Жақсының аты өлмейді

Жүйіткіген жүйріктей, аққан жұлдыздай зулап өтіп жатқан уақыт-ай. Арамызда жүрген жақсы адам өмірден өтіп кетсе де, көңілден ешқашан өшпек емес. Оның артында ұстамы жақсы ұрпақ, қабырғаны қайыстырған қимастық пен Алатаудай сағыныш қалады. Өзінің саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаздың өмірден озғаны қабырғамызды қайыстырды. О бастан өлмек айқын. Бұл пәниде темір өзекті пенде жоқ. Өлмес адам елде жоқ. Өлімнен өтер өткел де жоқ. Бірақ төрге шықса төбедей, төбеге шықса төредей, жақын мен алысты бірдей тең көрген, елінің жігері, қоғамның тірегі бола білген Асқар Қалиұлын өлімге қию да, енді арамызда жоқ дегенге сену де қиынның қиыны.

Әділбеков Асқар Қалиұлы 1962 жылдың қазан айының 17 жұлдызында  Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Төменарық елді мекенінде дүниеге келді. 1984 жылы Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтын бітіріп, физика және математика пәні мұғалімі мамандығын иеленді. Алғашқы еңбек жолын 1984 жылы Жаңақорған ауданындағы  №162 орта мектепте шәкірт тәрбиелеуден бастап, 1986жылы Сырдария ауданындағы №218 орта мектепте физика-математика пәні мұғалімі қызметін атқарды. 1989 жылы Халық депутаттары, Сырдария аудандық Советі атқару комитетінде нұсқаушы,1991 жылы Сырдария аудандық кино жүйесінің директоры, 1997 жылы Облыстық халық шығармашылығы орталығы, мәдени демалыс қызметін ұйымдастыру бөлімінің маманы, 1998 жылы Облыстық кинобейнені жалға беру кәсіпорнының бейнехана бөлімінің жетекші маманы. 2003жылы Қызылорда қаласы әкімі аппаратының әлеуметтік-саяси мәселелер және сыртқы байланыстар бөлімінің бас маманы. 2004 жылы Қызылорда қаласы  әкімдігінің ұйымдастыру, бақылау және кадр бөлімінің бастығы,    2005-2007жылдар аралығында Қызылорда қалалық білім бөліміне қарасты №257 орта мектептің директоры, 2007-2012 жылдары аралығында №1 мектеп-гимназиясында және 2012-2013 жылдар аралығында №197 орта мектептің  директоры қызметін атқарды. 2013- 2017 жылдар аралығында Қызылорда қаласының Ақжарма ауылдық округінің әкімі қызметін атқарды.

Осы жылдар аралығында заңнамалық актілерінің әзірленуін, салалардағы заңдылық тұрғысынан шешілетін мәселелердің оңтайлы шешілуін, құқық қорғау органдарымен байланыстың жүйеленуін жолға қоюда бірқатар жұыстар атқарды. Атқарған лауазымында ауылдық округтың экономикалық дамуын, бюджеттің қалыптасуын, бөлінген қаражаттардың уақытылы және тиімді игерілуін, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі мәселелерін ұтымды ұйымдастырды.2017 жылдың 18 сәуірінен бастап Қызылорда қаласы білім бөліміне қарасты №101 мектеп-лицейінде директорлық қызмет атқарып келді.

Қызметтің қай саласында болмасын, ол өзінің кәсіби  шеберлігімен жұмысқа деген қабілетімен, ынтасымен жауаптылық таныта білді.Қызмет атқарған жылдар аралығында облыс, қала әкімдерінің бірнеше мәрте мадақтау, алғыс хаттарымен және «ҚР Конституциясына 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталған.

Иә, бүкіл саналы ғұмырын болашақ ұрпаққа тәрбие беру жолына сарп еткен Асқар Қалиұлын еске алғанда көз алдымызға тек оның жақсылықты жар салып жүретін ақпейіл мінезі мен ағалық қамқорлығы келеді. Еңбегімен елінің есінде қалған, тумысынан тәрбиеші, тәлімгер ағай қаншама шәкіртті қанаттандырып, үлкен өмірге жолдама берді.

           Адамның асыл қасиеті, ақыл-парасаты көзі тірісінде емес, өзі өмірден озғанда айқынырақ бағалана ма деп ойлайсың. Қазір сіздің айтар ақылың, әрбір істі шешердегі сабырлылығың, турасын кесіп айтар нақтылығың жетіспей, орның үңірейіп, ойсырап тұрғандай. Кез келген қиын жағдайда тығырықтан шығар жолды ойланып, толғанып, ақыл таразысына салып, ең соңында кесімді пікіріңді қысқа ғана тұжырымдау – сізге ғана тән асыл қасиет еді. Адамдарға ұдайы шапағат нұрын шашып, әркімнің жетістігін іштей бағалап әрі байсалды мінезбен ақырын ғана мынаны былай ету керек еді деген ықыласын білдіруші еді.

«Жақсының аты өлмейді» – деген шындық шығар, сірә. Шәкәрім Құдайбердіұлы: «Өткен адам болады көзден таса, өлді, өшті болады көзден таса, ол кетсе де белгісі жоғалмайды, керектісін ескеріп ұмытпаса», – демекші, Асқар Қалиұлының жақсылықтары өшпейді, рухы біздің арамызда мәңгі бірге жасай бермек.Оқыған дұғамыз қабыл болып, жаныңыз жұмақта болғай,-дей отырып, отбасы мен туған-туыстарына қайғыра көңіл айтамыз.

Қызылорда қалалық білім бөлімінің ұжымы



 
ТАҒЫЛЫМ 08 қыркүйек 2018 г. 897 0