« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
...Қайырға біткен шынармын,
Толса күнім сынармын.
Қайда жақсы бар десе,
Қауышқанша құмармын.
Балқы Базар.
Расында, жаны ізгі жақсы адамдар көркем мінезімен, көрнекті ісімен көптің көңілінен өшпестей орын алады. Табиғатының тазалығымен, танымының тереңдігімен, азаматтық тұлғасының биіктігімен бағаланып, ағайын-туыс, дос-жаранға деген даладай дархан пейілімен дараланып тұрады. Міне, осындай бірегей болмысты азамат, қазақ ғылымына сүбелі олжа салған, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Сұлтан Мырзабеков еді.
Ол – шұрайлы Сырдың перзенті. Жастайынан зерделі, зерек болып өсті. Білімге құштар болды, бірге туған бауырларын да талмай оқып, ізденуге баулыды. Олай дейтініміз, отбасында өскен тоғыз баланың бесеуі орта мектепті алтын медальмен бітірді. Сол ағайындылардың үлкені осы Сұлтан болатын. Мектеп бітірген соң Алматы малдәрігерлік зоотехникалық институтына оқуға түсті. Талабы биік, талпынысы зор жас жігіт қайсыбір тақырыпты талдағанда қатарластарынан басым тұратын. Алдына қойған мақсаты – атакәсіпті дамытуға ауқымды үлесін қосу болған ол 1964 жылы жоғары оқу орнын да үздік бітірді.
Білікті маман аталған кейіпкеріміз институт қабырғасында 1967-1992 жылдар аралығында оқытушы болып қызмет атқарды. Осынау ширек ғасыр ұстаздық еңбек жолында шәкірт тәрбиелеп, мамандар даярлаумен қатар өз тәжірибесін де толықтыра түсті. Сала бойынша сараптаған салмақты дүниелерін, ғылыми мақалаларын жинақтап, жарыққа шығарып отырды. Негізгі ғылыми бағыты – генетика және мал өсіру, генетика және биотехнология салалары болатын. Осы тақырыптарда 160-тан астам ғылыми еңбек жазды. Айталық, 1986 жылы ауыл шаруашылығы саласы бойынша қорғаған докторлық диссертациясы қазақ ғылымын дамытуға игі әсері мол үлкен еңбек десек, еш қателеспейміз. Өйткені, оның бұл еңбегі Ресей ғалымдарын да мойындатты. Өмірінің соңғы жылдарында профессор А.И.Ерохинмен бірлесіп жазған “Овцеводство” атты оқулығында дүние жүзіндегі, сондай-ақ, ТМД елдеріндегі қой басының әр жылдардағы сандық динамикасын көрсете отырып, жалпы мал басының азаю себептеріне талдау жасады. Еті, терісі, жүні түгел кәдеге асатын қой тұқымын жақсарту бағытында үлкен ізденіспен еңбек етті. Атап айтқанда, ғалым С. Мырзабеков қазақтың етті-жүнді қойы мен мерке қойларының, оңтүстік қазақ мериносы тұқымының авторы болып табылады. Жалпы, қой шаруашылығы қазақ жұрты үшін о бастан таныс, оңтайлы кәсіптің бірі. Сондықтан осы шаруашылықты одан әрі дамыту бағытында қажетті шараларды айқындап, өз кезегінде ғылыми жұмыстарына енгізіп отырды.
Ғалым Сұлтан Шайымұлы ұстаздық еңбегінде де ерекше қырынан көрінді. Шәкірттеріне тек ақылшы ғана емес, қажет кезінде қамқор да болатын. Олардың қатарынан озық ойлы, қабілетті жастарды ізінен ерте білді. Тіпті ауыл жастарының ішінен осы салаға қызығушылығы бар жастарды жетелеп жүріп, оқуға түсірген деседі. Бүгінде ғалымнан дәріс алып, өз ісін жетік меңгерген мамандардың бірқатары Ресей, Қырғызстан елдерінде табысты еңбек етіп жүр.
Білікті азамат, бірегей маман С.Мырзабеков өз саласы деңгейіндегі бірқатар жауапты қызметтерді атқаруда іскерлігімен, табандылығымен танылып, әріптестерінің сенімін, құрметін иеленді. Айталық, 1992-1996 жылдары ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінде, Білім министрлігінде, 1996 жылдан өмірінің соңына дейін Қазақ ұлттық аграрлық университетінде ғылыми-педагогикалық кафедра меңгерушісі сияқты қызметтерді абыроймен атқарды. Ғылым жолындағы табанды еңбегі текке кеткен жоқ. Атап айтқанда, 1995 жылы ҚР Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, РФ биология ғылымдарының докторы, Сібір мал шаруашылығы технологиялық ғылыми-зерттеу институтының құрметті профессоры атанды. Алматы мал дәрігерлік институты, кейіннен Қазақ ұлттық аграрлық университеті, Новосібір және Қырғыз ғылыми-зерттеу институттары жанындағы докторлық диссертациялар қорғау жөніндегі кеңестің, ҚР Жоғары аттестациялық комиссияның төралқа мүшесі болды.
Ғалым С.Мырзабеков жайлы замандасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академигі Әбдісағит Тәтіғұлов өз естелігінде былай деп жазады:
“...Барға қанағат, жоққа сабырлық қылып, айналасын жау, өмірін түнек көрмей, қолы жеткен несібесін Алланың рахымы, балаларымның ризығы деп қабылдайтын жайсаң жандардың бақыт туралы түсінігі шынымен де өзгеше. Дабырлап жеткен атақтан, қымсына келген сыйластықты көңіл төріне шығаратын жандар бұлар. Омырауға таққан орденнен, арқадан қаққан алақанның жылуын тәуір көретін асылдар олар...
Жан-жағына жалтақтамай, бұқпай, жалтармай, Жаратқанның берген дарыны мен білімін алға салып, алшаңдай басып өтті. Бұл менің замандасым, досым, қазақтың біртуар оқымысты азаматы, ғалым Сұлтан Шайымұлы Мырзабеков еді.”
Сұлтан Шайымұлы асыл жары Жәниямен өрімдей ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Олар да әке тәліміне сай ержетіп, өмірден өз жолдарын тапты.
Өткен ғасырдың екінші жартысында қазақстандық ғалымдар агроиндустрияда, мал шаруашылығы саласында үлкен жетістіктерге жетті. Аталған сала бойынша дәнді дақылдардың жаңа сұрыптары, төрт түлік малдың жаңа тұқымдары алынып, көптеген авторлық жаңалықтар ашылды. Айта кетейік, ол кезеңде авторлық жұмыстар Мәскеуде тіркеуден өтетін. Сондықтан ғылымға тың жаңалық енгізу және оны табандылықпен қорғап шығу оңай емес еді. Десек те, ғалым Сұлтан Мырзабековтің еңбегі осынау жоғары талап деңгейінен табылды. Ел экономикасында елеулі орын алатын ауыл шаруашылығы саласының заман талабына сай өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлесін қосты.
Олай болса, өз дәуірінің дүбіріне үн қосып, болашаққа бағытталған байыпты істердің де көш басынан табылған осындай озық ойлы, биік болмысты азаматтың қазақ ғылымына сіңірген еңбегі әрдайым құрметке лайық.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы».
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |