Үлгілі әке, жарасымды отбасы, жауапты маман

Осы бір қоңыр мінезді, қазақтың қара торы жігіті Ғалымжанның жақсы мінездері көп-ақ. Әсіресе, сыпайылығы, мәдениеттілігі, жауапкершіліктілігі оның негізгі қасиеті. Отбасында жақсы тәрбие көріп, онысын өзінің жас отбасысына сіңдіре білген, балаларына қамқоршы әке, жарына адал тірек, жұмысына адал жан болуы оның мерейін одан әрі асырғандай. Ілтипаттылығы да көрер көзге көрініп тұрады. Көбінесе, өзіміздің қасымызда жүрген азаматтардың жақсы қасиеттерін бағалай білмейтініміз бар. Қашан байқасаң да біртоға, қоқаң-соқаңмен ісі жоқ, қазақтың қарапайым ғана орта бойлы азаматы бүгінгі күні отбасында да беделді.
 Әңгімемізге арқау болып отырған Әділов Ғалымжан Сағынайұлы 1977 жылы 15 қыркүйекте Қызылорда қаласында дүниеге келген. Қызылорда қаласының №140 орта мектебінде 1-3 сыныпқа дейін оқыған. Одан соң, «Әкемнің жұмыс бабына байланысты 3-11 сыныпты Қармақшы ауданындағы   №121 орта мектебінде жалғастырып, бітірдім, дейді ол, әңгіме барысында. Одан соң  1994-1998 жылдары Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «экономист-менеджер» мамандығы бойынша аяқтаған. Оған қоса, біліктілігін арттыру мақсатында екінші рет жоғары оқу орнына  Қызылорда экономика, экология, және құқық академиялық университетіне түсіп, 2005 жылы «заңгер» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Жастық шағы тоқырау заманына тұспа-тұс келсе де, өз алдына үлкен мақсат қойып, адал қызмет етсем деген ниетпен, жастайынан әр түрлі салада қарапайым жұмысшы болып еңбек етеді. Мұның барлығы да сол кездегі тіркелмеген жұмыс орындарына байланысты  ресми түрде еңбек кітапшасына ендірілмей қалды. Жоғарғы оқу орнын бітірген соң, небары 22 жасында жанұя құрады. Одан кейінгі негізгі кәсіби еңбек жолын 2001 жылы Қызылорда облысы бойынша соттар әкімшісінің жетекші маманы болып бастаған. Сөйтіп, 2006 жылға дейін Қызылорда облысы бойынша соттар әкімшісінің Қызылорда аумақ бөлімшесінде сот орындаушысы болып еңбектенеді.  2006 жылдан бастап Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар және өнеркәсіптік қауіпсіздікті мемлекеттік бақылау басқармасының әкімшілік жұмыс, қаржы, талдау және жоспарлау бөлімінің бас маманы, 2008 жылы Қызылорда облысының Төтенше жағдайлар департаментінің авариялық-құтқару қызметі бөлімінің бас маманы, 2009 жылы Қызылорда облысының Төтенше жағдайлар департаментінің ішкі бақылау бөлімінің бас маманы, 2014 жылдың қараша айынан бастап Қызылорда облысының Төтенше жағдайлар департаментінің Штаб-тобының бас маманы қызметтерін лайықты атқарып келеді.
Жанұя жарасымдылығы мен адал еңбек етуді қатар алып келе жатқан Ғалымжан кейінгі отау құрған жастарға үлгі боларлықтай. Бүгінде олардың отау құрғандарына он тоғыз жылдан асып бара жатыр екен. «Қазіргі уақытта үш ұл тәрбиелеп отырмыз. Жан-жарым Абдуллаева Айнұр Мешітбайқызы Ақмешіт гуманитарлық институтында аға оқытушы болып қызмет атқарады. Үлкен ұлым Тоқжан Ардақ Ғалымжанұлы Н.Назарбаев атындағы интеллектуалдық мектепті жақсымен тәмамдап Қазақ-Британ Университетінің ІІ курс студенті атанды. Одан кейінгі ұлдарым - Ернұрым №10 мектеп-лицейінің 8 сынып оқушысы, Әлиханым сол оқу орынның 1 сынып  оқушысы»,-деді ол өз сөзінде.
Балаға тәрбие әке-шешесінің қанымен, жанымен беріледі десек, әке  туралы айтпай кетуге болмас. «Марқұм әкем - Әділов Сағынай Тоқжанұлы жас кезінде ауылшаруашылық саласында мемлекеттік техникалық бақылаушы, механикалық зауытта басшы, конкурстық басқарушы қызметтерін абыроймен атқарған білікті басшы болған,-дейді әкесін толғаныспен еске алып Ғалымжан Сағынайұлы. Ал, анасы - Әубәкірова Лиза бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған ақ жаулықты әже. Анасы да мамандығы бойынша хим-биолог ретінде «Санитарлық эпидемиологиялық қадағалау» саласында лаборант болған, орта арнаулы оқу орындарында студенттерге химия, биология пәндері бойынша дәріс оқыған ұстаз. Әпкем – Мария Сағынайқызы гидро-техник мамандығы бойынша қызмет етеді. Ағам Әлиасқар Сағынайұлы жер үйлестіру саласының білікті маманы ретінде  «Алмаз» ЖШС-нің директоры, Алматы қаласының тұрғыны.
2014 жылы басшылық тарапынан Сағынайұлы Ғалымжанның еңбегі еленіп,  Министрліктің Алғыс хатымен марапатталды. Біліктілікті көтеру курстарында білімін көтерді. Жуырда ғана 2018 жылдың 24 тамызында Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі полиция генерал-полковнигі Қ.Қасымовтың №244 бұйрығымен қызметтік міндетін адал атқарғаны және Конституция күнін мерекелеуге байланысты Мақтау қағазымен марапатталды.
2013 жылы Елбасының Жарлығымен қыркүйектің екінші жексенбісі  Отбасы күні болып жарияланғаны белгілі. Осы Отбасы күні және Ғалымжанның туылған күніне орай Ғалымжанға Айнұр екеуіңнің жанұяларың ырыс пен ынтымақты болсын деп тілек білдірдік. Иә, білім мен тәрбиені ұштастырған, айрандай ұйып отырған қазақтың қарапайым ғана отбасысына қонатын бақ пен береке көп болсын.

Айгүл Нұрманова,
Қызылорда облысы ТЖД
Мемлекеттік тіл және ақпарат тобының бас маманы,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.
ТАҒЫЛЫМ 14 қыркүйек 2018 г. 840 0