« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Адамзаттың асылы Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың бір көршісі терезе тұсына ылғи қоқыс тастайтын болыпты. Сол көршісі үйреншікті әдетінен жаңылды ма, әйтеуір, бірер күн қоқыс тастамаймын болыпты. Бұған таңырқаған пайғамбарымыз «бұған не болды, менің тереземнің тұсына қоқыс тастамайтын болды ғой» деп үйіне барса керек. Сөйтсе, әлгі көршісі қатты сырқаттанып кәлимаға тілі келмей о дүниеге аттанғалы жатқанын байқаған пайғамбарымыз дұғасын оқып, көршісін соңғы сапарға шығарып салуға белсене атсалысып, көмек көрсеткен көрінеді. Міне, мұнда «ұлық болсаң – кішік бол, бәріне кешірімен қара» деген пиғыл жатқан жоқ па?! Осы орайда талантты ақын Ибрагим Исаның «Кешіріммен көкжиегің кеңейді, кешіріммен тас жүректер ериді» деген сөзі еріксіз ойға оралады.
Бүгінгі әңгімеде көрші жайында әңгіме өрбітпекпін. Өмір болған соң сан алуан көршілерге кезігесің. Бір көршімен кеудеден шыбын жан кеткенше сыйласасыңі. Бір көршімен қорасынан мал кеткенше сыйласасың.
Күнделікті ғұмырда талай көршімен сыйлас болдық. Дәмдес болдық. Сырдас болдық. Соның бірі – менің құдайы көршім, марқұм Орынбек Өткелбаев еді. Енді әңгімені осы тақырыпқа бұрайын.
Екі мыңыншы жылдың орта кезі болатын. Үй іргесінде бір бос жер жатушы еді. Бір азамат келіп үй сала бастады. Қай жердің азаматы екен деп көрші қолаң сұрай бастадық. «Қармақшы» кеңшарында ұзақ жыл еңбек етіп, Қызылордаға қоныс аударыпты. Руын сұрастырдық, алтынның Айдар аталығынан екенін білдік. Жүзі жылы көрінді. Зайыбы ауылда мұғалім болған. Екі ұл, екі қызы барын айтты. Бұлар оқу бітірген соң, қалаға қызметке тұрған көрінеді. Балалардың қасында болайық деп қоныс аударғанға ұқсайды.
Сонымен әулет басшысы Орынбек бес бөлмелі үйді салып, қоныс тойын жасады. Көрші қолаң болып тілек білдірдік. Өріс кеңейді, көрші қолаңның той думанында бірге болатын болдық. Менің жақсы көрші іздегеніме көп болып еді. Сіздерге кезіктім, лайым жақсы көрші болғай деп Орекең лебізін жаңбырша жаудырғаны әлі есімде.
Ажал шіркін айтып келмейді ғой.сол Орынбек Өткелбаев бұдан екі жыл 25 ақпанда екі күн ғана сырқаттанып, ешкімге салмақ салмай пәни дүниеге аттанып жүре берді. Бүгін сол азамат жайында тағы бір толғанбасам болмай отыр. Ер көңілді Орынбек Өткелбаев сыйлас сырлас көршіміз болды. Кітапты көп оқыған, газет-журналды жібермей зер салатын азамат еді. «Қармақшы» кеңшарында алғашында зоотехник, ферма меңгерушісі, қысқасы осы ауылда саналуан қызметтің тұтқасын ұстап, ауыл әкіміне дейін көтерілген. Адамның екі өмірі бар ғой. Бірі – тіршіліктегі алдамшы дақпырт жалған марапатқа ие болу ғұмыры, ал дүниеден өткеннен кейінгі өмір мәңгілік екенін кім білген? Өйткені оны ұрпақ жалғастырады, ұлықтайды, еске алады, дұға оқиды. Міне мәңгілік деген осы.
Бұл азамат бар мінезді бойына сіңірген, тау қозғалса қозғалмайтын, біреудің таудай қайғысын тарыдай ететін нағыз сөз зергерінің тапқырлығына таңырқайтынбыз. Ол қасиетті дастархан төрінде отырғанда жұрттың ықыласынан кем болған жоқ, ғайбат сөзге бармайтын. Дәмінің тәттісін саралап жұтатын, лас жерді баспайтын. Әудем жерде жетпістің желкесін ұстағалы тұр едіңіз, неге асықтыңызы Ореке? Бар жоғы пайғамбар жасынан сәл асқанда пәни дүниеге аттанғаныңыз жүректі күйзелтеді.
Құдықтың түбінде тұрып қараған адамға аспан адамға алақандай болып көрінбейді ме Ореке. Ақты қара дейтін, ешкімге болмасын дейтін, өзі бола алмайтын, айдың сәулесін қызғанантын пенделерді де көрдіңіз. Сіз ауыз жетер жердің Орекесі болдыңыз. Аспадыңыз, саспадыңыз, шалқымадыңыз. Жалпақ жандайшап болмадыңыз. Мәрт болдыңыз, төбе бидей төрдің сәні едіңіз.
Алланың бары ақиқат, оны ешкім көрген жоқ. Сүттің құрамында майдың бары ақиқат, бірақ оны ешкім көре алмайды. Сол секілді сіздің парасатыңыз теңіз түбінде жатқан маржандай жарқырайтын. Сіз сөздің, адамның қадір-қасиетін біліп өстіңіз. Көп тыңдау арқылы екінші адамның ішкі сарайын шарлайтын едіңіз. Біз сізді көргенше, кездескенше асығатынбыз. Қазір көршілер орманды өрт шалған секілді жалғыз қарағайға ұқсап қалғандаймыз. Өмір шіркін өткінші екен-ау, Ореке!
Бәріміз жер үстінде жүрміз. Тойымсыз қара жердің оқпаны небір жайсаңдарды қас қағым сәтте жұтудың кем емес. Қорқау ажалдың көзін топырақ қанша жапса да тойымсыз әрекетінен таңар емес. Ей, бауыры суық қара жер, сен қақ айырылып кетсең болмай ма. Орекең кеткелі аспан төңкеріліп, шығар күн әрең сәуле шашып, таң әрең атумен тұрғандай болады да тұрады.
Ей, қара жер!
Тіршілік жетелеген алыс жерге,
Мәңгілік берер дейсің қоныс кімге
Ұрпағың өркен жайып тұрар болса,
Қашан да бұл Орекең бізбен бірге!
Ей, сұм ажал! Сен асқар таудай Айдар алтынның бір бәйтерегін топырақпен жауып, құм көрпеге орағанмен Орекең біздің көз алдымызда жүрген секілді. Пейіш төрінде ұл-қыздары құрастырып шығарған «Өмірдария» атты кітапты шаттана оқып, шалқып тұрғандай көрінеді. Жүзі жайдары күміс орындықта отыр. Туысқандары қоршап алған, маңайындағылар Орекеңнің ою өрнекті шапанына көз тіге қарайды.
Сыйластық бар жерде қимастық бар. Менің қыймас сырласым әрі көршім еді ау Орекең. Лас жерге адал нәрсе шықпайды ғой. Орекең тырнағына дейін таза адам еді ғой жарықтық. Басына қонған бақ лас жерді бастырмады. Киім сыртынан емес, ішінен тозады. Ердің ішкі киімі оның сүйікті жары, азаматты тоздырмайтын өрге сүйрейтін оның сүйікті жары. Орекең Гүлнардай асыл жарды тең етті. Гүлнар дастарханды үйген төбеге айналдырды. Тауысылмайтын ырзық несібені молайтты.
Алла торғай мен қарғаға тоғайды мекендетті. Біз Орекең дүниеден өткелі көршілер тоғайды паналаған қарға секілді болып қалдық. Орекең ашқан есікті ашамыз, кең шаптырым аулаға көз жүгіртеміз, Орекеңді іздейміз. Сырыңды айтар, сыр ағытар Орекең жоқ, құлазып сыртқа шығамыз, ішке кіреміз, Орекең кезігіп қалатындай көрінеді.
Бәріне шүкіршілік етейік ағайын. Орекеңнің өзіндей көзіндей ұл-қыздары бар. Немерелері Айбарыс, Бейбарыстар өсіп келеді. Орекеңнің бауырлары Ордабек, Дүйсенбек, Сарсенбек, Еркінбектер күн құрғатпай Орекең шаңырағына соғады. Оларды ақбосағада Орекеңнің жары Гүлнар дастархан жайып қарсы алады. Ұл-қыздары Нұргүл, Ақылбек, Айжан, Нұрболаттар ақ батаға қол жаяды. Жақында «Ақ отау» мейрамханасында Орекеңнің сүйікті қызы философия магистрі Айжанның ұзату тойы болды. Бәріне бел буып, тойдың көш басында анасы Гүлнар жүрді. Тілектер ағылды. Жұрт ендігі кенже ұлы Нұрболаттың отау құрар мезгіліне қуана жиналайық деп ағыл тегіл сөз арнады.
Бәрімізге Орекең шаңырағындағы қуанышты көруге жазсын. Жан тебіренеді, толғаныс шексіз.
Кіндік кесіп кір жуған
Жеріңді кімге тапсырдың?
Үйрек ұшып, қаз қонған
Көліңді кімге тапсырдың?
Тай құлындай бірге өскен,
Теңінді кімге тапсырдың?
Бауырыңнан өрген ұл-қызды,
Төліңді кімге тапсырдың?
Қырық жыл бірге отасқан,
Жарыңды кімге тапсырдың?
Қас-қағыс сәтте аттанып,
Аманат айтып сырласпай
Қалай ғана тап болдың –
Оқпанына қасқырдың?
Мен бүгін көршім Орынбек Өткелбаев жайында жүрек жарды толғанысымды тоқтатар емеспін. Жақсы көрші - төрің, жаман көрші - көрің деген бұрыңғылар. Жақсы көрші сырласың, Жақсы көршің алаң, шер тарқатар базарың, жаман көрші азарың, жақсы көршіге кездескенше асығасың. Алла жаман көршіден сақтасын!
Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |