ЕЛ ЖАДЫНДАҒЫ ЕСІМ

 Бар өмірін туған жеріне, еліне қалтқысыз қызмет етуге арнаған қоғам қайраткері, ұлағатты ұстаз Дәумен қажы Шоманұлының туғанына 90 жыл толды.
Сонау 1980 жылдары Қазақ телевизия­сының редактор-тілшісі ретінде Сыр елінде іс­сапарда жүріп Жаңақорған ауданы кәсіподақтарының төрағасы, бюро мүшесі Дәумен Шоманов ағаймен кездесіп, сұхбат алған едім. Содан бері ағаға деген құрметім, ықыласым арта түсті.
Ел жақсы мен жайсаңды қалың топтан жаңылмай танып, еңбегінің әділ бағасын беріп отырады. Деңгейі биік, дәрежесі дара ағаларын кейінгі ұрпақ әрдайым ұлағат тұтады. Өйткені, халықтың айрықша ықыласын иеленген азаматтың тұғыры қашанда берік, еңсесі жоғары.
Дәумен қажы Шоманұлы қоғамның дамуына белсене атсалысып, қай қызметте болса да адалдық пен әділдік, адамгершілік пен парасаттылық, білгірлік пен білімділік танытқан тұлға атанды.
1928 жылы Жаңақорған ауданы Өзгент аймағының Көкжиде-Қостораңғыл ауы­лындағы қарапайым диқан отбасында дүниеге келген ол ауыл мектебінде білім алған соң, 1951 жылы Қызылорда қаласындағы педагогикалық институтты ойдағыдай бітірді. Облыстық газеттің редакторы Базарбай Сарбасовтың тәрбиесін көп көрді. Институтта елге танымал болған қайраткер Аралбай Махамбетов, Елеу Көшербаев, Дәуірхан Айдаров, Хамит Ембергенов, Қайырбек Мырзахметовтермен бірге оқыған еді.
Диплом алғаннан соң, Қызылорда қаласында, Шиелі, Жаңақорған аудандарында мектеп директоры, аудандық оқу бөлімін басқарды. Одан кейін партиялық жұмысқа жіберілді. «Түгіскен» тыңын игеру кезінде ерекше табандылық көрсетті. Ауыл шаруашылығының білгір ұйымдастырушысы Зұлпыхар Мұсахановты ұстаз тұтты.
Еңбек адамына қамқорлық жасаудың үлгісін көрсеткен халық қалаулысы ретінде аудандық кеңестің депутаты, аудандық партия комитетінің бюро мүшесі, кәсіподақтардың облыстық ұйымы құрамына сайланды.
1960 жылы республикалық мұға­лімдердің ІІІ съезіне, КСРО агро­өнеркәсіп кешені қызметкерлерінің Мәскеуде өткен ІІІ және ІV съезіне делегат болды. Кәсіподақтардың Республикалық кеңесінің оған «Газ-24» Волга жеңіл автокөлігін сыйға тартуы тегін емес еді.
Зейнет демалысында жүріп, ұлттық дәстүрдің дәріптелуін, ана тілімізге деген құрметті көтеру мақсатында аудандық «Қазақ тілі» қоғамына төрағалық етті. Мұның бәрі өлшеусіз өнегенің ордасы еді. Үкімет бұл еңбекті жоғары бағалады. Қолы таза, жүрегі таза, нағыз имандылыққа бет бұрған парасатты жанға құрметтің жоралғысы, міне, осындай.
Әділетсіздікке төзімсіз, жақсылыққа жүрегі жомарт табиғаты оны үнемі абыройға бөледі. Дәумен аға әділетшіл, принципшіл, қиянатқа кешірімсіз таза кісі болатын.
Батыл әрі дәйекті айтатын қасиеті кім-кімге де үлгі-өнеге. Қоғамға деген, мемлекет мүлкіне деген жанашырлығы, ағайынның ауызбірлігін сақтауға деген қамқорлығы баршаның көз алдында.
Атасы Бәймен қожа мен әжесі Бегина апа Шаһмұхамед, Шоһмұхаммед, Нұрмұхаммед атты үш ұл мен Күнпатша, Айымпатша деген екі қыз өсірген. Кейінірек бұлар Шәмен, Шоман, Нұржан, Патжан, Аймыш деп аталып кеткен.
Шәмен мен Шоман елдің құрметіне бөленген, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар болған. Шәмен атақты құсбегі атанса, Шоман шығырдың ақсақалы атанған. Жастайынан шаруаға бейім, жерді, суды танитын күшті қасиетке ие болған. Сырдың «Көкжиде» аталатын жағасына он шығыр құрып, ағайынды жаппай егіншілікке жұмылдырған. Сол кезде Шоман ақсақалды білетіндер: «Шоманның таяғының сүйреткісімен арық-атыз алсаң, шығырдың суын діттеген жеріңе жеткізесің», – дейді екен.
Егер әр шығыр 2,5-3 гектар жерді суландырады десек, 10 шығырдың суы 25-30 гектарға жеткен. Шоман колхоз құрылған, ел қоғамдасып, егін егуге көшкенде де үнемі су мұрабы, егіс бригадирі жұмыстарын атқарған.
Дәумен қажының анасы – Үрсая Алтынқожақызы ақылды, парасатты, отбасының қазынасы болды.
Дәумен ағамыз 1962 жылы аудандық оқу бөлімін басқарды. Партия шақыруына орай «Қызыл Жұлдыз» ұжымшарында төрағаның орынбасары, ал 1967 жылдан 1974 жылға дейін КПСС-тің ХХІІІ съезі атындағы (қазіргі Қожакент) кеңшарында партия ұйымының хатшысы қызметін атқарды.
«Түгіскен» тыңын алғашқы игеру­шілердің қатарында болып, 1928-1950 жылдарда тағдыр тауқыметімен Өзбекстанға қоныс аударған ағайындардың 250-ге тарта отбасын елге қайта көшіріп әкелуге лайықты еңбек сіңірген. ХХІІІ партия съезі және Өзгент кеңшарының негізін қалаған. З.Мұсаханов атындағы «Келінтөбе» бас арығының құрылысына белсене қатысқан.
Соңғы 20 жыл, яғни 1990 жылға дейін аудандық кәсіподақ ұйымын басқарды. Зейнетке шыққаннан кейін 3 жыл аудандық «Қазақ тілі» қоғамына жетекшілік етті. Ауданның экономикалық-мәдени дамуына елеулі үлес қосты.
Жұбайы Гауһар анамыз да текті әулеттің ұрпағы.
Алты перзент өсірді. Мұрат, Алтынбек, Мақсұт облысқа белгілі кәсіпкерлер, қыздары Сәуле мен Зина да жеке кәсіппен шұғылданды. Зәуресі аудандық кітапхана басшысы болды.
Мұсылмандықтың бес парызының бірі – қажылық сапарын жасады. Мекке, Мәдинада болып, Қағба мешіті мен Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарымыздың мешітінде сәждеге бас қойып, зиярат етті.
Дәумен қажының есіміне Жаңақорған кентінде, Өзгент ауылында көше берілді. Өзгент ауылының  орталығынан мешіт салынып, ол Дәумен қажы Шоманұлының есімімен аталды. Мұсылман қауымының ұлық мерекесі – Ораза айт, Құрбан айт кезінде Құран оқылып, ас беріледі. Және де тұрмысы төмен отбасыларға қайырымдылық көмек көрсетіледі. Жыл сайынғы оның демеушісі – ұрпақтары, балалары.
Дәумен Шоманұлы – еңбек ұйым­дастырудың ірі майталманы, ұлағатты ұстаз, сондай-ақ, шығармашылық қабілеті бар белгілі қаламгер. 1995 жылы «Молда Шәмшілер» атты шежіре кітапшаны жарыққа шығарды. Бұдан бес жүз жыл бұрын ғұмыр кешкен бабаларды Мәуләна Шәмшідіннің (Шәмші Бүзірік) Самарқан қаласынан жерленген жерінен тапты, Қырғы Өзгентте жатқан бабалар басына кесене тұрғызуға атсалысты. Ол Үш Ата: Шәмші Бүзірік, Шаһ Бүзірік және Әл-Әмин баба.
Ұрпақтары жылда бабалар рухына құран бағыштап, ас береді.
Жергілікті халық осы әулие-ғұламалардың үлкені Әбдіжәлел бапты (Хорасан ата) пір тұтады, зиярат етеді. Келесі жылы 1300 жылдығы аталып өтіледі.
Дәумен қажы Шоманұлының бабасы Шәмші Бүзірік (Бүзірік – оқымысты, ғалым деген сөз). Ол кезде Өзгент Сыр бойындағы үлкен қалалардың бірі. Мәуләна Шәмшідін Өзгенттегі мешіттің имамы әрі сол елдің ұлығы болған. Өзгент қаласы моңғол шапқыншылығының зардабын көп тартса да ХІV-ХV ғасырларда қайта өрлеу дәуірін бастан кешірген. Мәуләнә Шәмшідін дәл осы тұста өмір сүрген. Қасиетті Ислам дінін, ілімін таратуда ірі ғұлама, дін жолындағы үлкен тұлға болғанын көнекөз қариялардың сөзінен, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, жоғалмай келген шежіре қолжазбалардан біліп отырамыз. Әрі ақын, әрі әулие, әрі ұлық атанған бабамыз артына көп мұра қалдырған.
Дәумен қажы Шоманұлы ұрпақтар шежіресін жасап, бабалар өмірін зерттеп, «Молда Шәмшілер шежіресі» мен «Мәуләнә Шәмшідіннің (Шәмші Бүзірік) хикметтерін» және Низамеддин (Низан) Қалықұлының «Шыршық әндері» деген атпен өлең-жырлары мен дастандарын жеке кітап етіп бастырып шығарудағы сіңірген еңбегі ұшан-теңіз.
Дәумен қажы ауданда «Қазақ тілі» қоғамын басқарып, «Мирас» атты танымдық газет шығарып, қыруар жұмыстар атқарды. Ауыл өмірінің кө­кейтесті мәселелерін көтеріп, қалам тербеді. Елді ауызбіршілікке шақырды.
Әсіресе, «Ғибратнама» кітабы танымдық, шежірелік тұрғыдан әрі ұрпақ тәрбиесі турасында бүгінгі қоғам үшін құнды еңбек.
Осы кітаптың алғы сөзін мемлекет және қоғам қайраткері Сейілбек Шаухаманов жазған болатын. Шығарманың тілі шұрайлы, тарихи деректерге толы құнды еңбек екенін атап өткен.
Сондай-ақ, ардагер-журналист, белгілі қаламгерлер Қайырбек Мырзахметов, Файзулла Сахиев барынша талдау жасап, кітапқа жоғары баға береді.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, сатирик-ақын Нұрмахан Елтай:  «Әулет шаңырағы, күннен-күнге керегесін жайып барады. Неге? Өйткені, қуанышы – ұрпағы, қуаты – ағайыны, халқы көзі тірісінде «Молда Шәмшілер», «Хикметтер», «Низан ақынның Шыршық әуендері» кітабын құрастырып шығарды. Осылайша, қазыналы кітап қорын толықтырған азамат әсте ұмытылмайды» десе, зейнеткер-ұстаз Зинабдин Шермағамбетов «Тәшкен, Самарқандқа сапар шегіп, архивтерді ақтарып, бабаларының зиратын тауып, шежіре  жазғаны, ол дүние қолдан-қолға тимейтін құнды қазына болғаны – тағзым етерлік іс»,–деп ой түйеді.
Ал бұл кітапты Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Адырбек Сопыбек­ов құрастырып, шығарған еді.

Ержан УӘЙІС,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері.
ТАҒЫЛЫМ 08 қыркүйек 2018 г. 892 0