« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Теке бабамыз шамамен 1720-1725 жылдары өмірге келген тұлға. Бабамыз өмір сүрген кезеңдегі ортаның саяси-әлеуметтік жағдайын сипаттасақ, оның өмір кешкен кезеңі анау айтқандай жеңіл емес еді. Әбілқайыр ханның аумалы -төкпелі, одан кейін таққа отырған Ералы сұлтанның, Есім хандардың заманына сәйкес келеді.
Бабамыз дүниеге келген жылдары Әбілқайыр хан негізінен Ресейге үміт артты. Оның себебі, бұл ел мейлінше күшті мемлекет болатын сол тұста. Осыған байланысты, жоңғар шапқыншылығы қазақ жерінде өрттей өршіп тұрған 1716 жылы Әбілқайырдан бұрынғы Тәуке хан орыстардан қалмақтарға қарсы соғыста өздерін қолдауды өтініп, бірнеше рет елші жіберуге мәжбүр болады. Бірақ, бұл кезде Швециямен соғысып жатқан орыс елі қазақ-жоңғар соғысына араласпайды. 1718 жылы таққа отырған Әбілқайыр ел тағдырын әріден ойлап, Ресей патшасының құрамына кіруге бел байлайды. Өйтпесе, онсыз да жан-жақтан төнген жаудың жемтігіне айналар еді.
Жоңғар шапқыншылығы тұсында қазақтың белінен бес қаруы, белдеуінен жауға мінетін ат кетпегендігі аян. Теке бабамыз дүниеге келгенде жоңғар соғысы қазақ жерінде әбден өршіп тұрған. Әрине, бұл уақытта қара қазан, сары қарын бала, атамекен азаттығы жолында әр қазақтың кеудесін жауға деген өшпенділік оты кернегені мәлім. Ендеше, бұл соғыстың аласапыран тұсында бабамыздың қойын құрттап, айранын ұрттап жайбарақат отырмағаны белгілі. Баяғы ескі көз, құймақұлақ қарттарды қазір емге таба алмайсың. Болса, олар осы әңгіменің анық-қанығына біздің көзімізді әбден жеткізген болар еді. Біз арғы-бергі тарихы атадан балаға ауызша қаймағы бұзылмай жеткен халықпыз. Оңдай ел басына күн туған жаугершілік заманда ер-азаматтардың торлама сауытты толғана киіп, ақ найзамен ата жауға ақырып аттанғанын ешкім жоққа шығара алмас.
Егер Теке бабамыздың өзінен бұрынғы үшінші атасы ақ сауытты Айдарбек батырдың сексеннің үстіне шыққанша жаумен жағаласып ат үстінен түспегенін ескерсек, оның шөпшегі Текенің де тегін болмағанын естен шығармауымыз керек.
Ал, Текенің үшінші әйелінен туған Бұқардың, оның баласы Төлештің ел қорғаны батыр болғаны тарихи деректен аян. Бұл да тектіліктің белгісі болса керек.
Тағы бір айтарымыз, Сартай батырдан тоғыз жас, Матығұл Нұрбай биден бес-алты жас кіші Теке бабамыз солармен бірге Сырдың төменгі ағысын жайлағанын тілге тиек етсек, олардың бірін-бірі білмеуі, танымауы, араласпауы әсте мүмкін емес. Ендеше, кейбіреулер Сартай мен Нұрбай есімдері қазақ тарихынан әлдеқашан ойып орын алған тұлғалар, ал, Теке аты онда неге қездеспейді деп дерексіз уәж айтуы мүмкін. Ондайларға айтарым, тарих терең мұхит тәрізді. Астында көрініп жатқан маржандар қанша болса, адуынды ағыс су астындағы құмға көміп тастаған қазына соншалықты көп болатынын ескерген жөн шығар. Бәлкім, тәуелсіздігімізбен бірге талай-талай белгісіз батырларымыз бен билерімізді, көсемдеріміз бен шешендерімізді халқымызбен қауыштырып жатқанда, Теке бабамызбен тарих тармағында көзайым болып қалармыз. Алла бізді, біздің жас өскін ұрпағымызды соған жеткізсін.
Теке бабамыздың үш әйелінен өрбіген он бір бала қазір он ауыл десек те, сол он ауылдың негізі Қызылорда облысының тұс-тұсында ұрпақ өсіріп, түтін түтетіп, шаңырақтарын шайқалтпай отыр. Бұл – баяғыдан солай. «Береке басы – бірлікте» деп әсте бекер айтылмаған.
Ұшқан құстың қанаты, шапқан аттың тұяғы талатын ұлан-ғайыр қазақ даласының бір қолтығын мекен еткен бабамыздың қасиетті мекені – Қарашалаң, Кіші түбек, Тәуір, Қызылжар өңірі. Солтүстік Арал теңізінің балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған, қамысты, қопалы, суы тұнық, табиғаты тұмса тамаша жер.
Осы жерде өзінің көреген көсемдігімен, тілге шешендігімен, ел шетіне тиген дұшпанды дүркірете қуған батырлығымен дараланған Теке бабамыз болатын. Елдің атынан өзінің замандастары Ақпан Өтебай, Өтеғұл, оның батыр балалары Тайлақ, Танық және басқа да батырларымен сол тұста қазақ даласын қан-жоса қылған жоңғар шапқыншыларына қарсы соғысқанын айтудың қазір қисыны бар тәрізді. Өйткені, ел шетіне жау тигенде еркек кіндік атаулының бес қаруын асынып, дұшпанға сүргін салатыны қанға сіңген қасиет.
Теке бабамыз өз заманында ауқатты адамдардың бірі болған. Ата жұртты он бір баласымен бірге жеке-дара билеп, сол жердегі жермен қоса далалық шөлейт өңірдің құдықтарын меншіктеп алған. Бірақ, қиын жағдайға ұшыраған ру мүшелеріне жылу, асар негізінде мал жинап беруге, басқадай көмек көрсетуге міндетті болған. Жесірін қаңғыртпаған, жетімін жылатпаған елдің қай кезде де мерейі үстем. Күйеуі өліп, жесір қалған әйелді, ата-анасы жоқ жетім баланы ру арасындағы ет жақындарына некелеп қосып, бала қылып бауырына басып асыраған. Бұл – жазылмаған заң, қазақ қазақ болғалы қалыптасқан дәстүр саналған.
Теке бабамыз өзінен бұрынғы ата-бабаларының ізін басып, ұрпақ өсіруді, Отанын қорғауды, мұсылмандық жолдан айнымауды асыл мұрат еткен асқан ақыл-парасат иесі болса керек. Оны мына жағдайдан болжап білуге болатын сияқты. Қазақ даласында жаппай басқыншылық соғыс өршіп тұрған еді. Міне, осындай қысылтаяң заманда ата жұртты жұдырықтай жұмылдырып, ел бірлігін сақтау кез келген кісінің қолынан келе бермесі хақ.
«Ат тұяған тай басар» демекші, олар да баба өмірін, баба өнегесін үлгі тұтып ұрпақ өсіретіні, ата жұртын қасық қаны қалғанша қорғайтыны, мәртебесін мақтан тұтатыны анық. Келер ұрпағымызды, азат ұрпағымызды жақсы замандар, ақ жарылқап дәуірлер алдарынан аман-есен тосуға жазғай.
Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмірбақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талатын, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті...» деп атап көрсеткендей, бабалар рухын асқақтату, олардың жанқиярлық ерлігін, ел үшін, ұлт үшін жасаған ерен еңбегін ұлықтау –бүгінгі ұрпақ парызы.
Жақында осыдан 300 жылдай бұрын өмірге келіп, өзі қоныс еткен Қарашалаң елді мекенінде Теке баба рухын ұлықтау мақсатында ұрпақтары ас беру рәсіміне жиналды.
Тәуелсіздік жылдары теңіз түбегіндегі балықшылар ауылы адам танымастай өзгергенін айта кеткен жөн. Екі үйдің бірінде шетелдік жеңіл автокөлік. Тұрмыстары қалалықтардың өзін қызықтырады. Осыдан бірнеше жыл бұрын пайдалануға берілген екіқабатты жаңа білім ұясында 200-ге жуық жас ұрпақ сапалы білім, саналы тәрбие алуда. 40 адам еңбек ететін балық зауыты болса ауылдағы жұмыссыздар қатарын азайтуға сеп болуда. Кәсіпкерлік көкжиегі нағыз осы ауылда кеңейе түскен тәрізді.
– Осының бәрі – ел Тәуелсіздігінің жемісі. Қазір елді мекенде кәсіппен шұғылданбайтын адам жоқтың қасы. Қолы қимылдағанның аузы қимылдайтынын үлкен түгілі, жастар да түсінген. Тұрмысымыз жақсы, көңіліміз көтеріңкі. Бұл – Елбасының сарабдал саясатының нәтижесі, – дейді ауыл ақсақалы, ардагер балықшы Нияз Оспанов.
Баба рухын ұлықтау барысында ұрпақтары қойған зәулім гранит ескерткіштің салтанатында еңбек ардагері, қызылордалық Қайып Сүлейменов, медицина саласының ардагері Асылбек Ізмағамбетов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Толыбай Абылаев және бірқатар азаматтар сөз сөйледі. Әлімжан Сатыбалдиев, Талғат Тілеулесов сынды алыстан келген ақындар аталған шараны мазмұнды жырларымен өрнектеді. Ескерткіш басына жиналған көпшілік Теке баба рухын ұлықтауға арналған ауқымды шараны ұйымдастыруда белсенділік танытқан Қайып Сүлейменов, Асылбек Ізмағамбетов, Жаңаберген Тәжмағамбетов, Төребай Құрмантаев, Аманкелді Әбдібаев, Жақсыбек Жамалов, Жеткерген Жалғасбаевтарға ризашылық сезімдерін білдірді.
Т. Нұржан-Балта.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |