Қазантаев мектебі

 Дана халқымыз «Асыл туған адамның баға жетпес нарқы бар» деген нақылды бекер айтпаған. Биыл осы бағаға әбден лайық азамат, өмір-өзенінің асау толқынымен алысып, адамгершілік соқпағынан табанын тайдырмаған, жиырма екі жыл үзбестен Тереңөзек (бүгінгі Сырдария ауданы) және Жалағаш аудандық партия комитеттерінің бірінші хатшысы қызметін атқарып, халқының нағыз қайраткер перзенті атанған Қонысбек Төрешұлы Қазантаевтың үстіміздегі жылы туғанына 95 жыл толып отыр.

Осы жайлы айтарымызды қазақтың ақиық ақыны Сырбай Мәуленовтің:

Сыр елінде болыс көп,

Мықтысы оның Қонысбек, – деп жырлаған өлең жолдарынан бастағанды жөн көріп отырмыз. 1962 жылы Шиелі ауданында ел адамдарымен кездескен ақын аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы Қонысбек Төрешұлының қабілет-қарымына осындай баға берген еді.

Өткен ғасырдың 60-жылдарының басында Қызылорда облысында күріш алқаптарын игеру ісі қолға алынды. Ирригациялық және мелиорациялық жұмыстарға қыруар қар­жы бөлініп, жүздеген мың гектар жерлер инженерлік жүйеге келтірілді, шаруашы­лық орталықтары салынып, жаңа инфрақұры­лымдар іске қосыла бастады. Облыс эконо­микасындағы осынау бетбұрысты кезеңде әлеуметтік-мәдени сала да қарқынды дамыды. 1963 жылдың қаңтарында облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығына Мұстахим Біләлұлы Ықсанов сайланды. Ол кісі республикадағы білікті де беделді су шаруашылығы мамандарының бірі болатын, оның облысқа келуі жан-жақты ойластырылған іс болуы керек. Өйткені, облыста жүзеге асырыла бастаған түбегейлі шараларға басшылық жасау үшін шаруаның жайын жетік білетін маман, жігерлі де іскер басшы қажет еді. Мұстахим Біләлұлы біршама уақыт өткен соң аудан басшыларын ауыстыра бастады. Сөйтіп, 1963 жылдың күзінде Сырдария өндірістік басқармасы партия комитетінің хатшысы болып Қонысбек Қазантаев сайланды. Ол кезде аудан экономикасы нашар дамыған, халықтың әл-ауқат дәрежесі төмен өңірлердің бірі болатын. Жаңа хатшының аудан активімен алғашқы өткізген кеңесінде-ақ оның кадрларға қоятын талабының биіктігі, кез келген мәселені терең талдай білетіні, ой-өрісі мен ойлау қабілетінің ауқымдылығы, кемшіліктерге төзгісі келмейтіндігі, тапсырмаларының нақ­тылығы көзге ұрып тұрды. Көп ұзамай-ақ ауданда тәртіп орныға бастады. Келесі, 1964 жылдың өзінде-ақ төл алу науқаны ойдағыдай өтіп, аудан мал басын өсіру, мал өнімдерін өндіруде әжептәуір табыстарға қол жеткізді. Егін шаруашылығында да ілгері басушылық байқалды.

Аудандағы 30-35 мың гектар егістіктің 13-14 мың гектарына күріш егілетін. Ол шілде айында шаруашылықтарды түгел аралап, әрбір күріш звеносындағы егістің шығымын, күтімін өз көзімен көріп шығатын және көрген кемшіліктерді жою жөнінде тапсырмалар беріп, олардың орындалуын қатаң бақылауда ұстайтын.

Ауданда ол басқарған 1965-1975 жылдары шаруашылықтың басқа салалары да дамыды, әсіресе, құрылыс жұмыстары барынша қарқынды жүрді. Шағын аудан болса да бес жылжымалы мехколонна мен басқа да құрылыс ұйымдарында 1000-ға тарта адам еңбек ететін. Орта мектептер мен мәдениет сарайларының көпшілігі, ірілі-ұсақты мәдени-тұрмыстық, өндірістік нысандар сол жылдары салынды. Қай жерге барсаң да, қайнап жатқан тіршіліктің үстінен түсетінсің. Осыған орай, Қонекең жылына бір рет облыстағы ірі құрылыс трестерінің, басқармалардың жетекшілерін аудандық партия комитетінің бюро мәжілісіне шақырып, өзіміздегі сол сала басшыларының есептерін тыңдайтын. Ауданға бағынбайтын, облыстық деңгейдегі беделді деген басшылардың өздері бюрода қысылып-қымтырылып отыратын және басшының әрбір ұсынысы мен ескертуін тиянақты түрде жазып алып, мүлтіксіз орындауға тырысатын.

Қонысбек Төрешұлы 1975-1985 жылдары Жалағаш аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметінде болған кезде де аудан экономикасы мен мәдени-әлеуметтік жағдайы үнемі өсу, өркендеу дәрежесінде болды.

Мәселен, аудан бойынша 1975 жылы 17000 гектар жерге күріш егіліп, әр гектардан 48,3 центнерден өнім жиналса, 1984 жылы күріш егісі 17944 гектарға ұлғайтылып, әр гектардан 52,2 центнерден өнім алынып, мемлекетке 845120 центнер күріш тапсырылды. Бұл сол кезең үшін рекордтық көрсеткіш болатын.

Оны басқалардан даралайтын үш қасиетті айрықша атауға болады. Олар: іскерлік, тазалық және әділдік. Бір адамның, оның ішінде бір басшының басынан осы үшеуінің бірдей табылуы өте сирек. Оның іскерлігінің басты ерекшелігі – кадрларды іріктеу, таңдау, орналастыру және тәрбиелеу талабын өзіне тән ыждағаттылықпен іске асыруында еді.

Жұмысқа орналасуда, өсуде тамыр-таныс­тық, жақындық, жерлестік емес, ең бірінші оның қабілеті ескерілетін. Кадрларға әділ талаптар қою арқылы оларды ширататын. Қонекеңнің кеңсеге келіп-кету уақытының дәлдігі соншалық, «оған қарап сағат жүрісін дәлдеуге болады» деуші еді жұртшылық. Түрлі жиындар белгіленген уақытында басталатын, шаруашылықтарға айтқан уақытында келетін.

Қонекеңнің іскерлігіне байланысты мәсе­лелерді айтып тауысу мүмкін емес. Алайда, әрбір істі соның маманындай егжей-тегжейлі білетінін айтпасқа болмайды. Кез келген маманмен сол саланың кәсіби тілімен сөйлесетін. Сондықтан да істі жан-жақты біліп, саралап айтып тұрған оның сөзі үстем, айтқаны өтімді болатын.

Екі аудандағы сонша жылғы қызметі кезінде де, кейін де қолының тазалығына күмән келтіретін бірде-бір сөз айтылған емес. 

Шаруашылық басшыларынан еңбектің сапалық көрсеткіштеріне көңіл аударуды, талдау, сараптау жұмыстарын тұрақты жүргізуді талап ететін.

Ол көптеген марапаттарды иеленді. Қазақ­стан Компартиясы, СОКП съездерінің делегаты болды. Үш мәрте «Ленин» орденінің иегері атанды.

Қонысбек Төрешұлы Қазантаев өз за­маны­ның тура мағынасындағы нағыз қайрат­кері болды. Оған ешкім де дау айта алмайды. Қай­раткер деп жалпы ұлттық, мемлекеттік, керек десеңіз, әлемдік деңгейде ойлай алатын, өзіндік көзқарасы бар дара тұлғаны айтады. Ол қызметке, лауазымға тәуелді емес, оны мансабынан алып тастасаңыз да қайраткер болып қала береді. Қайраткерлер аспаннан түспейді, оны да тәрбиелеу керек, оған да қамқорлық жасау керек. Мінекей, осы тұрғыдан алып қарағанда Қонекең тағы да өз замандастарынан оқшауланып шыға береді.  Ол бойында жылт еткен таланты бар жас ұрпақты көрсе, бірден назар аударып, оны өз қамқорлығына алып отыратын. Кейбіреулердей туған-туысқандыққа, рушылдыққа бой ұрмайтын, барлығына бірдей көзқарас жасайтын Осы тұрғыда Қоне­кеңнің еңбегі зая кеткен жоқ, қайта қайраткер «Қазантаев мектебі» өмірге  келді. Оның мектебінен шыққан азаматтардың алды облыс басқаруға дейін көтеріліп, мемлекет және қоғам қайраткері деген атаққа ие болды. Соның ішінде Қонекеңнің ізбасары, мектебінің алғашқы түлектерінің бірі Талдықорған және Қызылорда облыстарын ұзақ жылдар басқарған Сейілбек Шаухамановты айрықша айтуға болады. Онымен үзеңгілес келе жатқан Сырдария, Жаңақорған, Жалағаш аудандарын басқарған тағы бір шәкірті Сәмит Далдабаев та елі мен халқы үшін абыройлы қызмет атқарды.

«Қазантаев мектебінен» шыққан кадр­лар облыс аумағынан асып, республикалық дәрежеде қызмет атқарды. Олардың барлығын тізе берудің қажеті бола қоймас. Десе де, әйелдерді де ел басқаруға араластыруда қайраткер ағамыздың еңбегі айтарлықтай. Солардың ішінде аудан әкімі болған, облыстық мәслихаттың хатшысы қызметін атқарған Алмагүл Бозжанованы жерлестері ерекше мақтаныш тұтады.

Қонекең мектебінен шыққан бір топ қыз-келіншектердің қатарында Дина Айсина, Алма Бақтиярова, Дариха Ақмағанбетова, Төлеген Аштанбаева, Роза Исахметова, Әсия Мәдиева, Мейрамкүл Биманова, Тынымкүл Ақмағанбетованың  есімін айтқанды жөн көрдік.

Еліміз егемендік алғаннан кейінде «Қазантаев мектебінен» шыққан бір топ кадрлардың аудан әкімі қызметтерін абыроймен атқарғандығын мақтанышпен айтуға болады. Олар – аудан әкімі болған Қожахмет Баймаханов, Жақай Бодықбаев, Нұрлыбек Жолдасбаев, Салхадин Мырзабеков.

Ол туған елінің өркендеп өсуін, мәдение­тінің көркеюін, өркениетті ел қатарына қосылуын шексіз сүйе білген қайраткер еді.

Осы жерде тағы бір шегініс жасауға тура келеді. Ел қамын ойлаған аса бір ақылды басшы болмаса, көп басшылар қарауында қызмет атқаратын кадрлардың ішінде өзіне тең келетін адамдардың болғанын онша ұната бермейтін. Ондайды ебін тауып бір өспейтін жағына ығыстырып жіберетін. Ал, Қонекең болса, ондай кадрларды қайта жетегіне алып, алға жылжытуға үнемі қамқорлық жасап отыратын. Қазантаев мектебінің өмірге келуінің өзі, міне, осындай ерекшелігінің арқасында еді.

«Бойында жылт еткен таланты бар жас ұрпақты көрсек, соны көзден таса қылмай қорғаштап өсіруіміз керек. Қазақтың мына байтақ даласынан қанша қайраткер шықса да көптік етпейді» дейтін.

Өзінен үлкенге риясыз іні болған, өзінен кішіге риясыз аға болған, алды-артынан бірдей қан туыстығын емес, жан туыстығын іздеген абзал аға осындай жан еді.

Кісінің жолын ашып, алға бастайтын құдірет күштің бірі – оның халқына деген шексіз құрметі. Мұндай үлкен пайым, үлкен парасаттан шығады.

Адамға жақсылық жасау екінің бірінің қолынан келе қоятын шаруа емес. Жақсылар ғана жан-жағына көлеңкесін салатын алып бәйтерек сияқты. Соның бірі, тіптен бірегейі Қонекең еді. Ал мен болсам, үзеңгілес інісі ретінде ол кісімен бірге қызмет істеп, онымен пікірлес болуға мүмкіндік берген тағдырыма ризамын. Байқағаным, бір қарағанда жүзінен кімде болса именіп, сөзінен кімде болса тайсалатындай, қаншалықты қатал көрінгенмен, қулық, сұмдық дегендей теріс пиғыл мүлдем тұла бойына жат аға айналасына соншалықты мейірбан еді.

Ол өзінің терең мағыналы ой-талғамдарын біреулердің абыройы-беделіне қарамай, жал­тақтамай, көпшіліктің алдында кесіп тура тіке айтатын. Сосын да адалдық, шындық алдында өзін-өзі аямайтын, ұзақ сөзге сараң Қонекең отырған жерде, небір мықтылардың мысы басылып қалушы еді.

Иә, табиғатынан ірі туған Қонекеңнің біз білетін қыры мен сыры тек бұл ғана емес. Әлі ол жөнінде талай рет жазылар да айтылар.

Қонекеңді білмейтіндер қатты еді деп айтатын көрінеді. Оны талапшыл деген анық­тамамен ауыстырса дұрыс болар еді. Өйткені ол ешбір кадрға зәбір берген емес. Істеген орынсыз жұмыстарын аяусыз сынап, артынан ақылын айтып жауапқа тартылатындай қылмысы болса да, өзі араша түсіп алып қалатын. Тіп­тен қызметінен босатылатындай айыбы болса да, партиялық жазамен шектелетін. Қонекең аудандық газет жұмысына айрықша мән беретін. Ол кезде аудандық басылым «Жаңадария» деп аталатын да, жетісіне үш рет шығатын. Тоқсан сайын газет бетіне шығатын бас мақалалардың тізімі, тақырыбы күн ілгері аудандық партия комитетінің бюро мәжілісінде бекітіліп отырылатын. Сондықтан да газет қызметкерлері аудандық партия комитетімен тығыз байланыста жұмыс істейтін. Себеп партия комитетінің көтерген бастамалары мен қабылдаған шешімдері халыққа аудандық газет арқылы жеткізілетін.  Сол кездері жауапты қызметте жүрген жігіттер жастар болғандықтан, шығармашылықпен айналысатындар өздерін еркіндеу сезініп, көбіне содан зардап шегетін. Бірде аудандық газеттің білдей журналисінің мәселесі бюрода қаралғаны бар-ды. Сонда Қонекең әлгі азаматқа:

– Айналайын, арақты іше-іше жұтқынша­ғың жұдырықтай болып, өлуге келіпсің ғой. Мұны талқыға салуды осымен шектейік. Қайталайтын болса, қайта қараймыз, – деген-ді. Кейін осы сөзден әлгі азамат қорытынды шығарды. Дуалы ауыздан шыққан сөздің дуалығы осыдан-ақ көрініп тұрған жоқ-па?! Тағы бірде осы газеттің тағы бір жауапты қызметкерін аудандық партия комитетінің бюросында қарауға тура келді. Әдеттегідей бюроны басқарып отырған Қонекең, бастауыш партия ұйымының қаулысын бюроға қатысушыларға түгелдей оқып берді. Қаулының талабы қатаң, жұмыстан босатып, партиядан шығаруға дейін жаза қолдану керектігі айтылған. Қонекең де қиналып отырған сыңайлы. Өйткені әшейінде бюро мәжілісін үзіліссіз жүргізіп отыратын бірінші хатшы бұл жолы олай жасамады. Талқыға түсіп отырған азаматқа қарап:

– Роман жазатын кезің емес пе, шырағым, аузыңды былғап не істеп жүргенің бұл. Бұл жігітке осы да жетер. Енді менің алдыма мұндай мәселемен келуші болма, – деді. Талқылау осымен аяқталды. Кейін сол жігіт республикаға белгілі ақын болды.

Бүгінгі күні өз заманының бәйтерегі болған Қонекеңнің бейнесі күн өткен сайын биіктеп барады. «Алтынның қолда барда қадірі жоқ» демекші, халқымыз айтқан өсиет мақалдың шындығына куә болғандаймыз. Ол ісімен, ақыл-парасатымен өз кезеңінде елеулі із қалдырды.

Қонекең өзінің Орталық партия комитеті­нің, облыстық партия комитетінің пленумдарында сөйлеген сөздерінде, саяси-әлеуметтік, мәдени-экономикалық өмір шындығы хақын­да батыл ой-ұсыныстарымен көзге түсіп, рухани құн­дылықтарды қастерлеудің мән-мәнісін терең­нен толғап, ой санаға сілкініс тудыра сөйлейтін.

Ағамызды кезінде ұлтымыздың біртуар перзенті Дінмұхамед Қонаевтың өзі де аса құрметтеген. Сол кездері ол Қызылорда облысы бойынша аудандық партия комитеті жетекшілері арасында Қазақстан Орталық Комитетіне пленум мүшелігіне сайланған жалғыз хатшы еді.

Қонысбек Төрешұлы да өз кезінің, өз халқының өшпес тарихын жасасқан перзенті болды. Ол халқына, Отанына адал қызмет етті. Халықтың мүддесін ғана ойлады. Туған халқына жақсылық тіледі. Тынымсыз еңбек етті. Сондықтан да Қонекеңнің жолы ақ та адал жол еді. Оны халқы ешуақытта ұмытпайды. Өмірден озған күнінен уақыт алыстаған сайын, шындық арқылы шырқау биікке көтерілген Қонекең тұлғасы одан сайын биіктеп барады.

«Жақсының аты өшпейді» деген қанатты сөздің астарында адал ойдың ақиқат шындығы бар. Өмірге жақсының аты ісімен, өнегесімен, адалдығымен, адамгершілігімен өлшенетінін жақсы білетін жан бұған шүбәсіз сенеді. Өйткені, халықтан асқан көреген жоқ. Қашан да қандай іске болса да, халық өзінің әділ бағасын береді. Бүгінгі таңда бұл халықтық қасиет өмір шындығының асыл көрінісіне айналып отыр. Мынау соның мыңнан бір мысалы іспетті.

Шыңғыс АЙБОСЫНОВ, 

Қазақстан Журналистер

 одағының мүшесі.
ТАҒЫЛЫМ 17 шілде 2018 г. 1 700 0