« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Қызылордадан Жезқазғанға қарай тіке тартатын күрежол бойымен қаладан он шақырымнан әрі өте бере оң жағыңызда «Сәдір сарайы» деген жер шығады. Кеңес өкіметінен бұрын осы маңнан Бірқазанға келіп қосылатын «Ошақтыкөл», «Ақбостай», «Көксу» аталатын аймақтарда қыпшақ руының бірнеше аталығы, оның ішінде Көкмұрын әулетінің екі жүзге жуық отбасы отырықшылыққа бейімделіп, егін салған.
Осы ел ішіндегі ағайынды Жиенбай мен Тұрғанбайдан туған сегіз ұлдың сыры бір тарих. Жиенбайдан үш ұл – Жарылқасын, Жаппасбай, Найманбай, Тұрғанбайдан Дәулетбай, Өмірзақ, Өмірбай, Байзақ, Кенжебай – бес ұл болған.
Сегіз ұл жасынан асау үйретіп, жауырындары қақпақтай болып өседі. Өздеріне астына мінген бір-бір аттан басқа мал бітпеген, бірақ бірлік біткен. Бір-бірінің айтқанынан аттамаған. Оның мәнісі әкелерінің енші бөліспегенінде.
Жиенбай мен Тұрғанбай әкесі Әділбай қайтыс болғанда жас екен. Әділбайдың әйелі салт бойынша қайныларының біріне қосылу керек еді. Бірақ жас жесір екі баланың үлкені Жиенбайды көтеріп, Тұрғанбайды тастап төркініне кетіп қалады. Бұл 1862 жылдарғы оқиға. Ол кезде қазақ аулында әмеңгерлік салт берік сақталатын. Бұл салтты бұзу жөнінен Әділбайдың әйелі бірінші болып отыр.
Кәрібай датқа деген ақылды әрі қатал кісі бар еді. Кәрібай ол оқиға тұсында әлі датқа емес. Сондықтан ол жеңгесіне айтқанын істете алмай өкпелі болып қалса да, кішкентай Тұрғанбайды қолына алып бағады. Уақыт жылжып, жиырма жылдың шамасы өтеді. Екі бөлек өскен қос ағайындыны қалай қосу керек екенін датқа үнемі ойлап жүреді. Ақыры амалын тауып, бір күні Жиенбайды өз аулына шақырады. Баяғы жас бала қайратты болып ержетіпті.
Ол келгенде Кәрібай құдық басында жүреді. Тұрғанбай астауға су құйып, түйелерін суғарып жатады. Сәлем бере келген Жиенбайға мән бере қоймаған Кәрібай:
- Сен осы түйе суғарасың ба, жер суғарасың ба? Шашып-төгіп құдықтың суын тауысатын болдың ғой, - деп Тұрғанбайға ұрсып жатады. Бір кезде ашуланып қамшысын көтере бергенде Жиенбай оның білегінен шап беріп ұстай алыпты.
- Ә, іштерің біледі екен ғой, - деп сонда Кәрібай қамшысын лақтырып тастап кетіп қалыпты.
Датқаның қолын қағу өте әбес іс, енді оның үйіне де кіруге болмайды.
Сондықтан Жиенбай Тұрғанбайдың отауына түседі. Содан бері екеуі бір үйде тұрып, өлгенше енші бөліспей кеткен.
Әлгі бір оқиға ақылды датқаның бірге туған қос бауырды табыстыру үшін жасаған амалы екен.
Енді сол екеуден туған сегіздің сырын тарқатайық.
Ол заманда қалыңсыз қатын алмаған. Ал бұларда сәл-салтанат құрарлық мал жоқ. Мысалы Жарылқасын өз інісі Жаппасбайды үйлендіру үшін он үш жасар өз қызын Байқуат деген кісіге беріп, оның қарындасын бауырына қосқан. Осы басына бас айырбастың өзі олардың кеңқолтық кедейлікпен өмір сүргенін көрсетеді. Ал, Найманбай өзінің немере апасының қызы, яғни жиені Күләйға үйленген. Мұны ауыл ақсақалдарының біразы қош көрмей, болыстар тосын некені бұзбақ болып бұларға қарай шабарман аттандырады. Бірақ сап түзей алған сегізді көрген олар «алынбас қамал екен» деп кері бұрылыпты дейді.
Еншілес әкеден сегіз туып, серке шыққан ағайындыларды көреалмаушылар жетерлік. Солардың бірі Құрманбектің Палы дейтін кісі болған. Палдың негізі кегі – Күләйға қатысты. Күләй көргеннің жүрек қылы көзінен суырылатын көркем еді. «Басқаға қатын керек еместей сол сұлу да сегіздің ішіне түсті. Осы сегізді сетінетер күн туар ма екен» деген ой Палдың көкейінде көлденең тұратын.
Сол күн туды. Көсеулеп кеңес заманы келді. Пал ауылнай болды. 1925 жылдан былай кәмпеске кәріне мінді. Малдан айрылған жұрт аңырап қалды. Ағайын Палдан азар көрді. Ел-жұрттың малына тізім жасап, өрістен айдатқан да – Пал, «бай-құлақтың» құлағын жұламын деп тілін сайратқан да – Пал. «Қайтсең де өкіметке салық төле» деп өзі жұтағандарға жұдырық түйген де сол. Әсіресе, сегіз ағайындыға айрықша тиісті. «Ескішіл, жиен қарындасын алған, жаңа өкіметке жақ емес, айдап салған малдары бар» деген сияқты салдауыр сүйретті.
... Сегіз сетіней бастады. Әуелі Дауылбай дүние салды. Оның әйелі Қарашаш әмеңгерлікпен Өмірзаққа қосылды.
Осы қазадан соң көп ұзамай Өмірзақ, Байзақ, Кенжебай үшеуі әйел, бала-шағаларымен, қол көтерерлік жүктерін алып, Бірқазанға келіп пойызға отырады. Осы жерде оларды Пал қуып жетеді. Кенжебайдың қоржынға тыққан шиті мылтығы болатын. Соны суырды.
- Пал, сен бізді қуып жетсең, мына мылтықтың оғы сені қуып жетеді. Пойыз қозғалғанша, орныңнан қозғалсаң атып саламын! – деп айқайлады. Қорқып кеткен ауылнай сол орнында сілейіп қалыпты.
Осы оқиға тұсында Өмірзақтың баласы Ыбырайым жас еді. Әлдеқандай күн болады деп сондықтан әйелі Дәукен мен баласын бұл сапардан қалдырып кетеді. Кейін үш ағайынды Өзбекстанның Қаршы деген жеріне орнығып алған соң, Кенжебай жеңгесі мен інісін алып кетуге келеді. Сөйтсе, оның торы атын Пал мініп жүр екен. Туғанынанда тонына орап алып, алақанынан жем жеп өскен жануар иесін көргенде оқырынып, тізгінге әл бермей тарпынып келіп, басын Кенжебайдың төсіне түйістіріп, көзінен бырт-бырт жас ағызыпты. Сонда торы аттың үстінде отырған Пал:
- Ей, ел маңын көрмегір Кенжебай, қайдан шыға келдің?! – депті. Шамасы баяғы мылтығы бар ма деп үркектеп тұрса керек.
Осы жолы Кенжебай жеңгесі мен кішкентай Ыбырайымды Қаршаға жетеді.
Бұл әңгімені тарқата берсең, жуық арада ұшына шығу қиын. Сегіздің қалған төртеуі қайда, соған келейік.
Жаппасбай мен Найманбай «Палдың қамшысымен итжеккенге кеткенше, тағдырдың қамшысын жейік» деп көппен бірге Термез арқылы Ауғанстанға өтпекші болады. Бірақ олардың жолын қызыл әскер кесіп, қырғынға ұшыратады. Оқтан аман қалғандардың қатарында болған екі ағайынды Түркменстанның Тәлимаржан деген жеріне тұрақтап, Қарақұмда қой бағады.
Өмірбай мен Жарылқасын ше? Өмірбай ашаршылық кезінде қайтыс болады. Жарылқасын көшке ере алмай елде қалған. Жарылқасынның белінен бала болмаған. Бірақ көппен бірге кетпей, осы жерде қалғанда құдай оған бала берейін деген шығар.
Ағайындылардың үшеуі Қаршада, екеуі Тәлімаржанда тіршілік кеше берсін. Біз Жарылқасынның балалы болу баянын айтайық. Бұл оқиғада да сол бір сұм заманның сұрықсыз бейнесі бар.
1937-1938 жылдары зорлықмен жер аударылған кәріс, шешендермен бірге осы маңға орыстар да көптеп келді. Мұның жайы тарихта сайрап тұр, бізге керегі ел ішіндегі әңгімесі.
Сәдір сарайында сән құрмаған. Баяғы жұрттың бәрі «Қызыл егінші» колхозына топтасты. Колхозшы деген жұрт таңмен бірге тұрып, жұлдызбен бірге жатады екен. Бейнеттен белі айналған сол жұрттың ішінде Кенжебай да бар. Екі бауырын жерге берді. Бес бауыры бала-шағасының өмірін сақтап қалмақ болып босқындап кетті. Бұл қай баласының қамын ойлап, пана іздесін. Кемпірі екеуінің ойлағаны қу тамақтары.
Бір күні ауылға бірін жетектеп, бірін көтерген екі баласы бар бір әйел сая болды. Жұрт оның сөзіне түсінбеді де, беретіндері жоқ па, ешкім үйіне бас сұқтырмады. Жағалап Жарылқасындікіне келді.
- Кушать надо. Ты хлеб дай, я ребенка...
Айтқаны осы болды. Жарылқасын кебежеден бір табан нан суырып берді. Сары шашты әйел көтеріп тұрған ұл баласын тастап, қызын жетектеп кете барды.
- Бәйбіше, ұлды болдық. Құдай берді! – деп айқайлады үй артында жүрген кемпіріне. Сол сары балаға Құдайберген деп ат қойды. Алты жасқа толғанда сүндетке отырғызды.
Жарылқасын бір жылы жазда Құдайбергенді түйеге мінгестіріп Қызылордаға келді. Базарға кіріп шықпақ болды, баланы т.йенің жанында қалдырды. Шықса у-шу болып жатыр. Қараса бір сары қыз баласына әлденені айтып, қолынан олай-бұлай тартқыштап жатыр. Құдайберген одан азар да безер қашады. Екеуі бір-бірінің тілін түсінбейді. Ақыры ортаға тілмәш кірді. Сөйтсе, бұл сегіз жыл бұрынғы анасы жетектеп жүрген орыс қызы екен. Шешесі өліп, жалғызсырап «бауырын осында бір келер» деп үмітін үзбей жүріпті. «Биыл бесте, биыл сегізде, биыл тоғызда» деп інісіне шақтап киім жинай беріпті. Осы жерде бірге туғанының жат болып кеткеніне көз жеткізген он екідегі апасы жинап жүрген киімдерін беріп, інісінің бетінен сүйіп, жылап қалыпты. Шіркін, бауыр деген!
Әлқисса, Қаршы жақтан хабар алайық.
Өмірзақ та, Байзақ та, Кенжебай да ұсталық қылған. Бірі жамақшы, бірі етікші, бірі қолөнерші болып жақсы табыс тапқан. Бірақ оларға жергілікті ұры-қарылар тыныштық бермепті. Бір күні олардың бір-екеуімен бетпе-бет келіп те қалады. Мұнан кейін, «балаларымызға зияны тиер» деп тағы бір жерден пана табылар деп теміржолға барып отырса бір кісілер: «Бізге ұста керек, қойшы керек, Тәлимаржан деген совхоз ашып жатырмыз. Ол жерде қазақтар да бар» деп оларды көндіріп, өздерімен бірге әкетеді. Сол жаққа барса қарсы алдарынан бауырлары шығып, жылап көріседі. Замана желдеткен ағайындылар сөйтіп қайта қауышады.
Тәлимаржанның жұрты жібек құртын өсіреді екен. Тұт ағашының жапырағын жеп-жеп оранып, бармақ басындай құрттар домаланып қалады дейді. Өсірушілер домаланған құртқа әлдебір дәріні сепкенде, олардың денесі солып, оранған жібі босап қалады-мыс. Сосын оны әйелдер төгіп ала береді, олардан тоқымашылардың қолына өтеді. Әне, жібек тауар қалай жасалды. Әй, бірақ бармақтай құрттың құйрығына қарап отыратын қазекем бе, ағайындар Қарақұмда қой бағады. Кенжебай ғана теміржолшы болып жұмыс істеген.
Бізге бұл оқиғалардың ортасында болу қайда. Маған бұл әңгімелерді Мырзабектің Аябегі, Өмірзақтың Ыбырайымы, Найманбайдың Айтқожасы, Кенжебайдың Көлібайы деген шиелілік ақсақалдар айтып берген еді.
***
Кенжебай баласы Көлібай туған жерге 1955 жылы оралған. Ал, Ыбырайым отбасы 2005 жылы көшіп келген. Ағайындардың біразы Түркмен топырағынан мәңгі қоныс тапқан.
Айтпақшы, Көлекең елге келген жылы Палмен жолығысып қалыпты. Баяғы Кенжебайға айтқан «ел маңын көрмегір» деген сөзі тура өз басына келіпті. Палды ағайындары маңайлатпай, қайсысының үйіне барса да қуып шығады екен. Бейшара, жалғыз қалыпты. «Кенжебайдың баласымын ғой» депті Көлекең. Сорлы сонда кемиегі кемсеңдеп сөйлей алмай қалыпты.
Бәлкім, кешірім сұрағысы келген шығар...
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |