Мемлекеттің тәуелсіздігіне қол жеткізу, оның негізін қалау – түсінген адамға жеңіл шаруа емес. «Тәуелсіз ел болдық» деп бөркімізді аспанға атып қуану бір бөлек те, ал шынайы экономикалық және ұлттық тұрғыдан Тәуелсіздікке қол жеткізу – Қазақстан үшін оңай болған жоқ. Сол қиын-қыстау жылдары елдің іргесін бекемдеуге үлес қосқан азаматтар жайында әңгіме айта қалсаң, алдымен ойымызға тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Премьер-министрі Ұзақбай Қараманов түсетіні анық. Тәуелсіздік шежіресі болған асыл ағамыздың арамыздан кеткеніне де бір жыл толды. Асқар тау алыстаған сайын айбарлы көрінеді демекші, Ұзақбай ағаның да тұлғалық болмысы, кісілік келбеті жан жүрегімізде айқындалып, жаңғыра түскендей.
Көк байрағымыз биік желбіреп, төрткүл дүниеге дербес ел атанғанымызды нақты іспен көрсету үшін ұлтжанды азаматтар 90 жылдардың басында жарғақ құлағы жастыққа тимей, қызу еңбек етті. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бастаған мемлекетшіл тұлғалардың қатарында 1991 жылдары Қазақстан Үкіметін басқарған Ұзақбай Қарамановтың да есімі аталады.
Саналы ғұмырын Қазақстанның өсіп-өркендеуіне жұмсаған тұлғаның өмір жолына көз салған адам ел Тәуелсіздігінің шежіресін оқып отырғандай күй кешеді. Иә, дәл солай. Бұл – артық-кемі жоқ, ешқандай әсіре-қызылсыз, боямасыз айтылған шын сөз.
Құрылыс саласында мол тәжірибе жинаған Ұзақбай Қараманов Куйбышев қаласындағы инженерлік құрылыс институын ойдағыдай тәмамдағаннан кейін елге бет түзеп, біраз уақыт Ақтөбе жерінде жұмыс істеген соң, кіндік қаны тамған туған жері Қызылорда облысына ат басын бұрып, құрылысқа бел шешіп, білек сыбана кірісті.
«Қызылордастрой» тресінде елеулі еңбек жолын бастаған жас жігіт аз ғана уақыттың ішінде өзіне тапсырылған жұмысты ұршықша үйіріп, ілкімді ісімен басшылықтың назарына ілікті. Арада біршама уақыт өткеннен кейін жалындаған жас жігіт тапсырылған жұмыстың бәрін тиянақты орындап, әрбір іске жауапкершілікпен қараған соң, жас маманды құрылыс-монтаж басқармасының басшылығына сайлайды.
Осылайша, Ұзақбай ағамыздың еңбекке толы өнегелі ғұмыры туған жері Сыр бойында бастау алып, кейіннен ол республика деңгейіндегі жауапты қызметтерге ұласты. Аптал азаматтың алға қойған мақсатқа жетудегі табандылығы, дербес шешім қабылдауға дағдылануы, әр мәселеге қатысты жеке көзқарасы мен көкейге тұнған пікірді ашық айта білуі, сонымен қатар басқалардың да пікірін ынта қойып тыңдауы, тартымды ойларды жұмыс барысында басшылыққа алуға дағдыланған Ұзақбай Қараманов қандай қиындық болса да, бәрін байыппен шешуді өмірлік кредосына айналдырды. Ұзақбай ағамыздың осы бір бекзат болмысы тұңғыш жасақталған Қазақстан Үкіметінің табысты жұмыс істеп, қазақ қоғамының нарықтық қатынастарды жатсынбай қабылдап, ел экономикасын оңалтуға барынша ықпал еткені сөзсіз. Құрылысқа деген құштарлық Ұзақбай ағамызды ұдайы алға жетелеп, жайлы кабинеттен гөрі құрылыс басында жүруіне итермеледі. 1964 жылы Қызылордадан Алматыға келгенде де оның облыс көлемінде жетекші құрылыс мекемелерін тізгіндеп, олардың табысты жұмыс істеуіне ықпал еткенін айтпастан бұрын құрылыстағы қарапайым жұмысынан бастап, аз ғана уақыттың ішінде маңайындағы адамдарды ортақ іске жұмылдыратын іскер басшы екенін тағы да іспен дәлелдеп шықты. Жас жігіт кабинетке қамалып, қағазбастылыққа салынуды жаны қалаған жоқ. 1967 жылы Қазақстан компартиясы Іс басқармасының құрылыс-бақылау тобының меңгерушілігіне қызметке шақырылып, біраз уақыт табысты жұмыс істегеннен кейін, білікті маман жұмсақ кресло мен мансап баспалдағынан бас тартып, құрылысқа аңсары ауа берген соң, нақты жұмыс істеуге тағы да сұранды. Осылайша, білікті маман Алматының адам танымастай ажарлануына бар күш-жігерін жұмсады. Тіпті Алматының бойтұмарына айналған іргелі ғимараттардың бәріне абзал азаматтың алақанының табы тигенін білдік. Айталық, М.Әуезов атындағы драма театры, Көктөбедегі телерадио кешені, Медеу шатқалындағы тасқыннан қорғайтын бөгет, «Қазақстан» қонақүйі және қазіргі Достық даңғылы мен Назарбаев көшесінің аумағындағы іргелі ғимараттарды салуға Қараманов барынша атсалысты.
Кетеуі кеткен ескі Кеңестік жүйеден жаңа нарықтық экономикаға қадам басқан сәтте қазақ қоғамын бұрын адам естіп, көз көрмеген қиындықтар күтіп тұрған еді. Мемлекет басшысы осы қиындықтан ұлтжанды азаматтардың ертеңгі күнге деген сенімі ғана алып шығатынын сезді. Ал мұндай өршіл, қиындыққа мойымайтын өжет қасиетті Ұзақбай Қарамановтың бойынан талай рет байқаған да болуы керек. Сондықтан Нұрсұлтан Назарбаев үзеңгілес әріптесі Ұзақбай Қарамановқа сенім артты. Сол бір сенім жайында Ұзақбай ағамыз өзінің ғұмырнамалық кітабында былайша ой толғайды: «Адам қызмет баспалдағымен көтерілген сайын үнемі үйренеді, алдына қойған міндеттерін жан-жақты зерттеп, оған қол жеткізуге ұмтылады.
Сондықтан жауапты лауазымдық қызметке кандидат таңдауда оның тек білімі мен тәжірибесі есепке алынбайды. Өзіне беймәлім жаңа қызметтерді түсіне алатын қабілеті мен жолында кездесетін қиындықтарды жеңуге жұмсайтын күш-жігері қоса есепке алынады», – деп өзінің тұңғыш премьерлік қызметке қалай келгенін қолмен қойғандай түсіндіріп берген еді. Иә, бұл жерде Президенттің Ұзақбай Қарамановқа үлкен сенім артқанын байқаймыз. Осылайша, 1991 жылы 25 маусымда «Қазақ КСР Министрлер кабинеті туралы» заң қабылданып, Тәуелсіз Қазақстанның тарихында Қазақ КСР Премьер-министрі деген лауазымды қызмет пайда болды. Аталған қызметке бірінші болып Ұзақбай Қараманов тағайындалып, атпал азамат еліміздің өсіп-өркендеуі жолында жан аямай еңбек етті.
Ұзақбай Қараманов басқарған алғашқы Үкімет қазақ қоғамының социалистік шен-шекпенін шешіп, жаңа нарықтық экономикаға бет бұруына даңғыл жол салды. Бұл – ел дамуындағы маңызды белес, жаңа кезең еді. Өйткені нарықтық экономикаға көшу біз үшін бұрын-соңды болмаған мүлде бейтаныс іс болатын. Дәл осы кезеңде түрлі қиындықтар мен әбден шиеленіскен түйінді мәселелерден айналып өту мүмкін емес-тұғын. Сондықтан еліміздің экономикалық басқару жүйесін қайта құрылымдау, жаңа сападағы шаруашылық жүйесін қалыптастыру және оның тұтас ағза секілді үздіксіз жұмыс істеуі үшін заңнамалық жүйесін құру Қараманов Үкіметіне жүктелген маңызды міндет болды.
Осылайша, 1990 жылдары Қазақ КСР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың нұсқауымен еліміздің нарықтық экономикаға өтуі бағдарламасын дайындайтын арнайы жұмысшы тобы құрылды. Маңызды жұмыс жедел түрде қолға алынды. Мемлекеттік басқару жүйесіндегі кіріптарлықты жеңу, қарапайым халықтың санасына дендеп енген керенаулықты жеңу оңай болған жоқ.
Қазақ қоғамын нарықтық қоғамға кіріктіруде Үкімет әлеуметтік бағыт ұстанып, еліміздің экономикалық және табиғи мүмкіндігін есепке алып, барша халықтың жақсы өмір сүруіне қолайлы жағдай туғызатын алғышарттарды басшылыққа алуға тырысты.
Сол кезде еліміздің нарықтық қоғамға бет бұруын үш кезеңге бөліп қарастыруға болады. Бірінші кезеңде, саяси жағдайды тұрақтандыру, мемлекеттік және құқықтық тәртіпті нығайту, әлеуметтік шиеленістердің өріс алмауын қамтамасыз ету маңызды жұмыс болғанын байқаймыз. Осы аталған жұмыстарды табысты іске асыру үшін заман талабына сай заңнамалық базаны қалыптастыру да өзекті мәселелердің бірі еді.
Екінші кезеңде, нарық механизмдерін іске қосып, экономиканы тұрақтандырып, өндірістің құлдырауына жол бермеудің жүйесін қалыптасыру аса маңызды міндеттердің біріне айналды. Бұл үшін бағаларды босату, жер реформасын жүргізу сынды маңызды міндеттер жедел түрде қолға алынғанын білеміз.
Үшінші кезеңде, Қазақстанда нарықтық қатынастардың қысқа мерзімде аяққа тұрып кетуі үшін мемлекеттік-монополиялық қызметтерді шектеу және еліміздің инвестициялық саясатын дамытып, осы аталған маңызды бағыттардың аясында еліміздегі экономикалық жағдайды тұрақтандыру көзделді.
Сол бір қиын жылдар жайында ол өзінің естелік кітабында: «Біз экономиканы түбегейлі қайта құрудың алғашқы қадамын жасадық. 1990 жылы Қазақстан тәуелсіздігіне ие болғанға дейін Үкімет меншік, кооперация, кәсіпкерлікті дамыту және шаруашылық қызметінің еркіндігі туралы, шаруашылық жүргізуде сыртқы экономикалық принциптерді қамтамасыз ететін заңдарды қабылдады. Ал бір жылдан кейін кәсіпорындар, оларды мемлекет қарамағына алу және жекешелендіру, шаруашылық серіктестіктер, банктер мен банк қызметі жайында, жер реформасы туралы заңдар да қысқа мерзім аралығында әзірленіп, қабылданды. Осылайша, Қазақстан Одақ тарамай тұрып-ақ нарықтық экономика құруға мүмкіндік беретін заңдарға ие болды», – деп сол кезде өз бағасын берген болатын.
Қараманов Үкіметі Қазақстанды қысқа мерзім ішінде нарықтық экономикаға бейімдеп, сонымен қатар Кеңес үкіметінен мұраға қалған күрделі мәселелерді шешіп, халықаралық деңгейдегі маңызды міндеттерді абыроймен атқарғанын айрықша атап өткен жөн. Бұл ретте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың табандылығына арқа сүйеген Ұзақбай Қараманов бастаған Үкімет мүшелері Семей ядролық сынақ полигонын жабу және Аралдың экологиялық түйінін тарқатуда қыруар шаруа атқарғанын барша қазақ жақсы біледі.
Кең байтақ Қазақстанның түкпір-түкпірінен жекелеген адамдар, еңбек ұжымдары қасиетті қазақ жерін атом сынағынан құтқару турасында өтініш-хаттар жазумен болды. Барша қазақ баласының ортақ мақсатқа бір кісідей атсалысқанын Ұзақбай Қараманов өз естелігінде: «Сол кезде Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ халқының қоғамдық белсенділігі мені қатты қанаттандырды. Нұрсұлтан Әбішұлы бұл мәселенің қаншалықты маңызды екенін түсініп, біздің Семей жеріне барып, облыс және аудандағы қоғамдық белсенділермен, жұртшылықпен кездесіп, халықтың мұң-мұқтаждарын, тілектерін барынша құлақ қойып тыңдауды тапсырды. Осылайша, Елбасы полигонды жабу мәселесімен айналысқанда құжаттардан бұрын, көзбен көрген мәселелерге сүйеніп, шешім қабылдаудың маңызы зор екенін бәрімізге түсіндірді. Сол кезде радиациялық сәулелердің әсерінен денсаулығын бұзған жарты миллионнан астам адамға Мәскеудің бір тиын өтемақы төлемеуі менің көңіліме қатты қаяу салды. Өйткені АҚШ-тың ядролық сынақ жүргізілген Невада штатының тұрғындары үшін АҚШ билігі мемлекеттік бюджет тарапынан қыруар қаржы бөліп, ауқымды әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асырғанын білуші едім. Ал біздің Семей жерінде мұндай «алтын жаңбыр» ешқашан жауған емес», – деп қоғам қайраткері сол кезді асқан күйінішпен еске алады.
90 жылдардың басында Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей жетекшілігімен сынақ алаңындағы халықтың денсаулығын жақсарту бағытындағы әлеуметтік кешенді жұмыстар мен Семей полигонын жабуға қатысты маңызды шаралар қатар іске асты.
Қазақ жерін экологиялық апатқа айналдырған Кеңестік жүйенің үлкен қателіктерінің бірі – Арал мәселесі. Көлемі жағынан дүниежүзінде төртінші орынды иеленген Арал теңізінің экологиялық апатқа айналуы еліміз үшін үлкен қасірет болғаны даусыз шындық. Сол жылдары Кеңес өкіметі күріш өсіру бойынша Қытаймен бәсекеге түсіп, Қазақстан жыл сайын 1 миллион тонна, Өзбекстан 6 миллион тонна күріш өндіріп, Әмудария мен Сырдарияның Аралға құятын бар суын бұрып алып, экологиялық апатты қолдан туындатты. Осының кесірінен Арал теңізінің деңгейі 16 метрге дейін түсіп, теңіз өзінің бастапқы жағалауынан 150 шақырымға дейін алыстап кетті. Теңіздің бір литр суындағы тұздың көлемі 25 граммға дейін артып, дәстүрлі балық шаруашылығы толықтай күйреді.
Ұзақбай Қараманов Қазақстан Үкіметі Төрағасы қызметінен кеткеннен кейін де Арал мәселесін бір сәтке де назардан тыс қалдырмады. Қайта Қазақстан Парламенті Мәжілісіне депутат болып сайланған жылдары Мәжілістің қоршаған орта, экология мәселелерін басқарып, бұл мәселені ұдайы назарда ұстағанын білеміз.
Туған жеріне деген сүйіспеншілік оның Аралды сауықтырып, экологиялық апаттың асқынуына жол берген жоқ. Апталдай азаматтың Аралды құтқару бағытында атқарған жұмыстарын бір мақалаға сыйдыру мүмкін емес. Бұл жайында бірнеше кітап жазуға болады.
Мәңгілік мекеніне аттанған асыл ағаның Қазақ елінің жан-жүрегінде мәңгі жаңғыратын кезеңі басталды. Қарамановтың елдік мақсат-мұратпен біте қайнасқан өнегелі ғұмырын жас ұрпаққа үлгі-өнеге болып, Қазақ еліне жарық шашқан сүмбіле жұлдыздай жарқырап, бәрімізді дұрыс жолға бастай беретін болады.
Нұрлан ЖҰМАХАН,
"Айқын" газеті.