« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Екінші дүниежүзілік соғыста Кеңестер Одағының батыры Марина Раскова, Валентина Гризодубова, Полина Осипенко, Евдакия Бершанская, Ирина Себрова, Валерия Хомякова, Лидия Литвяк секілді ұшқыш қыздар қаһармандықтың үлгісін көрсетті. Олардың есімдері Кеңестер Одағы халқының есінде қалды.
Режиссер Михайл Кабанов соғыста ерлік көрсеткен атақты 46-шы гвардиялық түнгі бомбылаушы әуе полкының ержүрек ұшқыш қыздарына арнап «Түнгі қарлығаштар» көп сериялды кино түсірді. Ал біз не істедік? Ең болмаса ұшқыш қазақ қыздарының аттарын атап, түсін түстеп олардың соғыстағы жанқиярлық ерліктерін халқына толық қанды майдан жолдарын таныстырып, бағалай алдық па? Қазақ қыздары Ұлы Отан соғысы жылдарында майдандас орыстың батыр қыздарынан кем түспеді. Солардың ерліктерін бағалауда қазақтың жайбарақаттығына салынудамыз. Атам қазақ айтқандай «өзіңді-өзің сыйла-жат бойыңнан түңілсін» дегендей қазақтың ұшқыш қыздары кімдер еді? Қазақтың қаһарман қыздары дегенде Әлия мен Мәншүкті білетінбіз. Кейінгі жылдары үшінші болып, Хиуаз Доспанова қосылды. Өмірінің соңғы жылдары ерлігін ел бағалап, мойындап, «Халық қаһарманы» атағы берілді. Хиуаз Доспанова 1922 жылы Атырау облысы Құрманғазы ауданында дүниеге келген. 1940 жылы Оралдағы орта мектепті үздік бітіріп, запастағы ұшқыш куәлігін алған. Мәскеудегі Жуковский атындағы әскери әуе академиясына аттанады. Алайда жолы болмай, Мәскеудің медициналық институтына түседі. Осы кезде соғыс басталып, Хиуаз майданға медбике болып баруға сұранады. Осы кезде атақты ұшқыш Марина Роскованың авиация тарихындағы тұңғыш рет қыз-келіншектерден авиаполк құрып жатқандығын естіп, соған асығады. Хиуазды осы полктың жауынгерлік құрамына қабылданып, Саратовтағы әскери әуе училищесіне жіберіледі. Сөйтіп, 1942 жылдың 27 мамырынан бастап, Оңтүстік майданда шайқасты. Хиуаз апаның соғыста алған ең алғашқы марапаты «Қызыл жұлдыз» ордені. Бұл орден Кавказ майданындағы 218-ші бомбылаушы әуе дивизиясына қарасты 288-ші түңгі жеңіл бомбылаушы әуе полкы құрамында жүріп алған «У-2» ұшағының штурманы, сержант Хиуаз Доспанова 1942 жылдың 9 шілдесімен 27 қыркүйегі аралығында 102 түнгі әуе шайқасына қатысып, техникамен жаудың түгін қалдырмайтындай 15902 келідей түрлі бомбаларды тастаған. Атап айтқанда: Кизляр, Нижный Круп, Повлодальский, Терский, Малгабек, Хамидия, Моздак, Белореченск, Дигора пункттерін бомбылаған. Бірнеше жау нысандарын жойып, өртке ораған. Осы ерліктері үшін сержант Доспановаға 1942 жылдың 26 желтоқсанында «Қызыл жұлдыз» ордені берілді. Бұдан кейін Х.Доспанова 132-шы бомбылаушы әуе дивизиясы құрамындағы 46-шы Томанган түнгі бомбылаушы әуе полкіне ауысады. 1942 жылдың 20 мамырынан бастап, 272 рет түнгі әскери әуе шайқасына қатысып, 32100 келідей түрлі калибрлі бомба тастады. Соның 168-дегі 38 пунктті өртке орап, 28 рет жойқын жарылыс жасады. Атап айтқанда: Мелеховская, Гостогальская, Ахтинизавская, Пересыпь, Аджим-Ушкай мекендеріндегі жау нысандарын жойған. Осы ерлігі үшін штурман, кіші лейтенант Х.Доспанова 1944 жылдың 22 ақпанында «Қызыл ту» орденіне ұсынылған. Алайда, Хиуазды «Қызыл ту» емес II дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталады. Осы жылдың 23 қыркүйегінде гвардия лейтенанты Доспанова «Кавказды азат еткені үшін» артынша «Варшава азат еткені үшін» медальдарымен марапатталған. Елге оралғаннан соң Алматыдағы жоғары партия мектебін бітіріп, ел басқару ісіне араласады. БЛКЖО ОК-ның бірінші хатшысы қазақ КССР Жоғары Кеңесінің депутаты болды. Отыз жеті жасында зейнетке шыққан. 2004 жылы Хиуаз апамызға «Халық қаһарманы» атағы берілді. 2008 жылдың 20 мамырында дүниеден өтті.
Дәмелі Жакеева да қазақтың ұшқыш қызы болатын. Ол 1922 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. Майданға өз өтініші бойынша 1942 жылдың жазында аттанады. Алдымен Саратовтағы Вольск авиациялық училищесінде төрт ай оқиды. Мұнда Дәмелі бомбылаушы ұшақтарды қару жарақтарменен жабдықтайтын механик мамандығын меңгеріп және атуды үйренген. 1942 жылдың тамызында Сталинград майданындағы 944-ші авиациялық полкке қабылданады. Дәмелі осындағы бірінші эскадрилияның 2-ші тобының әскери жарақтандыру шебері қызметін атқарды. Д.Жакеева 1942 жылдың тамызымен 1944 жылдың қаңтар аралығында Солтүстік Кавказ майданында соғысты. 1944 жылдың тамызынан бастап, Балтық жағалауы Ленинград және Бірінші Беларуссия майданында болып, 360 әскери ұшақты, оның ішінде: «ИЛ-2» ұшағын 275 «ПЕ-2» ұшағын 85 рет көкке көтерген. 1943 жылдың 16 тамызында сержант Жакеева «ИЛ-2» ұшағын жарақтандырып жатқан кезде, төбеден жаудың әскери бомбылаушы ұшақтары төніп келіп, аэродромды атқылаған. Сол кезде оң қолдан ауыр жарақат алып, бір саусағынан айырылады. Госпительде жатып шыққаннан кейін, Солтүстік Кавказ майданында 188-ші бомбылаушы әуе дивизиясындағы 367-ші әуе полкына ауыстырылады. 1944 жылдың соңына қарай Дәмелі осы полктың «ПО-2» бомбылаушысы ұшағының атқышы болып, шайқасқа қатысқан. Ол кезде полк екінші Балтық майданында шайқасып жатқан болатын. Дәмелі Жакеева жаңа полк құрамында: Шауляй, Каунас қалаларын жаудан азат етуге қатысқан. 1945 жылдың басында Польшаны азат еткен әскери бөлімдермен бірге Германия астанасы Берлинге жеткен. Сөйтіп жеңіс күнін Берлинде қарсы алған. Дәмелі Жакеева «Сталинградты азат еткені үшін», «За боевые заслуги», «Бірінші дәрежелі ҰОС ордендерімен» марапатталған. Хиуаз, Дәмелі апалар бір-бірімен жиі араласып тұрған. Өмірі ұшақ пен байланысты болған тағы бір қазақ қызы Мәдина Ысқақова. Ол 1924 жылы Көкшетау облысы Сандықтау ауданында туған. 1942 жылы 17 жасында өз еркімен соғысқа аттанады. Кемерова қаласындағы әуе байланысы мектебін бітіреді. Арманы ұшқыш болу еді. Алайда арманы орындалмай ұшақ механигы мамандығын алады. 240-шы жойғыш авиация полкыне қабылданып, үш мәрте Кеңестер Одағының батыры атақты ұшқыш Иван Кожедубтың жеке механигы болды. 1944 жылдың жазында полк 178-ші гвардиялық жойқын авиация полкы болып қайта жасақталады. Мәдина соғыс біткенше осы полк құрамында шайқасады. Кажедубтың ұшағын ұрысқа дайындайды. Будапешт, София, Вена, Курск, Орел, Белгород қалаларын жаудан азат етуге қатысқан. Иван Кожедуб 330 рет әскери әуе шайқасына қатысып, жаудың 62 ұшағын жойғаны үшін үш мәрте Кеңестер Одағының батыры атағына ие болды. Осы ерлікке Мәдинаныңда үлесі бар екені анық. Мәдина өзі де Кожедуб пен бірге бірнеше рет әуеге көтеріліп, жау ұшақтарын жоюға қатысқан. Алайда, оның ерлігін бағалайтын ешкім болмаған. Соғыстағы өжеттігі үшін, «Ерлігі үшін» медалімен, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. Мәдинаның ерлігінің ескерусіз болуы, оның тұтқында болуына байланысты болғандығы себеп болғандай. Мәдина жеңісті Прагада қарсы алған. Мәскеуде өткен жеңіс шеруіне қатысқан. Елге оралғаннан кейін Айыртау ауданының шаруашылығында сауыншы болып еңбек еткен. Мәдинаның ерлігі туралы ел кейіннен білген. 1985 жылдың мамырында жеңістің 40 жылдық мерекесі қарсаңында үкімет «Екінші дәрежелі ҰОС орденімен» марапаттаған. Сол жылы Мәдина Ысқақова дүниеден өткен. Екінші дүниежүзілік соғыстағы ұшқыш қыздарымыздың бірі Қамқа Үмбеталина болатын. Ол 1923 жылы Орал облысының Тайпақ ауданында дүниеге келген. 1942 жылы Атыраудағы орта мектепті бітіріп, бірінші Украина майданының шайқастарына қатысқан. Әскердегі қызметін Воронеждегі әуе қоймасын күзетуден бастаған. Қамқа шайқастарға қатысып жүріп Орынбор, Чкалов, Челябинск, Омбыдағы ұшқыштар даярлайтын курстарды тәмамдаған. Артынша Германияның одақтасы Жапонияға қарсы соғысып жатқан бірінші шығыс майданына ауыстырылады. Сондағы 9-шы әуе армиясының 583-ші әскери әуе полкының бомбылаушы ұшақтарын бомбылармен жарақтандырушы болған. Бірнеше рет әскери әуе шайқасына қатысқан. Соғыстағы ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз», «Екінші дәрежелі ҰОС ордендерімен», «Германияны жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған. Қамқа апай жеңіс күнін сол бірінші шығыс майданында қарсы алған. Соғыс аяқталғаннан кейін де әскер қатарында болып, 1945 жылдың қарашасында елге оралған. Ол Қазақ Мұнай мекемесінде инженер болып еңбек етіп, кен орындарын ашуға өз үлесін қосқан. Міне елін жаудан қорғауда, ерлермен қатар қазақ қыздарының майдандағы оның ішінде әуе авиация саласындағы ерліктері осындай. Олардың орыс қыздары Кеңестер Одағының батырларымен терезесі тең соғысқанын, бірақ қазақ қыздарының ерлігінің бағаланбауы өкінішті. Ел басының болашаққа бағдар рухани жаңғыру бағдарламасына байланысты Отан үшін от кешкен қазақтың ұшқыш батыр қыздарының есімдерін жаңғыртып, лайықты бағасын беріп, жастарды Отан сүйгіштікке, патриотизмге тәрбиелеуде ұшқыш апаларының ерліктерін насихаттау бүгінгі күннің еншісінде болу керек.
Рысбай Кәрімов
Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |