Кубада болған Әділбек (Немес Куба дағдарысы туралы не білеміз?)

Бүгінгі біздер аға буынның өкілдері өзіміздің өмір сүрген қоғамымыздың сәбие болып ер жеттік. Әріні айтпағанда халқымыздың басына күн туған, ер етікпен су кешкен ат ауыздықпен су ішкен Ұлы Отан Соғысының алғашқы жылдарында дүниеге келген біздердің заманына қарай адамы дегендей, біздерді де заман маңдайымыздан сипаған жоқ. Соғыстан кейін халықшаруашылығының ауыр жағдайы, қоңторғай тұрмыс біздерді еркелетіп, балалықтың балдәуренін көріп өсуге тағдыр жазбаған ұрпақ болып өстік. Ауыл балалары мектепті бітіргенше үш-төрт мектепке қатынап, туыс-таныстарымыздың үйінде жатып оқып, білімнің негізі бастауыш мектепте болса да толық қанды білім ала алмай орта мектепті бітірдік.

Біз оқыған мектептерде қазіргідей оқушылардың бойындағы талантын ашатын пәндік, творчестволық т.б. жарыстар, үйірмелер, сынақтар, пәндік сайыстар болған жоқ. Оның орнына мектеп өндірістің резерві деген үндеумен ауылшаруашылық жұмыстардан көзімізді аша алмадық. Мектеп бітіріп, енді өмірге аяқ басып шамамызға қарай жоғарғы оқу орнына түсіп, мамандық аламыз дегенде, өндірісте екі жыл жұмыс істеп барып жоғарғы оқу орнына қабылданады деген үкіметтің нұсқауы мақсатамызға су құйғандай болды. Сонымен соғыста қырылған миллиондаған жұмыс қолының орнын басу, біздің тағдырымызға жазылып жұмысшы-колхозшы тобырына қосылып жұмысқа жегілдік. Жүргізуші, құрылысшы, механизатор мамандығын алып тер төктік. Азаматтық борышымызды өтеп кеңес әскерінің қатарында қызмет атқардық. Бұл жылдар мен үшін есею, ер жету, өзінді-өзің шыңдау, тәртіп пен талапты орындау ел қорғаушы жауынгер-сарбаз деген қасиетті бойыма қалыптастырған жылдар өмір мектебі болды.

Сондай-ақ Отан алдындағы қызметім еленіп, сол кездің атақ-абыройына бөленген кездерім еді.

Мұны мен тәптештеп айтып отырған себебім, біздің жастық шағымыз өткен ғасырдың 60-70 жылдары, қоғамдық қатынастары екі түрлі дүниедегі екі алып империяның АҚШ пен КСРО арасындағы теке-тірестің шарықтау шегіне жеткен кезі болатын.

Бүгінгі аға ұрпақ біледі. Сол жылдары батыста «Реваншизм» саясаты өршіп, Батыс Германияның бас көтеруін АҚШ қолдаған НАТО-ның соғыс блогі социалистік лагер елдеріне, КСРО-ға қарсы теке-тірестің етек алған кезі болатын. Ал 1962 жылғы АҚШ-тың Кубаға блокада жасап, Кариб дағдарысы екі ұлы держава арасындағы үшінші дүниежүзілік соғыстың басталып кетуінің шақ алдында тұрды. Қазір бұл тарихи оқиғаларды жазуға оңай болғанымен Батыстың «Қауырт Соғыс» доктаринасының жаппай қырып жоятын қаруды қолданған жағдайда, адамзат баласына қандай қауып қатерге душар ететінін жалпы халық білгенімен сол қаруды ұстап тұтқан, Кеңестік қарулы күштерінің қаһарлы қаруды ядролық ракеталармен қаруланған стратегиялық мақсаттағы ракета әскерінің қатарында қызмет атқарған «атом солдаттарының » айтары да, жазары да бар.

       Стратегиялық мақсаттағы ракета әскері сол кездегі халықаралық жағдайға байланысты 1958 жылы Ұлы Отан Соғысы жылдарында «соғыс құдайы» аталған алысқа атылатын зейнеттік артелерия қаруының негізінде құрылған. Жоғары білімді ракетші командирлерді алғашқы жылдары Маршал Неделин атындағы Ростовтағы жоғарғы инженер-командирлер даярлайтын училище және басқа да осындай оқу орындары даярлаған. Ұшқыш-инженер, техниктермен толықтырылып отырған. Осындай дүниедегі қарама-қайшы теке-тірестің кезінде осы жолдардың авторы стратегиялық мақсаттағы ракета әскерінің қатарында 1962-1965 жылдары қызмет атқарды. Сол жылдары СМРЭ-нің командашысы маршал С.С.Бирюзов болды. Ол 1963 жылдың наурыз айында Югословакияға бара жатқанда ұшақ апатынан қайғылы қазаға ұшыраған. Одан кейін СМРЭ-нің командашысы маршал Крылов еді. Кариб теңізінің дағдарысы. АҚШ-тың Кубаға жасаған блокадасы 1962 жылы басталған кезде КСРО «Бостандық Аралына» қолдау көрсетті. 1962 жылдың 28 мамырында Фидель Костромен келісім жасау үшін КОКП-ның ОК төралқасының мүшесі Ш.Р.Рашидов СМРЭ-нің командашысы маршал С.С.Бирюзов.

     СМРЭ-нің штаб бастығы В.В.Агеев, басқа да қарулы күштердің өкілдері Кубаға барып келіссөз жүргізіп қайтқан. 1962 жылдың 10-шы маусымында Ш.Р.Рашидов, С.С.Бирюзов КОКП-ның төралқасына барған сапарын баяндаған.

      Басштаб Кариб дағдарысына байланысты «Анадырь» атты 40 сағаттық әскери дайындық бағдарламасын дайындап жүзеге асырған. Р-12, Р-14 ракеталарымен жабдықталған, 51 ракеталық дивизияның үш ракеталық полкі, 43-ші ракеталық дивизияның бір полкін, 50 ракеталық дивизияның бір полкін, 29 ракеталық дивизияның бір полкін жіберуге шешім қабылдаған. Кубаға 7956 ракетші жауынгерлер, 42 ракета Р-12, оның 36 ядролық қондырғылармен, 6-уы оқу-жаттығу ракеталары. 9,5 мың тонна құрылыс материалы, 1000 тонна азық-түлік жіберілген. 1962 жылдың 27 қазанында кеңес қарулы күштері Кубаға жетіп №1 дайындық сабына қойылған. Содан бері 55 жыл уақыт өтті. Сол сапарда болып мемлекеттік жауынгерлік тапсырмаларды орындаған қазақ жауынгері Жалағаштық марқұм Омаров Әділбек еді. Осы жылдардың авторы ұзақ жылдар Әділбекпен қызметтес болып, бірге жүргенімен оның «Бостандық Аралында» болғандығынан хабарсыз еді. Табиғатынан салмақты сырбаз, ашылып көп сөйлемейтін Әдекең Отан алдында берген антына адал болып сыр шертпей бұл дүниеден өткен болатын. Арада елу жыл өткенде  Әдекең аудандық комиссариятында әскерге бірге аттанған Қаппаров Бостанмен кездесіп, кейіннен Кубаға жауынгерлік тапсырмасын орындауға барғандары жайлы естіп, біліп, әкесінің жауынгерлік өмірінен хабардар болған Әділбектің баласы Жеңіске Қаппаров Әділбектің айтқан естелігінде. Екеуміз Тереңөзек әскери комиссариятынан әскерге бірге аттанып әуелі Соль-Илецкіде, кейіннен Днепропетровск қаласы жанындағы әуе қорғаныс бөлімінде мен ракета тасымалдаушы, жүргізуші, Әділбек Никольск Орталық ракета дивизиясында радиолокацияда аға оператор болып қызмет атқардық. 1962 жылдың шілде айында түнде дабыл қағылып, барлық құрал жабдықтарымызбен Федосия портына жетіп, стратегиялық мақсаттағы жойғыш ракеталарымызды «Михаил Калинин» азаматтық кеменің астындағы бөлігіне орналастырып, үстін азаматтық тұтыну заттарымен жауып, өзіміз әскери киімдерімізді азаматтық киімдерге ауыстырып, Балтық мемлекеттік теңіз пороходствосының жәй қызметкерлеріне айналдық. Бәрі дайын болғанда, жабық түрде Кеңестер Одағының маршалы И.В.Конев келіп сөз сөйледі. Сөзі қысқада нұсқа болды.       - Балаларым, сіздер мемлекеттік және саяси-әскери тапсырмаларды орындауға бара жатырсыңдар. Барлығыңа да дендерің сау, аман-есен оралуларыңа тілектеспін, - деді. Артымыздан еріп көп жерге дейін шығарып салды. Біздер Азов теңізі арқылы Қара теңізге шығып, түрік жағалауына келгенде, біздерді кеменің ең астындағы бөлікке қамап, сыртымыздан жауып тастады. Түріктер тексеріп күдікті еш нәрсе таба алмады. Біздер қапырық ыстықта ауа жетпей тұншығып өлер халге жеттік. Босфор бұғазынан өткеннен кейін сыртқа шығып жан шақырдық. Қолымыздағы конвертті аштық. Атлант мұхитын көктей өтіп, Кубаға бара жатқанымызды білдік. Мұхитты көктей жүзіп 15 күнде Кубаға жеттік. Арамызда теңіз ауруына шалдығып, тәбеттері асқа төмендеп, бастары айналу сияқты науқасқа ұшырағандар болды, төзуге тура келді. Мұхит үстінде АҚШ-тың С-100 ауыр бомбылаушы ұшақтары төбемізден ұшып біздерді бақылаумен болды. Біздің кеменің әскери еместігіне азаматық кеме екендігіне көздері жетіп төмендеп шүйіріліп ұшумен жүрді. Кейін білдік бізді суретке түсіріп алыпты. Кеме Гаванаға бейбіт миссиямен бара жатыр депті. Біздердің Гаванаға жақындауға мүмкіндігіміз болмады. Ел астанасы АҚШ-тың сегізінші теңіз флотының құрсауында екен. Түнделетіп қару жарақтарымызды, ракеталарымызды түсіріп, орналастырып, көк шөп пальманың жапырақтарымен және жабқыштармен жасырып орналастыра бастадық. Қарулы күзеттерді күшейттік. Төтенше жағдай болса қорғануға дайындалдық. Тек қана өзімізге-өзіміз сендік. Көрші провинциялардағы орналасқан кеңес жауынгерлерінің блок-постыларына, АҚШ-тың жағалау десант қатерлері шабуыл жасап адам шығыны болып жатқанында естідік. Біздер азаматтық киімдермен жүрдік. Сақалдарымызды өсіріп Кубалықтар  болдық. Ракеталарымызды №1 соғыс жағдайындағы дайындықта ұстадық. Қаншама жасырғанымызбен американдықтар үстімізден ұшақтарымен ұшып суретке түсіріп, командирлердің аты-жөнін, бөлімдерімізді біліп «Америка даусы» радиостанцияларынан ағылшын, орыс, испан тілдерінде «Орыстар Америкада, орыс ракеталары соғысқа дайын» деген ақпараттарды дүниеге таратып жатты. 1963 жылдың қараша айында АҚШ-КСРО арасындағы Кариб дағдарысы шарықтау шегіне жетті. Осы кезде АҚШ-қа Куба жағдайын бейбіт жолмен шешу мақсатында КСРО Жоғарғы Кеңесі төралқасының төрағасы А.М.Микоян келіп, аймақтағы шиеленісті бейбіт жолмен шешудегі келіссөздер жүргізді. АҚШ қанша күшті болғанмен Кеңес қарулы күштерінің айбыны болған стратегиялық мақсаттағы ядролық ракеталардың дайындық сабында іргесінде тұрғандығын сезініп санасуға мәжбір болды. Мыңдаған шақырым құрлық теңіз, мұхит асып барған Кеңестік ракеталар жоғарыдан бұйрық күтіп сақадай сай тұрды. Осы бір сыналар сәтте деп естелігін жалғастырған Әділбектің қарулас досы Бостан жауынгерлердің алдында А.И.Микоян сөз сөйлеп, халықаралық жағдаймен Куба дағдарысын бейбіт жолмен шешудегі жүргізіліп жатқан жұмыстардан хабардар еткен. Бостандықты аңсаған Куба халқына осы бір қиын кезде қол ұшын берген Кеңес жауынгерлерінің саяси-моральдық жағынан ұстамды, мемлекеттік тапсырманы орындауда сақадай сай болуды тапсырыпты. А.И.Микоян өзі осы сапарда жүргенде әйелінің қайтыс болғанын естісе де мемлекеттік тапсырма бәріне де қымбат болғанын жауынгерлердің есіне салған. Дағдарыс бейбіт жолмен шешілгеннен кейін Әбекеңдер Кубаның «Сан-Хуа» авиобазасында Куба жауынгерлеріне ракеталарды басқа да атыс құралдарды, локаторларды  пайдалануды үйретіп, 1963 жылдың соңында «Михаил Калинин» кемесімен Одаққа оралған. Москвадағы бір әскери бөлімге келіп, әскери киімдерін киіп 20 сомнан жол пұл алып, 20 жылға дейін Кубада болғандарын ешкімге айтпауға тілхат беріп елге қайтқан. Куба дағдарысы кезінде 64 кеңес жауынгерлері қаза тапқан, олар Куба партизандары жерленген Гаванадағы «Орталық алаңда» мәңгілік орын тапқан. Ішінде қазақ жауынгерлері де бар. Сол кезінің саясатына байланысты орасаң қарулы күштермен азық-түліктерді Кубаға жеткізген Кеңестер Одағы мемлекеттік жауынгерлік тапсырманы орындауда қаза болған 64 жауынгерді туған топырағына, Отанына жерлеуге қауқарсыз болды. Ол өз алдына әңгіме. Әкесі туралы осы жағдайды естіген Жеңіс Астанадағы Куба елшілігіне барып елшіліктің бірінші орынбасары Мигель Саги Орданиге жолығып, қабылдауында болып әкесі жайлы естелікте айтып берген. Куба халқының бастарына ауыр күн туғанда Әділбек сияқты қазақ жауынгерлерінің Куба халқымен тағдырлас болғандығын асқақ сезім мен жеткізіп, Жеңіске  алғысын жаудырған. Елші Куба өздерінің Республика болып жарияланғанына 50 жыл толатынын, оған Кубада болған 4 Қазақстан жауынгерлерін немесе олардың ұрпақтарын шақыратындарын, солардың бірі Жеңіс болатындығын жеткізген. Елшілік екі ел достығының айғағы ретінде Куба жайлы Қазақстан аппарат құралдарында мақала жариялап тұруды өтінген.

       Осы жолдардың авторы сол Кубадан мемлекеттік жауынгерлік тапсырмаларды орындауда, құпиялықтары ашылып қалған, қайтқан ядролық ракеталарды Капустин Яр атом сынақ полигонында, Астрахань даласында, Нарын құмында залалсыздандыру, жою, Жаңа жер аралына атып сынау сияқты жан кешті жұмыстарын жүргізген, қатысқан, бұл күндері соның зардабын шеккен мүгедек «атом солдаты» еді.

Рысбай Кәрімов

Бұрынғы Стратегиялық Мақсаттағы Ракета Әскерінің жауынгері-зейнеткер 

ҰОС-на қатысқандарға теңестірілген, еңбек ардагері, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

ТАҒЫЛЫМ 24 шілде 2018 г. 911 0