Жұмылған істің жемісі

Күнделікті ақпаратқа құлақ тосамыз. Газет тігінділерін парақтаймыз.

Өтенов дейді. Ау-у, бұл қай  Өтенов? Зияғаладин Өтенов пе? Е-е, ол неғыпты? 2003 жылы-ақ ауданның «Үздік кәсіпкері» атанған дейді. Одан бері де марапаттары аз емес дейді. Мәселен, Қазақстан Республикасындағы ұлттық бизнес рейтингіні ұйымдастыру комитетінің шешімімен «Қазақстан даңқы», Қазақстан агроөнеркәсібінің «Құрметті қызметкері» орденімен және кәсіби саладағы «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған дейді.

Тәуелсіздіктің елең-алаңында, өтпелі кезең мен нарық қыспағында қысылып қалмай, бой алдырмай, ашық алаңға шыққан, үш бірдей облыс әкімінің сый-сияпатына ие болған Өтеновіңіз да бір маңғаз болды-ау, деген оймен нақты деректерді іздестірдім. Және ұжымды бастап па, әлде жалғыз шапқан жүйрік пе деген сұрақ та жылт еткен-ді.

1999 жылдың 16-шы желтоқсаны. Аудан­дық тұтынушылар қоғамында ту-талапай. Содан   бөлініп,     мемлекет        меншігінен ажы­раған Арал село­лық кооперативінің жалпы жиынында мамандығы «экономист-товартанушы», сауда-саттықтың тәжірибелі саңлағы З.Өтенов бірауыздан төрағалыққа сайланады. Тиісті үлесін алғысы келгендер алады да, ұжымда қалған 15-20 жұмысшы-қызметкер оған сенім білдіріп «Ал-л, баста бізді!» дейді. Салыққа, банкіге, нан зауытына 17 миллион теңге берешек. Қосалқы шаруада он ірі қара мен 10 бас жылқы тұр. Оған шөп пен жем қайда? Бақшалыққа да назар салу керек. Ұжым мүшелеріне берілетін еңбекақы ше?! Бірақ  Зияғаладин сабазың сыр бермейді. Кооперативке қарасты ғимараттың екі-үшеуін беріп қарыз-қауғадан құтылады да және бір-екеуін жалдайды. Нан шығару цехын кеңейтіп, халықтың дайын тағамға сұранысын өтеуге кіріседі. Бес дүкенге азық-түлікті делдалсыз өздері тасымалдайды. Мем­лекеттік мекемелерді керек-жарақпен жабдықтауда кездейсоқ жеке адамдардың сұғанақтық ісін байқап, тендерге қатысу мақсатында 2001 жылы қосарлас «Қамқор-тұтыну» ЖШС-ын құрады. Тендерде жеңіске жетіп, мектеп-интернатты, ішінара бала-бақшаны, кәсіптік-техникалық училищені не қажеттің бәрімен қамтамасыз етуді қолға алады. Жер-жерден сүт қабылдауды осы серіктестік бастайды. Ақбай ауылының өзінен күніге 500 литр сүт келеді. Кезінде Израйльдан алынған шағын сүт зауыты бар-ды. Кеңшарлар тарағасын зауыт иесіз қалады. Зияғаладин осының ізіне түсіп, ақыры өздеріне әкеліп орнатып, талауға түскен бөлшегін әркімнен сатып алып іске қосады. Бұрын осы аппаратта істегендерді тауып жұмысқа қабылдайды. Сөйтіп қатық, сүзбе, май, сыр, балмұздақ және басқаларын шығарады. Сүт пісіріледі, мұздатылады, сепаратордан өтеді, сосын  пастеризацияланады. Бұл өнімге аурухана, балабақшалар мен жеке қожалықтар алдын ала тапсырыс беріп қояды.

Хош деңіз! Десе де айналымда қаржы тым аз еді. Сенім артқан ұжымның көңілін тауып, айлық табысын арттыру керек. Бағымдағы малға-мал, төлге-төл қосылу керек. Банктік несиенің пайызы удай! Қайтару қиын. Және оған кепілге қоятындай мүліктің де реті жоқ.   Кәсібің қаржысыз қалай жолға қойылмақ?  «Не жақын?» деген сұраққа Әйтеке би: «тату болса ағайын жақын», деген екен. Сол татулықтың белгісіндей кәсіпкер туысы бұлардың есепшотына пайызсыз бума-бума теңгені тастап кеп жібереді.

Сол-сол-ақ екен, айналымға ақша түскесін серіктестік «қамаутордан» сытылып алға шығады. 2002 жылы тауар айналымы 4 миллион теңгені құраса,  2003 жылғысы 6 миллионға көтеріледі.

***

Бұл 2003 жылға дейінгі жағдай еді. Ал «Қамқор-тұтыну» ЖШС-ның бүгінгі хал-ахуалы қалай?  Бірден айтайық, ең бастысы жұмысқа 37 азамат тартылған. Әрине, мұны жақсы деп бағаладық. 2017 жылғы тауар айналымының көлемі 45 миллионнан асыпты. Салыққа 1,5 миллион, демеушілік қорына 300 мың теңге түсірген. Қазіргі таңда жүзден астам жылқы мен ірі қара бағымда тұр. Оған бота-тайлақтан өсірілген 50 бас түйені қосыңыз. Осы, 2018 жылы 1100 тонна шұбат пен 21 тонна ет және наубайханадан 200 мың 400 бөлке нан өндірілмек екен. Солардың жарым-жартысы бес айда орындалған. Қысқы мал азығындық 300 тонна  шөп пен 20 тонна жем дайындалуда екен. Кәсіпкерлікті қолдаудан күтілетіні- тұрақты жұмыс орнын ашу, бюджет кірісін арттыру және әлеуметтік тұрақтылықты қалыптастыру десек, бұларда осы мәселенің бәрі нақпа-нақ жүзеге асуда.

– Біздің үлес тамшыдай ғой, кәсібіміз шағын,  әйтеуір айналымда ақша жүр, – деді Зияғаладин мырза мақтанға жоқтығын сездіріп.

Оу-у, сол тамшыдан теңіз құралатынын ескерсек, кәні!..

 

Шәкірат ДӘРМАҒАМБЕТҰЛЫ,

дербес зейнеткер.

Арал қаласы.

Суретте: З.Өтенов.

ТАҒЫЛЫМ 14 тамыз 2018 г. 595 0