« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Біздер ежелден көршілес болып келе жатқан Ресей мен Қазақстан қарым‑қатынастары туралы сөз еткенде көбіне кешегі патша өкіметінің отаршыл саясатын алдыңғы шепке шығарып келеміз. Бұл билік жүйесінің саясатынан туындап отырды. Сонымен бірге тегі, тілі, діні және ділі бөлектіктен те кейде қайшылықты жағдайлардың болғаны рас. Алайда арысы Батыстың, берісі Ресейдің озық мәдениеті мен ғылымының қазақ қоғамына игі ықпалы да аз болмағанына көз жұмуға әсте болмайды.
Өткен тарихымызға ой жіберсек, Ресейде оқып, қызмет еткен қазақтың талай ардақтылары еліміздің ілгері жылжып, жаңаруына өлшеусіз үлес қосты, үлес қосып та келеді. Бұған тарих та, бүгінгі күніміз де куә. Алғашқы ағартушыларымыз, ұлы ғалым Шоқан Уәлиханов, тұңғыш кәсиби педагог Ыбырай Алтынсарин және ұлы Абайлардың ұлттық рухани әлемімізге жарық жұлдыз болып шығуы солтүстік көршіміз орыс халқының, сол арқылы Батыстың өркениетінің игі ықпалы екеніне ешкім дау айта алмас. Мұндай игі ықпалды кейінгі толқын Алаш ұлт азаттық қозғалысының жетекшілері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, т. б. кем көрген жоқ. Міне, осы Алаш алыптарының ішінде өзіндік өмір жолы, өзіндік күрес тарихы болған Түркістан ұлт‑азаттық қозғалысының жетекшісі Мұстафа Шоқай да бар.
Осы халқының еркіндігін өзінің азаттығы деп ұғынған, өз бақытын ұлтының бақытынан іздеген, сол бір тарихи кезеңдегі әлеуметтік-саяси көрікте шындалып, теориялық білімі мен өмірлік кемелділігі шираған, аса білімпаз, көреген саясаткер Мұстафа Шоқайдың Түркістанның азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күреске толы ғұмырының алғашқы қадамдары сол кездегі Ресейдің бас қаласынан бастау алғаны белгілі. Арасында үзілістері бар бас‑аяғы 6-7 жылға созылған Петербургтегі кезең әлеуметтік те, саяси да тағылым берген керемет жылдар болғанына сөз жоқ. Ол ең алдымен терең білім алды, сонан соң сол кездегі орыс қоғамындағы демократиялық үрдістерді бойына сіңірді. Оның әлеуметтік-саяси санасының өсе түсуіне және қоғамдық күрес сахнасына шығуына Ресейдің орталық аудандарында бірінші орыс революциясынан кейін құрылған саяси партиялар мен қозғалыстардың бағдарламаларымен жете танысуының әсері мол болды. Егер ерте кездері ол мұсылмандардың мәдени реформаторлық қозғалысы — жадитизмнiң ықпалында болса, кейін орыстың зиялы қауымының революциялық-демократиялық және либералистiк топтарының әсерімен саяси еркiндiк пен әлеуметтiк әдiлдiктi жақтады, соны өмірлік мұрат тұтты.
Сол кездегі саяси оқиғалар туралы Мұстафа 1933 жылы жазылған “Есімдегілерден... (Ресейдегі түрік студенттер өмірінен) атты мақаласында былай деп жазған еді: “Мен Ресейді реакция жайлаған, жоғары оқу орындары, әсіресе, университеттер тікелей полицияның бақылауына алынған 1910-1914 жылдары Петербургте оқып жүрген болатынмын. Жағдайдың сондайлығына қарамастан, біз, студенттер, саяси бой көрсетулерге шығатынбыз. Үкіметке қарсы шешімдер қабылдап, көшелерде демонстрациялар жасайтынбыз” [1, 336-337].
Мұстафа Шоқайдың бет алысын, алар асуын Санкт-Петербургте оқып жүрген студенттермен бірге жазған хаты айқын байқатқан болатын. Бірі ‑ 1913 жылдың ақпанынан Орынборда шыға бастаған «Қазақ» газетіне жолдаған құттықтау хат. Мұнда студенттер қуаныштары қойындарына сыймай, басылымның «қадамы қайырлы, бауы берік, өмір жасы ұзақ болып, мақсұтқа жетпегіне тілектестіктерін» білдірген еді. Сонымен қатар хат иелері маңызды екі мәселені көтерді. Оның бірі – "Қазақ" газетін «бір жағадан бас шығарып, бір ауыздан сөз шығарып, жас та болса бастай көріп, халық ортасына "қарақшы" қылып, әркім шын көңілімен батасын беріп; халінше не көмегі болса тигізіп тұрса - біздің мұңды жұртымызбен мұңдасып, бірінің хал-жайын бірі біліп тұруына да жәрдемі аз тимес еді деген ой. Екіншісі, өз сөздерімен айтқанда, қолқалары мынау: "Қазақ"газетіне «қаламменен жәрдем беретін мұсылманша оқыған құрбыларымыз бір нәрсе жазғанда басқа әріп, фарсы, ноғай қарындастарымыздың (қандастарымыздың деген мағынада – Ә.Б.) сөздерін; орысша оқығандарымыз орыс, яки басқа Еуропа жұртының тілдерін орынсыз көп кірістірмей, өзіміздің қазақтың нағыз қара тілімен жазып тұрса "Қазақ" қалың жұртымыздың оқып тұруына оңды, түсінімді болар деген пікір» білдіріп, осыларды бас редактордың әр қашан назарында алып жүруіне тілек айтқан еді [2, 15-16].
Осыдан кейінгі Петербургтегі түркі жастарының, ішінде Мұстафа да бар, «Сиратель-Мустаким» (Тура жол) жақтаушыларының жаңа әрекеттері туралы» үндеуінің де мәні зор. Бұл, бір жағынан, болашық қайсар күрескердің жасынан түркі тілдес жастармен жиі араласқанын, пікірлес болғанын көрсетсе, екінші жағынан, осындай тағы бір топтың патшаға жағымпаз діни ұйымға қарсылығын білдіреді. Мұнда да діннің тазалығы әңгіме болады. Осы тіл мен діннің тазалығын сөз еткен екі материал түркі халқының ұлы перзентінің болашағын айқындаған алғашқы нышандар десек артық болмас еді. Ал сонау ХХ ғасырдың басында көтерілген бұл екі мәселе әлі қазақтың күн тәртібінен түскен жоқ, түсетін де емес.
Мұстафа Шоқайдың саяси‑әлеуметтік көзқарастарының қалыптасуында Ресей империясының отаршылдық саясатының зардаптарын бастан кешіріп отырған түркі тектес халықтардың алдыңғы қатарлы өкілдерімен қарым‑қатынастар, әсіресе Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы т.б. ақыл‑кеңестері айрықша рөл атқарды. 1905 жылдан бастап қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысын басқарған, Бірінші Мемлекеттік Думаның мүшесі болған, қазақ ұлттық «Алаш» партиясының негізін қалаған, оның бағдарламасының авторларының бірі, кейін Алашорда үкіметінің басшысы болған Әлихан Бөкейханның шын мәнісінде ұстаздық еткенін айта кету керек. Мұстафа Шоқайдың өз сөзіне қарағанда, ол Әлихан Бөкейханмен Ташкент гимназиясында оқып жүргенде кездескен, оның ықпалын езінген. Сол кездегі орыс мен жадит мектептерінде оқып жүргендерге: «Әлихан бізге ылғи да: «Ұлтқа пайдалы адам болғыңыз келсе, бәрінен бұрын орыс өкіметінің атамекеніміздегі жер саясатын мұқият зерттеп үйренуге тырысыңыз. Сізге не істеу керектігін осы саясаттың өзі-ақ көрсетіп береді» - деген ұстаз сөзін Мұстафа Шоқайдың 1939 жылы Францияда еске алуы жайдан‑жай емес еді [3,369-370]. Және осы кеңестен кейін болашақ саяси қайраткерлер бар ынта-ықыластарымен «мұғажыр мәселесін» үйренуге кірісіп, мұның түпкі мақсаты қазақ жерін этностық отарлау деген тұжырымға келуге мәжбүр болып, қазақ мемлекеті үшін ең үрейлі қатердің қайдан келе жатқанын түсінген көрінеді. Олар, шынында да, қателескен жоқ болатын. Бұған патшалық Ресейдің отарлық саясатының, соның саяси жалғасындай болған кеңестік жүйенің зардаптарын ғасырлар тартқанымыздан тәуелсіз ел болғанымызға ширек ғасырдан асса да, мемлекеттік мәртебеге ие болғанымызға отыз жылдай уақыт болса да, ұлттығымыздың ең басты көрсеткіші, тәуелсіздігіміздің ұлттық коды ‑ қазақ тілі жағдайының әлі күнге елеулі оңала алмай келе жатқанын айтсақ та жетіп жатыр.
Мұстафа Шоқайдың саяси көзқарасының шыңдала түсуінде оның сол кездегі Петербургте өтіп жатқан түркі‑мұсылман халықтары жиындарына қатысып отыруы, 1912 жылдан Мемлекеттік Думаның Мұсылман фракциясы мүшелерімен жиі араласуы, олардың ақыл‑кеңестерін тыңдап отыруы ерекше маңызды болды.
Ресей патшаның 1907 жылдың 3 маусым күнгі жарлығымен қазақ сияқты «бұратана» халықтар Мемлекеттік Думаға сайлану құғынан айырған болатын. Сол себепті олардың мәселелері Мемлекеттік Думада көтеріле бермейтін. 1916 жылы ақпан айында Мемлекеттік Думаның Мұсылман фракциясының төрағасы Қ.-М. Тевкелев мұсылман халықтарының көрнекті қоғам қайраткерлерін шақырған мәжілісте фракцияның саяси платформасы, тактикасы және оның жанында кеңесші бюросын құру туралы мәселе қаралады. Бұған арнайы шақыруымен Ә. Бөкейханов, С. Жантөрин, А. Байтұрсынов қатысады. Олар қазақтарға жеке мүфтилік ашу, қазақтарды әскер қатарына жазу, қоныс аударушылар толқынына тоқтау салу мәселелерін көтереді. Арнайы комиссияның баяндамасы тыңдалған соң фракцияның жанынан төрт адамнан тұратын бюро құру туралы шешім қабылданады. Бюродан тыс бір хатшы, үш көшіріп жазушы және тағы бір қызметкер алу ұйғарылады. Бюро құрамына қазақ уәлаятынан Әлихан Бөкейханов енеді. Ол Бюрода Түркістаннан бір өкілдің болуы керектігін және оған М. Шоқайдың лайық екендігі туралы мәселе көтеріледі [4, 61].
1916 жылғы тамызда Мемлекеттік Думаның жанындағы Мұсылман фракциясының төрағасы Қ.‑М. Тевкелев жетекшілігінде Мұстафа Шоқай Түркістанға келуінің түп төркіні бар еді. Ол құрамында фракция мүшесі Шәкір Мұхамедияров және кейін қосылған депутат Александр Керенскийлер бар делегацияның аудармашысы, хатшы және маман‑зерттеуші ретінде өлкесіне келіп, Самарқанд, Әндіжан, Қоқан, Ташкент уездерін және кейбір ауылдық жерлерді аралап, жергілікті жағдаймен жақсы танысады. Бұл Мұстафа Шоқайдың Мемлекеттік Дума жұмысына алғашқы қатысымы болатын.
1916 жылы 31 қазанда «Қазақ» газетінде жарық көрген «Бюроға екінші адам қою» атты хабарда патшаның 1916 жылғы 25 маусым жарлығымен қазақ ісінің көбеюі және тез арада Мемлекеттік Думаның ашылуы себепті бюро адамдары студент‑юрист Мұстафа Шоқайдың осы қызметке кәміл жарайтынын біліп лайықтап отырғандығы айтылған. Мұсылман комитеті ашылғалы бері сонда қызмет істейтін оның 1 қарашадан жұмысқа кірісетіндігі жазылған [5,341]. Бұл арада газетте көрсетілген «Мұсылман комитеті» деген 1914 жылдың желтоқсан айында өткен Ресей мұсылмандары қоғамдық ұйымдарының съезінде сайланған Орталық комитет туралы болып отыр [4, 62].
Мұстафаның бұл жұмысқа ұсынылуы жайдан‑жай еместі. Кандидатура талқыланғанда оның Петербургта тұратындығы, бұл жұмысқа оның жан‑жақты дайындығының барлығы, Түркістандағы жағдайды жақсы білетіндігі, Мұсылман комитетінде жұмыс істеп, Бюроның келешек мүшелерінің бірсыпыраларымен танысып, тапсырмаларын орындап жүргендігі ескерілген еді.
Мемлекеттік Думадағы Мұсылмандар фракциясы бюросында қызмет істей жүріп, Мұстафа Шоқай депутат-мұсылмандар мен фракциясы мүшелеріне түрлі Түркістан туралы және өлкеге қатысты басқа да қажетті материалдар, баяндама мәтіндерін даярлап береді. «1917 жыл естеліктерінен үзінділер» атты еңбегінде Мұстафа Шоқай былай жазған еді: «Түркістан туралы материалдар жинайтынмын әрі Мемлекеттік Думадағы мұсылман өкілдеріне Түркістанға қатысыбар, қажетті материалдарды дайындап беретінмін. Революция қарсаңында бітірген соңғы ісім – депутаттардың дума мінбесінен сөйлеуге қажетті 1916 жылғы бүкіл Түркістан көтерілісі туралы материал әзірледім әрі мұсылман тобы атынан сөйлейтін депутат Мұхаммад Юсуф Жағыфардың сөзін жазып бердім» [6 ,15].
Осылай Мемлекеттік Думаның Мұсылман фракциясында Орта Азия халықтарының мүдделерін алғаш білдірген миссия Мұстафаға жүктелген болатын. Қазақтың атақты жазушысы Әнуар Әлімжанов өзінің 1991 жылы 24 және 31 мамыр күндері «Қазақ әдебиеті» газетінде басылған «Мұстафа Шоқай... Ол кім?» деген мақаласында осы өкілдік туралы айта келе: «Түркістан халықтарының теңдігі мен тәуелсіздігі үшін, оларды қорлық‑зорлық пен рухани құлдықтан құтқару үшін аса зор жауапкершілікті арқалауға бар, болып көрмеген қан шеңгел құрылысқа қарсы ауыр да айрықша күрделі идеологиялық һәм саяси күресте басын тігуге әзір тұғыры заңғар тұлғаның алдағы тағдырына арна тартқан» еді деп жазды [6]. Шынында да, Мұстафа Шоқайдың фракция мүшелерімен күнделікті араласып, олардың ой жиектерін байқап, өрістерін таниды, тиімді ақыл‑кеңестерін естіп, соған сәйкес әрекет етуге тырысады. Бұл жағдай оны сол кездегі Ресей орталығындағы барлық дерлік елеулі саяси оқиғалардан хабардар етті. Мұның тағы бір тағылымды жағы өз халқын азат ету басқа да түркі тектес езілген халықтарды патша өкіметінің отаршылық саясатына қарсы ұйыстырудың нәтижесінде ғана мүмкін екендігін түсінуі болды. Бұл болашақ ұлтшыл саясаткер үшін ерекше маңызды, айрықша мәнді жайлар болатын. Сондықтан да ол Ресейдің езгісіндегі Түркістан өңірінен тыс түркі халықтарын – Еділ, Қырым татарларын, Кавказ халықтарын, Орал башқұрттарын біріктіру қажет деп есептеді. Кейін шетелде жүрген кезінде де оның өз халқымен бірге өзге аймақтардағы халықтардың отарлық езгіден құтылуын армандауы жайдан-жай емес еді.
Сөз соңында Петербургтегі оқу, терең білім алу, саяси оқиғаларға қатысу, орталықта тұратын, болған мұсылман халықтарының өкілдерімен кездесулер, оның ішінде Әлихан Бөкейханмен жиі араласуы, Ресей мұсылмандары Орталық комитетінде, сонан соң Мемлекеттік Думаның Мұсылмандар фракциясында жұмыс істеуі шын мәнісінде болашақ әлемге әйгілі болған қайсар қайраткердің саяси университеті болды.
Пайдаланған әдебиеттер
1. Шоқай М. Таңдамалы шығармалары: Үш томдық. 1-т. – Алматы: «Қайнар» баспасы. – 2007. – 352 бет.
2. Шоқай М. Шығармаларының толық жинағы: Он екі томдық. 11 том. – Алматы: Дайк –Пресс, 2012.– 640 б.
3. Шоқай М. Таңдамалы шығармалары: Үш томдық. 2-т. – Алматы: «Қайнар» баспасы. – 2007. – 392 бет.
4. 2. Шоқай М. Шығармаларының толық жинағы: Он екі томдық. 1-т. – Алматы: Дайк –Пресс, 2012. – 644 б.
5. «Қазақ» газеті /Бас редактор Ә Нысанбаев. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998. – 560 бет.
6. Шоқай М. Таңдамалы шығармалары: Үш томдық. 3-т. – Алматы: «Қайнар» баспасы. – Т.2. – 2007. – 384 бет.
Бәкір Ә.Б.,
саяси ғылымдарының докторы,
профессор 29.04.18.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |