Кеше А.Тоқмағамбетов атындағы Қызылорда қалалық мәдениет үйінде «Парасат» орденінің иегері, эколог-публицист Сайлаубай Жұбатырұлының 70 жасқа толуына байланысты шығармашылық кеш өтті. Аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев қаламгерді Сыр жұртшылығының атынан құттықтап, тілектестік білдірді.
Облыс әкімдігінің қолдауымен шараны ұйымдастырған облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы оған «Үнім де өзің, мұңым да өзің, туған жер!» деп айдар тағыпты. Расымен, Сайлаубай Жұбатырұлы – туған жердің табиғатымен біте қайнасқан жазушы, Сыр суының сұраушысы, табиғатының тамыршысы. Ол Аралдың сөзін айта бастағалы ширек ғасырдан асты. «Сөздің басы – Арал мен үшін. Соны жазып бастадым. Әдебиетке де, журналистикаға да соның толқындарының қуатында келдім десем болады. Ендеше, өзіңді бағып-қаққан ата-анаңды, өзіңді тербетіп өсірген Арал-бесікті кім тәрк етер?!.» – дейді өзі.
Мерейтой иесіне ізгі тілегін жеткізген облыс әкімі оның бар саналы ғұмырын теңіз тағдырына арнағанын ерекше атап өтті.
– Сайлаубай Жұбатырұлы – қарапайым, ал, табиғатында тым жұмбақ жазушы. Алғаш рет 1967 жылы «Білім және еңбек» журналында «Аралды қайтсек сақтаймыз?» деген проблемалық мақаласымен танылған. Шығармашылық ғұмыры Аралмен байланысқан ол жерлестерін әрдайым рухани демеумен келеді. Бұл азаматтық миссиясынан ешқашан айныған емес және оны әлем жұртшылығына таныстырудан да жалыққан кезі жоқ. Бүгінде біреу білсе, біреу білмес, кезінде әлемге әйгілі жиһангез Жак Ив Кустоға хат жазып, теңіз мәселесін қозғады. «Кіші Арал» идеясы мен Қазақстан өзендерінің бір бөлігін Арал өңіріне жеткізу туралы батыл ұсыныстары араға жарты ғасырға жуық уақыт салып орындалып жатыр. Бұл қаламгердің уақыт көшінен қашан да озық жүретінін аңғартса керек. Кейінгі жылдары Арал өңірінің өмірінен сыр шертетін бірнеше томдық «Абыржы» романының әдебиетте тосын сый болуы – біз үшін мақтаныш, – деді аймақ басшысы.
Одан кейін жазушыға облыстың Құрмет грамотасын табыс етіп, иығына шапан жапты. Сонымен қатар, Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың арнайы құттықтауын жеткізді. Сайлаубай Жұбатырұлының әріптестері, замандастары мен жақындары да өнегелі ғұмыр иесіне игі тілектерін арнады. Солардың бірі – Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Қажығали Мұханбетқалиұлы қаламгердің қазақ әдебиетінде өзіндік өрнек салғанын айта келе, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулетұлының құттықтау хатын оқып берді.
Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Күлән Қалымбетова, Шолпан Бимбетова, Нұрболат Темірбаев және облыстық филармонияның вокалистер тобы ән айтып, облыстық театр артистері өлең-жыр оқып, салтанатты шараның сәнін келтірді.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы».