ДАҢҒАЙЫР БАЛЫҚШЫ

Әбдіраман Әбішев балық аулауға он жеті жасында шықты. Әкесі Әбіш ақсақал ауылдастары арасында тым беделді болатын. Бірақ жас Әбдіраман әкесінің мұншама құрметке қалай ие болғанын о кезде түсіне бермейтін. Оның мән-жайын өзі балықшы санатына қосылғасын барып ұқты.
Сол балықшылыққа араласатын отыз бірінші жылдың көктемі дауылды, жауын-шашынды болды. Балықшылар біраз күн аулауға бара алмады. Теңіз жағалауына күнде келеді, әйтсе де дауылдан сескеніп кері серпіледі. Осындай бір теңіздің алапат ұрған күні бұлардың қосына Әбіш ақсақал келді.
– Егінші жауында, балықшы дауылда деген ғой, ә, – деп Әбекең жігіттерді бастан-аяқ шолып өтті, – отырыңдар бұғып ендеше... Бұл дауыл мен білсем бір жетіге созылады. Сонда да қозғалмайсыңдар ма? Е-е, қозғалмаңдар ендеше...
– Дауылға амал қайсы? – деді қостағылардың бірі.
– Амал қайсы? – Ол әлгіні айтқан адамға жалт бұрылды. – Амал көп істейтін болсаң, тек батылдығың жетсе болғаны. Ал қорқақ, ұшпа мінезділердің о бастан-ақ теңізбен істес болмағаны дұрыс. Анау бұрылыстау, қойнаулау “Сар тереңнен” бір қайырып көріңдерші. Ағыс, дауыл жылымды алып кетер, деп қауіптенсеңдер алдындағы қосалқапқа қарай ауды ыңғайлай беріңдер. Сонда жылым есілмейді, әрі балығы да түгел алынады. Абай болатын бір нәрсе, жылым төккенде қайықты дауылға қарсы ұстаңдар, дауылмен бетпе-бет айқасу керек, ыңғайын алып, ығысар болсақ, аударып тастайды. Осыған батылдықтарың жетсе жылым төгіңдер, қорқады екенсіңдер, босқа қоста жатқанша ауылға қайтыңдар.
Сөз сүйектен өтсе керек, жігіттер өре түрегелді:
– Кеттік...
Көз қорқақ, қол батыр дегендей, дауылмен толқынмен арпалысып жүріп, іңір қараңғысында жылымдарын қайырып алды. Жиырма центнердей сазан ұстады. Ауыл-аймақ балыққа қарқ болып қалды. Бұлардың үлгісімен ертеңіне барлық балықшы теңізге лап қойды. Дауыл дүмпуінің 7-8 балл екенін ұмытып та кетті. Күш атасын танымайды, деген ғой, дүлей табиғат та батылдыққа бас иіп, жуасып қалғандай еді...
Әбіш қария көк бестісімен ұлы теңізді жағалап ұзап кететін. Содан бір күндері оралып соғатын да, жылымшыларды жүр-жүрдің астынан алады екен:
– “Кіші Қаратүп” маңынан лай көрдім, тездетіңдер, әйтпесе қыруар дүниеден айрылып қаласыңдар, – деп ұрысып болатын, – қап мыналарды-ай, жиналып болмайды-ау енді, ол лайда кемі 50 центнер балық жатқанын білмейді-ау.
Бір ғажабы, Әбекеңнің сол көз өлшемі дәл келетін.
Әбекеңнің әулиелігі, теңіз бен көлдің астындағы балықты жұлдызшыдай тап басып білетін арқасы бары жайлы ел аузында аңыздай әңгімелер көп.
Жақсықылыш кентінің тұрғыны, тоқсан жастың үстіне шығып дүние­ден озған Берістен Жалғасбаев былай деген еді:
– Соғыстың аяқталар кезінде елге жараланып оралып, Әбіш ақсақалдың жылымында болдым. Жазды күні болатын, дарияның “Стан” деген жерінде жатырмыз. Кермеше-жылымымызды күнде саламыз, бірақ мардымды балық жоқ. Әбекең атына мініп, төмен қарай дария жағалап кеткен. Бір кездері келіп, “Алшынбайда” көп балық келе жатыр, соны қалайда алып қалуымыз керек” деді. Жата беріңдер дегесін жата бердік, өзі тағы кетті. Түс ауа қайтып келіп, “Қызылжардың адамдарына ығызбай ау салдырып көрдім, көп балық топталып келеді екен” деді. Содан таңғы сағат төрттің шамасында бәрімізді тұрғызып алып, дарияның оңтайлы жерінен жылымды салдырды. Қаумалап жүріп, дарияның бұрылысынан жылымымызды шығардық. Майлағаны сондай, балықты үш-төрт күн бойы сүзген едік.
Бұл жерде Әбіш ақсақалдың ата кәсібін жетік білгеніне таңданбасқа болмайды. Есептеп қарасақ, “Алшынбай” мен “Стан” деген дария бойындағы жерлердің арасы 30-40 шақырым. «Су астында ойнаған балықтың орнын білетін қасиеті бар еді» – деп отыратын үлкендер. Сонда Әбекең балықты қалай жүзіп, қашан келетініне дейін біліп отырғаны ғой.
Міне, Әбдіраман Әбішов сондай білікті балықшы ұрпағынан еді. Ол 1941-1945 жылдары өз құрбыларымен неміс басқыншыларына қарсы ұлы шайқасқа қатысты. Бірінші Украина майданында болды. КПСС қатарына да соғыста жүріп өтті.  Әбдіраман ауылға жеңіспен оралғаннан кейін бұрынғы балықшылық кәсібіне қайта кірісті.
– Учаскенің бригадирлігін қабылдап ал, – деп талай рет өтініш жасады оған колхоз председателі, – балықшылар қатарында әлі де әйелдер басым ғой, соларға бас-көз боларсың.
– Жо-қ, қиын-қыстау жерде қаруы бар ерлердің жүргені мақұл болар, – деп күле жауап қайыратын ол ылғи, – басшылықты сол әйел жолдастарға беріңіз...
Сөйтіп Әбдіраман жылымшылар звеносын жасақтап алды да ұлы теңізге бет қойды. Балықшы теңізге 36 жылын беріпті. Ақбас толқынымен, тілсіз табиғатпен айқастар жылы. Қасиетті Отанымызды қорғауда жүрген 4 жылын қоссақ 40 жыл екен. Бұл жылдар ішінде ол жылым құрмаған теңіз қолтығы, ол шарламаған көл айдыны бұл аумақта қалған жоқ. Жылымшылар көбіне-көп балықты көшіп жүріп, іздеп аулайды. Үш-төрт ай бойы далада түнеп, “мұз жастанып, қар төсеніп” жүріп аулайтын кездері жиі кездеседі. Жылымшылар – бұлар жеті-сегіз адамнан жасақталған шағын ғана екпінді топ. Балықтың бар жеріне тез жиналып, лезде жетіп барады.
Балық – су астының байлығы. Оның тиылып, балықшылардың тілімен айтқанда “өт қақпай” қалатын кездері де болады. Мың метрлік жылым да түк ілмей бос шығады. Асым балыққа да жарымайды. Осындай толас уақытта Әбішевтерге “Тұщы” көлінде балық құр емес, деген хабар жетті. Онда жылым салынбайды. Себеп қайсы десең, жылым шығаратын майлық жоқ. Жылымды қайыру үшін түйе тайлы, таза жер керек. Ал “Тұщы” көлінің жағасы шөгірлі, томарлы келеді және жағасы ну қамыс. Бұлар жылым торын бүлдіреді, жыртады, іліп қалады. Мұнда аушылар тәуекел етеді. Олар да 5-10 құлаштан ғана әр жерге бөліп-бөліп құрады. Осы көлден жылым тартуға Әбішев іштей бекіді. Бұл ойын звено мүшелеріне білдіріп еді, олар көпке дейін үнсіз қалды.
– Бізден гөрі сізге айқынырақ, – деді звенодағы жастардың бірі Сергей Мақамбетов: – “Тұщы” көлін бүге-шүге­сіне дейін білесіз. Дегенмен, бізді сол жоспары­ңызбен кеңірек таныстырсаңыз. Менің білетінім жылымға майлық болар орын жағада жоқ. Ал жылымды судан шығаруға тағы болмайды. Неге десеңіз, бұл өзі құлама көл, жағалауының тереңдігі төрт-бес құлаш.
– Сергей, сен дұрыс айтасың, – осы бір қоңырқай жігіттің өз ойын ашық айтатынына Әбдіраман риза болып қалды, – жағадан жылым тартылмайды, ал судан, сол тереңдігі 4-5 құлаш тереңнен қайырсақ ше?
– Ондай жылымда балық тұра ма, жылым табанының өзі көл табаннан кісі бойы көтеріліп кетеді ғой...
– Менің ойым былай, – деді Әбдіраман нақты істі баяндауға көшіп, екі ау қайықты қосақтаймыз, үстіне тақтай жауып, екі жерден воротушка орнатамыз, қайықтарды қозғалмайтын етіп, тұс-тұстан күшкімен бекітеміз. Міне, бұл – майлық болады. Ал жылымның енін 10 метрге жеткіземіз. Онсыз табаны көтеріліп, шолтаң ете қалатыны рас.
– Бәрі бір жылымды қайыққа салғанда табаны тым жоғары келеді ғой...
– Иә, жоғары келеді. Ол үшін жылым­ның екі жерінен гүмпілдек соғылады. Үріккен балық ауға қашады.
– Ал ау қалай болады, бұрынғы күйінде қала ма?
–  Жо-қ, олай болмайды. Ол ұзартылады. 10 метрден кем болмауы тиіс. Және ау жақындаған сайын гүмпілдекшілердің санын көбейте түсеміз.
– Мұныңыз жөн екен...
... “Тұщыға” Әбішев жылым апарыпты, – дегенді есіткенде балықшылардың көбісі:
– Апырай ә, жылымнан айрылып қалмаса неғылсын, – десті. Ал Әбішев көлдің қақ ортасынан, 4-5 метр тереңдіктен жылым шығарып, көлдің жарты балығын сыпырып алыпты, деген хабар жеткенде:
– Бәрекелді, жігіт деп соларды айт, – десті.
Әбішевтің бұл әдісі тағы бір қысыл­шаңда қол берді. Октябрь айының аяқ шенінде “Қотанкөлден” шөмішкөлдіктер балықты көп алып жатыр деген хабар “Қа­рабасаттағы” бұларға жетті. Сонда  баруға жиналды. Сержан Жүсіповтің жылым звеносымен серіктесіп, сонда тартып кетті. Күн желқобыз болатын. “Қотанкөлдің” үсті ала қиғаш екен. Мұнда бес жылым қайыратын орын бар-ды. Бәрін де шөмішкөлдіктер иемденіп алған. Кезек  тартуға да көнбеді. Сол күні күтті. Ақыры келіспеді. Не істеу керек? Кейін қайтудан басқа лаж қалмаған кезде:
– Көлдің қақ ортасынан-ақ жылым шығарамыз, – деді Ә.Әбішев қатуланып.
– “Тұщы” көліндегідей ме?
– Иә, сондай...
– 5 жылым не қалдырады. Және бұл көл тереңірек қой, дауыл да тынбады-ау...
– Тынбай-ақ қойсын...
Байлам осы болды. Түнімен көз алмады. Жылымның еніне тор қосылды. Ол ұзартылды. Таң біліне бес жылым төгілді. Солардың көтегін ала Әбішев қос қайықты су ортасына бекітті.
– Мыналар не істемек? – деді шөмішкөлдіктер.
– Қайдам? – десті бәрі де таңданып.
Түс ауа жылымның алды шыға бастады. 10-15 центнерден Әбішевтер де жылымын шығарды. Онда жеңіл қайықпен барып қайтқандар:
– Әбішев майлатты, – деді.
– Қанша болар?
– 100 центнерден асар және кілең дәу сазан.
– Қап, бес жылымнан үріккен балықтың сонда киліккені-ау... Ұқсатып кетті-ау...
Екі майданның ері атанған Әбдіраман Әбішев саладағы ересен еңбегі үшін «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, бірнеше медальдармен марапатталды. Арал балық­шыларының тарихи дәстүрін жалғаған Әбекең өзінің туған топырағы Бөгенде сексенінші жылдары дүниеден озды, олардың өнегелі еңбегі көпке үлгі. Бұл күндері даңғайыр балықшының ұрпағы Қызылорда қаласында тұрады. Әбдіраман мен Ұлмекеннің құтты қойнынан өрбіген жеті ұл-қыздары еліміздің түрлі салаларында еңбек етеді.

Шәкірат ДӘРМАҒАНБЕТҰЛЫ,
Қазақстанға еңбегі сіңген мәдениет қайраткері, ардагер-журналист.
Арал ауданы.
ТАҒЫЛЫМ 14 шілде 2018 г. 624 0