ОЙ ТОЛҒАУ

 Сейілбек Шаухаманұлы дүниеден озды дегенде сенер-сенбесімізді білмей, абдырап аңырап қалдық. Апыр-ау, осы күні кеше ғана емес пе еді, қалың елдің ортасында өзіне тән сабырлы қалпын сақтай отырып, дүниеден өткен сыйлас, бауырлас Сыр бойының абыз ақсақалы Ыдырыс Қалиұлының жылдық асында ұлағатты сөздер айтқаны, қоштасқандай болып ой тастағаны. Осыдан кейін өткен өміріңді жалған демей не дерсің?!
Адамзаттың асыл мұрасы – оның пенделерінің жер бетіне мәңгілікке өшпес із тастауы, ақыл-ой, парасаттылықтың мүсінін сөзімен де, жасаған ісімен де өзгеге өнеге етіп қалдыруы болса, бірақ ол көп адамдарға бұйырмаған дүние. Бұл ретте ол тіршілік иелерінің армандауының жөні де жоқ. Ол ұлы қасиетке ие болу – атаның қанымен, ананың сүтімен даритын табиғи ерекше құбылыс. Қадірлі бола білу – ол адами өмір сүре білудің жемісі. Өмір атты оқудың әліппесін ашудан бастап, тіршілік етудің философиясын бойына сіңіру, дарыту болашақ ұрпақ үшін ұрық шашу екенін екінің бірі біледі. Бірақ білу мен оны зерделеудің, тіршілік аясындағы бар құбылыстарға байсалдылықпен қарап, өзіңе-өзің өкім шығарып, ерік-жігеріңді бір мақсатқа бағындыру, жүзеге асыруға үнемі белсенді талпыныс, ізденіс жасау екінің бірінің қолынан келетін, ақылы, ойы жететін нәрсе деп айта алмаймыз.
Бірақ Сізді, құрметті Сейілбек аға, бүгінгі қазалы күнде, өткен уақытты еске ала отырып, отбасыңызды араласу ортаңызды отыз бес жылдан астам уақыт білгендіктен, терең зерттеп, байқағандықтан, әрбір айтқан сөзіңіздің мазмұны мен астарына терең үңілгендіктен осы ойларды қазалы күні айтуды жөн санадық.
Сіз Сыр бойының Табиғатқа, Жер-Анаға, Қоғамға, Елге сыйлаған ерекше перзенті едіңіз. Сыр бойының адал перзенті болу – алты Алаштың аяу­лы да ақылды, парасат биігіндегі ұрпақ­тарының сенімін ақтағаныңыз. Тарих тағылымы осылай үйретеді. Біз солай тәлім алудамыз. Атаның ұлы болғанша Адамның ұлы болу осылай-ақ болар, сірә-да. Сіздің сексен жас өміріңіздегі өмірбаянды баяндауды қажет деп таппадым. Ол талай азаматтардың есінде, бәріміздің көз алдымызда, көптеген жағымды әңгімелердің арқауына негіз болып, өнегесі мол, тәлімі терең, илеуі қанық, тұзы тұшымды азаматтардың тіршілігіне, өмір жолына қанат байлат­қаныңыз шындық. Әлі де өрісін кеңейтіп, Исламның табиғи өмір шындығы сияқты өміршең болары сөзсіз.
Сізді біз не үшін бағалаған едік: барлық деңгейдегі азаматтармен ел тағдыры, жер тағдыры, ұлт тағдыры мәселелерімен терезесі тең дәрежеде әңгімелесе де, сырласа да, ой бөлісе де алатынсыз, ешкімді алаламайтынсыз; азаматтардың өмірлік көзқарастарының дұрыс қалыптасып, тәрбиеленуіне, іскер­лік қабілеттерінің шыңдалуына ағалық қамқорлығыңызды аямай, өз білгеніңізді өзгеге үйретуден жалықпай келгенсіз; аға буын – үлкендердің өнегелі істерін дәріптеп, болашақ ұрпақтың жан-жақты тәлім-тәрбие алуына негіз қаладыңыз; өлшеулі өмірдегі тірі пенделердің игі­лікті істерін насихаттауды үлгі ете отырып, қалғандарының өмірлік сабақ алуына ықылас танытып келгенсіз; түйткілі көп тіршіліктің қиыншылықтарын жеңе білуге өзіңіздің ақыл-кеңесіңізді ешкім сұрамай-ақ айтудан жалыққан емессіз; пайғамбар жасына келіп, өткен өміріңізге есеп беріп, ел ризашылығын алғаныңызды да білеміз. Енді, міне, сексен жасқа аяқ басқан сәтіңізде бұл өмірмен қош айтысып, мәңгілік өмірге жол тарттыңыз.
Халқымыздың даналық сөзі «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны аларсың» демекші, сіз ұлы есімдер жолын жалғастырушы – ұстаздар ұрпағының ізбасары болып қалдыңыз; сіз, халқымыздың қанындағы шешендік талантты заманға сай жалғастырушы, ұлан асыр ақыл-ойдың қазына, береке бірлігіндей боласыз да тұрасыз; «Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» деген қасиетті де киелі сөзді қоғамның жаңа буын басшыларына әрдайым айта отырып, өмір жолындағы ел тағдырына қатысты игілікті істердің алтын тұнбасын лайламауға үнемі игі жақсыларды шақырып келгенсіз. Құрметті еңбек демалысыңызда жүріп ардагерлер қауымын жан-жағыңызға топтастыра отырып, Сыр бойын аралап, қарапайым тіршілік тынысын жасап, өмір кешіп өттіңіз.
Осы жоғарыда айтқандардың бәрі Сіздің өмірлік жан-жарыңыз Жұпар апайдың үнемі өзіңізді сабырлыққа шақырып, барлық іске тәубе қылып, әрдайым шүкіршілік жасауында деп бағалап келгенбіз. Міне, бүгін, ата-бабаларымыз айтып кеткендей, «өмір сүру дегеніміздің өзі қамшының сабындай» болады дегені шындық екен ғой.
Қадірлі де құрметті Сәке! Тарихи өмір деген шексіз әлемінің ұзаққа кетер кейіпкері болатыныңызға біздер әрқашанда сенімдіміз. Біз үшін осы ауыр да қазалы күні бүгінгі айтарымыз: Бақұл болыңыз, жататын жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа, алдыңыз жарық, иманыңыз жолдас, артыңыз кеніш болсын деп тілейміз.  


Сайлаубай ӘБІШЕВ,
Қызылорда қалалық
ардагерлер
кеңесінің төрағасы.
ТАҒЫЛЫМ 28 тамыз 2018 г. 824 0