Менің Фариза апайым

Қазақ қыздары дегенде Тұран даланы тұмарындай сақтап, көзінің қарашығындай қорғаған, қолына найза ұстап атқа қонған Томирис – Тұмар ханым көз алдымызға келеді.

Қазақ қыздары дегенде ұлтымыздың ұлы дастандарындағы махаббат сезімінің символдары, елім деп өткен ер-жігіттің қанатты қарлығаштары Баян Сұлу мен Қыз Жібек көз алдымызға келеді.

Қазақ қыздары дегенде Домалақ Ана, Ұмай ана, Айша Бибі, Қарашаш ана сияқты әулие-әмбиелер, ғасыр қойнауынан батырлар жырларында алтын әріптермен есімдері мәңгіге жазылып, нар тұлғалы намысты ерлердің аяулы да адал жарлары ретінде жүрегімізде қалған Алпамыс батырдың Гүлбаршыны, Ер Тарғынның Ақжүнісі, Қобыланды батырдың Құртқасы көз алдымызға келеді.

Қазақ қыздары дегенде Ұлы Отан соғысы кезінде елі үшін, Отаны үшін отқа түскен батыр қыздарымыз – Әлия мен Мәншүк, Хиуаз көз алдымызға келеді.

Қазақ қыздары дегенде өзге ақындардан шоқтығы биік, жұлдызы жоғары Фариза Оңғарсынова көз алдымызға келеді.

Фариза ақын туралы үлкен кісілер – ұлы жазушылар, белгілі ақындар мен қоғам қайраткерлері өздерінің жылы лебіздерін, пәтуалы пікірлерін, арнаған өлең-жырларын айтып та, жазып та жүр.

Мен ақын емеспін, бірақ оқырман ретінде Фариза ақынға жақынмын деп есептеймін. Өлең сүйетін, жыр оқығанды, тыңдағанды ұнататын, оның құдыретімен келетін сезімге бой ұратын, хас талантқа табынатын мыңдаған оқырманның бірі ғанамын. Дей тұрғанмен, Фариза апайға тағы бір «жақындығым» бар, Дәлірек айтсам, Фариза апайға жақындығым бала кезден басталған. Мектеп қабырғасында жүрген кезімнен әдеби кітаптарды, оның ішінде өлең-жырлар жинақтарын, Фариза апайдың жырларыноқып өстім.

Бесінші-алтыншы сыныптардан бастап өлеңдерім, шағын әңгімелерім мен мектеп өмірінен жазған мақалаларым республикалық «Қазақстан пионері» газетіне шыға бастады.Газетке қызылордалық Әнуарбек Әуелбеков, Алматы облысынан Ұлжан Хасенова, Ақмола облысынан Мұратбек Тоқтағазин сынды пионер тілшілер бәріміз - бірімізден соң біріміз жарыса жазып жатушы едік. Олардың көбі қазір еліміздің танымал қаламгерлеріне айналды. Әнуарбек Әуелбеков «Алматы ақшамы» газеті бас редакторының бірінші орынбасары қызметін атқарып жүрсе, Мұратбек Тоқтағазин Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі журналистика факультетінде сабақ береді. Бұрынғы пионер тілші қазіргі студент-тілшілерді оқытып жүр. Сондықтан осы аты аталған журналистер өзімізді Фариза апайдың қанатынан шықтық, қолдау мен қамқорлығына бөлендік деп айта аламыз.

1979 жылы Қазалы ауданының қазіргі Ақсуат ауылындағы №100 «Кеңтүп»  орта мектебін бітіріп, арман қуып Алматыға келген шақта, «Қазақстан пионері» газетінің сол кездегі бас редакторы Фариза апай осы газетке мақалалары жиі шығып жүрген жоғарыда аталған және  басқа да жас тілшілердің басын қосты. Газеттің шақыртуымен республиканың  түкпір-түкпірінен талаптанып келген пионер тілшілер - үш ұл менен үш қыз Фариза апайдың өз қолынан ҚазМУ-дің журналистика факультетіне оқуға түсуге жолдама алып, қатты қуанған едік.

Ақын апайымыздың журналистика саласында, әдебиет әлемінде інілерімен қатар, сіңлілері де жетеді. Фариза апайдың өзінің  ұйымдастырумен Астана қаласында өткізген «Фариза және оның ақын сіңлілері» деген жыр кешінде орта және жас буын ақындары Қатира Жәленова, Әлия Дәулетбаева, Гүлтас Құрманбаева, Танакөз Толқынқызы, Гауһар Төлекбаева, Шәмшия Жұбатова, Айгүл Сейілова, Сағыныш Намазшамова, Жанат Әскербекқызы және Маржан Ершуовалар қазақтың қара өлеңінде қаракөздердің қара жаяу еместіктерін дәлелдеп, апайды риза қылғандары кеше ғана сияқты еді.

Ақынға өзі туралы өзінен артық айтатын кім бар? Фариза апай өзі туралы былай дер еді:

Түркістан – Ата жұртым, дала жаным,

Даланы жұпыны деп қарамағын:

Иассауи, дедем Қорқыт, Арыстан баб –

киелі жатыр мұнда балаларым –

әрқасысы алтын діңгек дараларым...

Қуансам Күншығыстай нұрлы жүзім,

қауым арғымақпен жыр-қызығым.

Мекенім – Тұран дала, әз Түркістан,

Түріктің батыр көңілбір қызымын!

Фариза апаймен қатар, өзім туып өскен Қазалы ауданының Сарыбұлақ ауылынан шыққан жазушы Сейітқұл Оспановтың кітаптарын да сүйсінеоқушы едім. Сейітқұл аға шығармашылық жолын өлең жазудан бастап, кейін прозаға ауысқан болатын. Талантты жазушы оқырмандар жылы қабылдаған бірнеше кітап жазды. Оның анасы Ибагүл апа ауылдың кітапханашысы еді.Үйлері көрші болғандықтан, кітапханаға жаңадан түсетін кітаптардың бәрін бірінші болып оқитынмын.

Міне, сол белгілі қаламгер, жазушы Сейітқұл Оспановтың Астана қаласындағы қарашаңырағында өткен Фариза апаймен  жарқын жүздесу есімнен кетпейді.

Сол күні жұмыстан келген бетім еді.Сейітқұл ағаның жан-жары Дана жеңгем«Үйге Фариза апайың келейін деп жатыр. Келінді алып ертерек келіңдер» деп телефон шалғанда,  қатты толқып кеттім.

Иә, арада қанша жыл өтті десеңізші. Міне, ұлы ақын, ардақты апайыммен қайта жүздесудің сәті түсейін деп тұр! Сейітқұл ағам арамыздан ерте кетсе де, Дана жеңгем оның орнын жоқтатпай, реті келгенде қаламгердің көзін көрген үлкенді-кішілі ақын-жазушылардың басын қосып жүретін.

         «Сейітқұл інім орны бөлек азаматтың бірі еді, Дана келін, қалайсыңдар, аман-есен отырсыңдар ма?», - деп ә дегеннен қамқор көңілімен баурап алған Фариза апаймен жүздесуіміз бәріміздің жүрегімізде қалды.Жаңадан шыққан кітаптарына да қолтаңба жаздырып алып бір қуансақ, жақында жетпіс жылдық мерейлі тойын өткізетінін есітіп тағы бір марқайдық. «Пионер тілшілер, апайларыңды ұялтпай жүрсіңдер ме?, - деп мейірімін төккен апайым, ұлдарыммен бірге қыздарым да бар еді, олар қалай?» - деп жатыр.

Жарқын әңгіме жалғасын тауып,ақын апайымыз, жақында болайын деп жатқан өзінің шығармашылық кеші, «Қазақстан пионері» газеті, «Пионер» журналы, осы журналда бірге жұмыс істеген ақын әрі жазушы Сейітқұл інісі туралы жақсы бір әңгіменің тиегін ағытқан еді...

Сол сәттен естелік болып, бірге түскен суретіміз ғана қалды. Бұл күнде сағынышқа айналған үлкен жүректі ақын Фариза апайымды жиі еске аламын.

«Пионер тілші,  қалай, пионер ұстазыңды ұялтпай жүрсің бе?».

Журналистика деген қиын да қызығы мол жолға салып, арманыма қанат бітіргенФариза апай әлі қаламымды қайрап, намысымды жанитындай. Жігеріңе жігер қосатын мұндай сөзді, ақын апайдың, алтын апайдың асыл бейнесін ұмыту мүмкін емес.

                                                                  

   Сәдуақас ЖҰБАТОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

                                                               Астана қаласы.

ТАҒЫЛЫМ 27 шілде 2018 г. 1 225 0