды мәртебе санады. Және де бір айта кететін жай сол, Сейілбек аға қалың елді бүгінгі билікпен, билікті бүгінгі қарапайым қалың бұқара халықпен байланыстырып, осы екі аралықтағы алтын көпір бола білді. Өзінің қалың елінің мұң-мүддесін билікке, сол биліктің саясаты мен ұстанымын халыққа жеткізіп, екі аралықтағы түсіністік пен ынтымақты байланысты орнықтырып, жалпы елдің бірлігін жарастыра білер Шаухамановтың шебер де шешімді дипломатиясы, бітімгерлік болмысы да елдің жадынан ешқашан кетпес және де ұмытылмас деген ойдамын. Аға осы екі аралықтағы алтын көпір болды деймін.
Астанадан Қызылордаға ұшып келген сайын көсіле ағып жатқан Сырдың жағасына келіп, көз жетер айналаны шолатыным бар. Көз көрім жердегі Сыр өңірінің бүгінгі тіршілігіне көңілім қуанады әрдайым. Қайнап жатқан тіршілік, қайнап жатқан өмір! Сол тіршілік пен өмір жағасындағы және де арғы да бергі жағалауындағы барша адам баласының ғұмыры да мына Сырдың суындай бүгінгідей баяу, кейде асау толқындарын жағаға ұрып сесті кейіппен, кейде момақан кейіппен сырғып қана, ағып өтіп бара жатқаны да бар екен-ау! Арғы мен бергіні, болмаса өткен мен кеткенді, бүгінгі мен ертеңгіні, кешегі мен болашақты жалғастырып тұрар дария ғұмырдың алтын көпірі іспеттес болған Сейілбек Шаухаманов өз тіршілігінде, өзекті өмірінің бар кезеңінде адам жүрегіне алтын көпір салып беріп кетті. Ол – елге деген адалдық, жан мен ар тазалығы, сабыр, ақыл мен парасат, имандылық көпірі! Енді, міне, Сейілбек ағаны өзі сүрген өмірі, кешкен ғұмыры мен бақилық дүние аралығындағы алтын көпірлі тіршілік жағалауында еске алып тұрмын. «Жаныңыз пейіште шалқысын... иманды болыңыз, әз аға» деймін!
Баяу... сол баяғы баяу қалпымен Сыр ағып барады!..
Р.S. Жалған дүниеден озғаныңызға да қырық күн болып қалыпты. Іс-сапарға жол жүруіме байланысты арнайы асқа өкінішке орай қатыса алмай бара жатырмын. Оқылған дұға қабыл болсын.
Мұрат Бақтиярұлы,
сенатор, саяси ғылымдар
докторы, профессор.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |