Дирижер, композитор

Өткен жылдың қоңырқай күз айларының бірінде, қалта телефоным шырылдап қоя берді. "Аға, амансыз ба?" деген дауысынан тани кеттім. Оралдағы Еркін інім. Хал-жағдай сұрасқан соң Еркін өтініші барын айтты.

- Тыңдап тұрмын.  

- Оралға келіп Дәулеткерей атындағы оркестрмен концерт қойсаңыз қалай болады?

Жөппелдемеде не дерімді білмей, ол қалай болар екен деп күмілжіп тұрғанымда;

- Оның не қалайы бар? Бұрынғы орындаған шығармаларыңызды тарта аласыз ба?-деді.

- Иә, тартамын.

- Ендеше солардың партитураларын жіберіңіз, қалғанын кейін сөйлесе жатармыз.

Бір-екі күннің ішінде сұраған партитураларын жібердім. Бірақ өзім әлі де күмәнданып жүрмін. Бұл қалай болады екен? Бұрын соңды оркестрмен жеке шығармашылық кеш өткізіп көрмеппін, өткізбек тұрмақ ойлапта көрмеппін. Анда-санда көне домбырамды алып сүртіп-сүртіп қоямын. Менде үлкеейін дедім бе? Шығармашылық кеші несі? Ол жақта мені кім танып, кім керек етіп жатыр?

Сөйтіп жүргенде қаңтар айының орта тұсында Еркіннен хабарлама келді.  Үлкен афишаға менің табақтай бетімді жапсырып, шығармашылық кеші өтеді деп шығарып қойыпты. Мәссаған! Дереу қалтафонымнан Еркіннің есімін тауып хабарластым.

- Ау, Ереке, мынау не?

- Не болушы еді афиша, қаланың бірталай жеріне ілінді. Ақпан айының жиырма жетісінде Сіздің шығармашылық кешіңіз өтеді. Келсеңіз болады, - деп кеңк-кеңк күледі.

Бір үміт, бір күдік. Еркін оркестрді дайындап қойыпты. Оркестрмен бір күн дайындалып, ертеңіне концертке шықтым. Бәрі ойдағыдай болды. Концерт жақсы өтті. Ермек Қазиев, Қырымгерей Қажымов, Хатимолла Бердіғалиев сынды елімізге кең танымал өнер тарландарымен танысып, дәмдес болдым. Асылхан, Аңсар, Ақылбек, Ақсамал, Гүлден т.б. іні-қарындастарыммен таныстым. Концерттен көтеріңкі көңіл күймен қайттым. Орал өңірінің өнерпаздарының өнерге деген ықыластарына риза болдым. Кәсіби мамандар жетіспейді, оркестр құрамы шағын, жалақылары мардымсыз, сонда да болса өнерге деген құлшыныстары мен таза ниеттері мені қатты таңдандырып, тәнтті етті. Кетерімде оркестрдің қобызшылар тобы мен домбырашылар тобының концертмейстерлері келінім Жәмила Нұрымбетова мен Аңсар Бердіғалиевке ризашылығымның белгісі ретінде бір-бір шығарма жазып беремін деп уәде берген едім. Домбыра мен оркестрге арнайы "Көшпенділер" күйін жазғанмын. Оркестрдің бас дирижері әрі көркемдік жетекшісі Еркін Нұрымбетов редакциялап концертке орындатыпты. "Күйіңіз тамаша, сәтті шығыпты" дегенге мәзбін. Көп ұзамай Жәмилаға, қобызбен фортепианоға арнап "Ақкелін" шығармасын жаздым. Бәрі бірдей қайдан жақсы бола берсін, үнсіз қалғанына қарағанда сірә ұнамай қалған болу керек. 

Орал қаласында, іргетасы 1987 жылы қалана бастаған халық аспаптар оркестрі 2000 жылы филармония құрамына ресми бекітіліп, көркемдік жетекшісі әрі бас дирижеры болып ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қырымгерей Қажымов тағайындалады. Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясын домбырашы, этномузыкатанушы, қазақ халық аспаптары оркестрінің дирижеры мамандықтары бойынша үздік бітірген Еркін Нұрымбетов, еңбек жолын Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестірінде бастап, 2001 жылы Батыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының шақыруымен Ғ.Құрманғалиев атындағы филармонияға келеді. Оркестрдің екінші дирижеры болып тапжылмай он жыл қызмет етеді. 2003 жылы "Төре күйлерінің атасы" атанған Дәулеткерей Шығайұлының есімін иеленген халық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижеры Еркін Нұрымбетов бүгінде кемеліне келген, елімізге кең танылған дирижер, композитор.

Алла тағалла өзі жаратқан пенделерінің кейбіреулеріне сан саланы игере алатындай қасиетпен дарындылық дарытады. Еркін Нұрымбетов күйші-домбырашы ретінде бірнеше республикалық конкурстардың лауреаты. Ш.Қажығалиев, Н.Тілендиев, М.Төлебаев, Б.Рзаханов атындағы республикалық дирижерлер конкурстарының Бас жүлдегері Еркін, еліміздің барлық оркестрлерімен шығармашылық концерттерін өткізді десек артық айтқандық емес. Отыздан аса ғылыми-танымдық мақалалар, ондаған кітаптар мен оқу құралдарын жазған ғалым. Ал, "Астана-Бәйтерек", "Елім менің", М.Төлебаев атындағы  композиторлардың республикалық конкурстарында "Балдырған" шығармасы, "Қазақстаным" әні, "Мыстан кемпір" пьесалары лауреат атанып жүлделі орындарды иеленген. "Оралым-асыл қазынам" әні отан тақырыбындағы үздік әндер қатарына енсе, "Теректі толқыны" әні ауданның ресми әнұраны ретінде орындалады. 500-ге жуық қазақтың ән-күйлерін өңдеп, оркестрге түсірген. Сондай-ақ, Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры сахналаған "Құрманғазы", "Махамбет", "Мезгілсіз келген махаббат", "Сақал саудасы" спектакльдерін музыкамен көркемдеген белгілі композитор.  Ұстаз ретінде Еркіннің ондаған шәкірттері республикалық домбырашылар сайыстарында лауреат атанып жүр. Бұл менің білетінім ғана. Жасы қырық беске енді ғана толған Еркіннің осыншама қыруар жұмысты қалай атқарып, қайдан уақыт табатынына таңдасбасқа шараң жоқ. Сірә, өнерге деген сүйіспеншілігі басым, алдына қойған мақсаты айқын, ерік-жігері мықты Еркінге алынбайтын асу, бағынбайтын белес болмайтын сияқты. ҚР композиторлар одағының мүшесі, мемлекеттік "Дарын" жастар сыйлығының лауреаты, "Құрмет" орденінің иегері, қауымдастық профессоры лауазымдарына таза еңбекпен жеткен Еркіннің адами болмысы да көбімізден әлдеқайда биік. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете алатын қарапайым, кішіпейіл жігіт. Бірде Еркінге; "Сен пультке шыққанда, бесікте жатқан балалар бүгінде еңбегі сіңген қайраткер атанып жүр ғой" дегенімде, "аға, мен атақ үшін еңбек етіп жатқаным жоқ, бұйырған қашпас" деді сол баяғы сабырлы кейіппен. Іштей сүйсінгенім рас, дегенмен әр пенде еңбегінің жемісін тіріде көргісі келетіні бәрімізге белгілі ғой. Көктемде егінін егіп, жаздай баптап, күзде мол өнімнен үміттену күнә емес шығар. Қаншама таланттарымыз уақытында бағаланбай өмірден озды, қаншама талант әлі де "әділдіктен" дәмелі екені жасырын емес.

Сырда туып Алматыда білім алған, еңбек жолын Оралда бастап, сол өңірдің өнерінің қарыштап өсуіне еселі еңбек еткен, өмірі өнерімен өрілген Еркіннің бүгінгі арманы, өзі өсіп-өнген "Дәулеткерей" атындағы қазақ халық аспаптар оркестрін "академиялық оркестр" деңгейіне жеткізу. "Халықтың қамын ойласаң, қардарың соның ішінде" демей ме дана қазақ. Ойлағаның орындалып, арманыңа жететініңе кәміл сенемін, тек Алла денсаулықпен өмір бергей.  


Төлепберген Тоқжанов


ТАҒЫЛЫМ 11 қыркүйек 2018 г. 811 0