Айтулы Еңбек Ері

Орта бойлы, жігіт ағасы келіп сәлемдесті де:

– Осы айдың 23-жұлдызында әкеме ас бермекші едім, соған шақыра келдім, – деді.

– Ал-л, әкеңіз кім еді?

– Әбжәми Сарымсақов.

– Ау-у, «Аралтұздың» айтулы комбайнері, Социалистік Еңбек Ері Сарымсақов па?

– Иә, иә... Мен сол кісінің Оразғали есімді баласымын.

Архивімді ақтардым. 1971-жылдың шілдесінде жазылған «Айтулы Еңбек Ері» деген мақаламның көшірмесі бар екен. Сол қалпында баспаға ұсынып отырмын.

Он үш жастағы Әбжәми түн ортасы ауа шырт ұйқыдан шошып оянды. Анасы Жазық та көптен сырқат еді. Ол да баласымен бірге ұшып тұрды.

– Балам-ай, саған не болды? – деп үрейлі ана не істерге білмей жан-жағына елеңдеумен болды.

– Жүрегім аузыма тығылып барады. Қорқынышты бірдеңелер ұйқы бермеді, – Әбжәми жастыққа тағы қисайды.

Біраздан кейін ол тағы шошып оянды. Таң аппақ атқанша баласы да, анасы да ұйқы көрмеді. Сол күннің ертеңіне үрейлі хабар естілді. Неміс басқыншыларының елімізге зұлымдықпен басып кіргендігі мәлім болды. Әбжәмидің жазғы демалысқа шыққан кезі еді. Үлкен де, кіші де жұмысқа кіріп жатыр. Олар өз еңбегімен, майдандағы жауынгерлерге осындай тілектестігімен жаудың қара ниетіне соққы бермекші еді. Әбжәми мен шешесінің алдында мынандай сауал тұрды: не істеу керек? Әбжәмидің әкесі ертеректе дүние салған-ды. Әкесі алғашқы тұз қазушылардың бірі болатын. Жас Әбжәмидің оған еріп тұз айдынына талай рет келгені бар-ды. Ол жылдары тұзды көлден түйемен тартатын. Бертін келе машинамен қаза бастады. Бірақ, бұлар да мардымды емес-ті. Жас Әбжәми осы көріністерге қарап тұрып, алып машинамен жер қойнауының байлығын қопаруды, тұз дегеніңді тонналап шығарып, тау-тау ғып  үйіп тастауды армандайтын.

Жазық ана баласына шүйіле түсіп сырқат көздерін қадап біраз отырды да, жұмсақ үнмен былай деді:

– Әкең болса ерте дүние салды. Қыз апаларың тұрмысқа шығып кетті. Иә сенің, иә менің жұмысқа кіруіміз керек. Бұған сен не айтасың, балам?

– Жо-қ, апа, сіз ешқайда бармайсыз, мен бәрін де өзім тындырамын, – деп жұмысқа баруға ыңғайланды... Ана көзіне жас алды. Бейбіт елдің тыныштығын бұзған жауыздарға іштей нағылетті жаудырып өтті. Сосын өзін-өзі тежеп, баласына жақсы бір тілек айтпақ боп ойланып қалды.

– Талабыңа нұр жаусын, жолың болсын, ұлым, – деді ана көңілі босап.

Сөйтіп, 1941 жылдың маусым айында он үш жастағы Әбжәми тұз айдынына қарай жол тартты. Оның тұз комбинатында басқа да жеңіл-желпі жұмыс атқаруына болатын еді. Алайда, оған көңілі соқпады. Неде болса өзінің алғашқы қадамын ауыр жұмыстан, әкесі болған тұз алқабынан бастамақ болды. Ол жылдары тұз көлінде бар болғаны екі комбайн жұмыс істейтін-ді. Әрқайсысында төрт ауысым бар. Тәулік бойы демалыссыз жұмыс істейді де тұрады. Бұл екі комбайнның механигі Дмитрий Семенович Курбатов өзі жас, қағылез, қара сирақ, жүдеу баланы жұмысқа қабылдауға ықыласының жоқтығын байқатты.

– Балақай, сен тұз өңдеу цехына бар, ондағы жұмыс мұнан әлдеқайда жеңіл, – деді ол, – бізде күн-түн дамыл болмайды. Түнгі сменада істеуіңе тура келеді. Әсіресе күн суыта мүлде қиын болады. Бір жағынан түнгі ұйқы қысқанда жігіттің жігіті-ақ шыдайды.

– Мен оның бәріне көнемін, аға! Егер бір рет болса да шикілігім сезілсе, сол сәтте қуып жіберіңіз. Түк ренжімеймін. Көріп тұрсыз ғой, боркемік босалаң емеспін. Жүдеу-жадау болғаныммен, денем тарамыс, әбден шыныққанмын. Мұнда істеу менің бала кезден арманым. Сол арманыма жетуіме көмектесіңіз, сіздей механик болғанша осында істеп бағамын. Онан арғысын тағы көре жатармыз.

Баланың сөзі нық. Жас та болса жалын атып тұр. Әрі өзі тым ықыласты екені сезіледі. Дмитрий Семеновичтің балаға жаны ашып кетті. Әйтсе де біраз ойлануға тура келді. Қиын болады-ау, деп біраз кідірді.

Соғыс жылдары тұз комбайнының қуаты айтарлықтай емес-ті. Жиі-жиі тұрып қалатын. Осы себепті де арнайы бір адам рельс­ке тұз төсеуге бөлінетін-ді. Міне, Әбжәми осы жұмысқа орналасты. Ол осында істей жүріп тұз комбайндарынан көз айырмайтын. Комбайнның машинистерін мазалап оны-мұны сұрай беретін. Олар үзіліске шыққанда бұл штурвалға мініп отыратын.

– Түс бері, тамаққа кел, – деп шақырса да Әбжәми қозғала қоймайтын.

– Түбі осыдан бірнәрсе шығады, – деп мақтайтын оны аға машинист Ақан Аймағамбетов.

Әбжәми Сарымсақов жас та болса тұз төсеу міндетін өте ұқыпты атқарды. Ағаларынан алғыс алды. Механикке де, машинистерге де әбден жақты. Сөйте жүріп комбайнды жүргізуді құлшына үйрене білді. Жеті-сегіз ай өткеннен кейін машинист Ақан Аймағамбетов оны көмекшілікке қуана қабылдады.

– Бұл машинада тіл жоқ, ол қуанышын да, күйінішін де саған айтып жеткізе алмайды, оның бар құпиясын үнсіз ұғуға тиіссің, ол үшін көп іздену керек, көп оқу керек, – деді машинист Аймағамбетов балаң жігітті өзіне баули түсіп.

Осыдан дәл екі жыл өткеннен кейін Әбжәми машинист болып, өзі дербес штурвалға отырды. Яғни, 16 жасында аға машинист атанды. Кешкі жастар мектебінде оқып, онжылдықты тауысты. Ол сменін көбіне-көп бұрынғы ұстазы Аймағамбетовке тапсырып жүрді. Бірде сол ұстазы жұмысқа ерте келді. Ондағы ойы бұрынғы шәкіртінің машинамен тұзды қалай қазып жатқанын көру еді. Қалт жіберген жері болса  ескерту жасамақ еді. Қоңыр күз болатын. Тұз көлі бұйраланып жатыр. «Байлығымды бере алмаймын», деп қасарысатын сияқты. Алайда, онысы болар емес. Мынау сылыңғыр жас жігіт одан да сұсты, «берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан» дегендей қаһарлана түседі. Ақан шәкіртіне разы болып кетті.

– Жарайсың, інім, жарайсың! – дей берді ол іштей...

Әбжәми Сарымсақов еңбек ете жүріп оқыды, үйренді. Ойын да, ісін де дамыта түсті. Ол штурвалында отырған машинада ақау болып көрген емес. Ол басқарған ауысым нормасын асыра орындамай қалған кезі жоқ. Ылғи алғыс, ылғи мақтау алумен болды. Оны тұз комбайндарының механигіне де, тіпті ол емес-ау, бүкіл комбинаттағы механизмдер паркінің механиктігіне де жоғарылатты. Бірақ, оның бар ынтасы тұз көлі еді. Табиғаттың сол байлығын мейлінше көп өндірудің басы-қасында жүру еді. Бірде «Басқұншақтан» істен шыққан тұз комбайнының бөлшектері келді. Соны құрастырып, жұмысқа қосу қажеттігі туды.

– Мұны кім жүзеге асыра алады? – деп комбинаттың директоры механизаторларға сауал қойды.

– Кім жүзеге асырса, сол адам штурвалына отыратын болсын, – деп Ә.Сарымсақов ұсыныс енгізді.

– Мейлі, солай-ақ болсыншы, – деді техниканың тезірек іске қосылуын ойлап отырған директор, ал бұған жең сыбанып кім шығады?

– Мен шығамын, – деді Әбжәми қолын көтеріп.

Комбайнды Әбжәми лез­де-ақ құрастырып, іске қосты.

Штурвалда өзі отыр­ды. Оның механизм­дер паркін­дегі механик­тік қызметін тынымсыз жұмысқа, тұз ком­байнының машинис­ті­гіне айырбастағанына жұрт таң қалды.

– Бұл өзі бір түрлі қы­зық адам, – десті ол туралы жұрт.

Қазір Ә.Сарымса­қов­тың тұз көлінің таңдаулы ма­ши­нисі атанғанына отыз жылдан асып барады. Ол он үш жасынан бастап осында істейді. Бұл іске өзі кәміл үйреніп алды. Және мүлде бауыр басып кетті. Тұз көлі оның екінші үйі іспетті. Бір кезде өзі шәкірт еді, ал оның қазіргі шәкірттері ондап саналады. Тұз комбайнының қазіргі машинистері Т.Сейталиев, Ж.Наушаев, Е.Жәрімбетов, К.Иманәлиев және басқалары сол Әбжәмидің шәкірттері, одан үйреніп шыққандар.

Әбжәми Сарымсақов бесжылдықтың өзінде ғана жоспардан тыс 52 мың тонна тұз өндірді. Оның сменасына коммунистік еңбектің үздігі атағы берілді. Ол комбинат­тағы таңдаулы рационализаторлардың бірі. Қазіргі бесжылдықта 19 рационализаторлық ұсыныс енгізді. Оның экономикалық тиімділігі 42 мың сом құрады. Ол басқаратын смена жағармайды, материалды өте ұқыпты жұмсайды. Осының нәтижесінде бес жыл ішінде тоғыз мың сом үнемдей алды. Ә.Сарымсақов еңбекті ғылым негізінде ұйымдастырудың арқасында бес жылда еңбек өнімділігін 24 процентке арттыруды қамтамасыз етті. Оның осындай еңбектегі ірі жеңістері жоғары бағаланып, оған КСРО Жоғарғы кеңесі Президиумының 1971 жылғы 21 сәуірдегі жарлығымен Социалистік Еңбек Ері атағы беріліп, Ленин ордені мен «Алтын жұлдыз» медалі қоса тапсырылды. Бұл жақсылық хабарды есіткен ауылдастары, еңбектес достары:

«Еңбегіне лайық баға!» деп қуанысып қалды.

Бұл шынында да оның көп жылғы еңбегінің жемісі де, жеңісі де еді.

Әбжәми Сарымсақов кезінде аудандық партия комитетінің бюро мүшесі, аудандық және поселкелік кеңестің депу­таттығына әлденеше рет сайланды. Кенттегі депутаттар тобына ұзақ жыл бойы жетекшілік етті. 1978 жылы  оның есімі облыстық «Еңбек даңқы» кітабына енді. 1980 жылы халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің бірінші дәрежелі дипломымен марапатталды. Әбекең одақтық дәрежедегі дербес зейнеткер де еді. «Аралтұз» комбинатының 75 жылдық мерекесінде оған «Ғасыр тұзшысы» деген құрметті атақ берілді.

Көзі тірі болғанда биыл Әбекеңнің 90 жылдығы тойланар еді.

Амал қайсы, жазмыштан озмыш жоқ деген осы. Жұбайы Сағира Ерниязқызы екеуі алтын асықтай Ғалия, Ұлзира, Оразғали, Айзада, Нұртуған есімді ұл-қыз өсірді. Олар әртүрлі мамандық иелері. Тәуелсіз қазақ елінің көркеюіне лайықты үлестерін қосуда. Солардан тараған 17 немересі мен 26 шөбересі құлпырып өсіп келеді. Олар ертеңгі күні Еңбек Ері болған қаһарман атасын мақтан етіп, жақсы ісін жалғастыратын болады.

Шәкірат ДӘРМАҒАМБЕТҰЛЫ, 

дербес зейнеткер.

ТАҒЫЛЫМ 21 тамыз 2018 г. 688 0