« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Қай заманда болмасын, ұстаз қауымын халқымыз кадірлеп, кастерлеп, төрден орын беріп келген. Облыс мұғалімдері арасында ең биік шыңдарға қол жеткізгендер аз емес. Соның бірі – қала тұрғыны Тақан Көдебаева.
Тақан апаймен жақында ғана таныстық. Өз басым әу бастан қариялармен әңгіме-дүкен құрғанды ұнатамын. Бұл кісі көпті көрген көнекөздердің санатында екеніне «ә» дегеннен-ақ көзім жетті.
– Сұрапыл соғыста жеңіске жеткен 1945 жылдың қыркүйек айында дүниеге келіппін, – деп бастады ұстаз әңгімесін. 1951 жылы қаладағы №140 мектептің табалдырығын аттап, бірінші сыныпқа бардым. Бірнеше жылдан соң әке-шешем мені Ғани Мұратбаев атындағы №171 орта мектепке ауыстырды. Ол кездерде мектеп жетіжылдық болатын.
Әкесі Ұлы Отан соғысының бастапқы жылдарында-ақ ауыр жараланып, бірнеше ай госпитальда жатады. Нәтижесінде арнайы комиссияның шешімімен мүгедектікке шығып, елге оралған екен. Содан балалардың болашақ анасын кездестіріп, үйленеді, бір-екі балалы болады. Алайда, балалар кішкентай кезінде шетіней беріпті. Содан соң дүниеге тағы бір нәресте келгенде қазақтың ырымы бойынша қыз балаға «Тақан» деп ер адамның есімін қойыпты. Апайдың айтуынша, ата-анасы қарапайым шаруа болған екен, Абай атындағы кеңшарда тұрыпты. Отбасында жеті бала дүниеге келеді. Сол жеті ағайыннан бүгінде Тақан апай мен сіңлісі ғана қалған.
Жетіжылдық мектепті бітірген бойжеткен 1959 жылы Қызылорда қаласындағы Мәншүк Мәметова атындағы қыздар педагогикалық училищесіне түседі. Табандай төрт жыл оқып, 1963 жылдың шілде айында қолына «қызыл» диплом алады. Сол жылы Н. Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институттың филология факультетіне «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша оқуға түседі.
Алайда, бұйрықтан қашып құтылған кім бар? Институтқа оқуға түскен жылы Амантай Қарамырзаев деген жігітпен танысып, аз уақыт ішінде көңілі жарасты, екі жас «үйленеміз» деген шешімге келді. Ол кездерде апайдың айтуынша, қыздың күйеуге қашып кетуі жиі кездесетін еді. Сонымен күндердің күнінде Тақан да қашып кетеді. Содан оқу жайына қалды да, кейіннен сырттай бітіруге тура келді.
Адам жастайынан армандағанына бейімделетіні белгілі. Ауладағы балалар жиналып, «мектеп» ойнағанда кішкентай Тақан қолына қалам, қағаз алып, «мұғалім» болып шыға келеді екен. Өскенде ұстаз болып, балаларды оқытып-тәрбиелеуге атсалыссам ба деген арман сол кезден басталған көрінеді.
– Аллаға шүкір, арманыма жетіп, мұғалім атандым және де бүкіл өмірімді балаларды тәрбиелеуге арнадым, – дейді қарт ұстаз.
Отбасында екі қыз бен төрт ұл дүниеге келді. Үлкен екі ұлы анасының жолын қуып мұғалім болды. Бірінші үлкен ұлы Қарағандыда колледж, одан кейін Алматыда институт бітіріп, қазір мектепте дене шынықтырудан сабақ береді. Екінші ұлы музыкант, 8-ші сыныптан кейін қаладағы әуез мектебін, одан кейін музыка училищесін бітірді. Алайда, достарына еріп Ресейдің Ярославль қаласындағы жоғары әуе қорғанысы әскери оқу орнына түскенімен, екі жарым жылдан кейін оқуды тастап, елге келді. Сол кезде Кеңес Одағы ыдырай бастаған болатын. Содан кейін ол Алматыда жоғары оқу орнының музыка факультетіне түсіп, бітіріп шықты. Қазір ол да мектепте жұмыс істейді. Үшінші ұлы Байқоңыр қаласында тұрады, сондағы мекемелердің бірінде жоғары қызметте.
Тақан апай 1963 жылы келіншек болып түскеннен кейін Тасбөгет кентіндегі №11 мектепке жұмысқа орналасты. Үш жыл «Орыс тілі мен әдебиеті» пәнінен сабақ берді. Содан кейін сегіз жылдай бастауыш сыныптарында жұмыс істеді. Ол кезде балаларды алты жастан оқыту жүйесі енді қолға алынып жатқан. Бір топ бастауыш мектептің мұғалімдерімен бірге облыстық педагогикалық білім жетілдіру институтында арнайы курстан өтті. Мектепте жаңа оқу жылынан бастап бірінші сыныптың балаларын алды. Сынып жетекшісі ретінде оларды 11 жыл бірге алып жүрді де, білім ұясынан өз қолымен ұшырды. Институт қабырғасынан шығысымен жолдамамен №11 мектепке келіп, онда 33 жыл еңбек етті де, сол жылы 50 жасында зейнетке шықты. Айта кетері, апайдың еңбек кітапшасында бір ғана жұмыс орны жазылған.
33 жылдың ішінде Тақан апайдың алдынан қаншама ұл-қыздар өтті десеңізші! Биыл шәкірттері кездесу ұйымдастырып, сынып жетекшісін құрметті қонақ ретінде шақырды. Тақан апайдың айтуынша, бір кездердегі ұл-қыздардың бүгінде балалары, немерелері бар екен. Бірі Астанада банк филиалының басшысы болса, енді бірі шетелде қызмет етеді.
Жалпы «Еңбек Қызыл Ту» орденін алған мектеп мұғалімдері облысымызда санаулы болса керек. Т.Көдебаеваның бастауыш сыныптарда жұмыс істеп жүрген кезі. Сол жылы Алматыдағы республикалық педагогикалық ғылыми-зерттеу институтынан Дәмегүл Қатембаева деген жоғары лауазымды қызметкер облысқа келіп, мұғалімдердің кәсіби деңгейін тексеру мақсатында бірнеше аудан мен елді мекендерде олардың ашық сабақтарына қатысқан еді. Алматыдан келген қонақтар, облыстық білім басқармасының қызметкерлері, мектеп мұғалімдері апай өткізген ашық сабаққа қатысып, жоғары баға берді. Содан бастап Т.Көдебаеваның есімі облыстық, республикалық газет беттеріне шыға бастады. Бірнеше рет газет, радио тілшілеріне сұхбат берді. Соның аяғы 1981 жылы облыстық партия комитеті оны орденге ұсынды. Бірінші хатшы Сағидолла Құбашев салтанатты жиналыстардың бірінде орденді табыс етті.
Бүгінгі таңда қоғамда қалыптасқан сан алуан пікірлер бар екені жасырын емес. Солардың бірі – қазіргі жастардың білімге, жұмысқа ынтасы бұрынғыдай емес дегенге саяды. Ол жас мұғалімдерге де қатысты, өйткені бүгінгі бала тәрбиесі ертеңгі қоғамды қалыптастыратыны мәлім. Бұл тұста Т.Көдебаевның пікірі қанша жыл өтсе де, өзгерген емес. Апайдың айтуынша, ең бастысы – мұғалімде балаға деген мейірімділік болуы керек. Мұғалім оқушының жан-дүниесін сезе білуі тиіс, оқушыны баласынан кем көрмеуі қажет. Бүгінгі мектеп оқушысы ертең білімді, білікті һәм айналасындағы жұртқа мейірімді болғанын қай мұғалім болса да қалайды ғой. Тақан апайдың үлкен өмірге жолдама берген ұл-қыздары өте білімді, жан-жақты және табандылықпен танылды. Жылына екі-үш рет келіп, ұстазының хал-жағдайын сұрап тұрады. Әсіресе, мектепте өтетін соңғы қоңырауларда міндетті түрде кездеседі.
Тағы бір айта кетері, 33 жыл тер төккен №11 мектеп ұжымы да ардагерлерін ұмытқан емес, жиі хабарласып, жиындардан қалдырмайды.
Әңгіме үстінде Тақан апай шалын да атап қойып отыр. Сөйтсем, біз сұхбаттасып отырған күні, яғни тамыз айының үшінші жұлдызында екеуінің отасқандарына 55 жыл толып отыр екен.
– Ол кезде мен 17 жаста едім, күйеуім 20-да болуы керек, – деп Тақан апай әңгімесін жалғастыра түсті. Педучилищеде оқып, шашымыз жалбырап жүрген кезде танысқанбыз ғой. Отағасы бастапқы кезде Тасбөгеттегі автобазада шофер болып істеді. Ата-енеммен бірге тұрдық, екі қайным болды, соларды көтердік. Кейіннен политехникумды сырттай бітіріп, еңбек қауіпсіздігі жөніндегі инженер қызметін атқарды, штаттан тыс мемелекеттік автоинспекция қызметкері болды. Қазір ол да зейнетте.
Ұстаз, ана, әже ретінде Тақан Көдебаева өзін бақыттымын деп санайды. Немерелері үйлене бастады. Жалпы қазір 19 немере, олардан 13 шөбересі бар. Мыңдаған шәкірт тәрбиелеген ұстаз үшін ең басты байлық – еліміздің тыныштығы мен бүгінгі бейбіт күн.
Қазыбек КАМАЛҰЛЫ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |