Келісті де келбетті Баһан қария шежіренің қоймасы іспетті. Бір әңгіменің шетін суыртпақтап шығарсаңыз, көңілі келсе, әрі қарай өзі тарқатып алып кете берер. «Көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра» дейтін ілгергілердің тәмсілін еске алсаңыз да, көп жасағандығына сүйенсеңіз де жаңылыспайсыз. Негізі көргені де, түйгені де көп кісі болғаны. Жаратушының берген байлығы шығар, биыл бірі кем тоқсан жасқа келсе де тізесі дірілден, көзі іріңнен аман. Сөзі тетік, ісі нық, балаларына әлі күнге жөн-жоба көрсетіп, ақыл қосып отырады. Сәлемдесе келе әңгіме ауанын Ұлы Отан соғысы жылдарындағы отандық борышын атқару кезеңіне қарай ойыстырдық.
– Сұм соғыстың басталғанын Қызылорда қаласында тұратын Сәду деген ағайдың үйінде қонып отырғанымда радиодан естідім. Сол күні 1941 жылдың 22-маусымы еді. Дауысы зор бір кісі неміс фашистерінің басқыншылық мақсатпен шекарадан өткендігін хабарлады. Екі адамның жанжалы емес, екі үлкен мемлекеттің текетіресі расында жан шошытарлық сұм соғыстың басталуына алып келді. Жас болсам да, санамда қорқыныш ұялап, ертесіне дереу ауылға қайттым. Қалаға оқуымды жалғастырамын, суретке түсемін деп барғанмын ғой, баспақ түгілі бас қайғы дегендей, әлгі хабардан соң үйіме зорға жеттім-ау, – дейді ақсақал бір жөткірініп алып, осыдан жетпіс үш жыл бұрынғы оқиғаны дәл қазіргідей ауырсына есіне алып.
...Әкесі Дүйсен киім тігетін шебер еді де, анасы Ұлсараның үй шаруасынан қолы босамайтын-ды. 16 құрсақ көтеріп, соларды қалай аман сақтаймын деп күн өте берсе керек. Алайда, адамның айтқаны болмайды, Алланың қалауы болады, сол балалардан тірі қалғаны - ағасы Қаумен және қарындасы Перуза. Бәкеңнің өзі ағасынан үш жас кіші болса, қарындасынан үш жас үлкен, ортаншы болып жетілгені енді еді. Әкесі Дүйсен көп ағайынды болса да, сонау 1932-1933 жылғы ашаршылық жылдары біразы набыт болып кеткен екен, қайда жерленгендері де белгісіз. – Ашаршылықты өз басым да көрді, есімді біліп қалған кезім екен, үйде бір жеті татар нәр болмай аштан өлуге тақалғанымызда, анам байғұс шабырдан таспа тары теріп әкеліп, соны бөктіре пісіріп, жүрек жалғадық. Содан кейін құмнан жуа, бидайық шөптің басын теріп жеп күн көрдік. 1933 жылы колхозға ұйымдасу басталды да, «КИМ» деген колхозға мүше болып кірдік. Содан жұртпен бірге тірлік жасадық, шырағым, - дейді көнекөз ақсақал. 1934 жылы алғаш мектеп табалдырығын аттап, 1941 жылы 7 класты бітірген кезім еді ғой.
Ел басына күн туған сол шақта, әрине, жастарға оқуын жалғастыруға мүмкіндік болмағаны белгілі. Ауылдың азаматтарын әскер қатарына ала бастады. Барлық ауыртпалық жас балалар мен әйелдерге түсті. Колхоздың ол уақытта бірер МТС-тан бөлінетін тракторлардан басқа ешқандай техника жоқ кезі. Барлық жұмыс қолмен атқарылады. Күріш егу, шөп ору, егінді арам шөптен арылту көп жағдайда түйе, жылқы, өгіздердің күшімен іске асырылады. Осындай ауыртпалық кездер жылжып өте берді де, 1943 жылы Баһан Дүйсеновке де әскерге шақыру қағазы келді. Оның жасы 18-ге толған балатын. Солдаттарды тиеген эшелон бұл жолы шығысқа қарай жол тартты. Моңғолия жақтағы Соловьевск деген гарнизоннан бір-ақ шықты.
Ал 1945 жылы арнайы жасақталған полк Жапонияның атақты Квантун армиясының қорғаны алдына барды. 8 тамыз 1945 жылы түнгі сағат 12-00-де радиодан Молотов сөйлеп, барлық жағдайды айта келіп, Жапония милитаристерін жоюға, Моңғолия, Қытайдың жерін босатуға бұйрық берді.
Жауынгер Дүйсенов бөлімше командирі еді, қолында «Максим» пулеметі, қарамағында 7 солдат, осы қияметке араласты да кетті. Кеңес әскерінің жеңімпаз жолы жалғасып, белгілі мерзімде Моңғолия, Қытай елдерінің бөліктері азат етілді. Жауынгердің табаны осы жорықта кіші Хиниган, үлкен Хиниган, Гобы аймағын басып өтіп, Қытайдың жеріне де жетті. Қытай жерінде жапондардың қарсылығы күшейе түсті. Жергілікті халықтың көмегі нәтижесінде, әйтеуір, көп шығынға ұшырамай, Қытайдың Чифин деген үлкен қаласын да босатты.
Осыдан соң бұл полк таратылып, 426 бригада теңіз флотының қарамағында Курил аралдарын толық азат етуге қатысты. Бәкең өзі екі жарым жыл қызмет жасаған портты қала Итаруптағы оқиғаларды да қызықты әңгімелейді. Қылшылдаған жас жігіт Отан қорғаудан оралған соң қоғамдық жұмыстың ортасына күмп ете түсті. Шиелі аудандық азаматтық хал актісін тіркеу бюросында паспорт столының бастығы, Авангард тұтыну қоғамында орталық қойма меңгерушісі, 1963-1964 жылдары аудандық атқару комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, Шиелі автобазасында автопарк пайдалану жөнінде директордың орынбасары және партия ұйымының секретары қызметтерін де істеді. Аудандық тамақтандыру мекемесінің директоры, Шиелі сельпосының бастығы қызметтерін абыроймен атқарған майдангер тек 1990-жылы ғана зейнеткерлікке шықты. Жауынгерлік жолындағы медальдары мен қызмет барысындағы алған марапаты да біршама. Оларды айта беруге өзі онша құлықсыз. – Не қыласың оны, – деп қояды, әңгімесін әзілге бұрып. – Одан да апаңа қалай үйленгенімді айтып берейін... «Әскерден келе жатып, Алматыға кідіреді. Вокзал. Мамыр айының аяғы, күн болса – ыстық. Тал түбінде паналап тұрған бұған топ адамның ортасында кетіп бара жатқан келісті кісі әдейі кідіріп, жауынгерден хал сұрайды. Дүйсенов барлық жағдайын тез баяндап шығады. Әлгі азамат Қазақ ССР наркомының төрағасы Нұртас Оңдасынов екен. Көмекшілеріне тапсырып, біршама азық-түлік бергізіп шығарып салады. Қоштасарында: « Шиеліге жақын жердегі 20 разьезде менің екі-үш туысым тұрады екен, кешегі ашаршылық жылдары бас сауғалап барса керек. Жақында сәлемдесе келіп кетіп еді, қолың тисе, менен сәлем айта бар»,- дейді совнарком.
Жақсыдан шарапат деген емес пе, сол себеппен таныстық соңы жекжаттыққа ұласып, Баһан Рәш апамызға үйленеді. Алпыс жыл бірге өмір сүрген жұбайынан жеті ұл, бір қыз өсірсе, бұл күндері 37 немере, 25 шөбере сүйіп отыр. Ұл-қыздары әр салада абыройлы еңбек етіп, елге қызмет жасап жүр. Қазір қарашаңырақта ортаншы ұлы Азатжан мен келіні Нұргүл ақсақалды мәпелеп күтеді.
"Болмасын соғыс, болмасын деңіз” деген ақын сөзін қайталаған майдангер Тәуелсіз еліміздің іргелі істеріне сүйсінісін білдіріп, елге аманшылық тіледі.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Шиелі кенті.