ҚЫЗЫЛҚҰМНЫҢ ҚОЙНАУЫНАН ҚҰТ ТАПҚАН

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Қазақстанда қой шаруашылығы екінші тың аталып, саланы дамытуға мемлекет тарапынан көп көңіл бөлінгені белгілі.

Осыған сәйкес, арнайы бригадалар, фермалар, тіпті кеңшарлар құрылып, қой шаруашылығын дамыту ісі қарқын алды. Мысалы, 1964 жылы Қармақшы ауданының орталығы Жосалы кентінен бір жүз алпыс шақырым жерде «Жаңақала» атты кеңшардың қазығы қағылған. Ел азаматтары ұшқан құстың қанаты, жортқан құланның тұяғы тозатын құм қойнауындағы жаңа шаруашылықты берекелі мекенге айналдыру үшін барын салды. Жаңадан ұйымдасқан шаруашылыққа жастарды тарту жұмыстары жүйелі жүргізілді. Солардың қатарында Әділбек Қайруллаев та болды.

Қызылорда облысының мемлекеттік архивіндегі  Социалистік Еңбек Ерлері қор коллекциясында мал шаруашылығының дамуына айрықша үлес қосқан шопан, өз дәуірінің еңбек майталманы Әділбек  Қайруллаевтың өмірбаяны, жеке іс парағы, ол туралы газет беттерінде жарияланған мақалалар сақталған.

Әділбек Қайруллаев  1938 жылы 25 ақпанда  бұрынғы «Қосарық» ауылдық кеңесінде  дүниеге келген. 1953 жылы  ауылдағы мектепті бітірген бозбала шопан әкесіне қолқанат болды.

Өз алдына жеке отар қой алып, шопандық міндетке кіріскен жас Әлібек атакәсіп арқауын жарасымды жалғастырды. Әкеден алған тәлімін тәжірибеге айналдырып, Қарақұмның қойнауынан құт тапты.

 Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесі Президиумының  1963 жылы 19 ақпандағы Жарлығымен  қой шаруашылығын өркендетуде, оның өнімділігін арттыруда жеткен табыстары үшін Әділбек Қайруллаев Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен  марапатталды. 1965 жылы коммунистік партия мүшелігіне өтіп, облыстық кеңеске депутат болып сайланды.

Архив қорындағы деректер осы жылдары жас шопанның әрбір қойдан 3 келіден жүн қырқып, әр жүз аналықтан 160-қа дейін төл алғанын айғақтайды. Аса құнды қаракөл терісін бірінші сортпен мемлекетке өткізген қойшының еңбегі сол дәуір дәстүріне сай марапатсыз қалған жоқ.

 Құм қойнауындағы қой шаруашылығының қанат жаюына үлкен үлес қосқан Әділбек Қайруллаевқа КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен 1966 жылы 22 наурызда  Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.

 Ерен еңбек иесі  ел экономикасын көтеруге ұшан-теңіз үлес қосумен қатар облыстың қоғам­дық өміріне белсене араласты. Ол өз қатарларына, өзінен кейінгі жастарға үлгі болды. Аса жоғары атақ алған тұстағы «бұл зор құрметке тек қана мен ие болып отырғаным жоқ, бұл ұжым мүшелеріне ортақ қуаныш. Өйткені, табыс біздің бәріміздің күш-жігеріміздің бірлігінен туып отыр. Алдағы уақытта да аянбай еңбек ете береміз. Жастарды екінші тың – қой шаруашылығын игеруге шақырамын» дегені осы сөзімізге дәлел болса керек. 

Жиырма сегіз жасында жоғары марапат иеленіп, Еңбек Ері атанған Әділбек Қай­руллаевтың есімі 1967 жылы Қазақстан Жас­тар одағының Құрмет кітабына енгізілді, 1971 жылы ол социалистік жарыстардағы жетістігі үшін БЛКЖО ОК-ның Құрмет грамотасымен, 1985 жылы КСРО Ауыл шаруашылығы министрінің дип­ломымен, 1988 жылы өндірістегі үлкен жетіс­тіктері үшін Құрмет грамотасымен марапатталды.

Бүгінде ел Әділбек Қайруллаевты егемен еліміздің іргетасын берік қалау ісіне белсене араласқан дарынды азамат ретінде таниды. 

«Жігітке жеті өнер де аз» деген қанатты сөзді дәлелдегендей даңқты шопан қой шаруашылығынан бөлек атадан қалған асыл өнер – ат баптаудың қыр-сырын білген, Сыр сүлейлерінің шығармаларын  жатқа айтып, насихаттаушылардың  бірі  болған.

Ол өмірінің соңғы жылдарын Қызылорда қаласында өткізіп, 2000 жылы тамыз айында өмірден өтті. Қазір облыс орталығында Қызылқұмның қойнауын құт мекенге айналдырған азаматтың атында көше бар.

Елді ізгілікке үнемі үндейтін Елбасының «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы» идеясы бүгінгі қоғамдық санада еңбек адамдарын құрметтеу арқылы жастарға ел дамуы тек еселі еңбекпен ғана шындыққа айналатынына ұғындыру керектігіне назар аудартады. «Әлемнің әміршісі – еңбек» деп қартайғандағы зейнетті жас күндегі бейнеттен іздеу заңды құбылыс. Өйткені ер дәулетін еңбектен іздеген. Қай кезде де жұмысшы адамның ерен еңбегі дәріптеліп, қоғамда еселі еңбек еткен адамдарға ер атағы берілген. Ендеше биыл туғанына 80 жыл толып отырған даңқы шопанның қоғам байлығын еселеудегі ерен еңбегі, ұрпақ тәрбиесіндегі озық ұлағаты ел жадында мәңгі қала бермек.

А.ӘЛИАСҚАРОВА,

облыстық мемлекеттік архивінің ғылыми анықтамалық аппарат жүйесін құру, құжаттарды ғылыми 

пайдалану және жариялау бөлімінің

археографы.

ТАҒЫЛЫМ 23 шілде 2018 г. 629 0