БАЙТАҚ ЕЛДІҢ БАЯНБАЙЫ

«Жүрген соң бауырында күнде көріп,

Таулардың биіктігі байқалмайды!..» дегендей, қоғамда ғұмыр кешіп жүрген кей тұлғаларды өмірінің сүрлеулі-соқпақты жолына рух көзімен қарағанда ғана танып қалатынымыз ақиқат. Белгілі қоғам қайраткері, Қызылорда қаласының құрметті азаматы Баянбай Сыздықұлы Сыздықов та кемел кейіпкер, тұлға.

1938 жылдың көктемінде туған Баянбай Сыздықұлының бал­дан тәтті балалық шағы сұм соғыс уақытымен тұспа-тұс келді. Тар­шылық тұқырт­қан, жоқшылық жұ­қарт­қан заманның мектебінен тәлім түйіп өскендіктен бе екен, әйтеуір бала Баянбай зерек­тігімен дарала­нады. Білім шаңы­рағына қадам бас­қаннан бастап ол ұстаз атты ұлы­лықтың қадіріне же­туді үйреніп, үздік оқушылардың сапына табан тіреді.

Осылай басталған тағылымды ғұ­мыр уақыт баспалдақтары арқылы бозбала шаққа жетіп, жоғары білімді көздеген Баянбайдың талабына сол баяғы жетіспеушілік бұғау салса да арманы күш бітіріп, Қызылорда ауылшарушылық техникумының техник-механик факультетінің студенті атанды. Осы оқу орнын 1958 жылы үздік тәмамдап, басшылық түлектерді жан-жаққа бөлгенде Баекеңнің жол­дамасы Қарағанды қаласына бұйы­рып, сол арқылы үлкен өмірдің жолына түседі.

Араға жылдар салып, туған жерге қайта оралған Баянбай Қазалы ауданындағы Бірлік қыстағында бас инженер қызметін абыроймен атқара жүріп, отбасын құрып, тұңғыш нәрестесін сүйіп те үлгерді. Отбасы мен қызмет тізгінін тең ұстап үйренген ол 1961 жылы ілімін жетілдірмек мақсатта  Алматы қаласына жол тартып, политехникалық институттың «металлургия» факультетіне қабыл­данып, талапкер атанады. Сол жылы партия тарапынан қаулы шығып, «металлургия» факультетінде оқи­тын барлық студенттер Теміртау қа­ласына жіберіліп, металлургия зауытында жұмысқа жасайды. Дәл осы жылдарда Баекең Елбасымыз Нұр­сұлтан Әбішұлы Назарбаевпен бір жатақханада тұрып, ең керемет студенттік шағын бірге өткізеді.

1963 жылы асқақ арманы алға тартып, Мәскеу политехникалық инс­титутының «автомеханика» фа­культетіне оқуын ауыстырып, оны тәмамдап, жоғары білімді «инженер-механик» маманы атанады.  

1969 жылы туған жерге оралып, сол кездегі Қызылорда облыстық автокөлік басқармасының бастығы Жақсыбай Маматовтың шешімімен қалалық №1 автотранспорт меке­месіне бас инженер қызметіне бекітіледі. Осы жылдардағы атқарған жұмыстары мен жемісті еңбектері еленіп, құрметке ие болады. Араға ай салып, аталған мекеменің директоры қызметіне жайғасады.

Осы абыройлы міндеттің сал­мағын жанымен түсініп, адалдығын мансаптан биік ұстау арқылы есіміне жаман сөз жуытпай, қызметтегі табыстары мен жетістіктері арқылы биіктеген үстіне биіктей түсіп, әкесі артқан сенімді ақтау жолында тынбай еңбектенді. Сол жылдарда қарамағында жұмыс істеген қай қызметкерден де Баекең туралы сұрасаңыз, ақтарылып жауап беріп, жасаған жағдайын тебірене айтатыны көзім көрді.

Сол уақыттардағы облыс тізгінін ұстаған Исатай Әбдікәрімов, Тәкей Есетов, Владимир Ковалев, Зылиха Наурызбаева, Әбдіржан Қалыбаев, Ыдырыс Қалиев сынды тұлғалардың сеніміне ие болып, қатар жүріп, ай­мақтың тыныс тіршілігінде ойып орын алды.

Ірі істердің басы-қасында жүрген ол тындырымды тірліктерді жасауы арқылы сатылай көтеріліп, қалалық атқару комитетіне басшылық қыз­метке ұсынылып, орынтаққа жайға­сар тұста облыста орын алған көлемді өзгерістің құттықтау шарасында сөйлеген сөзі бірер топшысы алымды кісіге жақпай, назарға жағымсыз кейіпте ілінеді. Арада 3 күн өткен соң еш себепсіз, еш дерексіз 1985 жылдың 16 ақпанында үйін қоршаған, суық қаруланған құқық қызметкерлерінің қысымына түсіп, тергеу орнына жөнелтіледі. Жыл өткен сайын биік­теп, қоғамда қадірін арттыра бастаған Баянбай Сыздықұлының әбігерге, күреске толы өмірінің жаңа бөлімі дәл осы уақыттан басталды.

Себепсіз жиналған деректемелер, жазықсыз жабылған жала, өтірік тағылған айып, белгісіз мекеннен келген нұсқаулар оны абыройсыздыққа ұшыратып, түрмеге отырғызып тынды. Бірақ Баекең сол баяғы әділдік үшін күресін тоқтатқан жоқ.

Түрмедегі алғашқы күні:

«Хат жазам қалам алып

құрбы-досқа,

Жатқасын қамау үйде қарап босқа.

Шулаған бұралқы иттер

сүріндірді,

Түлкіше тұншықтырып ұстап ысқа...», – деп келетін өлең жолдарын қағаз бетіне түсіреді. Ыза, кек, күйік, іштегі арыстанша ақырған алып күштің тұсауға түсіп, торыққандағы кейпі оның ақындық қырын ашып, темір тордың ар жағынан ұрпақтарына, жарына, ағайын-туыс, дос-жарандарына хат-өлеңдерін жолдап, іштегі күйін поэзияның қуатымен бәсеңдетіп күн кешеді.

Азапқа толы жылдар, сүреңсіз күндер Баекеңнің төзімін шойын­дай шынықтырып, сабырын сар­қыл­майтын дәрежеге жеткізіп, өмір­ге деген құлшынысын арттырып, әділдік үшін күресте қуатын кү­шейте түсті. Темір торда отырғанда да ол өзінің басшылық қырын, ұйым­дас­тырушылық қабілетін көрсету арқылы жұмысшы топтың басшысы болып сайланып, тәртібі үшін уақытынан ерте босап, бостандыққа шығады. Шылбырдан босаған тұл­пардың жазық көрсе шаба жөне­летініндей Баекең де еркіндікке шығып, әділдік үшін күресін әрі қарай жалғастырды. Өз абыройын ақтау үшін, арының тазалығын дәлелдеу үшін ҚазКСР Бас Прокуратурасына, КСРО Бас Прокуратурасына дәйектемелер арқылы хат жазды. Істі қайта қаратып, қайта тергеу жүргіздіріп, жабылған жалалардың жалған екенін дәлелдеді. 1991 жылдың 20 маусымында сол кездегі Жоғарғы Сот Төрағасы Тамас Айтмұхамбетовтің және комиссия мүшелерінің шешімімен ақталып, қызметке қайта орналастырылды. Жазықсыз темірторға түскені үшін моральдық және материалдық шығын ретінде қомақты өтемақы төленіп, көздеген әділдігін жеңістің шыңына жайғастырды.

Бір күні мың айға татитын түрмеде өткен уақыт, арпалыс, жалақорларда кеткен есе, тамырына балта шабылған өсу жолы... Бұлардың бәрі оның өзегін өксітетін өкініштер еді...

Тағдырдың басқа салғанын мойымай көтеріп, түзу жолынан айнымай, дара жолын даңғылға айналдырған даңғайыр тұлғаның әр қасиетін бүгінгі күннің ерлеріне өнегелеп, насихаттаса да артық емес.

«Заманның суығына тоңып

барам,

Бір пәсте тіршілігім болып қараң.

Қақтасын мейлі мені отқа салып,

Әділдік, сені аман алып қалам!» – деп жырлаған жанның азапты ғұмырын тілге тиек ету арқылы одан қайсарлықты, табандылықты, айбаттылықты, мақсат қоюды үйренуге болады.

«Өмірде пенделер-ау,

қандайсыңдар?!,

Зұлымдыққа уақытты

арнайсыңдар.

Атқын, мейлі азапта,

қорықпаймын,

Жаңғақ құсап шағып тастай алмайсыңдар!», – деп дәуірге сесін көрсеткен азаматтың қоғамға кеткен есесінің есебін ешкім бермесе де Баянбай ағамыз өз ғұмырының есебін өлеңімен бергендей.

Бостандыққа шыққаннан бас­тап қызметіне қайта келген ол өзі басқарып отырған мекемесін әрі қарай гүлдендіріп, өсу сатысын қайта қалпына келтірді. Жомарт жүрегінің жылу-шарапаты жоқтық қинаған талайға тиіп, алғысқа бөленді. Баекеңмен сырласқандағы аңғарғаным, ол үшін марапаттар мен наградалар, сыйлықтар – шартты дүние, бастысы, жан тазалығы мен әділетті қоғамның қалыптасуы екен. «ҚР Автокөлік саласының үздігі», «Қызылорда қаласының құрметті азаматы» атақтары оған ерлікке толы жылдары үшін берілген марапаттар деп білемін.  

Қазыналы қарияға айналған Баянбай Сыздықов биыл сексеннің сеңгіріне аяқ басты. Қарттық жасына келсе де әлі үзеңгісін босатпай, облыстағы тасымалдау саласын дамытумен келеді. Бүгінде басқарып отырған «Қызылорда автовокзалы» мекемесі аймақтағы халыққа қызмет көрсететін және бірнеше жүздеген отбасыны жұмыспен қамтып отырған мекеме ретінде көпшілікке етене таныс.

Мерейлі жылында ағамыздың ел игілігі жолындағы еңбегі берекелі бола бергей деп тілейміз.


Мақсат ДАУЫЛБАЙ,

«Самғау» жастар 

сыйлығының иегері.

ТАҒЫЛЫМ 20 қыркүйек 2018 г. 1 199 0