Жаз жайлауы. Жапан түзде жалғыз шопан үйі. Алыстан қара көрінсе кең дүниеде не жаңалық бар екен деп елеңдеп отырамыз. Түс ауа сағым ойнаған сар даладан қою шаң көрінді. Дала баласы мал мен машинаның шаңын тез айыра қояды.
Тек бастықтардың тақымында ғана болатын Газ-66 біздің үйге қарай жүйткіп келеді. Даланың «сымсыз телефоны» басқарма төрағасының малшы ауылын аралап шығатынын бірнеше күн бұрын жеткізген болатын. Біріміз жез самаурынды далаға ала жүгіріп, көрпе төсек салынып, құман, шылапшын, сүлгімізді сайлап әбігер шектікте қалдық.
Жеңіл көлікке қалай сиып келгенін кім білсін бойшаң бастықтың өзі түсіп жатыр. Біз үшін ең жоғарғы лауазым иесі болып табылатын қонағымыздың қолын алып қалуға жапа тармағай ұмтылудамыз. Бұл «Октябрь» колхозының төрағасы Өмірзақ Махамбетов еді.
Бала көңілде аңыз болып қалған жан жайлы жазудың сәті енді түскені.
1916 жылы Қазалыда дүниеге келген Өмекеңнің балалық шағы патша тағынан ауып, жаңа заман туды деп кедей-кепшік бөркін аспанға атқанымен жарлы жарылқалмай, байдың бағы тайған алмағайып қиын кезеңге дөп келді. 1930 жылы Қазалының он жеті ауылы жаңа өмір бастамақ болып «Дихан» серіктестігін құрады.
Осы серіктестіктің алғашқы мүшелерінің бірі Өмірзақ әкесі Махамбетке еріп жастайынан диханшылықтың зіл батпан бейнетін көріп өседі.
1936 жылы Қазалы мал дәрігерлік техникумын зоотехник мамандығы бойынша бітіріп шыққан Өмекең Ақтөбе облысы, Темір аудандық асыл тұқымды ірі-қара малын тарататын мекемеге учаскелік зоотехник болып қызметке тұрады.
1937 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылып, елге 1941 жылы ғана оралады. Осы аралықта ақ финдерден Батыс Украин, Батыс Белоруссияны, Молдованы азат етуге қатысады.
Неміс фашистері ортақ отанымызға тұтқиылдан соғыс ашқанда, соғыс дәмін татып, ысылған әскери азаматтардың алғы шектен көрінері анық.
101-ші Ұлттық атқыштар бригадасының құрамында саяси жетекші – комиссар болып ұрыс қимылдарына кірген Махамбетов талай қиын-қыстау қан кешу сапарларын бастан кешеді. 299 Суворов атындағы гвардиялық полкінде, І Украин майданы сапында 120 м/м миномент батарейі командирі болып қол бастаған жеңімпаз командир.
Ржев қаласынан басталған жорық жолы Великке Луки, Польша, Венгрия, Австрия жерлерін басып өтіп Берлинге жетті.
Ұлы Отан соғысындағы ерліктері үшін «За взятие Берлина», «За освобождение Праги» І және ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендері мен көптеген медальдармен наградталады.
1945 жылы ақпан айында Кеңес Одағының ең жоғарғы наградасы –Ленин орденіне ұсынылса да бұл марапат Өмекеңнің кең кеудесіне көрік беруіне кедергі көп болды.
1947 жылы ғана елге оралған саяси жетекші 1953 жылға дейін Жаңақорған, Арал аудандарында аудандық партия комитетінің екінші хатшысы қызметтерін атқарды. Арасында Қазақстан Коммунистік партиясы орталық комитетінің партия мектебінде білім алады.
КПСС Орталық комитетінің 1954 жылғы январь Пленумы шешіміне сәйкес, ауыл шаруашылығындағы кемшіліктерді жоюдың нақты жолы колхоз басқарып отырған кадрларды іріктеуді жүзеге асыра бастады.
Партия шақыруына үн қатқан «отыз мыңдықтар» деп аталған жоғарғы лауазымды қызметкерлер тұралап қалған колхоздарды көтеруге жіберілді.
Сырдария ауданындағы «Коммунизм» колхозының басқарма төрағасы болып Арал ауданы парткомының бірінші хатшысы Жүсіп Бисариев, «Қазақстанның 30 жылдығы» колхозына Арал ауданы ауаткомының төрағасы Мұхан Есмағанбетов «Киров» колхозына облыстың әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің бастығы Төлеген Дәуітбаев тағайындалса, қала іргесіндегі тұралап қалған «Комсомол» колхозына Арал ауданы парткомының екінші хатшысы Өмірзақ Махамбетов жіберіледі.
Әскери қатаң тәртіп пен жауапкершілік жүгін сезіне білген іскер басшы бұл істі дөңгелете жөнеледі. Әуелі ауылдың бас жоспары жасалып, ауылда алғашқы кезеңде Карл Маркс, Энгельс, Ленин, Сталин, Абай көшелерін салу жұмысы басталып та кетті. Әр көшедегі үйлердің қазығына дейін өзі қағып беріп, прораб та болып кетті. Тіпті көше бойынан қиыс кетіп, дұрыс салынбаған Аралбай деген колхозшының өріліп қойған үйін қайта бұзуға тура келген кезеңдері болды.
Ауылда арнайы сегіз гектар жерге Алматыдан жеткен апорт егіліп, 1959 жылдан бастап өнім бере бастады. Ауылда ауданда алғашқылардың бірі болып шаруашылық орталығы салынып, бұл тәжірибені бүкіл республикаға тарату үшін «Мәдениет және тұрмыс» журналы 1960 жыл 2-ші санына жарияланды.
Ауылды суландыратын үлкен канал қазылып халық игілігіне берілді. Мектеп, балабақша, колхоз кеңсесі салынды.
Колхоздың ақшалай табысы 1954 жыл отыз төрт мың сом болса, 1959 жылы үш миллион сомнан асты. 1953 жылы әр колхозшының еңбек күніне 200-250 грамм астық, 20-30 тиын тиесілі болса, 1959 жылы еңбек күнге 2-3 келі астық 2-3 сомнан ақшалай табыс тапты. Төрт түлік мал басы көбейіп, егін шаруашылығы қарқын ала бастады. Осы еңбегі ескеріліп колхоз басқарма төрағасы Өмірзақ Махамбетов 1957 жылы «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталады.
1964 жылы Сырдария ауданындағы «Октябрь» колхозына (қазіргі Қоғалыкөл ауылы) басқарма төрағасы болып қызметке тағайындалған Өмекең бұл шаруашылықта да өзінің іскерлік қабілетін таныта білді. 1966 жылдың қорытындысымен Қазақстан Орталық Комитеті мен Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің ауыспалы «Қызыл туын» табыс етті. Ал, ІХ-шы бес жылдықтың қорытындысымен Өмірзақ Махамбетов «Құрмет белгісі» орденімен марапатталады.
Республикалық дәрежедегі зейнеткерлікке шыққанда жеке көлігі де, жеке үйі де болған жоқ. Есесіне кешегі қанды көйлек достары мен әр салада еңбек еткен әріптестері болды. Ата-ананың тағылымды тәрбиесін алған ұрпағы әке аманатын арқалап ел дамуына үлес қосып Махамбетовтер әулетінің көшін көрікті етіп ғұмыр кешуде.
Қиындықты бірге көріп, өмірдің ащы-тұщысын бірге татқан жандардың арасындағы достық сезім жыл өткен сайын арта түсері анық.
Кешегі майдангерлер саяси жетекші Өмірзақ Махамбетов пен ақын Мұзафар Әлімбаевтың бір-біріне жазысқан хаттарын оқи отырып достық деген сезімнің ағалы-інілі сыйластыққа жалғасып жарасым тапқанын көрер едіңіз.
Мұзағаң 29 наурыз 1982 жылғы хатында «23 марттағы хатыңызды алдым. Сізге арнаған кішкентай өлеңімнің сіздің дос-жаран, туыс-тума, алыс-жақындарыңызға қуаныш сыйлағаны автор үшінде әрине, ғанибет. Ауруханада алаң көңіл, беймаза күндерде жазылған лебіз ғой. О жолы сезім ғана сөйлеген шығар, ақыл сезімге серік бола алмаған тұсы шығар. Мен сіз үшін мәңгілік інімін» - деп кішілік таныта келіп:
Бақырып батыр болған ешкім де жоқ,
Айғайлап ақын болған ешкім де жоқ.
Еңбегің-тергенің мен бергенің қомақты әрі салмақты болса, халық таразысы дәл де, әділ өлшейді екен ғой.
...Мәңгілік сөзі жасайтындар тым аз – олар Абайлар, Мұхтарлар тұрпаттас ұлылар ғана.
Өтеміз бізде бір кез,
Қалар ма бізден бір сөз?!....
Айтқандайын 101 бригада командирлері, жауынгерлері келесі кездесуді Қызылорда топырағында өткізбекке талап қылып Бекішев Хакім-подполковник бас болып обкоммен хабарласасып жүргенге ұқсайды. Денсаулық жараса, онда барып қалуға талаптанармыз.
Тіршілік қыбыр-қыбыр. Қалам қармамай күнім өтпейді, не оқимын, не жазамын. Алпысқа келген қаламгер асықпауы керек, байыптап сөйлеп, байсалды айтсам дейсің... жеңгемізге, балаларға, майдандастарға дұғай сәлем! Өз ініңіз, «замполитіңіз» Мұзафар. Әңгімеге арқау болып отырған өлең: Әлі де мықты аға дос
Майдандағы комиссарым, қазіргі құрметті пенсионер Өмірзақ Маханбетовке өлең хат:
Сен қарағай бойлы едің,
Сен шамдағай ойлы едің.
Мен қарағай бойлы едім,
Мен шалағай ойлы едім.
Сен комиссар саңлақ ең,
Жоғымызды барлап ең.
Мұртсыз, құнсыз солдат ем,
Ашық ауыз аңғал ем.
Білігіңмен сыйлы еттің,
Соғыс сырын ашқанда.
Жетекші ғып үйреттің,
Жасы теңдес жастарға.
Еліктедім күнде мен,
Сенше жайнап жүрсем деп,
Сөйлегенде мінбеден,
Сенше ұйыта білсем деп.
Еліктеуші ек өзіңе,
Сенше Отанды сүйсек деп.
Айқас қызған кезінде,
Сенше жауға түйсек деп.
Шайқастардың шебінде,
Баулып едің «Бас бол!» – деп.
Енді жетпіс өрінде
Үйретесің «Жас бол!» деп.
Тас бауыр деп жылдарды
Жазғыру да бекер-ау,
От қақтаған шыңдарды
Ұнтамайды екен-ау...
Тағдыр бәлкім аяды,
Қауышуды қош көрген.
Замполистің баяғы
Әлімбаев честь берген!
7.08.1981ж.
Алматы, аурухана.
1970 жылдан бастап 1982 жылға дейін жазысқан хаттарының бәрінде екі достың бір-бірімен ағалы-інідей сыйластығын көріп бір-бірінің жақсылығына шын қуанып, әр хаты сайын қанды көйлек достарын егіле еске алады.
Қабылбек Шәкіров – көк көз өжет жігіт. Соғыста талай ерлік жасап, елге аман оралыпты. Петропавлда солдат – Бошай Кітапбаев қазір колхоз председателі, Социалистік Еңбек ері, ғылым кандидаты.
Кәкен Әбенов – қазір Алматыда КГБ қызметкері, подполковник.
Өмірзақ Мұзафардың ауруханаға түсіп қалғанын естіп немересі Алматбекті жіберіп сәлем сауқатын жеткізеді. Ақын аға да қаламгер достары Шерхан, Қалтай, Әдимен Алматпен бірге суретке түсіп батасын беріп ағасына деген сезімін өлеңмен жолдайды.
Адам ой-қиялы ұшқыр ғой. Бірнеше ғасыр бұрын кең сахарада түйенің қомында, аттың жалында көшіп жүріп-ақ «ұшатын кілемге» мініп ғарышқа да жол салды. Жеті қат жер астындағы өмірді аңыз, ертегілеріне арқау етті. Қазіргі байланыс құралдарын қиялында көрді.
Теледидарды қоса қалсақ мән-мағынасы жоқ толып жатқан ток-шоулар мен қаптаған «жұлдыздар» жайлы өсек аяңнан мезі боласың...
Осы ортаққол жариялым-естелік қолыңызға түсті делік. Бар қарым-қабілетіңізді жиып, өзіңіз режиссер, өзіңіз мәтінді мәнерлеп оқитын актер болып қанды көйлек екі дос жауынгердің хатын оқып көріңізші. Ал қарт жауынгердің өмір жолы экранда диктордың сөзімен-ақ оқылсын. Ақын Мұзағаң мен көңілі дархан ағаның диалогын өз дәрежесінде оқи алсаңыз тыңдаушыға да, өзіңізге де ой саларлық терең тәрбиелік мәні бар «телебағдарлама» көргендей болар едіңіз.
Жұмабай БАЙЗАҚҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.