« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Ұстаз. Кім үшін де қадірлі, құрметті есім. Азамат ретінде қалыптасып, қоғамда өз орнымызды тауып жатсақ, ата-анамызбен қатар ұстазымыздың сіңірген еңбегін еске алып жататынымыз да осы бір ардақты есімге деген ізет, құрметіміз болса керек. «Он жылдығыңды ойласаң – мал бақ, жүз жылдығыңды ойласаң – ағаш ек, мың жылдығыңды ойласаң – ұрпақ тәрбиеле» деген ескіден келе жатқан есті сөз де ұстаз еңбегінің ұлылығын меңзейді. Шынында, ұстаз есімінің ұмытылмауы, тіпті жыл өткен сайын санаңда жаңғыра түсуі оның мәңгілік ғұмыр иесі екендігін көрсетсе керек.
Ұл-қыз тәрбиелеп әке, немере сүйіп ата атанып, ел ағасы жасына келсек те өткен өмір кезеңдерін еске алғанымызда өзімізге тәлім-тәрбие берген ұстаздарымыз ойымызға оралады. Бүгінгі жеткен жетістіктерімізге тәубе дей отырып, «ұстаз алдындағы шәкірттік парызымызды орындай алдық па?» деген сұрақтардың көлденеңдейтіні де рас. Осындай сәтте ұлағатты ұстаз, тағылымды тұлға, Ұлы Отан соғысының ардагері Тамшыбай Тайманов ағайымыз ерекше еске түседі. Оның себебі де жоқ емес. Ағайдың ұстаздық болмыс-бітімімен қоса біздің шәкірттік санамызда ол кісі елін жаудан қорғаған жауынгер-тұлға ретінде қалып қойған.
Ұлы Отан соғысына қатысып, Жеңіс күнін жақындату үшін өзінің жастық шағын арнаған қазақ жастарының бірі еді. Одан кейінгі саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнады, 1 Мамыр ауылындағы №40 мектепте қызмет атқарды.
Тамшыбай Тайманов 1923 жылы қазіргі Шиелі ауданы, Мұстафа Шоқай ауылында туған. 1942 жылы орта мектепті бітірген бойда әскер қатарына алынып, Ұлы Отан соғысында атақты 8-шы атқыштар дивизиясының құрамындағы 229-шы атқыштар полкінде бөлімше командирі болып Орталық, 1-Украина, 4-Украина майдандарында жаумен шайқасқан. Атақты Курск шайқасына, Орел қаласын азат етуге, Днепрден өту ұрыстарына, сондай-ақ Батыс Украина мен Чехословакия, Венгрияны жаудан құтқару шайқастарына қатысып, соғысты Германия жерінде жеңіспен аяқтаған.
Тамшыбай ағай 1946 жылы соғыстан елге оралып, Қызылордада педагогикалық институтта білім алып, 1953 жылдан бастап ауылдағы №40 (бұрын Г.К.Орджоникидзе, қазір А.Қыраубаева атында) мектепте мұғалім, мектеп директоры қызметін абыроймен атқарды. Осы мектепте басшылық қызмет атқарған жылдар ішінде ол оқу орнында қалыптаса бастаған жақсы дәстүрді әрі қарай жаңа мазмұнмен байытуға, оқу-тәрбие процесінің әдіс-тәсілдерін жетілдіре түсуге бар күшін салды. Мектеп жанындағы интернат жұмысын жолға қойды. Білім саласындағы жемісті еңбегі, озық педагогикалық тәжірибесі еленіп, «Қазақ ССР білім беру ісінің үздігі» белгісінің иегері атанды.
Тамшыбай ағамыз тек соғыс майданы ғана емес, бейбіт заманның да жалаулы жаршысы, жалынды жауынгері болды. Оның сөздерінен адамгершілік рух, жанашырлық жарқын леп есетін. Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдары мектеп партасына отырған біздерге өзіміз біле бермейтін табиғаттың таңғажайып әлемінен, адамзат басынан өткен тарих тағылымдарынан, тіл мен әдебиеттің, өнер туындыларынан алғашқы мағлұматтарды алуды, тіл сындыруды үйретті. №40 мектеп сол кездегі Сырдария ауданындағы ең озық мектептердің санатында болды. Осы мектепке басшылық жасаған Тамшыбай ағай тарих пәнінен дәріс берді. Оқушылар ағайдың жай ғана қоңыр дауысымен қарапайым, ұғымға жеңіл тиетін сөздерін айрықша ынта қойып тыңдайтын. Сабақ үстінде үлкен тыныштық орнайтын, тек шыбынның ызыңы ғана естілетін. Себебі, ағайдың беретін тарих сабағы мазмұндылығымен ерекшеленетін. Шәкірттері келесі сабақты асыға күтетін. Ағайдың оқушыларға қоятын талабы қатаң болғанымен, қатал ұстаз болған емес. Мектеп директоры болса да ешбір баланың кемшілігін, балалықпен жасаған қылықтарын бетіне басып, көпшілік алдында ұялтқан емес. Өзімен жеке сөйлесіп, тәртіпке шақыратын, ақыл-кеңесін айтатын. Тамшыбай ағай оқушыларға татулық, достық, бауырмалдылық, кішіпейілділік секілді адами асыл қасиеттерді насихаттап отыратын. Өтірікті жаны сүймейтін. «Адамға жақсылық жаса, қолыңнан келсе, көмектес. Біреудің ала жібін аттама, адамның наласына қалма, сабақты жақсы оқы, болашақ білімде», – деп айтып отыратын. Міне, осындай нағыз білікті ұстаздың ұстанымы кейін шәкірттерінің де өмірлік ұстанымына айналды.
Майдандағы көрсеткен ерліктері мен әскери қызметі үшін «Қызыл Жұлдыз», ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «За боевые заслуги», «За отвагу», «За победу над Германией в Великой Отечественной войне» және тағы басқа медальдарымен марапатталған.
Майдангер-ұстаз Ұлы Отан соғысында байланысшылар командирі болған.
Тарих сабағында немесе колхоздың шаруашылық жұмыстарына барғандағы бос уақытта оқушылардың ағайға қоятын сұрақтарының дені соғыстағы көрсеткен ерліктері жайында өрбитін. Сонда өзінің майдандағы жүріп өткен жолдары, соғыс тарихындағы атақты шайқастарды, әскери полкінің жау қоршауында қалған, қоршауды бұзып шығып партизан отрядында болған кездері туралы ғана айтатын. Ал өзінің жеке көрсеткен ерліктері туралы сұрағанда «..жеңіске халықтардың бірлігі, азаматтардың ерен ерліктері, қажырлықтары мен батырлығы арқасында ғана жеттік» деп өзі туралы ешнәрсені айтпайтын, мақтанбайтын. Өзі сияқты соғыста болған замандастарының мақтанышпен айтқан майдандағы «ерліктері» жөнінде оларға «соғыс көрген адам ондайды айта бермеуі керек» деп тоқтау салатын.
Қазір ақпараттандыру заманы болғандықтан, соғыс кезеңіндегі көптеген мұрағаттық-тарихи құжаттар интернет ресустарына жариялана бастады. Көпшілігіміз жоғалғанымызды тауып, қуанып жатырмыз. Сондай ақпаратты қарай отырып, Ресей Федерациясының қорғаныс министрлігінің Орталық архивінен (ЦАМО) ағайдың көзі тірісінде өзі ашып айтпаған соғыстағы көрсеткен ерліктері жайында біраз мәліметтерді оқып, қуанып қалдық.
Онда 1943 жылы 9 атқыштар полкінің командирі, подполковник Александровтың жазған марапаттау қағаздарында (Наградной лист) атақты Курск доғасындағы, Днепр өзенінен өту жолындағы ұлы шайқастарда байланыс бөлімінің командирі, аға сержант Т.Таймановтың бөлімі алғашқылардың бірі болып қолма-қол ұрыста жауды бекіністерінен түре қуып, мол шығынға ұшыратқаны, бір өзінің бірнеше фашистің көзін жойғандығы туралы жазылған екен. Бұл ерліктері елеусіз қалмай Тамшыбай ағай «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталса, 1945 жылы 14 майда 229 полктің командирі майор Мелешко жазған «Марапаттау қағазында» 1945 жылы 8 сәуірде болған шайқаста бөлімше командирі сержант Тайманов Тамшыбай алдыңғы шепте қарша бораған оқтың астымен жүріп өтіп, 2 шақырым таулы жерде әскери шеп арасындағы байланысты уақытында орнатып, шабуылды шебер ұйымдастыруға үлес қосқаны үшін ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденіне ұсынылған екен. Алайда, бұл орден берілмепті. Бәлкім, оның сол кездегі саясаттың немесе басқалай себебі болса керек.
Тамшыбай ағай 1967 жылдары мектеп директорлығынан жоғарылап, Сырдария ауданында 1 Мамыр колхозының партия ұйымының секретары, 1967-1986 жылдар аралығында Тартоғай совхозында партком секретары болып жұмыс атқарды. Тартоғай совхозының партия ұйымын басқарған кезде халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруына үлкен үлес қосты. Еңбекшілердің өндірістегі рөлі мен жауапкершілігін арттыруда бастауыш партия ұйымының, оның жетекшісі Тамшыбай Тайманұлының өнегелі істері бүкіл облысқа үлгі ретінде таратылды. Ел үшін атқарған еңбегі аудандық, облыстық, республика деңгейінде еленіп, түрлі алғыс, марапатқа ие болды. Ең бастысы, ел алғысына бөленді. «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атанды. 1986 жылы зейнеткерлікке шыққаннан кейін Қызылорда қаласындағы №140 мектепте ұстаздық етті. Осылайша майдангер-ұстаз 2003 жылы өмірден озды.
Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Тамшыбай Таймановтың есімі кезінде Сырдария ауданының орталығы болған Тасбөгет кенті немесе Қызылорда қаласының көшелерінің біріне берілсе, игі іс болар еді.
Елінің, жерінің амандығы, азаттығы жолында жан аямай күресіп, ұрпағына бүгінгідей нұрлы күнді сыйлаған әкелердің ерлігін, еңбегін дәріптеу азаматтық парызымыз болса керек.
Базарбай АТАБАЕВ,
Қазақстан Республикасы әлеуметтік ғылымдар академиясының құрметті академигі,
медицина саласының құрметті ардагері.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |