ОТБАСЫ – РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ ТІРЕГІ

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» деп ұлттық жаңғырудың негізгі алғышарттарын айқындап берді. Яғни «замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдырмай» жаңғыру, жаңару мүмкін емес. Осындай тамыры терең кеткен, тарихымен бірге жалғасып келе жатқан рухани байлықтарының бірі – отбасы құндылықтары. Тіпті, ұлттық рухани құндылықтардың негізі отбасылық дәстүрде жатқаны белгілі. Осы себепті, ұлттық дәстүрді берік ұстанып, ұрпағына ұлықтап отырған отбасыларды насихаттап отыру маңызды шаруа.
Осындай игілікті іске облыстық «Рухани жаңғыру» орталығы ұйытқы болды. Нақтырақ айтқанда, орталықтың бөлім басшысы Әлима Әбдіхалықова Қожамберді ауылдық округінде тұратын Жанболаттың шаңырағына белгілі журналист Оңғар Саймосаев пен Асқар Тәжиевті ерте келіпті. Ондағы мақсат – ұлттық құндылықтарды берік ұстанып отырған отбасының бір күндік өмірін арқау ету.
Сонымен, алаулап атқан таңмен таласып тұрған келіндер самаурынға от салып, қайнатты. Сосын отбасы мүшелері дастархан басында бас қосып, ызылдап қайнаған шайдан таңғы нәр алып, сақалы өзінің аққұба жүзіне ерекше бір рең мен көрік берген қариядан бата алды. Одан кейін әрқайсысы үйреншікті жұмысына кірісіп те кетті.
Түсірілім тобы алдымен үйдің үлкен келіні Бекзаттың артына ерді. Жүрегі мейірімге толы аяулы ана сабырлы да салмақты мінезімен жылқының қасына жақындады. Жарықтық, жылқы киелі жануар ғой, иесіне иіді. Биенің 62 тамырынан тарайтын сүтін сауды. Қонақжайлылықты қалқан еткен отанасы жып-жылы саумалды алдымен мейманына, сосын атасы мен енесіне ұсынды.
– Әрбір қазақ үйіне қонақ келсе, «құт келді, қонақпен бірге үйіме құт-береке кіреді» деп қуанып, дастарханын жайған. Тіптен, «қонақасы – қазақтың бөлінбеген еншісіндей» көремін. Сондықтан, келіндерім мен қыздарыма мейман келсе қадірінше құрметтеп, күтуді айтып келемін, – дейді шаңырақты шаттыққа кеңелтіп жүрген Бекзат.
Расында, Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.с) бір өсиетінде: «Кім өзінің қонағына сый-құрмет көрсететін болса, жетпіс пайғамбарға құрмет көрсеткендей болады. Кім қонағына бір дирхам ақшасын жұмсайтын болса, Алла жолында мың дирхам жұмсағандай болады» деген сөзіне амал етіп, ұрпағына қонақжайлылықтың қадір-қасиетін ұғындырып келеді екен...
Осы кезде келіні Жұлдыз сиыр сауып, сүтін қайнатуға кірісті. Ал, Әлия табаға нан пісіруді қолға алды. Күн сәскеге жеткенше қолдары тыным таппайтын келіндердің бірі құрт жайса, екіншісі меймандарға майсөк жасауда. Қонақтарға дастархан жайып, қазанға ет түсіруді де ұмыт қалдырған жоқ.
Шаңырақтың берекесін ұйытқан Роза әжейдің жасы сексенге келсе де кейінгі буынға үйретері көп. Кіші келініне бидайдан талқан әзірлеу жайын түсіндірсе, немерін қолөнерге баулып келеді. Анасынан қалған ұршық құнды жәдігері әрі қыздары мен немерелерін тоқыма өнеріне баулитын құралы. Жүннен жіп иіріп, шұлық, кеудеше тоқуды әдетке айналдырған. Әжей үйге төселген киіз бен текеметтің әрқайсысының ою-өрнегі мен дайындалған уақытын біледі. Әрі ирандық түкті кілемдердің орнына өзі қолымен тіккендерді қолданып отыр. Оның себебін:
– Шетелден келетін төсеніштердің әдемілігіне сөз жоқ. Бірақ, экологиялық тазалық жағынан киіз бен текеметке жетпейді. Себебі, киіз шаңды жұтып, ауаны таза ұстайды, яғни, адам денсаулығы үшін қолайлы төсеніш, – деп түсіндірді.
Шаңырақтың батагөйі Жанболат Төменарық, Сунақата совхозында ауыр техниканың тізгінін ұстаса, ұлы Махметжан да механизатор болды. Бұл сабақтастық әлі үзілген жоқ. Енді немересі Рүстем трактордың тілін меңгерген. Ерсұлтаны мемлекеттік қызмет саласында, Дастаны аудандық ауруханада қызмет етеді. Олар қолы қалт етіп босаса ауылға келіп, егін-жайға көмектеседі.
Егін демекші, Махмеджан бесаспап азамат. Әсіресе, бақшаны баптауға, омарташылық кәсіпке икемді. Есік алдындағы алма мен алмұрт ағашы жаздық, күздік түрі бойынша өнім береді. Оның бәрі алажаздайғы еңбектің нәтижесі.
– Ұлдарымды жастайынан еңбекпен тәрбиеледім. Қазір қандай да бір жұмысқа жауапкершілікпен қарап, еңбексүйгіштігінің арқасында ісін тыңғылықты бітіреді. Ұлдарыма арқа сүйеп, биыл Төманарық ауылдық округінде құрылған агрозонада картоп ектім. Бал араларым да сонда, – дейді отағасы Махметжан.
Жанболат ақсақалдың шаңырағындағы қарбалас тірліктерді нысанаға алып жүргенімізде күннің төбеге көтерілгенін білмей де қалыппыз. Қонақжай отбасының келіндері қонақтарын түскі асқа шақырды. Меймандармен бірге дастарханға аудан әкімі жанындағы отбасы және әйелдер істері жөніндегі комиссияның төрағасы Азия Қыстаубаева мен ауылдық округтің әкімі Молдахмет Нәлібаев жайғасты.
Дастархан басында келелі әңгімеге ойысты. Үлкендер жағы аталы сөзден қаузап, бірлік берекеге бастайтыны, ал, берекелі елде еңбекпен ғана табысқа жетуге болатыны жайлы айтылды.
– Жаһандану дәуірінің басты талабы – өркениетті қоғамға ілесе алатын ұрпақ тәрбиелеу. Әлем елдерімен қабырғасын теңестіруді меже еткен Ұлы Дала елінің жастары жан-жақты болғаны қажет-ақ. Дегенмен бұл мақсатқа қол жеткізудің ең басты алғышарты – ұлттық тәрбиемен сусындаған ұрпақта. Сондай берекелі отбасының бірі – Жанболат қарияның әулеті. Бұл шаңырақтың басты ерекшелігі – ауызбіршілігінде, еңбекқорлығында, қанағатшылдығында, – деді аудандық мәслихаттың депутаты Азия Қыстаубаева.
Иә, отбасы – рухани жаңғырудың негізі, ұрпақ тәрбиесінің қайнары. Әр бала атаның қанымен, ананың сүтімен келетін туабітті қасиеттер сияқты ұлттық рухани құндылықтарды да ең алдымен отбасында ата-ананың тәрбиесімен бойына сіңіреді. Ендеше, ұлттық тәрбие – ұлт болып ұйысудың, ел болып ертеңге нық қадам басудың негізі болмақ. Жанболат ақсақалдың шаңырағындағы осындай саналы сабақтастықтан үлгі алуға болады...

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ,
Жаңақорған-Қожамберді-Жаңақорған.
ТАҒЫЛЫМ 01 тамыз 2018 г. 1 571 0