"Перзенттік парыз” деген сөздің жай ғана дыбыс үндестігінен тумағанын, оның астарында ата-ананы құрмет тұтудың ғасырлар бойы қалыптасқан қағидалары жатқанын өмір мектебінің ең тәжірибелі ұстаздары – әкеміз бен анамыз жастайымыздан санамызға сіңіріп өсірді. Олардың мағыналы ғұмыры, ғибратты өсиеті бүгінгі буынның қажетіне жараса, ұрпақ жалғастығы деген осы емес пе?!
Өткен жылы балаларының барлығы "өмір бар жерде өлім хақ” екенін мойындайтын жасқа жеткенде анамызды өз ортамыздан ақырет сапарына аттандырдық. Бойына кір жұқтырмай, бес уақыт намазын қаза қылмай, өмірінің соңғы сәттеріне дейін перзенттерінің, немере-шөберелерінің тілеуін тілеп өтті, жарықтық. "Базар апаның батасын алайық” деп қаумалаған жұртшылыққа ағынан жарылып, ақ батасын жаудыратын. Дара болмысымен, өнегелі үлгісімен бір әулеттің ғана емес, елдің анасы атанды.
Екі сөзінің бірі батамен өрілетін анамыз «бірге сәлем берген, мыңның ризалығын алады, балам» деп, сәлемдесуге аса мән беріп отыратын. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген қағиданы ұстанып, игі сөзбен ой толғап, жүректі тазартуға шақыратын. Апам айтатын «Денеңді таза ұста, Алладан жарлық қашан келерін білмейсің, шаңырағыңды таза ұста, қонақтың қашан келерін білмейсің» деген өсиетті ешқандай кітаптан таба алмадым. Әр таңды қонаққа баратындай мұнтаздай қалпында қарсы алатын. Бауырлардың бір-біріне қайырымды, кешірімді болуын, қатар жүргенде бағамызды білуді, қандай жағдайда да сөзіміз бен ісіміздің бір жерден шығуын тапсыратын. Жүрегінен төгілген мейірімі мен шапағаты жан-жағына шуақ боп тарайтын.
Анам отбасын, туған-туысын қадірлеуді сөзбен де, өз өнегесімен де үйретті. Үлкенге – құрмет, кішіге ізет көрсетуді, кісінің жеткен жетістігіне риясыз қуануды ата-анамнан көріп, бойыма сіңірдім. Анам Алладан өзі үшін де, өзгелер үшін де екі дүниенің ризалығын сұрайтын. Адамнан да алғыс алуды ізгі амалға балайтын. Мереке сайын, әсіресе қарт жауынгер әкеміздің мейрамы – 9 мамырда қарашаңыраққа ағыламыз. Құттықтап келген кісілерге құдалық-тойлардан таққан асыл тасты жүзіктерін, көйлек-шапандарын түгелдей таратып, тарту-таралғы жасағанына, басқаларды қуантқанына өзі марқайып отыратын.
Әкемізге тоқсанға келгенше тобығына жел тигізбеді. Отағасын құрметтеу арқылы қыздар мен келіндерді тәрбиеледі. Ақ жаулықты, арды қадірлеу туралы түрлі мысалдар айтып, түпкі ойын тұспалдап жеткізетін.
Жастау кезінде үйелмелі-сүйелмелі балалар мен үйдің үлкендерін бағып, қиын кездерді бастан өткеріпті. Сонда өзгелердің «Бөзден де көйлек кимедің-ау, Базар» деп мұқатқанына, "отбасымның тірегі, бала-шағам аман болса, әлі-ақ жібекті шұлғау етіп киермін” деген екен. Әйткенмен анамыз астамшылыққа, ысырапшылыққа жол бермейтін. Әрбір көйлек-орамалды шүкіршілігін қайта-қайта айтып үстіне бір-екі ілетін де, орауын келтіріп, киім қалаған адамға беріп жіберіп отыратын. "Апа оның қалай?” дейміз ғой, баяғы. Сабырлы қалпынан танбастан «Ол зат маған қарағанда соған қажеттірек. Маған тағы құдай жеткізер» дейтін. Шақырған жерден қалмай, әулетке, ағайынға түскен жаңа келінді шақырып, балаларын, келіндерін, немере, шөберелерін бір-бірімен таныстырып отыратын. 62 жыл бойы шаңырағы сыйластықпен көтеріліп, керегесі ізгілікпен керілген отаудың әр таңда түңлігін түрген, күн нұрының сәулесін таратқан абзал анамыздың орны бөлек.
Әкеміз Ұлы Отан соғысының ардагері Дүйсенбай Мұсаұлы бір шаңырақ астында 62 жыл бірге өмір сүрген жарының ізгі қасиеттерін бәрімізге үлгі етіп келеді.
– Әбдікерімқызы Базармен 1951 жылдың 12 қаңтарында отау құрып, 2013 жылдың 25 маусымына дейін бақытты өмір сүрдік. Алла берген 5 ұл, 4 қыз тәрбиелеп, немере-шөбере көрдік. Уақыттың небір сынынан өттік. Бірақ барға тасымадық, жоққа жасымадық. Меніңше қиындықтың бәрін жеңген бір күш бар. Ол – отбасындағы әрбір жанның бір-біріне деген сыйластығы, құрметі, бірлігі, кешірімшілдігі. Тоқсанға келген төре жасымның биігінен қарасам, осының бәрі еңбектің арқасы екен. «Дүние тапшылығынан көңіл тапшылығы қиын» деп отыратын еді жарықтық. Асыл да аяулы жар, бибі ана, дана әже болды. Ақыл-парасатымен әулеттің, бүтін бір елдің қамын ойлаған, жоқтан бар жасап, бардың берекесін келтірген қазақтың қарапайым кейуанасы еді, – деп еске алып отырады.
Уақыттың тоқтаусыз айналған тегершігі анамыздың бақилық болғанына жыл толған күнді жақындатты. Тірісінде анамызға деген шексіз сүйіспеншілік пен риясыз ризашылығымызды үнемі білдіріп, төбемізге көтергенімізбен оның алдындағы перзенттік парызымызды Меккеге арқалап апарсақ та өтей алмасымыз анық еді. Көңілді марқайтатыны, айналасын қаумалаған бала-шаға мен немере-шөберелердің қызығын көрді, тамырын тереңге жіберген бәйтеректей жайқалды. Перзенттерінің қол жеткізген жетістіктерін, еңбегінің жемісін көрді.
Бүгінде анамыздың аузынан түспейтін "мың шүкіршілік” деген сөзбен Алланың құзыретіндегі ардақтымызға дұға етеміз. Өзің жаққан отты маздатар ізгілікті ұрпақтарың 90 жастағы атадан бата алып, өмірлік ұстанымдарыңды, берген тәрбие, айтқан өсиеттеріңді бұлжытпай орындап келеді. Анамыздың әр сөзін жадына тоқып, ісінен өнеге алған ұрпағы білген-түйгенін өмірлік ұстанымдарына айналдырды. Аяулы анамыздың Алладан өмір бойы тілеген ақ тілеуі де осы болатын.
Нұрсәуле МҰСАЕВА.