Елі үшін еңбек еткен ердің ісі қашанда көптің аузында болары сөзсіз. Сонау Кеңес заманы тұсында, партия деген биліктің қылышынан қан тамып тұрған кезеңде халықтың қамымен жүрген азаматтардың еңбегі қазіргі ұрпақ үшін жай әңгіме секілді көрінер. Алайда өңірдің сол уақытта өркендеп дамуы үшін, коммуналдық шаруашылықтың дамуына үлес қосқан жандардың тынымсыз жұмысы біз үшін үлгі өнеге болатын. Мен өзім жақсы танитын іскер азамат жайында әңгімелегім келіп отыр.
1969 жылдың қазан айының басында Тереңөзек ауданы тұтынушылар одағының төрағасы қызметіне сайланып, енді жұмыс жасап жатқан кезім еді. Сол кезде Әлиакбар Пазылов ағамызбен жұмыс бабында таныстым. Орта бойдан жоғары, сөйлеген сөздері сыпайы әрі мәнді, аудандық Совет атқару комитетіндегі кездесу кезінде бұрыннан танитын адамдай емін-еркін әңгімелесіп кеттік.
– Әлиакбар аға, мен жақында аудандық тұтынушылар одағының бастығы болып сайланып едім. Бізде қоғамдық тамақтандыру орны, нан пісіретін наубайхана, лимонад шығаратын цехтар бар. Осыған ауыз су және кәріз су жүйесін тартуға көмектесуіңізді сұраймын, – дедім.
– Көмектесеміз, бәрі жақсы болады, – деді. Көп ұзамай арнаулы бригада келіп, таза су жүргізіп, оның кәріз су жүйесін жолға қойып берді. Әлиакбар Пазылов ағамыз арнайы келіп, оларды іске қосуға қатысты. Бізді ол кісінің қарапайымдылығы, іскерлігі, ақкөңілдігі таңғалдырды.
Облыстың коммуналдық шаруашылығын басқарған кезде Қызылорда қаласында да көптеген жұмыстар жасалды. Республикада алдыңғы қатарлы облыстардың бірі болып, қала халқын ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін шешті. Қалада енді бой көтеріп келе жатқан көпқабатты үйлердің қарқынмен салынған кезінде оның ауыз су және кәріз су жүйесін бір жолға түсірді. Соның нәтижесінде облыстың коммуналды шаруашылығы республика бойынша алдыңғы қатарлы орында болып, жылына болатын көшпелі Қызыл Туды бірнеше рет жеңіп алды.
Бұл кісі коммуналдық шаруашылықтың бастығы болып 3-4 жыл жұмыс істегеннен кейін Қызылорда қаласына келді. Сол уақытта қалада қонақ үйдің болмауын үлкен мәселе етіп қойды. Бюджеттен қонақ үй салуға қаржы алу да оңай болған жоқ. Жоғары органдарға, Коммуналдық министрлікке дейін шықты. Бір барғанда министр: «Бес жылдан бері бөлінген қаржыны үнемдеп жұмсап, құрылыстарды салудың жоспарын артығымен орындап келесің. Енді тағы осындай 5 жылда коммуналдық шаруашылықтың жоспарын артығымен орындасаң, қонақ үй салуға үкіметке хат жазып, ұсыныс береміз», – депті. Арада тағы да 5 жыл уақыт өткен соң, атқарылған жұмыстар бойынша республикада алдыңғы орынға шықтық. Министр сөзінде тұрып, үкіметке ұсыныс беріліп, осы күнгі Қызылорда қонақ үйінің құрылысына қаржы бөлінді. Әлекең тез арада қалалық, облыстық Совет атқару ұйымдарымен келісіп, жерін алып, қонақ үйдің құрылысы басталды. Сол құрылыс аяқталғанша бастан-аяқ қатысып, оның уақытылы, сапалы бітуіне тікелей өзі атсалысты. Сөйтіп кезінде құрылыстың бітуіне өзінің іскерлігімен, еңбекқорлығымен үлес қосты. Өзге де коммуналдық құрылыстарға мән беріп, қала орталығындағы моншаны қазіргі талапқа сай кеңейтіп жөндеп, тұрғындардың алғысына бөленді. Көгалдандыру жұмысының алға басуына көп көңіл бөлді. Әрбір көшеге су жеткізіліп, ағаш отырғызылып, оған қарайтын адамдар бекітілді. Сол кездері Қызылорда қаласын көгалдандыру жөнінде республиканың бірнеше рет көшпелі Қызыл Туын жеңіп алды.
Ол қазіргі кездегідей өндірісі дамымаған облыста мұндай жетістікке қалай жетті деген орынды сұрақ туады. Өз топшылауымша, ол кісі 1942 жылы 19 жасында әскер қатарына алынып, өзінің жауынгерлік борышын абыроймен атқарып, көптеген ордендермен, грамоталармен, медальдармен наградталды. Атап айтқанда, Сталинградты, София, Белградты, Будапештті, Венаны неміс-фашистерінен азат етудегі ерлігі үшін солардың атындағы медальдармен наградталды. Сонымен қатар, Украина майданында болғанда лейтенант атағын алып, взводтың командирі болды.
Ұлы Отан соғысында осындай ерлік көрсеткен Әлиакбар Пазылов ағамыз елге келіп жұмысқа тұрғанда да іскерлігін көрсете білді. Оның айғағы 28 жыл бойы Қызылорда облыстық Совет атқару комитетінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімін – облкомхозды басқарғанда ешқандай еңбек тәртібі бұзылмай, қаншама дүние-мүлік болса да, түгел сақталып, өз орнына жұмсалуы еді. Сондай-ақ, ұзындығы 100 шақырым Аманөткел мен Аралдың ортасындағы ауызсу құрылысы аяқталды. Аудан орталықтарында монша, қонақ үй салынып, көшелерді асфальттау басталды. Қызылорда қаласының орталық көшелері тегіс жөнделді.
Дамыл таппай ізденудің арқасында бұрын артта қалған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын алдыңғы орынға жеткізді. Сала қызметкерлеріне көңіл бөліп, айлықтарын уақытылы беруге, заңды берілетін тұрғын үйдің дер кезінде өз егесінің қолына тиюіне көмектесіп отырды. Алдына жұмыс бабымен келген адамдарды ықыласпен қабылдап, заңына, ережесіне байланысты мүмкіндігі келгенше мәселені тиімді шешуге тырысатын еді. Қызметтегі адамдармен сөйлескенде өте сыпайы, жағдайды түсіндіріп, алдағы тұрған міндетті қалай атқаруға болады, оның қандай жолдары бар, соның бәрін талдап-таразылап ақыл беретін. Бірде ағамызға:
– Сіз неге жұмыс бабында бұдан да жоғары қызметке өспедіңіз? – дедім.
– Інім, осы жұмысқа шүкір деймін. Мен қызмет бабында жоғарылауды ойламадым, ізденбедім, талпынбадым, коммуналдық шаруашылықта көп жыл жұмыс істеген соң ұжым өз үйімдей болды, соған ризамын, – деді.
Мен ағамыз Әлиакбар Пазыловтың еңбекқорлығына, жұмыстағы тазалығына, адалдығына, мансапқа қызықпайтынына таңғалдым. Соғыс және еңбек майданында аянбай қызмет етіп, бар өмірін ел бақытына арнаған ағамызды ұрпағы әр уақытта құрметтеп еске сақтап, жақсы істерін ешуақытта ұмытпайды деп білем. Қызылорда қаласынан оның атына бір көшенің берілуі осы ойымыздың айғағы. Өзі салдырған «Қызылорда» қонақ үйіне де асыл ағаның атын берсе деген тілегіміз бар. Сонда бұл біздің осындай көрнекті тұлғаны қадірлегеніміз болар еді.
Жорабек САРБАЛАҚОВ,
экономика ғылымының докторы.