Абыз Абайды «Мұндай да ажал көрдің бе, Тонаудан бір күн тынбаған?» деп налытқан ажал ардақты Құттықожа Ыдырысов ағамызды да арамыздан мезгілсіз, күтпеген жерден алып кеткенін естігенде төбеден жай түскендей болған сол бір қаралы күннен бері де қырық күндей уақыт өтіпті...
Ағамыздың ес біліп, алғаш еңбекке араласқанынан күні кешеге дейінгі ғұмыры – барлық күш-жігерін, білімін, қабілетін елге қызмет етуге арнаған атпал азаматтықтың үлгісі.
Ол 1951 жылы 1 маусымда Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында дүниеге келді. Еңбек жолын туған ауылы – «Түгіскен» кеңшарында жұмысшы болып бастап, Алматы халық шаруашылығы институтына түсіп, саналы ғұмырын арнаған сүйікті экономист мамандығын алды.
1974-1995 жылдар аралығында облыстың бірқатар мекемелерінде есепші, экономист, тексеруші-бухгалтер, қаржыландыру бойынша бөлім бастығы қызметтерін атқарды. Егемендігіміздің елең-алаңындағы тағдыршешті кезеңде облыстық қазынашылық, қаржы басқармаларының басшысы, облыс әкімінің орынбасары тәрізді аса жауапты лауазымды қызметтерді абыроймен атқарды. Білікті маман, қажырлы, талапшыл, табанды басшы ретінде тәуелсіз еліміздің қаржы, экономика институттарының іргетасы қаланып, қалыптасуына өзінің лайықты үлесін қосты десек, артық айтқандық болмас еді. Осындай еңбегінің арқасында 2010 жылдан бері Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ІV және V шақырылымдарының депутаты болып сайланды, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі ретінде терең талданып, ғылыми негізделген көптеген ұсыныстары қолдау тапты, қолданысқа енгізілді.
Еткен еңбек елеусіз қалған жоқ - «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Парламентіне 10 жыл» медальдарымен марапатталды. «Облыстың қайырымды адамы» номинациясын иеленді.
Құттықожа ағамыз да тек Сыр өңіріне ғана емес, бүкіл елімізге танымал болған қаржы саласының корифейлері – Камал Шөкенов, Бименде Баймаханов сынды алдыңғы буыннан тәлімін алып өсті, ақыл-кеңесін орындады, нәтижесінде елге танымал тұлға деңгейіне жетті. Қаржыгер әріптестері Қамбар Әжібеков, Дайрабай Ысқақов, Жомарт Боранбаев, Сәндібек Аманжолов, Серікжан Қалиев, Рысбек Мәмбетов сынды елге танымал замандастарымен қызметтік әрі достық қарым-қатынаста болды.
Мамандығы нақты ғылым – қаржы, экономика саласы болғандықтан болар, әлде қабілеті, бейімділігі болғасын да, Құттықожа ағаның қай мәселеге қатысты болса да айтар ойы нақты, көп сөзден ада, қысқа да нұсқа болатын.
Байыппен сөйлейтіні, өткір, жалтақтамай нақты шешім қабылдайтын қайсар мінезі, сырттай қараған адамға қаталдау көрінетін, алайда түптеп келгенде, ақкөңілділігі, кеңпейілділігі кімге де болса үлгі боларлық қасиеттер еді.
Кезінде облыс әкімінің орынбасары, облыстық бюджет комиссиясының төрағасы ретінде ұлттық рухани құндылықтарымызды қастерлеу, туған тіліміздің деңгейін арттыруға бағытталған шараларға кейбір функционерлер қаржы бөлуге табандап қарсылық білдіргенде Құттықожа ағаның: «Түсініңіздер, қазақ тілі – ел бірлігі, бұл саясаттың мәселесі», – деп, қайтарып тастағаны есімде. Бүгінде қандай қиын кезеңнен өтсе де, ұлтымыздың рухани деңгейі төмендемегені, қайта қазір «Рухани жаңғыру» ұлттық бағдарламасына тоғысып, ұласуы ағамыз тәрізді ұлтжанды тұлғаларымыздың арқасы екені сөзсіз.
Құттықожа ағамыз дипломатиялық шеберлігімен де асқан тұлға еді. Байқоңырдағы «Протон» зымыраны құлаған тұста, айдалада алау болып жағылған газды ел игілігіне жарату бастамалары кезінде ағамыздың бұл қасиеті айрықша көрінді. Арнайы құрылған жұмысшы тобының басшысы ретінде тараптармен кездесулерде ағамыздың қайсарлығы мен түпкілікті ойын жеткізе білуінен олар бір тоқтамға келіп, облыс халқының өмір сапасын жақсартуға қажетті күрделі шешімдердің қабылдануына негіз қаланды.
Көркем әдебиетті, әсіресе қазақ поэзиясын терең білетініне қарап, қауырт жұмыс арасынан оларды оқуға қалай уақыт табатынына қайран қалатынмын.
Қазақстанның болашағы жайлы әңгіме болғанда «Біздің елдің болашағы – біздің балаларымыз, сондықтан біздің міндетіміз оларға жақсы білім, жақсы тәрбие беру, әрі ерте бастан патриоттық рух сіңіру, еліміз сонда ғана өркендейді!», – деп нық сеніммен айтып отыратын. Мен мұның барлығын көпшіліктің айтқанынан емес, қарамағында қызмет атқарып, өмір тәжірибесінен тәлім алуға тырысып келе жатқан, өмірде жиі араласқан ізбасар інісі ретінде жақсы білемін. Қайбір тығырыққа тірелген мәселелерде ағаның көмегіне жүгінетінбіз, кімге де болса ақыл-кеңесі әрдайым дайын болатын.
Әмәнда аға ініге сыншыл. Қыңыр тартсаң, тезге салып жөндейді. Алға бассаң, масаттанады, қуанады, риза болады. Ойынан, сенімінен шықсаң, ащы терін алған тұлпардай ұлы бәйгелерге қосады. Міне, Құттықожа Ыдырысұлы осындай ағалардың қатарынан еді. Өз басына артықшылық тілемейтін, өзгелерге мейірбандықпен қарағандығынан да Құттықожа ағамыз жұртына жұғымды, қай кезде де еңбек еткен ұжымына жағымды еді.
Құттықожа аға өзінің мол тәжірибесін кейінгі буын мамандарға үйретуден жалықпады, бүгінде республика көлемінде оның ісін жалғастырушы ізбасарлары көптеп саналады. Бір парасын атайтын болсам, олар әріптес іні-қарындастары Рахымжан Нұрсейітов – Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ғылым жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары, Балжан Шәменова – «Нұр Отан» партиясы орталық аппараты басшысының орынбасары, Райхан Ысқақова – облыстық мәслихат депутаты, қаржы саласының ардагері, Сәуле Құлымбетова – Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясының төрайымы, Талғат Жақыпбаев – Қызылорда облыстық қаржы басқармасының басшысы.
Рухы күшті, өз ортасында қадірлі де аяулы жандардан айырылу қашан да қиын әрі ауыр. Осындайда халқымыздың «Өмірден жақсы озса, жарты жұртым көшіп кетті десейші» деген даналық сөзінің мағынасына көзіңіз жетеді.
Шүкіршілігі – артында өмірін жалғастырар ұрпағының, оның тәлімді тәрбиесін алған, ақыл-кеңесін естіген, болмаса да ағаға ұқсап бағуға тырысқан ізбасарларының қалың тобының барлығы.
Ата-бабасынан жалғасқан жақсы дәстүр Құттықожа ағамыздың соңында қалған ұл-қыздары мен немерелеріне үлгі-өнеге екені сөзсіз. Жылдар өтер, алайда біз ағамызды жүрегімізде ұзақ уақыт сақтайтын боламыз.
Өйткені, тірісінде маңайындағыларға жан жылуын шашқан, пана болған қамқор аға өзі ортамызда болмаса да жақсылықтарымен ойға жиі оралары, көзден кетсе де, көңілден кетпесі, әлі талай сағындырары ақиқат.
Роман МҰСАБЕКОВ.